БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелді) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
2, 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтары жаңа редакцияда жазылсын:
"2. МЖБС-да келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) академиялық кредит – білім алушының және (немесе) оқытушының (педагогтің) білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне қол жеткізуге қажетті ғылыми және (немесе) оқу жұмысы (жүктемесі) көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі;
2) ӘАОО-ның компоненті – білім беру бағдарламасын меңгеру үшін ӘАОО өз бетінше айқындайтын оқу пәндердiң тізбесі мен академиялық кредиттердiң тиiстi ең аз көлемi;
3) әскери тағылымдама – болашақ кәсіби қызметпен байланысты функционалдық міндеттерді орындау процесінде теориялық білімді, білікті бекітуге, практикалық дағдылар мен құзыреттерді игеруге және дамытуға бағытталған әскери, арнаулы оқу орындарындағы оқу қызметінің түрі;
4) базалық модуль – білім алушының базалық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
5) базалық құзырет – болашақ маманның мамандыққа енуінің ерекшелігін көрсететін, таңдаған мамандығына сәйкес кәсіби дамуының негізін қалыптастыратын кәсіби құзыреттерді игеру үшін қажетті білім, білік және дағдылар жиынтығы;
6) білім беру ұйымының компоненті – білім беру бағдарламасын игеру шеңберінде Worldskills (Ворлдскилс) стандарттарын мен кәсіптік стандарттарын ескере отырып, өңірлік даму жоспарына, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес ТжКБ ұйымы дербес айқындайтын базалық немесе кәсіби модульдер тізбесі;
7) демонстрациялық емтихан – білім алушыға меңгерген кәсіби құзыреттіліктерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік беретін аралық және/немесе қорытынды аттестаттауды өткізу нысаны;
8) дипломдық жұмыс (жоба) – білім алушылардың ТжКБ білім беру бағдарламасын меңгеру нәтижелерін, оның ішінде жобалық тәсілдерді қолдана отырып жинақтауды білдіретін өзіндік бітіру жұмысы;
9) жалпы құзырет – білім алушының адам өміріне қажетті кәсіптік салаларына ортақ міндеттерді шешуіне және өзінің жеке, әлеуметтік кәсіби қызметі үшін қажетті білім, білік және дағдылар жиынтығы;
10) жалпыға міндетті модуль – білім алушының жалпы құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
11) жеке оқу жоспары – білім беру бағдарламасы және элективті пәндер және (немесе) модульдер каталогы негізінде білім беру ұйымының көмегімен білім алушылардың әрбір оқу жылына дербес қалыптастырылатын оқу жоспары;
12) жобалау жұмысы – педагогтің немесе тәлімгердің басшылығымен орындалатын білім алушының практикалық және/немесе шығармашылық жұмысы;
13) жұмыс оқу бағдарламасы – жұмыс оқу жоспарының нақты оқу пәні және (немесе) модулі үшін ТжКБ ұйымы әзірлейтін құжат;
14) жұмыс оқу жоспары – ТжКБ ұйымы әзірлейтін, оқу пәндерінің және/немесе модульдердің тізбесін, көлемдерін, оларды зерделеу дәйектілігін, сондай-ақ олардың игерілуін бақылау нысандарын регламенттейтін құжат;
15) кәсіптік модуль – кәсіби құзыретті қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
16) кәсіби құзырет – кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін білім, білік және дағды, сондай-ақ жеке қасиеттер негізінде кәсіби міндеттер жиынтығын шешу қабілеті;
17) консультация – аралық және қорытынды аттестаттау, дипломдық, курстық жобаларды (жұмыстарды) және жобалау жұмыстарын сүйемелдеу шеңберінде өткізілетін білім беру бағдарламасын меңгеру кезінде білім алушыларға көмекті қамтамасыз ететін оқу сабақтарының нысаны;
18) кредиттік-модульдік жүйе – модульдік және кредиттік оқыту технологиясының бірлігіне негізделген оқу процесін ұйымдастыру моделі;
19) міндетті компонент – білім алушылар міндетті түрде меңгеретін оқу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесі;
20) микробіліктілік – жекелеген еңбек функцияларын орындауға мүмкіндік беретін, қысқа оқу кезеңі аяқталғаннан кейін алынған білім, дағдылар мен құзыреттер жиынтығы;
21) таңдау компоненті – біліктілікті меңгерудің практикалық тәжірибесін кеңейтуге бағытталған, оның ішінде жобалау жұмысы арқылы білім алушылар өз бетінше таңдайтын ТжКБ ұйымы ұсынатын пәндердің немесе модульдердің тізбесі;
22) факультативтік сабақ – міндетті оқытуға кірмейтін, таңдаған мамандық шеңберінде білім алушылардың білімін тереңдету, қызығушылықтарын, қабілеттерін дамыту мақсатында қосымша оқыту.
3. ТжКБ-ның мазмұны білім беру бағдарламаларымен анықталады және оқыту нәтижелеріне бағдарланады.
ТжКБ білім беру бағдарламаларының мазмұны:
білікті жұмысшы кадрлар деңгейі үшін:
1) жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді зерделеуді немесе жалпы білім беретін, жалпыға міндетті, базалық және кәсіптік модульдерді зерделеуді;
2) зертханалық-практикалық сабақтарды орындауды;
3) өндірістік оқытудан және кәсіптік практикадан өтуді;
4) аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өтуді.
орта буын мамандары деңгейі үшін:
1) жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндер немесе жалпы білім беретін, жалпыға міндетті, базалық және кәсіптік модульдерді зерделеуді;
2) зертханалық-практикалық сабақтарды орындауды;
3) кәсіптік практикадан өтуді;
4) егер жұмыс оқу бағдарламалары мен жоспарында өзгеше жұмыс түрлері көзделмесе, курстық және дипломдық (жазбаша немесе практикалық) жұмысты орындауды;
5) аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өтуді көздейді.
ӘАОО-да ТжКБ беру бағдарламаларының мазмұны жалпы білім беретін, жалпы гуманитарлық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді оқуды және әскери тағылымдамадан өтуді көздейді.
4. Жалпы білім беретін пәндердің тізбесі мен көлемі техника-технологиялық, педагогикалық, көркемдік-технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, аграрлық-технологиялық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша мамандық бейінін ескере отырып айқындалады.
Бейініне қарамастан міндетті жалпы білім беретін пәндерге: "Қазақ тілі" және "Қазақ әдебиеті" "Орыс тілі және әдебиеті" (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін топтар үшін), "Орыс тілі" және "Орыс әдебиеті", "Қазақ тілі және әдебиеті" (оқыту орыс тілінде жүргізілетін топтар үшін), "Шетел тілі", "Математика", "Информатика", "Қазақстан тарихы", "Дене тәрбиесі", "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық", "Физика", "Химия", "Биология", "География", "Графика және жобалау", "Дүниежүзі тарихы" және "Жаһандық құзыреттілік" курсы жатады.
Ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар тұлғалар үшін арнайы оқу бағдарламаларындағы жалпы білім беретін пәндер тізбесі мен көлемін ТжКБ ұйымы мамандығына байланысты дербес айқындайды.
Жалпы білім беретін пәндер модулі (жалпы білім беретін пәндер) 1-2 курстарда оқытылады және жалпы міндетті, базалық және/немесе кәсіптік модульдерге біріктірілуі мүмкін.
"Дене шынықтыру" бойынша сабақтар міндетті болып табылады және теориялық оқыту кезеңінде аптасына кемінде 3 сағат жоспарланады, оның ішінде факультативтік сабақтар немесе спорт секциялары есебінен аптасына 1 сағат жоспарлауға жол беріледі.
ӘАОО үшін "Дене шынықтыру дайындығы" бойынша сабақтар міндетті болып табылады және ӘАОО өз бетінше жоспарлайды, бұл ретте аптасына кемінде 3 сағат. Әрбір оқу семестрі аяқталғаннан кейін емтихан өткізіледі.
Жоғары дене жүктемесін көздейтін мамандықтар (хореография, спорт, цирк, актерлік өнері) үшін "Дене шынықтыру" бойынша сабақтар арнайы пәндер немесе базалық және кәсіптік модульдер шеңберінде іске асырылады.
Білім беру ұйымдарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық бойынша сабақтар қыз балаларға ұлдармен бірге, "Медициналық білім негіздері" бөлімі бойынша – бөлек өткізіледі. "Әскери іс негіздері" бөлімі бойынша практикалық сабақтарға қыз балалар тартылмайды. Алғашқы әскери дайындық курсы аяқталғаннан кейін білім алушылармен оқу-далалық (лагерьлік) жиындар ("Өнер және мәдениет" бейінін қоспағанда) өткізіледі. Оқу-дала жиындары кезінде қыз балалар медициналық қызметкердің жетекшілігімен білім беру ұйымдарында медициналық-санитарлық дайындықтан өтеді. "Өмір қауіпсіздігі негіздері" кіріктірілген білім беру бағдарламасының мазмұны "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" оқу курсы шеңберінде жүзеге асырылады (ӘАОО-ны қоспағанда).
5. Білім беру бағдарламаларын ТжКБ ұйымдары жұмыс берушілердің қатысуымен осы МЖБС, кәсіптік стандарттар (бар болса), WorldSkills (Ворлдскилс) кәсіптік стандарттар (бар болса) талаптарының негізінде дербес әзірлейді.
ТжКБ-нің білім беру бағдарламалары білім беру бағдарламаларының тізілімінде қамтылады (әскери, медициналық және фармацевтикалық мамандықтарды қоспағанда) және мыналарды:
1. Білім беру бағдарламасының паспортын;
2. Құзыреттер тізбесін;
3. Білім беру бағдарламасының мазмұны:
3.1. Модульдердің (пәндердің) мазмұнын,
3.2. Білім беру бағдарламасының модульдері (пәндері) бөлінісінде меңгерілген кредиттер/сағаттар көлемін көрсететін жиынтық кестені;
3.3. Құзыреттер бойынша пәндер матрицасын (модульдік бағдарламалар үшін) қамтиды.
ӘАОО білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын қорғаныс саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша дербес айқындайды.
ТжКБ-нің білім беру бағдарламаларында оқыту нәтижелері көрсетіледі, олардың негізінде оқу жоспарлары (жұмыс оқу жоспарлары, студенттердің жеке оқу жоспарлары) және модульдер/пәндер бойынша жұмыс оқу бағдарламалары әзірленеді.
Білім беру ұйымдарының қалауы бойынша білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің, кәсіптік стандарттардың (бар болса) және Worldskills (Ворлдскилс) кәсіптік стандарттарының (бар болса) өзгеретін талаптарына сәйкес әр оқу жылының басында өзектендіріледі.
6. Жалпы құзыреттерді қалыптастыру үшін ТжКБ ұйымы жалпы гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық пәндерді немесе жалпыға міндетті модульдерді зерделеуді көздейді (әскери мамандықтарды қоспағанда).
Жалпы құзыреттер салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене қасиеттерін жетілдіруге, қоғамда және еңбек ұжымында әлеуметтенуге және бейімделуге, патриотизм мен азаматтықты, ұлттық сана-сезімді, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға, кәсіпкерлік қызмет дағдыларын және қаржылық сауаттылықты игеруге, кәсіби қызметте ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған.
Білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде мынадай жалпыға міндетті модульдер оқытылады:
1) дене қасиеттерін дамыту және жетілдіру;
2) ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолдану;
3) экономиканың базалық білімін және кәсіпкерлік негіздерін қолдану;
4) қоғам мен еңбек ұжымында әлеуметтену және бейімделу үшін әлеуметтік ғылымдар негіздерін қолдану.
"Қоғам мен еңбек ұжымында әлеуметтену және бейімделу үшін әлеуметтік ғылымдар негіздерін қолдану" модулін орта буын мамандарын даярлаудың білім беру бағдарламаларында көздеу қажет.
ТжКБ ұйымының қалауы бойынша әскери мамандықтарды қоспағанда, жалпыға міндетті модульдер мамандық бейініне байланысты базалық және (немесе) кәсіптік модульдерге толық немесе ішінара интеграцияланады.
7. Базалық және кәсіптік модульдердің мазмұны (жалпы кәсіптік және арнайы пәндер) экологиялық және/немесе өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын заманауи талаптарды ескереді.
Базалық модульдер кәсіптік модульдерді игеру барысында қалыптастырылатын кәсіби құзыреттерді игерудің негізін қалыптастыруға бағытталған және белгілі бір кәсіби қызметтің ерекшелігін көрсетеді.
Базалық және кәсіптік модульдерді (жалпы кәсіптік және арнайы пәндер) ТжКБ ұйымы дербес айқындайды.
ТжКБ ұйымының қалауы бойынша әскери мамандықтарды қоспағанда, базалық модульдер кәсіптік модульдерге толық немесе ішінара интеграцияланады.
Біліктілікті меңгерудің практикалық тәжірибесін кеңейту мақсатында ТжКБ ұйымының қалауы бойынша базалық, кәсіптік модульдер және (немесе) студенттердің өзіндік жұмысы шеңберінде білім алушылардың жобалық жұмысы іске асырылады.
8. ТжКБ-ның білім беру бағдарламалары теориялық оқытумен қатар өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы қамтиды.
Кәсіптік практика оқу, өндірістік және дипломалды болып бөлінеді.
Өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы өткізу мерзімдері мен мазмұны оқу процесінің кестесімен және жұмыс оқу бағдарламаларымен айқындалады.
Өндірістік оқыту және кәсіптік практика жалпы кәсіптік және арнайы пәндердің жалпы көлемінің немесе базалық және кәсіптік модульдерге бөлінген кредиттердің жалпы көлемінен (әскери оқу орындарын қоспағанда) кемінде 40% - құрайды.
Дуальды оқыту пайдаланылатын техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды және кәсіпорын (ұйым) базасында кәсіптік практика нысанындағы жалпы кәсіптік, арнайы пәндердің және (немесе) базалық, кәсіптік модульдердің оқу уақыты көлемінің кемінде алпыс пайызын құрайтын өндірістік оқытуды көздейді.
Өндірістік оқытуға бөлінген оқу жоспары сағаттарының көлеміне, оның ішінде білім беру ұйымының базасында өткізілетін өндірістік оқытуға арналған сағаттар саны енгізіледі.
ӘАОО-да кәсіптік практика жауынгерлік даярлықты айқындайтын пәндер бойынша практикалық және әдістемелік сабақтарды қамтиды. Сабақтар сыныптарда, зертханаларда, оқу-жаттығуда және далалық жорықтарда жоспарланады. Аталған сабақтар берілетін біліктілікке сәйкес практикалық дағдылар мен кәсіби құзыреттерді игеруге бағытталған.
Практикалық сабақтардың мерзімдері мен мазмұны жұмыс оқу жоспарларында, оқу процесінің кестесінде және жұмыс оқу бағдарламаларында айқындалады.
ӘАОО-да кәсіптік практикаға, әскери тағылымдамаға, жалпы гуманитарлық, жалпы кәсіптік, әлеуметтік пәндерді оқуға бөлінетін уақыт санын тиісті уәкілетті орган айқындайды.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына 1-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген орта білімнен кейінгі білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
2 және 3-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"2. МЖБС-да келесі терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) академиялық кредит – білім алушының және (немесе) оқытушының (педагогтің) білім беру бағдарламасының оқу нәтижелеріне қол жеткізуге қажетті ғылыми және (немесе) оқу жұмысы (жүктемесі) көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі;
2) базалық модуль – білім алушының базалық құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
3) базалық құзырет – болашақ маманның мамандыққа енуінің ерекшелігін көрсететін, таңдаған мамандығына сәйкес кәсіби дамуының негізін қалыптастыратын кәсіби құзыреттерді игеру үшін қажетті білім, білік және дағдылар жиынтығы;
4) білім беру ұйымының компоненті – білім беру бағдарламасын игеру шеңберінде Worldskills (Ворлдскилс) стандарттарын мен кәсіптік стандарттарын ескере отырып, өңірлік даму жоспарына, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес ОБКБ ұйымы дербес айқындайтын пәндер немесе модульдер тізбесі;
5) демонстрациялық емтихан – білім алушыға меңгерген кәсіби құзыреттіліктерін іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік беретін аралық және/немесе қорытынды аттестаттауды өткізу нысаны;
6) дипломдық жұмыс (жоба) – білім алушылардың ОБКБ білім беру бағдарламасын меңгеру нәтижелерін, оның ішінде жобалық тәсілдерді қолдана отырып жинақтауды білдіретін өзіндік бітіру жұмысы;
7) жалпы құзырет – білім алушының адам өміріне қажетті кәсіптік салаларына ортақ міндеттерді шешуіне және өзінің жеке, әлеуметтік кәсіби қызметі үшін қажетті білім, білік және дағдылар жиынтығы;
8) жалпыға міндетті модуль – білім алушының жалпы құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
9) жеке оқу жоспары – білім беру бағдарламасы және элективті пәндер және (немесе) модульдер каталогы негізінде білім беру ұйымының көмегімен білім алушылардың әрбір оқу жылына дербес қалыптастырылатын оқу жоспары;
10) жобалау жұмысы – педагогтің немесе тәлімгердің басшылығымен орындалатын білім алушының практикалық және/немесе шығармашылық жұмысы;
11) жұмыс оқу бағдарламасы – жұмыс оқу жоспарының нақты оқу пәні және (немесе) модулі үшін ОБКБ ұйымы әзірлейтін құжат;
12) жұмыс оқу жоспары – ОБКБ ұйымы әзірлейтін оқу пәндерінің және/немесе модульдерінің тізбесін, көлемдерін, оларды зерделеу дәйектілігін, сондай-ақ олардың игерілуін бақылау нысанын регламенттейтін құжат;
13) кәсіби құзырет – кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін білім, білік және дағды, сондай-ақ жеке қасиеттер негізінде кәсіби міндеттер жиынтығын шешу қабілеті;
14) кәсіптік модуль – кәсіби құзыретті қалыптастыруға бағытталған білім беру бағдарламасының функционалдық аяқталған құрылымдық элементі;
15) консультация – аралық және қорытынды аттестаттау, дипломдық, курстық жобаларды (жұмыстарды) және жобалау жұмыстарын сүйемелдеу шеңберінде өткізілетін білім беру бағдарламасын меңгеру кезінде білім алушыларға көмекті қамтамасыз ететін оқу сабақтарының нысаны;
16) кредиттік-модульдік жүйе – модульдік және кредиттік оқыту технологиясының бірлігіне негізделген оқу процесін ұйымдастыру моделі;
17) міндетті компонент – білім алушылар міндетті түрде меңгеретін модульдерінің тізбесі;
18) микробіліктілік – жекелеген еңбек функцияларын орындауға мүмкіндік беретін, қысқа оқу кезеңі аяқталғаннан кейін алынған білім, дағдылар мен құзыреттер жиынтығы;
19) таңдау компоненті – біліктілікті меңгерудің практикалық тәжірибесін кеңейтуге бағытталған, оның ішінде жобалау жұмысы арқылы білім алушылар өз бетінше таңдайтын ОБКБ ұйымы ұсынатын пәндердің немесе модульдердің тізбесі;
20) факультативтік сабақ – міндетті оқытуға кірмейтін, таңдаған мамандық шеңберінде білім алушылардың білімін тереңдету, қызығушылықтарын, қабілеттерін дамыту мақсатында қосымша оқыту.
3. ОБКБ-нің мазмұны білім беру бағдарламаларымен анықталады және оқыту нәтижелеріне бағдарланады.
ОБКБ-нің білім беру бағдарламаларының мазмұны теориялық сабақтарды, зертханалық-практикалық жұмыстарды орындауды, өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді қамтитын жалпыға міндетті, базалық және кәсіптік модульдерді меңгеруді қарастырады.";
6, 7 және 8-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
"6. ОБКБ білім беру бағдарламалары жалпы құзыреттерді қалыптастыратын жалпыға міндетті модульдерді оқытуды көздейді.
Жалпы құзыреттер салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене қасиеттерін жетілдіруге, қоғамда және еңбек ұжымында әлеуметтенуге және бейімделуге, патриотизм мен азаматтықты, ұлттық сана-сезімді, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытуға, кәсіпкерлік қызмет дағдыларын және қаржылық сауаттылықты игеруге, кәсіби қызметте ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған.
ОБКБ білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде мынадай жалпыға міндетті модульдер оқытылады:
1) дене қасиеттерін дамыту және жетілдіру;
2) ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды қолдану;
3) қоғам мен еңбек ұжымында әлеуметтену және бейімделу үшін әлеуметтік ғылымдар негіздерін қолдану;
4) кәсіби қызметте қазіргі заманғы экономикалық жүйенің жұмыс істеуінің негізгі заңдылықтары мен механизмдерін қолдану.
ОБКБ ұйымының қалауы бойынша жалпыға міндетті модульдер мамандық бейініне байланысты толық немесе ішінара базалық, кәсіптік модульдерге интеграциаланады.
7. Базалық және кәсіптік модульдердің мазмұны (жалпы кәсіптік және арнайы пәндер) экологиялық және/немесе өнеркәсіптік қауіпсіздікке қойылатын заманауи талаптарды ескереді.
Базалық модульдер кәсіптік модульдерді игеру барысында қалыптастырылатын кәсіби құзыреттерді игерудің негізін қалыптастыруға бағытталған және белгілі бір кәсіби қызметтің ерекшелігін көрсетеді.
Базалық және кәсіптік модульдерді (жалпы кәсіптік және арнайы пәндер) ОБКБ ұйымы дербес айқындайды.
ОБКБ ұйымының қалауы бойынша әскери мамандықтарды қоспағанда, базалық модульдер кәсіптік модульдерге толық немесе ішінара интеграцияланады.
Біліктілікті меңгерудің практикалық тәжірибесін кеңейту мақсатында ОБКБ ұйымының қалауы бойынша базалық, кәсіптік модульдер және (немесе) студенттердің өзіндік жұмысы шеңберінде білім алушылардың жобалық жұмысы іске асырылады.
8. ОБКБ білім беру бағдарламалары теориялық оқытумен қатар өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы қамтиды.
Кәсіптік практика оқу, өндірістік және дипломалды болып бөлінеді.
Өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы өткізу мерзімдері мен мазмұны оқу процесінің кестесімен және жұмыс оқу бағдарламаларымен айқындалады.
Дуальды оқыту пайдаланылатын ОБКБ білім беру бағдарламалары білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды және кәсіпорын (ұйым) базасында кәсіптік практика нысанындағы жалпы кәсіптік, арнайы пәндердің және (немесе) базалық, кәсіптік модульдердің оқу уақыты көлемінің кемінде алпыс пайызын құрайтын өндірістік оқытуды көздейді.
Өндірістік оқытуға бөлінген оқу жоспары сағаттарының көлеміне, оның ішінде білім беру ұйымының базасында өткізілетін өндірістік оқытуға арналған сағаттар саны енгізіледі. ";
орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына қосымша осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы |
Н. Жумадильдаева |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт министрлігі
2024 жылғы 31 мамырдағы № 132 бұйрығына 1- қосымша |
|
Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына 1-қосымша |
Білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын маманы деңгейлеріне арналған модульдік оқыту технологиясы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің оқу жоспарының моделі
№ | Модульдер блогы және оқу қызметі түрлерінің атауы | Кредит/сағат саны | |||
ЕББҚ бар тұлғалар үшін (ақыл-ойы сақталмаған) | негізгі орта білім базасында | жалпы орта білім базасында | техникалық және кәсіптік, жоғары білім базасында | ||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
1 | "Жалпы білім беру пәндері" модулі* | + | 75 (60+15 СӨЖ)/1800 (1440+360 СӨЖ) | - | - |
2 | Жалпыға міндетті модульдер | + | + | + | +** |
3 | Базалық модульдер | + | + | + | + |
4 | Кәсіптік модульдер | ||||
4.1 | Жұмысшы біліктілігі бойынша кәсіптік модульдер*** | + | + | + | |
4.2 | Орта буын маманы бойынша кәсіптік модульдер*** | + | + | + | + |
5 | Аралық аттестаттау | + | + | + | + |
6 | Қорытынды аттестаттау | + | + | + | + |
Міндетті оқытуға барлығы | |||||
Білікті жұмысшы кадрлар | 120/2880 | 150 (120+30) /3600 (2880+720 СӨЖ) – 225 (180+45)/5400 (4320+1080 СӨЖ)**** | 75 (60+15)/1800 (1440+360 СӨЖ) – 150 (120+30)/3600 (2880+720 СӨЖ)**** | 75 (60+15 СӨЖ)/1800 (1440+360 СӨЖ) | |
Орта буын маманы | - | 225 (180+45)/5400(4320+1080 СӨЖ) –300(240+60) /7200 (5760+1440 СӨЖ) ***** | 150 (120+30)/3600 (2880+720 СӨЖ) – 225 (180+45)/5400 (4320+1080 СӨЖ)***** | 75 (60+15) /1800 (1440+360 СӨЖ) – 150 (120+30) /3600 (2880+720 СӨЖ) ***** | |
6 | Факультативтік сабақтар | аптасына 4 сағаттан аспайды | |||
7 | Консультациялар | оқу жылына 100 сағаттан аспайды | |||
Білім алушының оқу жүктемесінің жалпы саны кредитпен/сағатпен | 138/3312 | 252 (207+45)/6048 (4968+1080 СӨЖ) – 336 (276+60)/8064 (6624+1440 СӨЖ) |
84 (69+15)/2016 (1656+360СӨЖ) – 168 (138+30)/4032 (3312+720 СӨЖ) | 84 (69+15) /2016 (1656+360 СӨЖ) – 168 (138+30) /4032 (3312+720 СӨЖ) |
Ескертпе:
* "Хореография өнері" мамандығы бойынша 53 (38+15)/1272 (912+360) кредит/сағатты құрайды.
** жұмысшы кадрлардың біліктілігі бар ТжКБ базасында 2-тараудың 6-тармағының 4-тармақшасының модулін оқыту көзделеді.
***өндірістік оқыту және/немесе кәсіптік практика кәсіптік және базалық модульдерге бөлінген кредиттердің жалпы көлемінен кемінде 40% - ын құрайды.
**** біліктіліктің күрделілігіне және (немесе) санына байланысты анықталады.
***** білікті жұмысшы кадрлар деңгейі үшін бөлінген оқу уақытының көлеміне байланысты анықталады.
2024 жылғы 31 мамырдағы № 132 бұйрығына 2- қосымша |
|
Орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына қосымша |
Орта білімнен кейінгі білім берудің оқу жоспарының моделі
р/н | Модульдер блогы және оқу қызметі түрлерінің атауы | Кредиттер/сағаттар саны | |||
Жалпы орта білім базасында | Білікті жұмысшы кадрларының біліктілігімен техникалық және кәсіптік білім базасында | Орта буын маманы біліктілігімен техникалық және кәсіптік білім базасында | Жоғары білім базасында | ||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
1 | Жалпыға міндетті модульдер | + | + | - | - |
2 | Базалық* модульдер | + | + | + | + |
3 | Кәсіптік модульдер* | + | + | + | + |
4 | Аралық аттестаттау | + | + | + | + |
5 | Қорытынды аттестаттау | + | + | + | + |
Міндетті оқыту жиыны | 225 (180+45 СӨЖ)/5400 (4320+1080 СӨЖ)** | 150 (120+30 СӨЖ)/3600(2880+ 720 СӨЖ)*** | 75 (60+15 СӨЖ)/1800 (1440+360 СӨЖ) | 75 (60+15 СРС)/1800 (1440+360 СӨЖ) | |
6 | Факультативтік сабақтар | аптасына 4 сағаттан аспайды | |||
7 | Консультациялар | оқу жылына 100 сағаттан аспайды | |||
Барлығы | 252 (207+45 СӨЖ)/6048 (4968+1080 СӨЖ) | 168 (138+30 СӨЖ)/4032 (3312+720 СӨЖ) | 84 (69+15 СӨЖ)/2016 (1656+360 СӨЖ) | 84 (69+15 СРС)/2016 (1656+360 СӨЖ) |
Ескертпе:
* Өндірістік оқыту және/немесе кәсіптік практика кәсіптік және базалық модульдердің кемінде 40%-ын құрайды.
** Білікті жұмысшы кадрлардың және орта буын маманы деңгейлері бойынша (бар болса) мәндес біліктіліктердің кәсіптік модульдерін игеру көзделген.
*** Орта буын маманы деңгейі бойынша (бар болса) мәндес біліктіліктердің кәсіптік модульдерін игеру көзделген.