"Азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, дайындау және оларды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 387 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 5 қаңтардағы № 1 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 6 қаңтарда № 35621 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, дайындау және оларды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 387 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11243 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      Аталған бұйрықпен бекітілген Азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, даярлау және тарту қағидаларында:

      2 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Азаматтық қорғауды құралымдары – бейбіт және соғыс уақытында авариялық-құтқару мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған азаматтық қорғау күштерінің ұйымдық-құрылымдық бірлігі (жасақтар, командалар, бригадалар, топтар, буындар, бекеттер).";

      24-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Азаматтық қорғау құралымдарын даярлау мыналарды қамтиды:

      1) үш жылда бір рет азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде құралымдардың (жасақтардың, командалардың, бригадалардың, топтардың, буындардың, бекеттердің) азаматтық қорғау құралымдарының командирлерін оқыту;

      2) "Төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлаудың, халықты оқытудың оқу бағдарламасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 20 мамырдағы № 235 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9509 болып тіркелген) бекітілген жұмыс орны бойынша азаматтық қорғау құралымдарының даярлаудың (қайта даярлаудың) оқу бағдарламасына сәйкес жеке құрамды оқыту;";

      көрсетілген Қағидаларға 4-қосымша алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ч. Аринов