ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 25.09.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
"Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 182-1-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Байқау кеңесін құру және тарату тәртібі, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі |
С. Жумангарин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 20 тамыздағы № 80 бұйрығымен бекітілген |
Байқау кеңесін құру және тарату тәртібі, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін
конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі
Ескерту. Тәртіп жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 26.02.2026 № 14 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Байқау кеңесін құру және тарату тәртібі, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар, сондай-ақ байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 182-1-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленген және мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде байқау кеңесін құру және тарату тәртібін, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ байқау кеңесі мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) байқау кеңесі – Заңда және (немесе) мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында қатысушының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешуді қоспағанда, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органы;
2) басқару органы – акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттік пакетін (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган;
3) кандидат – мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына тәуелсіз мүше лауазымына орналасуға арналған конкурсқа қатысатын жеке тұлға;
4) компания – мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
5) конкурстық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі құратын, конкурстық құжаттаманы дайындауға, конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тіркеуді және сақтауды жүргізуге, кандидаттарды бағалауға, олармен әңгімелесу өткізуге және жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңестерінің мүшелігіне тәуелсіз мүшелер тізіліміне енгізу үшін шешімдер дайындауға жауапты алқалы орган;
6) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу және қалыптастыру, сондай-ақ өңірлік даму саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалардағы директорлар кеңесінің (байқау кеңестерінің) мүшелігіне тәуелсіз директорлардың (тәуелсіз мүшелердің) тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) – директорлар кеңестерінің (байқау кеңестерінің) құрамына сайлануға біліктілік талаптары сәйкес келетін, конкурстық іріктеуден өткен және ұсыныстарды қарауға не сайлау үшін ұсынылуға ниет білдірген жеке тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның бірыңғай ақпараттық жүйесі;
8) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы (бұдан әрі – тізілімнің веб-порталы) – Интернет желісінде www.e-qazyna.kz мекенжайы бойынша орналастырылған, Тізілімге бірыңғай кіру нүктесін ұсынатын интернет-ресурс;
9) мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі – мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы;
10) мүдделер қақтығысы – байқау кеңес мүшесінің жеке мүддесі мен оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындауы немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері арасындағы осы заңды мүдделерге зиян келтіруге алып келе алатын қарама-қайшылық туындайтын жағдай;
11) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
12) "электрондық үкіметтің" шлюзі – "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін "электрондық үкіметтің" өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциялауға арналған ақпараттық жүйе.
2-тарау. Байқау кеңесін құру және тарату тәртібі
3. Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде байқау кеңесі Заңның 182-1-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттарға сәйкес болған кезде құрылады.
4. Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің өкілеттік мерзімі 5 (бес) жылдан аспайды.
5. Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесі мүшелерінің саны тақ сан болып белгіленеді және бір-бірімен және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысымен жақын туыстық және жекжаттық қатынастарда болмайтын кемінде 5 (бес) адамды құрайды.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі байқау кеңесі құрамының кемінде жартысы осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес конкурстық негізде сайланатын байқау кеңесінің тәуелсіз мүшелері болып табылады.
6. Байқау кеңесінің төрағасы байқау кеңесі мүшелерінің арасынан байқау кеңесі мүшелерінің көпшілік даусымен сайланады.
7. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің қызметін жүзеге асыру және оның шешімдер қабылдау тәртібі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысымен, сондай-ақ жалғыз қатысушы қабылдаған өзге де актілермен айқындалады.
Бақылау кеңесінде дауыс беру кезінде кеңестің әр мүшесінің 1 (бір) дауысы болады.
8. Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде байқау кеңесін тарату, егер мемлекет жарғылық капиталына жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік Заңның 182-1-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда жүзеге асырылады.
Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде байқау кеңесін тарату жалғыз қатысушының шешімі бойынша жүзеге асырылады және шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің назарына жеткізіледі.
3-тарау. Байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар
9. Байқау кеңесінің құрамына тәуелсіз мүшелерге кандидаттарды іріктеу кезінде мынадай біліктілік талаптары:
1) компанияның негізгі қызметіне сәйкес келетін салада және аудит және/немесе қаржы және/немесе басқару (менеджмент) саласында жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуы;
2) компанияның қызметін реттейтін бейіндік заңнаманы және "Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңын білу;
3) экономикалық қызмет түрінде компанияның бейініне сай келетін мамандық бойынша кемінде 10 (он) жыл жұмыс өтілі немесе лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда жұмыс өтілі;
4) басшылық лауазымдарда кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесі;
5) байқау кеңесі мүшесінің позициясында кемінде 1 (бір) жыл жұмыс тәжірибесі;
6) белгіленген тәртіппен банкрот деп танылған басқа заңды тұлғаны мәжбүрлеп тарату немесе акцияларын мәжбүрлеп сатып алу немесе консервациялау туралы шешім қабылданғанға дейін бір жылдан аспайтын мерзімде басқа заңды тұлғаның директорлар кеңесінің (байқау кеңесінің) төрағасы, атқарушы органның басшысы, басшының орынбасары немесе бас бухгалтері болып сайлану (тағайындалу) фактісінің болмауы;
7) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылықтың болмауы;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау фактісінің болмауы;
9) "Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабына сәйкес акцияларға иелік ететін мүшелермен, атқарушы орган мүшелерімен үлестестіктің болмауы назарға алынады.
4-тарау. Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу тәртібі
10. Басқару органы байқау кеңесінің мүшелігіне жаңа кандидаттарға шоғырландырылған қажеттілікті жалғыз қатысушының шешімімен белгіленген байқау кеңесінің қазіргі мүшелерінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 6 (алты) ай бұрын қалыптастырады және мемлекеттік мүлікті басқару субъектісін жазбаша нысанда хабардар етеді.
11. Мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі басқару органынан хабарлама алғаннан кейін:
1) 10 (он) жұмыс күні ішінде конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды;
2) конкурсты өткізудің күнін және орнын айқындайды;
3) конкурсты дайындауды және өткізуді жүзеге асырады;
4) Комиссия құрады және Комиссия хатшысын тағайындайды.
12. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) конкурстық құжаттаманы дайындайды;
2) конкурсқа қатысу үшін ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тіркеуді және сақтауды жүргізеді;
3) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңестерінің мүшелеріне кандидаттарды бағалайды;
4) кандидаттармен әңгімелесу өткізеді;
5) жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің байқау кеңестерінің мүшелері ретінде тәуелсіз мүшелер тізіліміне кандидаттарды қосу туралы шешім қабылдайды.
13. Комиссия мүшелерінің саны 6 (алты) адамнан 9 (тоғыз) адамға дейін. Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын комиссия мүшелерінің үлесі жалпы санның кемінде 50%-ын құрайды.
Комиссия құрамына корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру саласындағы қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің және/немесе өзге де ұйымдардың/сарапшылардың кәсіптік бірлестіктерінің өкілдері де тұрақты негізде енгізіледі.
Корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру саласындағы қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің және/немесе өзге де ұйымдарының/ сарапшылардың кәсіптік бірлестіктерінің атынан өкілдік ететін мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын комиссия мүшелері комиссия жұмысына қатысу үшін тартылады және кемінде 10 (он) жыл жұмыс өтілі мен тәжірибесі болады.
Салалық бағыттар бойынша мәселелерді қарау кезінде басқару органдарының өкілдері, сондай-ақ компаниялардың байқау кеңестерінің төрағалары мемлекеттік мүлікті басқару субъектісінің шешімі бойынша Комиссия құрамына тартылады.
Комиссияның құрамын мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі қалыптастырады.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган құратын Комиссияның құрамына мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органнан, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органнан және тиісті саланың уәкілетті органынан бір өкілден тұрақты негізде енгізіледі.
Комиссия төрағасын Комиссия мүшелері қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен сайлайды.
Комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі жұмыскерлерінің арасынан хатшы тағайындалады, ол отырыстарды дайындауды жүзеге асырады және Комиссия қабылдаған шешімдерді ресімдейді.
14. Мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасына сәйкес конкурс өткізу туралы шешім қабылданған күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде компаниялардың байқау кеңесінің тәуелсіз мүшелерін іріктеу жөніндегі конкурс өткізу туралы хабарландыруды тізілімнің веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде орналастырады.
15. Конкурс өткізу туралы хабарландыруда мынадай мәліметтер:
1) конкурсты өткізу күні мен орны;
2) орналасқан жері, пошталық мекенжайы, телефоны және оның негізгі қызметінің қысқаша сипаттамасы көрсетілген компанияның атауы;
3) конкурсқа кандидаттарға қойылатын талаптар;
4) конкурсқа қатысу туралы өтініштерді ұсыну мерзімі қамтылады.
Кандидаттардан құжаттарды қабылдаудың басталу күні тізілімнің веб-порталында конкурс өткізу туралы хабарландыру орналастырылған күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап айқындалады. Кандидаттар үшін құжаттарды қабылдау тізілімнің веб-порталында конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған күннен кейін 7 (жеті) жұмыс күні өткен соң аяқталады.
16. Кандидаттар конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде тізілімнің веб-порталында электрондық нысанда осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша фотосуреті бар толтырылған сауалнаманы қоса бере отырып, ЭЦҚ пайдаланылып қол қойылған осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша конкурсқа қатысу туралы өтінішті ұсынады.
Тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен дерекқорлардан веб-портал тізілімнің "электрондық үкімет" шлюзі арқылы конкурсқа қатысу туралы өтінішке кандидаттың мынадай:
1) жеке басын куәландыратын;
2) білімі туралы;
3) еңбек қызметін растайтын құжаттарын;
4) соттылығының жоқ екендігі туралы;
5) сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау фактілерінің жоқ екендігі туралы құжаттарын автоматты түрде тіркейді.
Тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйеде еңбек қызметі туралы мәліметтер болмаған жағдайда, кандидат конкурсқа қатысу туралы өтінішке Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көрсетілген еңбек қызметін растайтын құжаттардың бірін тіркейді.
17. Осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген құжаттар болған, сондай-ақ кандидат осы Қағидалардың талаптарына сай болған кезде Комиссия кандидатты конкурсқа қатысуға жіберу туралы шешімді құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қабылдайды.
Конкурсқа қатысуға жіберілген адамдардың тізімі және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әңгімелесу өткізу графигі Комиссияның хаттамасымен бекітіледі және отырыс хаттамасына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 3 (үш) күннен кешіктірілмейтін мерзімде тізілім веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
18. Конкурсқа қатысуға жіберілген адамдардың тізімі бекітілгеннен кейін Комиссия әңгімелесу өткізу графигі тізілімінің веб-порталында орналастырылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде конкурс кандидаттарымен әңгімелесу өткізеді.
Кандидат дәлелді себептермен, елден тыс жерлерде болуы не өзін нашар сезінуі, өзге де жағдайлар бойынша жеке өзінің қатысуы мүмкін болмаған жағдайда, әңгімелесуге жіберілген конкурсқа қатысушылармен әңгімелесу қажет болған кезде қашықтан бейнебайланыс құралдары арқылы жүргізіледі.
19. Конкурс кандидаттарымен әңгімелесу өткізу кезінде Комиссия олардың компанияның қызмет саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының заңдарын білуін тексереді.
Сондай-ақ кандидаттардың кәсіптік білімі осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес біліктілік талаптары негізінде айқындалады.
20. Комиссия шешімдері Комиссия мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссия отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде заңды деп есептеледі.
Комиссия мүшелерінің ерекше пікірі оны білдірген жағдайда жазбаша нысанда баяндалады және хаттамаға қоса беріледі.
Талқылау барысы мен Комиссия қабылдаған шешім хаттама түрінде ресімделеді, оған Комиссияның барлық мүшесі конкурс өткізілетін күні қол қояды.
Комиссия хаттамасы отырыс хаттамасына қол қойылған күннен бастап күнтізбелік 3 (үш) күннен кешіктірілмейтін мерзімде тізілім веб-порталында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.
21. Егер конкурсқа қатысуға осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін 2 (екі) кандидаттан кем өтініш ұсынылса не өтініштер келіп түспесе немесе кері қайтарып алынса, сондай-ақ конкурс нәтижесінде Комиссия кандидаттарды анықтамаса, конкурс өткізілмеген деп танылады және мемлекеттік мүлікті басқару субъектісі оны өткізу күні тізілімнің веб-порталы қалыптастыратын конкурс өткізілмегені туралы актіге қол қояды.
Қайта конкурс комиссия конкурсты өтпеді деп таныған күннен бастап осы Қағидалардың 4-тарауына сәйкес 10 (он) жұмыс күнінен кейін өткізіледі.
22. Комиссия әңгімелесу және кандидаттарды бағалау нәтижелерін қарау қорытындысы бойынша кандидаттарды Тізілімге енгізу жөнінде шешім қабылдайды.
Комиссия Тізілімге енгізу үшін тәуелсіз мүше позициясына 10 (он) кандидатқа дейін таңдайды.
23. Басқару органы байқау кеңесінің мүшелерін сайлау (қайта сайлау) және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Басқару органы мемлекеттік мүлікті басқару субъектісімен келісу бойынша жалғыз қатысушының сол компания бойынша Тізілімге енгізілген адамдар арасынан компанияның байқау кеңесінің құрамына тәуелсіз мүше лауазымына кандидатты сайлау туралы шешімін қабылдайды.
5-тарау. Байқау кеңесі мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату
24. Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесі мүшесінің өкілеттігі оның жазбаша өтініші негізінде және/немесе жалғыз қатысушының шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Байқау кеңесі мүшесінің жазбаша өтінішінде оның бұдан әрі өз міндеттерін орындамауының себебі көрсетіледі.
25. Жалғыз қатысушы өтініш келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оны қарайды және тиісті шешім қабылдайды.
26. Мемлекет жалғыз қатысушысы болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру жүзеге асырылған жағдайда, байқау кеңесі қайта ұйымдастыру аяқталғанға дейін күнтізбелік 25 (жиырма бес) күн бұрын өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Нысан |
Конкурсқа қатысу туралы өтініш |
Мені тәуелсіз директор (тәуелсіз мүше) лауазымына орналасуға арналған конкурсқа қатысуға жіберуіңізді сұраймын:___________________ ______________ |
Нысан |
Кандидаттың |
Сауалнама (өз қолымен толтырылады) Тегі_____________________________________________________ Аты_________________________________________________________ Әкесінің аты (болған жағдайда)_________________________________ Тегі, аты, әкесінің аты өзгертілген болса, себебін және қашан өзгертілгенін көрсетіңіз______________________________________________ Азаматтығы_________________________________________________ Егер азаматтық өзгертілсе, қашан өзгертілгенін көрсетіңіз________________________________________________________ __________________________________________________________________ ЖСН_________________________________________________________ Сотталдыңыз ба, қашан және не үшін __________________________________________________________________ __________________________________________________________________ Шетелде оқуы не жұмысы_______________________________________ Барған елі____________________________________________________ __________________________________________________________________ Болу уақыты_________________________________________________ __________________________________________________________________ Жұмыс немесе оқу орны_______________________________________ __________________________________________________________________ __________________________________________________________________ Сіз соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес тиісті лауазымға орналасу немесе тиісті қызметпен айналысу құқығынан айырылдыңыз ба, қашан және не үшін_________________________________________________ _________________________________________________________________ Сіз белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік органдарда лауазымға орналасу құқығынан айырылдыңыз ба, қашан және не үшін_____________________________________________________________ ___________________________________________________________________ Сіз белгілі бір мерзім ішінде қаржы ұйымдарында лауазымға орналасу құқығынан айырылдыңыз ба, қашан және не үшін_______________________________________________________________ _________________________________________________________________ 20___ жылғы "_____" ______ (қолы) |
Нысан | ||
Әңгімелесу өткізу графигі | ||
№ | Әңгімелесуге жіберілген кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) | Әңгімелесуді өткізу орны, күні және уақыты |
1 | ||
2 | ||
3 | ||
_____________________________________________________________ | ||