"Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою" мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2024 жылғы 19 шілдедегі № 270 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 22 шілдеде № 34774 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою" мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша анықтама беру" мемлекеттік қызметті көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 168 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20291 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі мен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 26 наурыздағы № 109 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34194 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі мен Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 3-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің міндетін атқарушы
А. Бейспеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің міндетін
атқарушысының
2024 жылғы 19 шілдедегі
№ 270 бұйрығына
қосымша

"Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою" мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою" мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жылжымайтын мүлік (бұдан әрі – жылжымайтын мүлік объектілері) –жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;

      2) мекенжай – жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жерін сипаттау (өңір, елді мекен, елді мекеннің құрамдас бөлігі, бастапқы жылжымайтын мүлік объектісі, жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісі (бар болған жағдайда);

      3) "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "Мекенжай тіркелімі" АЖ) – Қазақстан Республикасының мекенжай өрiсiн біріздендіру және мекенжайлары туралы деректерді қалыптастыруға, жинақтауға және өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      4) мекенжайдың тіркеу коды (бұдан әрі – МТК) – "Мекенжай тіркелімі" АЖ бірігетін жылжымайтын мүлік объектілері мекенжайының бірегей коды.

2-тарау. Мемлекеттік қызметті алу тәртібі

      3. "Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою" мемлекеттік көрсетілетін қызметті (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Астана, Алматы және Шымкент қалалары және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет шеңберінде жылжымайтын мүлік объектісінің тұрақты мекенжайын беру/жою жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де мәліметтер осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) жазылған.

      5. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті берушіге www.egov.kz. "электрондық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш жолдайды.

      6. Көрсетілетін қызметті беруші өтінішті түскен күні тіркейді. Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      7. Көрсетілетін қызметті алушы өтініш тапсырған кезде "жеке кабинетінде" мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін алу күнін көрсете отырып, мемлекеттік қызметті көрсету үшін сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе көрсетіледі.

      8. Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтер, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды (жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама, шарттар, жергілікті атқарушы органдардың шешімдері, сот шешімдері, мұрагерлік құқығы және т.б.), объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсатты көрсетілетін қызметті беруші "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар туралы мәліметтер болмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы № 27 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20610 болып тіркелген) "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қағидаларына сәйкес жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін тіркеуші органға жүгінуі қажет.

      9. Өтінішті және қоса берілген құжаттарды тіркеуден өткізгеннен кейін көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде олардың толықтығын тексереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және оны көрсетілетін қызметті берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жолдайды.

      Ұсынылған құжаттар толық болған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші қоса берілген құжаттарды қарап, көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігін қарайды.

      10. Мемлекеттік қызмет көрсету немесе дәлелді бас тарту мерзімі Тізбенің 3-тармағында келтірелген.

      11. Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру немесе жою үшін көрсетілетін қызметті берушінің жауапты орындаушысы объектінің орналасқан жеріне баруды жүзеге асырады, фотофиксация және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қарап-тексеру актісін жасау арқылы объектінің бар немесе жоқтығын куәландырады, жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру немесе жою туралы бұйрық дайындайды, "Мекенжай тіркелімі" АЖ-ге деректерді енгізуді жүзеге асырады.

      12. Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес хабарлама-хат нысанында мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін көрсетілетін қызметті берушінің ЭЦҚ қол қойылған электрондық құжат нысанында өтініш берушінің "жеке кабинетіне" жібереді.

      13. Көрсетілетін қызметті беруші Тізбенің 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартады.

      14. Көрсетілетін қызметті беруші Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      15. Тізбенің 9-тармағында көзделген негіздер болған кезде аудандар үшін көрсетілетін қызметті беруші Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес өтініш берушіге мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім жайында, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша өтініш берушінің ұстаным танытуына мүмкіндік беру үшін тыңдау өткiзілетін уақыт пен орын туралы хабарлама жібереді.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында оң нәтиже не мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тарту жолданады.

      16. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар туралы ақпаратты сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган Заңның 10-бабының 13) тармақшасына сәйкес Бірыңғай байланыс орталығына, сондай-ақ өтініштерді қабылдауды және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беруді жүзеге асыратын Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына және "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторына жібереді.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      17. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса не әрекет жасаса, ол шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа шағым жасауға Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

      Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

  "Жылжымайтын мүлік
объектісінің мекенжайын
беру/жою" мемлекеттік қызметті
көрсету қағидаларына
1-қосымша

"Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою" мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің атауы:

      1. Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру;

      2. Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын жою.

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Астана, Алматы және Шымкент қалалары және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары.

2

Мемлекеттік қызметті көрсету тәсілі

өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру "электрондық үкіметтің" веб-порталы бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

3

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі

Астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін - 3 (үш) жұмыс күні;
аудандар үшін - 5 (бес) жұмыс күні.

4

Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны

Электрондық (ішінара автоматтандырылған).

5

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі

1) жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру;
2) жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын жою;
3) мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшерін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Тегін.

7

Жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті берушінің – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жексенбі және мереке күндерін қоспағанда, түскі асқа үзілісі бар, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда;
2) порталдың – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш білдірілген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметтер көрсету нәтижелері келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру үшін:
1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды (жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама, шарттар, жергілікті атқарушы органдардың шешімдері, сот шешімдері, мұрагерлік құқығы және т.б.) қызметті беруші ЭҮШ арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын жою үшін:
1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды (жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама, шарттар, жергілікті атқарушы органдардың шешімдері, сот шешімдері, мұрагерлік құқығы және т.б.), объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсатты қызметті беруші ЭҮШ арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
3) ғимараттар мен құрылыстарды бұзу актісінің электрондық көшірмесі.

9

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздері

1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігінің анықталуы;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің осы Қағидаларда, "Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 783 және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1262 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12938 болып тіркелген) бірлескен бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларымен бекітілген талаптарға сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызметті көрсету, оның ішінде Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда, мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алу мүмкіндігі бар.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдың "жеке кабинеті", сондай-ақ Бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8-800-080-7777 арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар.

  "Жылжымайтын мүлік
объектісінің мекенжайын
беру/жою" мемлекеттік қызметті
көрсету қағидаларына
2-қосымша
  Нысан
  ____________________________
____________________________
____________________________

Өтініш

      __________________________________________________________________

      бойынша орналасқан:

      _______________________________________________________________________

                  (облыс, қала (елді мекен) және объектінің орналасқан жері)

      _______________________________________________________________________

      _______________________________________________________________________

            мекенжай (ын) беруді/жоюды сұраймын.

      (қажеттісінің астын сызыңыз)

      Жер учаскесінің кадастрлық нөмірі ___________________________________

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      20__ жылғы "___" ____________

      Тапсырды _____________________

      (Қолы)

      Телефон нөмірі_____________________

  "Жылжымайтын мүлік
объектісінің мекенжайын
беру/жою" мемлекеттік
қызметтерді көрсету
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Жылжымайтын мүлік объектісінің барын/жоғын қарап-тексеру актісі

      "__" __________ 20___жыл

      Объектінің атауы _______________________________________________________

      Орналасқан жері (мекен-жайы) ___________________________________________

      Тексеру нәтижесінде анықталды:

      Нысан ________________________________________________________________

                                          (бар/жоқ)

      Қорытынды:

      _______________________________________________________________________

      _______________________________________________________________________

      _______________________________________________________________________

      Фотофиксация (кемінде 3 (үш) фотосурет, JPG, jpeg, PNG файлдары) қоса беріледі.

      Тексеру жүргізілді:

      _______________________________________________________________________

      (орындаушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және қолы)

      Актімен таныстым, бір данасын алдым:

      _______________________________________________________________________

      (осы актімен танысқан адамның немесе заңды өкілдің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және қолы)

      "___" ______________ 20___жыл

      Бас тарту уәждері көрсетілген жазба:

      _______________________________________________________________________

      _______________________________________________________________________

  "Жылжымайтын мүлік
объектісінің мекенжайын
беру/жою" мемлекеттік қызметті
көрсету қағидаларына
4-қосымша
  Нысан
  ____________________________
(тегі, аты, бар болған жағдайда
әкесінің аты (бұдан әрі - Т.А.Ә.)
не көрсетілетін қызметті алушы
ұйымының атауы)
___________________________
(көрсетілетін қызметті
алушының мекенжайы)


Нөмірі: __________________

Берілген күні: ___________________


Хат-хабарлама

      ______________________________________________________________

      (көрсетілетін қызмет берушінің атауы)

      жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжайды беру/жою туралы хабарлайды.

                  (қажеттісінің астын сызыңыз)

      Мекенжайы:

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________.

      МТК: _________________________________________________________.

      Басшы:                                     Т.А.Ә. (қолы)

      Орындаушы: Т.А.Ә. ___________