Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі № 92 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 сәуірде № 36047 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
2025 жылғы 29 сәуірдегі
№ 92 бұйрығымен
бекітілген

Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмыс істеу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 29.05.2026 № 144-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 36) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің (бұдан әрі – ППҚҚ) жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім алу үшін арнаулы жағдайлар – ерекше білім беруді қажет ететін адамдардың (балалардың), сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың оларсыз білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, оқу, сондай-ақ арнаулы, жеке дамыту мен түзеу-дамыту бағдарламаларын және оқыту әдістерін, техникалық, оқу және өзге де құралдарды, тыныс-тіршілік ортасын, психологиялық-педагогикалық қолдауды, медициналық, әлеуметтік және өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайлар;

      2) ерекше білім беруді қажет ететін адамдар (балалар) – тиісті деңгейде білім алу және қосымша білім алу үшін арнаулы жағдайларға тұрақты немесе уақытша қажеттілік көріп жүрген адамдар (балалар);

      3) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау – білім алу үшін қажетті арнаулы жағдайларды айқындау;

      4) психологиялық-педагогикалық қолдап отыру – білім беру ұйымдарында іске асырылатын процесінде білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды (адамдарды) табысты оқыту және дамыту үшін әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық жағдайлар жасалатын жүйелі-ұйымдастырылған қызмет.

      3. ППҚҚ-ның қызметі мынадай деңгейлерде ұйымдастырылады:

      1) мектепке дейінгі білім беру деңгейінде – тәрбиеленушілерге, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, ерте әлеуметтендіру процестерінде психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету; баланың қарым-қатынас жасауының, танып-білуінің, мінез-құлық нормаларын меңгеруінің және мектепте оқуға дайындықтың негізгі дағдыларын қалыптастырудың жетекші іс-әрекеті болып табылатын ойын әрекетін жандандыру;

      2) бастауыш білім беру деңгейінде – әрбір білім алушыны (тәрбиеленушіні) оқу іс-әрекетіне бейімдеу, әлеуметтендіру және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру кезінде танымдық және оқу ұмтылысын, өздігінен жұмыс істеуін және өзін-өзі реттеуді дамытуда білім алушыларға (тәрбиеленушілерге), оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға (адамдарға) қолдау көрсету;

      3) негізгі орта білім беру деңгейінде – оқытудың жаңа жағдайларына бейімдеу, білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың (адамдардың) белсенді танымдық және оқу іс-әрекетін дамыту, жеке және құндылық-мағыналық өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тану және өзін-өзі анықтау міндеттерін шешуде қолдау көрсету, танымдық процестерге және әлеуметтенуге төзімділікті қалыптастыру;

      4) жалпы орта білім беру деңгейінде – білім алушыларға (тәрбиеленушілерге), оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға (адамдарға) тұлғалық бірегейлікке, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі анықтауға көмек көрсету, мақсат қою және дербес шешімдер қабылдау қабілетін дамытуға, тұрақты дүниетанымды қалыптастыруға және әлеуметтендіруге жәрдемдесу;

      5) техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейінде – білім алушыларды, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды (адамдарды) оқыту және кәсіп алу және әлеуметтендіру процесінде психологиялық-педагогикалық қолдау.

      4. ППҚҚ білім беру ұйымының құзыреті шегінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды ұйымдастыруды және одан әрі сүйемелдеу маршрутын айқындау үшін Психологиялық қолдау орталықтарын (бұдан әрі – ПҚО) тартуды талап ететін кешенді психологиялық көмек көрсетусіз білім беру ұйымының білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың (тұлғалардың) (бұдан әрі – ЕБҚЕ балалар (тұлғалар)) психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге, олардың дамуына, оқу мотивациясын, үлгерімін, шығармашылық өзін-өзі іске асыруын, кәсіби бағдарын қалыптастыруға, білім беру процесіне қатысушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге жауапты алқалы органы болып табылады.

      ПҚО қызметінің тәртібі "Психологиялық қолдау орталықтары қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 24 қарашадағы № 264 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37482 болып тіркелген) регламенттелген.

      Білім беру ұйымының басшысы бекітетін ППҚҚ құрамына мектепке дейінгі ұйымның әдіскері (бұдан әрі – әдіскер), басшылардың орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, арнайы педагогтер, педагог-ассистенттер, педагог-кәсіби бағдар берушілер кіреді.

      ППҚҚ қызметін әдіскер, білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары үйлестіреді.

      Білім беру ұйымының әкімшілігі, ППҚҚ мамандары, сондай-ақ барлық мамандықтардың пән мұғалімдері "Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) бекітілген лауазымдық міндеттеріне сәйкес білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), психологиялық-педагогикалық қолдау процесіне қатысады.

      Құрылымы, мамандардың құрамы, жылдық жұмыс жоспары білім беру ұйымдарының типімен, түрімен және міндеттерімен айқындалады.

      5. ППҚҚ қызметі:

      1) кәсіби әдепті сақтау;

      2) білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) жеке басына эмпатия және құрмет көрсету;

      3) білім алушының (тәрбиеленушінің) жеке, жас ерекшеліктері мен ерекше білім беру қажеттіліктері;

      4) психологиялық және педагогикалық білімді интеграциялау, педагогикалық психология негіздерін қолдану;

      5) білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) құқықтары мен мүдделерін сақтай отырып, ақпараттың құпиялылығы;

      6) білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне зиян келтіру мүмкіндігін болғызбау;

      7) білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) білім беру процесінде психологиялық-педагогикалық қолдаудың ғылыми негіздемесі, кешенділігі, бірізділігі, кезеңділігі және үздіксіздігі ескеріліп жүзеге асырылады.

      6. ППҚҚ қызметі білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (тұлғалардың) жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, әдістер мен технологияларды таңдауда икемділікті сақтау кезінде психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуге бірыңғай тәсілді қамтамасыз ететін білім беру саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және әдістемелік құжаттарда көзделген әдістемелік тәсілдер, технологиялар және диагностикалық құралдар негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмыс істеу тәртібі

      7. Психологиялық-педагогикалық қолдау мыналарды қамтиды:

      1) білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) тәрбиелеудегі, оқытудағы және дамытудағы қиындықтарды анықтау және ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау;

      2) педагогтерге және білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (адамдардың) отбасыларына консультациялық-әдістемелік көмек көрсету;

      3) білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) табысты тәрбиелеу, оқыту, дамыту және әлеуметтендіру үшін әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық жағдайлар жасау.

      8. ППҚҚ мамандарының қызметі диагностикалық, консультативтік, дамыту (түзету), психологиялық-педагогикалық ағарту және ұйымдастыру-әдістемелік бағыттарды қамтиды:

      1) диагностикалық бағыт тәрбиелеу мен оқытудың бүкіл кезеңі ішінде білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (адамдардың) жеке және топтық қызметін, психологиялық-педагогикалық зерделеуін, олардың жеке ерекшеліктері мен бейімділіктерін, тәрбиелеу және оқыту процесіндегі, өзін-өзі кәсіптік тұрғыдан айқындаудағы әлеуетті мүмкіндіктерін анықтауды, сондай-ақ тәрбиелеудегі, оқудағы, дамудағы, әлеуметтенудегі қиындықтардың себептерін анықтауды көздейді;

      2) консультативтік бағыт білім беру процесіне қатысушыларға психологиялық проблемаларды талдау мен шешуде; тұлғалық ерекшеліктерді өзектендіруде көмек көрсету нысанында жеке және топтық қызметті; жаңа әлеуметтік тәжірибені саналы және белсенді игеруге жәрдемдесуді; жаңа көзқарастарды қалыптастыруға және өз шешімдерін қабылдауға көмектесуді; тұлғааралық қатынастардағы, өзін-өзі тану және өзін-өзі дамытудағы қиындықтарға байланысты әртүрлі психологиялық проблемаларды шешуді; ата-аналарға немесе өзге де заңды өкілдерге білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде көмек көрсетуді қарастырады;

      3) дамытушылық (түзету) бағыт білім алушылармен (тәрбиеленушілермен), оның ішінде ЕБҚЕ балалармен (адамдармен) білім беру кеңістігін қалыптастыру, оқуға ынталандыру, сондай-ақ білімді, іскерлікті және дағдыларды, оларды тәрбиелеу-білім беру, оқу және танымдық қызметте игеру және таныту мүмкіндіктері мен тәсілдерін дамыту бойынша жеке, кіші топтық, топтық жұмыс жүргізуді көздейді. ППҚҚ мамандарының (педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, арнайы педагогтер, педагог-ассистенттер) кешенді өзара іс-қимылы негізінде ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау барысында анықталған білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) тәрбиелеудегі, оқытудағы және олардың мінез-құлқындағы қиындықтарды анықтау және еңсеру бойынша педагогтердің жұмысын ұйымдастыруды қамтиды;

      4) психологиялық-педагогикалық ағарту білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (адамдардың) өзін-өзі анықтауына жәрдемдесуді; педагогтердің жеке кәсіби өсуіне, педагогтердің, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің психологиялық-педагогикалық білімге қажеттілігін қалыптастыруға және оларды білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) тәрбиелеудегі және оқытудағы, дамытудағы қиындықтарды болдырмау үшін пайдалануға деген ұмтылысын қалыптастыруға жәрдемдесуді көздейді (сынып сағаттары, семинарлар, ата-аналар жиналыстары, педагогикалық кеңестер, педагогтер мен ата-аналарға немесе өзге де заңды өкілдерге арналған интерактивті әдістер мен дәрістер);

      5) ұйымдастыру-әдістемелік бағыт ұйымдастыру-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс жүргізуді: білім беру және дамыту ортасының жағдайына мониторинг жүргізуді, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық қолдау нәтижелерін талдауды және оны қолдау бойынша ұсынымдар әзірлеуді, білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) қолдауда пәнаралық тәсілді әзірлеуді; білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік қолдаудағы озық инновациялық технологияларды зерделеуді, білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік қолдау технологияларын меңгеру бойынша семинарлар, тренингтер мен консультациялар ұйымдастыруды және өткізуді көздейді.

      9. Психологиялық-педагогикалық қолдау білім алушылар (тәрбиеленушілер), оның ішінде мынадай ЕБҚЕ балалар (адамдар) үшін жүзеге асырылады:

      1) мінез-құлық және эмоционалдық проблемалары, қолайсыз психологиялық факторлары бар;

      2) әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, тілдік және мәдени сипаттағы кедергілері бар;

      3) мүмкіндіктері шектеулі.

      10. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26618 болып тіркелген) бекітілген ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидаларының және бағдарламаларының негізінде мынадай ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады:

      1) педагогтер сынып, оның ішінде мектепалды сынып, топ деңгейінде білім алушыларды (тәрбиеленушілерді) тәрбиелеу мен оқытуда жеке және сараланған тәсілді қолдана отырып;

      2) білім беру ұйымының ППҚҚ мамандары деңгейінде жеке-дамыту және түзету-дамыту бағдарламаларын қолдана отырып;

      3) білім беру ұйымы деңгейінде бейінді мамандарды (сурдопедагог, тифлопедагог) тарта отырып, сондай-ақ мүдделі органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасаса отырып.

      11. Психологиялық-педагогикалық қолдауды:

      1) білім алушылар (тәрбиеленушілер), оның ішінде осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ЕБҚЕ балалар (адамдар) үшін ұйымдастырылған іс-әрекет/сабақ, факультативтер, пәндік үйірмелер және пәндер бойынша қосымша сабақтар процесінде педагогтер, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер;

      2) мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін ұйымдастырылған іс-әрекет /сабақ, факультативтер, пәндік үйірмелер және пәндер бойынша қосымша сабақтар процесінде педагогтер, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (бұдан әрі – ПМПК) ұсынымдары негізінде арнайы педагогтер, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтер, педагог-ассистенттер жүзеге асырады.

      12. Білім алушылармен (тәрбиеленушілермен), оның ішінде ЕБҚЕ балалармен (адамдармен) психологиялық диагностика, консультация және тренингтер (топтық, жеке) "Мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 93 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13227 болып тіркелген) сәйкес ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің жазбаша келісімімен өткізіледі.

      Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің психологиялық диагностика, консультация және тренингтер (топтық, жеке) өткізуге келісімі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.

      13. Осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) психологиялық-педагогикалық қолдаудың мазмұны қолайсыз факторлардың әсерін азайтуға, біліктер мен дағдыларды меңгеруге, оқу жетістіктерін жақсартуға, жеке және әлеуметтік дағдыларды дамытуға, сондай-ақ әлеуметтенуге жәрдемдесуге бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды:

      1) оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын өзгертпестен тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді іске асыру;

      2) үлгілік оқу жоспарының вариативтік компоненті есебінен қосымша сабақтарды ұйымдастыру (тілдік және мәдени кедергілерді еңсеруге бағытталған сабақтарды қосқанда);

      3) педагог-психологпен, әлеуметтік педагогпен жеке жұмыс;

      4) кәсіби бағдар беру жұмысы;

      5) әлеуметтік көмек көрсету;

      6) бос уақытты ұйымдастыру;

      7) ата-аналармен немесе өзге де заңды өкілдермен жұмыс жүргізу.

      14. Мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың мазмұны мынадай әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық жағдайларды қамтиды:

      1) жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын бейімдеу, жеке даму бағдарламаларын, жеке оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жасау;

      2) тәрбие мен оқыту нәтижелерін (білім алушының (тәрбиеленушінің) жетістігі) бағалау тәсілдерін өзгерту. Бағалау тәсілдері өзгерген кезде бақылау тапсырмалары мен бағалау өлшемшарттары білім алушының (тәрбиеленушінің) жеке мүмкіндіктері мен іске асырылатын оқу бағдарламасының мазмұны ескеріле отырып таңдалады;

      3) вариативтік, арнайы және баламалы тәрбиелеу және оқыту әдістерін қолдану. Тәрбиелеу және оқыту әдістерін қолдану нысаны немесе әдісі білім алушының (тәрбиеленушінің) жеке ерекшеліктеріне бейімделеді (оқу жүктемесінің, тапсырмалардың көлемін және санын азайту, тапсырмаларды орындау уақытын қысқарту немесе ұлғайту, оқу тапсырмаларын жеңілдету, қысқа және қадамдық нұсқауларды қолдану, тапсырмаларды дауыстап айту, тапсырма үлгілерін, кестелерді, анықтамалық материалдарды ұсыну). Тәрбиелеу мен оқытудың баламалы әдістері мен технологияларын педагог-психологтар мен арнайы педагогтер жекелеген психикалық функциялардың (қабылдау, жады, назар) бұзылуынан туындаған ерекше оқу қиындықтары бар білім алушылармен (тәрбиеленушілермен) жеке дамытушы жұмыс жүргізу барысында қолданады;

      4) әдістемелік материалдарды, оқулықтарды, оқу құралдарын таңдау, жеке оқу материалдарын дайындау. Көру қабілеті (үлкейтілген қаріпті кітаптар, Брайль қарпімен басылған зағиптарға арналған оқу құралдары; бедерлі суреттер, сызбалар, арнайы муляждар), тірек-қимыл аппараты (ірі қаріптермен жазылған жазбалар), есту қабілеті (символдарды пайдаланатын оқу құралдары (ыммен сөйлеу), титрі бар бейнематериалдар; оқу компьютерлік бағдарламалар), зияты бұзылған балаларға арналған арнайы оқулықтар, жұмыс дәптерлері және оқу материалдары (тиісті үлгідегі арнайы мектептер үшін шығарылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер);

      5) мүмкіндіктері шектеулі: қозғалысы шектелген (мектепке тасымалдау, пандустар, қоршаулар, көтергіштер, лифт, арнайы жабдықталған орын (үстел, орындық), жалпы пайдалану орны (дәретхана, асхана), көру қабілеті нашар (соқырлар, нашар көретіндер) (тактильді жолдар, тактильді көрсеткіштер, қоршаулар), есту қабілеті нашар (көру кестелері, дыбыс күшейтетін жабдық) балалардың білім беру ұйымына физикалық қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін кедергісіз орта құру және тәрбиелеу мен оқыту орнын бейімдеу. Тәрбиелеу және оқыту орнын бейімдеу мүмкіндіктері шектеулі балалардың жеке ерекшеліктеріне (дене ерекшеліктері (есту, көру), мінез-құлық ерекшеліктері) байланысты білім беру ортасын бейімдеуді көздейді;

      6) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 70 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13272 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 70 Бұйрық) бекітілген Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларына сәйкес жабдықтар мен жиһаздарды пайдалану;

      7) ПМПК қорытындысы мен ұсынымы негізінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау (педагог-психолог, арнайы педагог, педагог-ассистент);

      8) мүмкіндігі шектеулі балаларға олардың жеке мүмкіндіктері мен ерекше білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, мамандық таңдауда педагог-кәсіптік бағдар берушілердің көмек көрсетуі.

      15. Білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу педагогтер мен ППҚҚ мамандарының мынадай іс-әрекеттер алгоритмін қамтиды:

      1) педагогтер білім алушының (тәрбиеленушінің) әлеуметтік, танымдық және эмоционалдық салалардағы қызметін бақылау, сондай-ақ олардың жетістіктерін критериалды бағалау негізінде:

      білім алушының (тәрбиеленушінің) тәрбиелеу мен оқытудағы қиындықтарын және (немесе) мінез-құлықтық және эмоционалдық ерекшеліктерін анықтайды және жеке көмек көрсетеді;

      тәрбиелеу мен оқытудағы қиындықтар және (немесе) мінез-құлықтық және эмоционалдық ерекшеліктер тоқсан ішінде сақталған немесе күшейген жағдайда, әдіскерді (ППҚҚ қызметіне жетекшілік ететін білім беру ұйымы басшысының орынбасарын) жазбаша түрде хабардар етеді;

      2) ППҚҚ-нің мамандары:

      білім алушыны (тәрбиеленушіні) тәрбиелеу мен оқытудaғы қиындықтарды және (немесе) олардың мінез-құлықтық және эмоционалдық ерекшеліктерін оқу процесінде жүйелі бақылау жүргізу, оның оқу қызметі мен мінез-құлқын талдау нәтижелері негізінде терең психологиялық-педагогикалық зерттейді;

      білім алушыны (тәрбиеленушіні) тәрбиелеу мен оқытудағы қиындықтарды және (немесе) олардың мінез-құлықтық және эмоционалдық ерекшеліктерін терең психологиялық-педагогикалық зерттеу нәтижелерін тәрбиешілердің, пән мұғалімдерінің, сынып жетекшілері/кураторлардың қатысуымен алқалы түрде қарастырады;

      тәрбиелеу мен оқытудағы қиындықтардың және (немесе) олардың мінез-құлықтық және эмоционалдық ерекшеліктерінің себептері туралы білім алушының (тәрбиеленушінің) ата-аналарын немесе өзге заңды өкілдерін хабардар етеді;

      білім алушының (тәрбиеленушінің) ППҚҚ мамандарының, педагогтердің және отбасының көмегі мен қолдауына қажеттілігін алқалы түрде анықтайды;

      білім алушыны (тәрбиеленушіні) психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламасын (бұдан әрі – ППҚЖБ) жасайды және оны ата-аналармен немесе өзге заңды өкілдерімен келіседі;

      ППҚЖБ-ны оқу жылының бір – үш тоқсаны ішінде іске асырады;

      білім алушының (тәрбиеленушінің) педагогтеріне, тәрбиешілеріне, пән мұғалімдеріне, сынып жетекшілері/кураторларына, ата-аналарына немесе өзге заңды өкілдеріне кеңес береді;

      3) білім алушының (тәрбиеленушінің) жеке мүмкіндіктері мен ерекше білім беру қажеттіліктеріне байланысты ППҚЖБ мыналарды қамтиды:

      мектепке дейінгі ұйымдарда – ұйымдастырылған қызметтің жекелеген түрлеріне бейімделуді ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған үлгілік оқу бағдарламасы, жеке бағдарлама, жеке дамытушы және түзету-дамыту бағдарламалары, тәрбиеленушінің педагогтеріне, ата-аналарына немесе өзге заңды өкілдеріне арналған ұсынымдар;

      орта білім беру ұйымдарында – жеке жалпы білім беретін пәндерге бейімделуді ескере отырып, үлгілік оқу бағдарламасы, зияты зақымдалған білім алушыларға арналған жеке оқу жоспары мен жеке оқу бағдарламалары, жеке дамытушы және түзету-дамыту бағдарламалары, педагогтерге, ата-аналарға немесе білім алушының (тәрбиеленушінің) өзге заңды өкілдеріне арналған ұсынымдар;

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында – жеке оқу жоспары мен жеке оқу бағдарламалары.

      4) білім алушыны (тәрбиеленушіні) психологиялық-педагогикалық қолдау білім беру бағдарламасын сәтті меңгеруімен расталған оң даму динамикасына жеткен кезде аяқталады;

      5) білім алушыны (тәрбиеленушіні) тәрбиелеу мен оқытудағы қиындықтар және/немесе олардың мінез-құлықтық және эмоционалдық ерекшеліктері еңсерілмеген жағдайда, ата-аналарға немесе өзге заңды өкілдерге ПМПК-дан консультация алу ұсынылады;

      6) ПМПК-да ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау нәтижелері бойынша педагогтер мен ППҚҚ мамандары білім алушыны (тәрбиеленушіні) психологиялық-педагогикалық қолдаудың көлемін осы бұйрықтың 12 және 13-баптарына сәйкес алқалы түрде анықтайды, ППҚЖБ-ға өзгерістер енгізеді немесе оны жасайды;

      7) сыныпта (топта) мінез-құлық бұзылыстары бар және бейімдеуде қиындықтар туындайтын білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) өз бетінше оқу қызметі дағдыларын қалыптастыру мақсатында ППҚҚ шешімі бойынша педагог-ассистенттің бір тоқсан мерзімге жеке сүйемелдеуі ұйымдастырылады. Педагог-ассистенттің одан әрі көмегіне қажеттілікті ПМПК айқындайды;

      Білім алушының (тәрбиеленушінің) ата-аналары (заңды өкілдері) өз бетінше ПМПК-ға жүгінсе, мінез-құлық ерекшеліктері анықталған жағдайда педагог-ассистенттің белгілі бір мерзімге жеке сүйемелдеуі ұсынылады;

      8) ППҚЖБ-ны педагогтер ППҚҚ мамандарымен, білім алушының (тәрбиеленушінің) ата-аналарымен немесе өзге де заңды өкілдерімен өзара әрекеттесу арқылы іске асырады;

      9) тоқсан аяқталған соң ППҚҚ мамандары білім алушыны (тәрбиеленушіні) психологиялық-педагогикалық колдаудың сапасын бақылау жүргізеді, оған оқу бағдарламасының меңгерілу деңгейін, әлеуметтік бейімделу дағдыларының қалыптасуын және эмоционалды әл-ауқатын анықтау кіріктіріледі.

      10) келесі тоқсанға білім алушыны (тәрбиеленушіні) психологиялық-педагогикалық қолдаудың көлемі қол жеткізілген/қол жеткізілмеген оқу мақсаттарын, ерекше білім беру қажеттіліктерінің өзгеру динамикасын ескере отырып жоспарланады;

      11) егер білім алушының (тәрбиеленушінің) бұрын анықталған ерекше білім беру қажеттіліктері толық қанағаттандырылса, психологиялық-педагогикалық қолдау ППҚҚ шешімі негізінде аяқталады;

      12) әдіскерлер, білім беру ұйымы басшысының орынбасарлары психологиялық-педагогикалық қолдау процесінің іске асырылуына ППҚҚ мамандарының құжаттарын жинау мен қалыптастыруға бақылау жүргізеді.

      16. ППҚҚ қызметінің нәтижелілігін бағалау мынадай көрсеткіштер негізінде жүзеге асырылады:

      білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (тұлғалардың) оқу жетістіктері мен оқу мотивациясының динамикасы;

      білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (тұлғалардың) әлеуметтік бейімделу деңгейі;

      білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (тұлғалардың) білім беру ұйымның іс-шараларына қатысуы;

      білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (тұлғалардың) кәсіби бағдарлану нәтижелері;

      білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) динамикасы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу бағдарламасын меңгеру нәтижелері;

      ППҚҚ мамандарының консультациялық-ақпараттық қызметіне педагогтердің, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің (кері байланыс нәтижелері бойынша) қанағаттану деңгейі.

      Нәтижелілік көрсеткіштері ППҚЖБ-да тіркеледі және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің нәтижелері туралы шешімдер қабылдау кезінде ескеріледі. Сүйемелдеуді ұйымдастыру мен оның нәтижелері үшін жауапкершілік білім беру ұйымының басшысына, оның орынбасарларына және ППҚҚ мамандарына өздерінің лауазымдық міндеттері шегінде жүктеледі.

      17. Кіші топтық (2-4 бала), топтық (6-8 бала) сабақтарды өткізу үшін арнайы педагогтер мүмкіндіктері шектеулі балаларды бірегейлік қағидаты бойынша біріктіреді. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін аптасына жеке, кіші топтық, топтық сабақтардың саны олардың жеке білім беру қажеттіліктері мен мүмкіндіктері ескеріле отырып белгіленеді.

      18. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жеке, кіші топтық және топтық сабақтар білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау нәтижелері бойынша арнайы педагогтер әзірлеген түзету-дамыту бағдарламаларына сәйкес өткізіледі.

      Осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген білім алушыларға (тәрбиеленушілерге), оның ішінде ЕБҚЕ балаларға (адамдарға) арналған жеке, кіші топтық және топтық сабақтар ППҚҚ мамандары әзірлеген жеке дамыту бағдарламаларына сәйкес өткізіледі.

      Мектепке дейінгі жастағы балалар үшін кіші топтық және топтық сабақтың ұзақтығы – 35-тен 45 минутқа дейін, мектеп жасындағы балалар үшін – 45 минут.

      Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жеке сабақтардың ұзақтығы - 20 минут, мектеп жасындағыларға - 30 минут.

      19. ППҚҚ мамандарының ЕБҚЕ балалармен (адамдармен) жеке, кіші топтық, топтық сабақтар өткізуі үшін білім беру ұйымдарында № 70 бұйрыққа сәйкес жабдықтармен және жиһазбен жарақтандырылған кабинеттер көзделеді.

      20. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің мазмұны мен көлемі білім алушылардың (тәрбиеленушілердің), оның ішінде ЕБҚЕ балалардың (адамдардың) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде айқындалады.

      21. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау негізінде білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (адамдарды) психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу оқу жылы ішінде жүзеге асырылады.

      22. Білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу барысында 1 (бір) арнайы педагогке шаққанда мүмкіндігі шектеулі балалар саны 12-14 баладан аспайды.

      Педагог-ассистент 1 (бір) білім алушыны (тәрбиеленушіні) оның оқу жүктемесін ескере отырып, жеке сүйемелдеуді жүзеге асырады.

      23. Аутодеструктивті мінез-құлыққа, зорлық-зомбылыққа және жәбірлеуге (буллингке) байланысты проблемаларды қоса алғанда, кешенді психологиялық көмек көрсетуді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды, жедел консультациялауды және мобильді әрекет етуді талап ететін психоэмоционалдық, мінез-құлықтық және психоәлеуметтік проблемалар, дағдарыстық жағдайлар анықталған жағдайда, ППҚҚ білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (тұлғаларды), сондай-ақ олардың ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін ПҚО-ға жібереді.

      Бұл ретте ППҚҚ ПҚО ұсынымдарын ескере отырып, білім алушыларды (тәрбиеленушілерді), оның ішінде ЕБҚЕ балаларды (тұлғаларды) одан әрі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

      24. Арнайы білім беру ұйымдары жалпы білім беретін білім беру ұйымдарының педагогтеріне мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсетеді.

      25. ППҚҚ мамандарының жүргізуі міндетті құжаттардың тізбесі "Мектепке дейінгі ұйымдардың және жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды сыныптарының, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 20317 болып тіркелген) айқындалған.

      ППҚҚ қызметі білім беру ұйымының тәрбиелеу-білім беру, оқу-тәрбие жұмысының жоспарында көрініс табады.

  Білім беру ұйымдарындағы
психологиялық-педагогикалық
қолдау қызметінің жұмыс істеу
қағидаларына қосымша
Нысан

Ата-ананың немесе өзге де заңды өкілдің психологиялық диагностика, консультация және тренингтер (топтық, жеке) өткізуге келісімі

      Мен __________________________________________________________

      (Ата-ананың немесе өзге де заңды өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      балам _______________________________________________________________

      (баланың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), сынып)

      психологиялық диагностика, консультация және тренингтер (топтық, жеке) өткізуге

      келісім беремін.

      "___" _______________ 20__ жыл Қолы _____________

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2025 жылғы 29 сәуірдегі
№ 92 Бұйрыққа
2-қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12 қаңтардағы № 6 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26513 болып тіркелген).

      2. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 300 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33498 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтар тізбесінің 2-тармағы.

      3. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2024 жылғы 28 маусымдағы № 165 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34642 болып тіркелген) бекітілген Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтар тізбесінің 5-тармағы.

      4. "Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 25 тамыздағы № 377 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29288 болып тіркелген).

      5. "Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 186 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32978 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізімінің 6-тармағы.