"Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 30 мамырдағы № 265 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 29 мамырдағы № 209 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 мамырда № 36176 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 30 мамырдағы № 265 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9506 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын (оның ішінде азаматтық қорғаныстың мобильді қорғаныш құрылыстары) есепке қоюды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ балансында қорғаныш құрылыстары бар ұйымдар жүргізеді.

      Теңгерімінде азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары бар мемлекеттік органдар мен ұйымдар жыл сайын тиісті жылдың 1 желтоқсанына дейін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне қорғаныш құрылыстарының жай-күйі туралы ақпарат береді.";

      9 тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығару үшін құжаттаманы қарастыру мақсатында:"

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Осы Қағидалардың 12-тармағында айқындалған құжаттаманы дайындауды азаматтық қорғаныстың қорғаныс құрылысының меншік иесі жүзеге асырады.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Комиссия азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығаруға жоспарланатын құжаттамаларды 30 жұмыс күні ішінде қарайды, мақсаты бойынша пайдалануға азаматтық қорғаныс қорғаныш құрылыстарының әзірлігін бағалайды және жұмыс нәтижелері бойынша осы Қағидаларға № 1-1 қосымшадағы нысанға сәйкес азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығару туралы акті жасайды немесе азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығарудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығару туралы актіге:

      1) азаматтық қорғаныс қорғаныш құрылыстарының паспорты;

      2) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер;

      3) жылжымайтын мүлік объектісінің кадастрлық паспорты;

      4) осы Қағидаларға № 2-қосымшаға сәйкес ұсынылған үлгі бойынша осы азаматтық қорғаныс қорғаныш құрылыстарының жай-күйі туралы техникалық қорытынды (қоршау және тірек құрылыс конструкцияларының есептік қорғау қасиеттері жойылған кезде қоса беріледі);

      5) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жұмылдыру тапсырмасының (тапсырысының) және азаматтық қорғаныс бойынша санатының болуы немесе болмауы туралы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органынан алынған ақпарат;

      6) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығару нәтижесінде алған үй-жайлар мен жер телімін пайдалану жөніндегі ұсынымдар.

      Төтенше жағдайлар салдарынан жарамсыз болған азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығару үшін құжаттарды дайындаған кезде актілерге төтенше жағдайлар фактілерін растайтын құжаттар көшірмелері қоса беріледі.

      Оларға қоса берілетін құжаттамамен (бұдан әрі – құжаттама) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есептен шығару туралы актілер төрт данада жасалады.".

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ч. Аринов