"Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 158 бұйрығына өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 5 шiлдедегi № 107 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 5 шiлдеде № 34713 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 158 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24350 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабы 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы ереженің 15-тармағы 44) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесінде:

      1-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік наградалармен және мерекелік медальдармен наградтау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінен, ведомстволық наградалармен наградтау туралы өзге де актілерден үзінді көшірмелер, сондай-ақ грамоталар мен алғыстардың көшірмелері (бар болған жағдайда);";

      13) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) әскери билеттің көшірмесі (бар болған жағдайда);";

      мынадай мазмұндағы 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшалармен толықтырылсын:

      "14) қызметші еңбек қызметін жүзеге асырған ұйымдардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлері және дара кәсіпкерлердің жеке сәйкестендіру нөмірлері туралы деректер (бар болған жағдайда);

      15) жақын туыстарының жеке сәйкестендіру нөмірлері туралы деректер;

      16) жеке істі қалыптастыру немесе жаңарту сәтінде жарамды Qazaq resmi test/Qaztest және (немесе) шет тілін меңгеру деңгейі туралы сертификаттар (бар болған жағдайда);

      17) кәсіби қызметпен байланысты жеке жетістіктер туралы деректер;

      18) қызметшінің ғылым, мәдениет, өнер және спорт саласындағы әлеуметтік-қоғамдық қызметі және қабілеттері туралы деректер.";

      мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Осы тізбенің 1-тармағы 14), 15), 16), 17) және 18) тармақшаларында көрсетілген деректер тек қана "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде оларды қағаз түрінде сақтамай жүргізіледі.

      4. "Е-қызмет" ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызметшінің жеке ісін сапалы жүргізуді қамтамасыз ету заңнамаға сәйкес мемлекеттік органның аппарат басшысына, ал аппарат басшысы лауазымы жоқ мемлекеттік органдарда – мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар адамға жүктеледі.".

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет өткеру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі төрағасы
Д. Жазықбай