"Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту тур

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 12 сәуірдегі № 158 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 15 сәуірде № 34257 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 18 мамырдағы № 196 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17122 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында:

      4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті жеткізуші – ТЖКҚ сатып алу туралы шартты жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      2) әлеуетті жеткізушінің үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi жеткізушінің шешiмдерiн айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi жеткізушінің осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      3) біртекті ТЖКҚ – бiрдей болып табылмайтын, ұқсас сипаттамалары бар және сол бiр функцияны орындауға және өзара алмасымды болуға мүмкiндiк беретiн және ұқсас құрауыштардан тұратын ТЖКҚ;

      4) жабдықтың істен шығуы туралы акт – тапсырыс берушінің бірінші басшысы, сондай-ақ қауіпсіздік және өндіріске жауапты бірінші басшының орынбасары қол қойған, істен шығуы өндірістік циклдің тоқтауына әкеп соғатын жабдықтардың, механизмдердің, агрегаттардың, шығыс материалдарының істен шығуын растайтын құжат;

      5) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды және олардың өндірушілерін бақылауға және мониторингтеуге, сондай-ақ электрондық сатып алуды жүргізу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін қалыптастыруға арналған мемлекеттік ақпараттық жүйе;

      6) жер қойнауын пайдаланушының (мердігердің) уәкілетті тұлғасы – осы Қағидаларға сәйкес көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын ТЖКҚ-ны жер қойнауын пайдаланушы (мердігер) атынан сатып алуды жүзеге асыруға жер қойнауын пайдаланушы (мердігер) уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға;

      7) жеткізуші – өзімен жасалған ТЖКҚ сатып алу туралы шартта тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      8) жұмыстар – заттық нәтижесi бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;

      9) жүйе әкімшісі – жүйенің меншік иесі немесе иегері;

      10) импорталатын тауарларды оқшаулау бағдарламасы – тауарларды сатып алу туралы шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын, бұрын Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмеген тауарларды оқшаулаудың егжей-тегжейлі қадамдарын, әдістері мен мерзімдерін сипаттайтын бағдарлама;

      11) конкурстық комиссия – осы Қағидалардың 6-тармағының және 7-тармағының 1), 3) тармақшаларында белгіленген тәртіппен және тәсілдермен ТЖКҚ-ны сатып алуды жүргізу рәсімдерін орындау үшін тапсырыс беруші құратын алқалы орган;

      12) конкурстық құжаттама – ашық конкурсты және бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсты (электрондық сауда-саттықты) өткізу шарттарын қамтитын, конкурстық өтінімді дайындау үшін әлеуетті жеткізушіге ұсынылатын, тапсырыс беруші бекіткен құжаттама;

      13) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерiн қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесi жоқ қызмет;

      14) Қазақстан Республикасының мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы салалық келісім (бұдан әрі – салалық келісім) – Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 152-бабына сәйкес тараптардың республикалық, салалық және өңірлік деңгейлердегі жұмыскерлер үшін мазмұнын және еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі міндеттемелерін айқындайтын әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында жасалатын жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт;

      15) Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы – мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерде электрондық құжаттарды қалыптастыру үшін жеке және заңды тұлғаларға электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын және тіркеу куәліктерін ұсынатын куәландырушы орталық;

      16) Қазақстанда шығарылған тауар – Қазақстан Республикасының аумағында шығарылғандығын растайтын, ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификат және (немесе) индустриялық сертификат берілген тауар;

      17) қазақстандық тауар өндіруші – Қазақстанда шығарылатын тауарларды өндіретін Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе) Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары;

      18) қаржы жылы – Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес белгіленген уақыт кезеңі;

      19) қосалқы мердігер – мердігермен (тапсырыс берушімен) шарт бойынша жұмыстардың бөлігін орындайтын жеке немесе заңды тұлға;

      20) құжаттың электрондық көшірмесі – түпнұсқа құжаттың түрі мен ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық пішімде толық көрсететін құжат;

      21) мердігер – көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізумен байланысты жұмыстардың жекелеген түрлерін орындау үшін жер қойнауын пайдаланушы немесе оның уәкілетті тұлғасы тартатын жеке немесе заңды тұлға, заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      22) сатып алу коды – осы Қағидалардың 6-тармағының және 7-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен ТЖКҚ-ны сатып алуды жүргізу туралы хабарландыруларды қалыптастыру кезінде немесе осы Қағидалардың 6-тармағының және 7-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тәсілмен ТЖКҚ-ны сатып алу қорытындыларын шығару хаттамасын қалыптастыру кезінде тізіліммен (жүйемен) қалыптастырылған код;

      23) тапсырыс беруші – осы Қағидаларға сәйкес ТЖКҚ-ны сатып алуды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы, мердігер, жер қойнауын пайдаланушының (мердігердің) уәкілетті тұлғасы;

      24) тауар өндіруші – отандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізілген өнімді өндіретін әлеуетті жеткізуші (жеткізуші);

      25) тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімі (бұдан әрі – ОТӨ тізілімі) - "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабының 1-тармағына сәйкес Ұлттық палата төралқасы бекітетін тәртіппен ерікті негізде қалыптастырылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізбесі;

      26) ТЖКҚ сатып алу – осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен және тәсілдермен жүзеге асырылатын, көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін қажетті ТЖКҚ-ны өз қаражат есебінен сатып алу

      27) ТЖКҚ-ны сатып алу туралы шарттың елеулі талаптары - шарттың нысанасы, тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімдері мен орны және төлем тәртібі туралы талаптар;

      28) толық аяқталған құрылыс – құрылыс, оны қамтамасыз ету және пайдалануға дайын объектіні тапсырыс берушіге өткізу;

      29) толық аяқталған ұңғыма құрылысы – жиынтығында немесе жеке-жеке ұңғымаларды жобалау, салу, бұрғылау, сынақтан өткізу (сынамалау), зерттеу, жою, консервациялау (қайта іске қосу), қалдықтарды кәдеге жарату, сынақтан өткізу (сынамалау) кезеңінде, оның ішінде ұңғымада көмірсутектерді сынақтан өткізуге (сынамалауға) және (немесе) жинауға арналған құрылыстарды (жабдықты, техниканы, ұңғыма тетіктерін) сынама пайдалану, орнату, монтаждау, жалға беру кезінде және (немесе) сынақтан өткізу (сынамалау) кезеңінде, оның ішінде сынама пайдалану кезінде ұңғымада көмірсутектерді жинау кезеңдерін қамтитын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер немесе аталған жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) ілеспе тауарларды жеткізу;

      30) төмендетуге бағытталған қадам – төмендетуге бағытталған ашық конкурсты (электрондық сауда-саттық) өткізу кезінде қолданылатын бағаны 1 (бір) пайызға (бірақ 100 000 теңгеден артық емес) төмендету;

      31) тізілім әкімшісі – қатты пайдалы қазбалар саласындағы уәкілетті орган;

      32) уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі кешенді жұмыс – жобалық және (немесе) зерттеу жұмыстарын орындауды және (немесе) толық аяқталған құрылысты және (немесе) жобалық және зерттеу жұмыстарын, толық аяқталған құрылысты басқаруды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жиынтығы және (немесе) осы жұмыстарға ілеспе тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету;

      33) шартты баға – қазақстандық тауар өндірушісі немесе қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушісі болып табылатын әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімінің баға ұсынысын шартты түрде жиырма пайызға төмендетуді ескере отырып есептелген және ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазын анықтау мақсатында конкурстық баға ұсыныстарын бағалау және салыстыру үшін ғана қолданылатын баға;

      34) электрондық сатып алу жүйесі (бұдан әрі – жүйе) – көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган белгілейтін көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың тәртібіне сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін сатып алуды ұйымдастырушылар (жер қойнауын пайдаланушы немесе жер қойнауын пайдаланушылар уәкілеттік берген тұлғалар) пайдаланатын электрондық ақпараттық жүйе.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын басқа да ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.";

      6 және 7-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу, оның ішінде мердігерлер тарапынан сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:

      1) ашық конкурс;

      2) бір көзден алу;

      3) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);

      4) тауар биржаларында;

      5) Кодекстің 131-бабының 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының нормаларын қолданбай ТЖКҚ сатып алу.

      Қағидалардың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен ТЖКҚ сатып алу тапсырыс берушінің тізілімді (жүйені) міндетті пайдаланумен жүзеге асырылады.

      Кодекстің 131-бабының 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының нормаларын қолданбай ТЖКҚ сатып алу осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес, ТЖКҚ тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Тауар биржалары арқылы тауарларды сатып алу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 142 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10587 болып тіркелген) Тауар биржаларының тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес және тауар биржалары арқылы өткізілетін тауар партияларының ең аз мөлшері бойынша жүзеге асырылады.

      ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың екі және одан көп тауар өндірушісі болған кезде, ашық конкурс, төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) тек тауар өндірушілер арасында өткізіледі.

      ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың жалғыз өндірушісі болған жағдайда, тауарды сатып алу аталған тауар өндірушіден осы Қағидалардың 85-тармағының 12) тармақшасы негізінде бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады.

      7. Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ТЖКҚ сатып алу, оның ішінде мердігерлер тарапынан сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:

      1) ашық конкурс;

      2) бір көзден алу;

      3) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық);

      4) тауар биржаларында;

      5) Кодекстің 179-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) 5) тармақшаларының нормаларын қолданбай ТЖКҚ сатып алу.

      Қағидалардың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен ТЖКҚ-ны сатып алу тапсырыс берушінің тізілімді (жүйені) міндетті түрде пайдалануы арқылы жүзеге асырылады.

      Кодекстің 179-бабы 1-тармағының алтыншы бөліміне сәйкес тауарларды тауар биржалары арқылы сатып алу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 142 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10587 болып тіркелген) Биржалық тауарлардың тізбесі (бұдан әрі – биржалық тауарлар тізбесі) бойынша Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Егер биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды сатып алудың жылдық көлемдері биржалық тауарлар тізбесінде көзделген партияның ең төменгі мөлшерінен аспаса, жер қойнауын пайдаланушы тауарларды сатып алуды жүзеге асырудың өзге тәсілін таңдайды.

      Кодекстің 179-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 5) тармақшаларының нормаларын қолданбай ТЖКҚ-ны сатып алу осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес ТЖКҚ тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың екі және одан көп тауар өндірушісі болған кезде, ашық конкурс, төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) тек тауар өндірушілер арасында өткізіледі.

      ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың жалғыз өндірушісі болған жағдайда, тауарды сатып алу аталған тауар өндірушіден осы Қағидалардың 85-тармағының 12) тармақшасы негізінде бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады.";

      10-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "10. Тізілімді және жүйені пайдалану әлеуетті жеткізушілер және жеткізушілер үшін тегін.

      Тапсырыс беруші және әлеуетті жеткізушілер тізілімде (жүйеде) орналастыратын ақпарат құпия болып табылмайды.

      Тізілім (жүйе) әкімшісі ұсынылған ақпаратты, заңды және жеке тұлғаларға, оның ішінде көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органға конкурстық құжаттаманы, конкурстық өтінімдерді, конкурстық өтінімдерді қарау және ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) қорытындысын шығару хаттамаларын қарау режимінде қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      Тізілім (жүйе) әкімшісі ашық конкурстың немесе бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) әлеуетті жеткізушілері ұсынған баға ұсыныстарын тізілім (жүйе) ашқанға дейін оларды тізілім (жүйе) арқылы қарай алмайды.

      Тапсырыс беруші өткізетін ТЖКҚ сатып алуға қатысу үшін әлеуетті жеткізушілер ұсынған құжаттарын тапсырыс берушінің және тізілім (жүйе) әкімшісінің жоюына және (немесе) өзгертуіне жол берілмейді.";

      15-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "15. Ашық конкурс тәсілімен біртекті болып табылмайтын ТЖКҚ-ны сатып алу кезінде тапсырыс берушінің көрсетілген тәсілмен ТЖКҚ-ны бірыңғай сатып алуды ұйымдастыруы және жүргізуі конкурстық құжаттамада мұндай ТЖКҚ-ны лоттарға бөле отырып жүзеге асырылады.

      Ашық конкурс тәсілімен біртекті ТЖКҚ-ның бірнеше түрін сатып алу олардың біртекті түрлері бойынша ТЖКҚ-ны лоттарға және оларды жеткізудің (орындаудың, көрсетудің) орны бойынша бөлу арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс беруші ашық конкурсты өткізген кезде лоттарды тауарларды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың және (немесе) қызметтерді көрсетудің бір орнына ие біртекті ТЖКҚ-ның саны (көлемдері) бойынша қосымша бөледі.

      Тапсырыс беруші біртекті ТЖКҚ-ны жер қойнауын пайдалануға арналған бірнеше келісімшарт шеңберінде сатып алған кезде осындай ТЖКҚ-ны сатып алу сатып алынатын ТЖКҚ-ны жеткізу (орындау, көрсету) жері бірыңғай болу шартымен ТЖКҚ көлемдерінің жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша үлестірілуін көрсете отырып, бір лотпен жүзеге асырылады.

      ТЖКҚ жеткізу (орындау, көрсету) орны ретінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көрсетілген өз шекаралары шегіндегі кен орны және (немесе) мекенжай (жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері) және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көрсетілген (көмірсутектерді барлау кезеңінде) оның шегіндегі келісімшарттық аумақ болып табылады.

      Егер кен орындарының тобы, кен орнының бір бөлігі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының Кодексінің 720-бабына сәйкес рентабельділігі төмен болып табылатын кен орындарының санатына жатқызылса, жер қойнауын пайдалануға арналған бірнеше келісімшарттың шеңберінде жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді бір лотпен сатып алуға жол беріледі.

      Жабдықтың, көлік құралының белгілі бір үлгісінің қосалқы бөлшектерін (толымдаушы бұйымдарын) бір лотпен сатып алуға жол беріледі.

      Жобалау ұйымдарының көрсетілетін қызметтерін және авторлық қадағалаудың көрсетілетін қызметтерін бір лотпен сатып алуға жол беріледі.

      Тауарды монтаждық және (немесе) іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізе отырып және (немесе) персоналды осы жабдықты пайдалану бойынша оқытуды (нұсқама) жүргізу арқылы бір лотпен сатып алуға жол беріледі.

      "Толық аяқталған" құрылыс, "толық аяқталған" ұңғыма құрылысы және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі кешенді жұмыстар бір лотпен сатып алынады.

      Мердігер немесе қосалқы мердігер мердігерлік шартты орындау мақсатында сатып алған тауарлардың жиынтық құны бұрғылау, ұңғымаларды перфорациялау, ұңғымаларды күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарды орындауға арналған шарттарды қоспағанда, шарт сомасының 50 (елу) пайызынан аспайды.

      Жеткізуші қызмет көрсету шартын орындау мақсатында көрсетілетін қызметті сатып алған тауарлардың жиынтық құны қабаттардың мұнай беруін арттыру әдістері бойынша қызметтерді көрсетуге арналған шартты қоспағанда, шарт сомасының 30 (отыз) пайызынан аспайды.

      Қосалқы мердігер шартты орындауға басқа тұлғаларды (қосалқы мердігерлерді) тартпайды.";

      17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "17. Ашық конкурс өткізілген кезде осы Қағидалардың бұзылуы анықталғанда, тапсырыс беруші ТЖКҚ сатып алу туралы шарт жасалған мезетке дейін ашық конкурсты өткізбейді және оны қайтадан өткізеді.

      Жаңа ашық конкурсты өткізу үшін конкурстық құжаттамаға осы бұзушылықтарды жою және тауарды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімдерін ұзарту, сондай-ақ қажет кезінде жеткізуші орындайтын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемін мөлшерлес қысқарту шартымен жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету мерзімдерін қысқарту бөлігінде енгізіледі.

      Ашық конкурс өткізілмей қалған кезде, жаңа ашық конкурс өткізілмей қалған мезеттен бастап бір айдың ішінде жарияланады.

      Тапсырыс беруші ашық конкурсты өткізбеу жөнінде қабылдаған шешімі туралы оны өткізбеудің себебін көрсете отырып, ашық конкурсқа қатысу үшін конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті жеткізушілерді тізілім (жүйе) арқылы хабардар етеді.

      Жер қойнауын пайдаланушының және оның мердігерінің бекітілген ТЖКҚ сатып алудың жылдық және (немесе) орта мерзімді бағдарламаларында көзделген ТЖКҚ сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған кезде, тапсырыс беруші конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі аяқталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей тізілімде (жүйеде) ашық конкурсты өткізуден бас тартуы туралы хабарлама жасау арқылы ашық конкурсты өткізуден бас тартады.

      Ашық конкурсты өткізуден бас тартылған кезде, ағымдағы қаржы жылы ішінде ТЖКҚ сатып алу бойынша жаңа ашық конкурсты өткізуге жол берілмейді.";

      24, 25, 26-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "24. Конкурстық құжаттама ТЖКҚ сатып алудың талаптары мен шарттары туралы әлеуетті жеткізушілерді хабардар етуге арналған. Конкурстық құжаттаманы тапсырыс беруші әзірлейді және бекітеді.

      ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың екі және одан көп тауар өндірушісі болған кезде, ашық конкурс, төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) тек тауар өндірушілер арасында өткізіледі.

      ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың жалғыз өндірушісі болған жағдайда, тауарды сатып алу аталған тауар өндірушіден осы Қағидалардың 85-тармағының 12) тармақшасы негізінде бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылады.

      25. Конкурстық құжаттамада мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) ашық конкурс тәсілімен ТЖКҚ сатып алудың нысанасы (ашық конкурс нысанасына бірнеше лот кірген жағдайда, лоттардың атаулары мен нөмірлері);

      2) осы Қағидалардың 41-тармағына сәйкес әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімінің мазмұны;

      3) тапсырыс берушінің атауы (заңды тұлға үшін), тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (жеке тұлға үшін), нақты мекенжайы;

      4) сатып алынатын ТЖКҚ-ның функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану ерекшеліктерінің сипаттамаларымен, бар болса, Қазақстан Республикасының ұлттық стандартын көрсете отырып, әрбір лот бойынша техникалық ерекшелік, бар болса, жоспарлар, сызбалар және эскиздер, сондай-ақ ТЖКҚ-ның осы талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттар тізбесі.

      Мердігерлік жұмыстар сатып алынған кезде құрылыста (жобалық құрылыстарды қоса) Қазақстан Республикасында шығарылған құрылыс материалдары, бұйымдар, құрылымдар, инженерлік жабдық пен құрылғылар (бар болса) пайдаланылады;

      Мердігер мердігерлік шарт шеңберінде қосалқы мердігерлерге беретін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемдері жиынтығында жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің екіден бір бөлігінен аспауы тиіс;

      5) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасынан басқа, қосылған құн салығын (бұдан әрі – ҚҚС) қоспағанда, оларды тасымалдауға, сақтандыруға, кеден баждарын, салықтарды, алымдарды төлеуге арналған шығыстарды да, сондай-ақ тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету шарттарымен көзделген басқа шығыстарды қамтитын конкурстық баға ұсынысы;

      6) төлем шарттары;

      7) әрбір лот бойынша сатып алынатын тауардың саны, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемдері;

      8) әрбір лот бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету орындары;

      9) әрбір лот бойынша жеткізілетін тауардың бірінші топтамасына тауарларды жеткізу мерзімі тауарды сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап немесе тауарды сатып алу туралы шарт жасалғаннан кейін шартта айқындалған оқиғалар басталған күннен бастап кемінде күнтізбелік алпыс күн мөлшерінде.

      Әрбір лот бойынша жұмыстарды орындау немесе қызметтерді көрсету мерзімі – жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап және (немесе) конкурстық құжаттамада айқындалған күннен бастап және (немесе) жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарт жасалғаннан кейін конкурстық құжаттамада айқындалған оқиғалар басталған күннен бастап.

      Конкурстық құжаттамада жеткізу мерзімі кемінде күнтізбелік алпыс күн белгіленген кезде, сатып алынатын тауарлардың қазақстандық өндірушілеріне өздерінің конкурстық өтінімінде шарт жасалған күннен бастап және (немесе) жеткізілетін тауардың бірінші топтамасына өтінім жіберілген мезеттен бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын жеткізу мерзімін көрсетуге жол беріледі;

      10) конкурстық өтінімдерді ұсынудың басталу мен аяқталу уақыты;

      11) конкурстық өтінімдерді ашу күні мен уақыты;

      12) редакциялауға болатын форматта әрбір лот бойынша шарт жобасы;

      13) Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген өлшемшартқа сәйкес келетін шартты жеңілдік ұсыну туралы тапсырыс берушінің міндеті және әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімінің шартты бағасын есептеу үшін осы Қағидалардың 45-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесі;

      14) конкурстық өтінімнің мазмұнына және оны ресімдеуге қойылатын талаптар, сондай ақ әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерінің ең аз қолданылу мерзімі;

      15) конкурстық өтінімді және (немесе) ТЖКҚ сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізудің көлемі (егер конкурстық құжаттамада конкурстық өтінімді қамтамасыз ету 6 және (немесе) ТЖКҚ сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету көзделсе);

      16) әрбір лот бойынша ҚҚС-ты есепке алмағанда ашық конкурстың нысанасы болып табылатын ТЖКҚ сатып алуға бөлінген сомалар туралы мәліметтер;

      17) осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес тапсырыс берушінің ТЖКҚ сатып алу жөніндегі ашық конкурсты өткізуден бас тартуының мерзімдері мен тәртібі туралы мәліметтер;

      18) әрбір лот бойынша пайызбен көрсетілген сатып алынатын ТЖКҚ елішілік құндылық бойынша ең аз талаптар.

      Тауарлардағы елішілік құндылық бойынша міндеттемелері жоқ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша әрбір лот бойынша пайызбен көрсетілген сатып алынатын тауарлардағы елішілік құндылық бойынша ең аз талаптарды белгілеуге жол беріледі.

      26. Конкурстық құжаттамада мынадай талаптарды белгілеуге жол беріледі:

      1) сатып алынатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер нарығында және (немесе) тапсырыс беруші белгілеген салада жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарды ұсыну туралы.

      Әлеуетті жеткізушінің жұмыс тәжірибесіне қойылатын талап жылдық көлемі құндық мәндегі тиісті қаржы жылына белгіленген жиырма мың еселік айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінен асып түсетін жұмыстарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде тапсырыс беруші белгілейді.

      Әлеуетті жеткізушінің жұмыс тәжірибесі әлеуетті жеткізуші жұмыстарды орындаған, қызметтерді көрсеткен ұйымдардың ұсыным хаттарының немесе оң пікірлерінің электрондық көшірмелерімен, орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) қабылдануын-тапсырылуын растайтын тиісті актілердің электрондық көшірмелері қоса беріліп расталады. Бұл ретте соңғы 3 (үш) жылдан асатын жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету саласында тәжірибенің бар болуы жөнінде талап белгіленбейді.

      Жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар жұмыс тәжірибесінің әрбір жылы үшін ұсынылады.

      Егер тапсырыс берушінің жұмыстарының немесе көрсетілетін қызметтерінің жылдық көлемі құндық мәндегі жиырма мың еселік АЕК мөлшерінен асып түсетін болса, онда әлеуетті жеткізуші жұмыс тәжірибесінің бүкіл мерзімі үшін кемінде бір шарт бойынша тиісті қаржы жылына белгіленген жиырма мың еселік АЕК мөлшерінен асатын сомаға жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) көлемінің орындалуын растайтын құжаттарды ұсынады.

      Жұмыс тәжірибесінің соңғы жылын есептегенде ағымдағы қаржы жылы немесе ағымдағы қаржы жылы алдындағы қаржы жылы бойынша Қағидалардың осы тармақшасының үшінші бөлігінде көрсетілген, жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттарды ұсынуға жол беріледі;

      2) осы зауыт осы тауарды бұрын шығармаған болса, өндіруші зауыттың (дистрибьютордың, өндіруші зауыттың ресми өкілінің) тауардың техникалық сипаттамасын ұсынуы туралы;

      3) әлеуетті жеткізушінің жұмыскерлерінің кәсіби біліктілігін растайтын дипломдардың, сертификаттардың, куәлік қағаздардың, куәліктердің бар болуы туралы;

      4) сатып алынатын тауарлардың өндіруші зауыты (дистрибьюторы, өндіруші зауыттың ресми өкілі) тапсырыс берушіге және әлеуетті жеткізушіге берген мыналарды қамтитын хатты ұсыну туралы:

      әлеуетті жеткізушіге конкурстық құжаттамада белгіленген көлем мен сапада тауар жеткізу бойынша ашық конкурс талабының орындалуы туралы растама;

      жеткізуге ұсынылатын тауардың техникалық ерекшеліктерінің сипаттамасы;

      тапсырыс берушіге тауарды уақтылы жеткізуді жүзеге асыру үшін жеткілікті мерзім ішінде әлеуетті жеткізушіге тауарды жеткізу туралы растама;

      5) қосалқы бөлшектер немесе шығыс материалдары сатып алынатын тапсырыс берушідегі жабдықтың немесе көлік құралының өндіруші зауыт (дистрибьютор, өндіруші зауыттың ресми өкілі) берген, әлеуетті жеткізуші ұсынып отырған қосалқы бөлшектердің немесе шығыс материалдарының тапсырыс берушідегі осы өндірушінің жабдығымен немесе көлік құралымен салыстырмалылығы туралы хатты ұсыну туралы.

      Егер әлеуетті жеткізуші дистрибьютор немесе ресми өкіл берген хатты ұсынатын болса, конкурстық өтінімге осы тұлғалардың өкілеттігін растайтын өндіруші зауыт берген құжаттар қоса беріледі;

      6) әлеуетті жеткізушілердің әлеуетті жеткізушіде аккредиттелген ұйыммен сертификатталған, мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес сертификатталған менеджмент жүйесінің (сертификатталған жүйелердің) бар болуын растайтын құжаттарды ұсынуы туралы.";

      35-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "35. Ашық конкурсты өткізу туралы хабарландыру:

      1) егер сатып алынатын ТЖКҚ-ның жалпы көлемі әрбір лот бойынша құндық көріністе тиісті қаржы жылына белгіленген жиырма мың еселік АЕК мөлшеріне тең болса немесе одан аспаса, конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін кемінде он жұмыс күні бұрын;

      2) егер сатып алынатын ТЖКҚ-ның жалпы көлемі әрбір лот бойынша құндық көріністе тиісті қаржы жылына белгіленген жиырма мың еселік АЕК мөлшерінен асса, конкурстық өтінімдерді ұсынудың түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін кемінде жиырма жұмыс күні бұрын орналастырылады.";

      41 тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "41. Әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімінде:

      1) лицензиялардың электрондық көшірмелері (егер ашық конкурстың шарттарында міндетті лицензиялауға жататын қызмет көзделген жағдайда);

      2) конкурстық өтінімдерді ашу күнінің алдындағы бір айдан бұрын емес берілген, банктің немесе банк филиалының алдындағы әлеуетті жеткізушінің міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешектің жоқтығы туралы әлеуетті жеткізушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының анықтамасының электрондық көшірмесі (егер әлеуетті жеткізуші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдарының, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрбіреуінен ұсынылады);

      3) берешектің жоқтығы туралы не конкурстық өтінімдерді ашу күнінің алдындағы бір айдан бұрын емес берілген бір теңгеден кем берешектің болуы туралы тиісті салық органы анықтамасының электрондық көшірмесі;

      4) әлеуетті жеткізушінің – Қазақстан Республикасы бейрезидентінің қызметі осы жеткізушінің банкрот деп танылуына байланысты тоқтатылмағандығы туралы мәліметтердің электрондық көшірмелері;

      5) ТЖКҚ-ның функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларын көрсете отырып, техникалық ерекшеліктің, сондай-ақ ТЖКҚ-ның осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері болады.

      Тауар сатып алынған жағдайда техникалық ерекшелікте жеткізуге ұсынылатын тауардың шыққан елі, өндіруші зауыты, модельдің атауы және техникалық ерекшеліктері көрсетіледі.

      Әлеуетті жеткізушіге жеткізу мерзімін конкурстық құжаттамада белгіленген күнтізбелік алпыс күннен кем мерзімді көрсетуге жол беріледі;

      6) әрбір лот бойынша пайызбен көрсетілген (0-ден 100-ге дейін) ұсынылатын ТЖКҚ елішілік құндылық бойынша міндеттемелер.

      Сатып алынатын тауарлардағы елішілік құндылықтың әрбір лот бойынша пайызбен көрсетілген ең аз талаптарын (0-ден 100-ге дейін) белгілеуге жол беріледі, оның ішінде тауарлардағы елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді қамтымайтын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша;

      7) көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізумен байланысты жұмыстардың жекелеген түрлерін орындауға арналған шартты орындау кезінде мердігердің осы Қағидаларды сақтау туралы келісімі (әлеуетті жеткізуші мердігерлік шартын орындауға қажетті ТЖКҚ сатып алған жағдайда);

      8) осы Қағидалардың 26-тармағы 1) тармақшасының талаптарына сәйкес жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері (егер конкурстық құжаттамада әлеуетті жеткізушінің жұмыс тәжірибесі туралы талап көзделсе);

      9) конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес, сатып алынатын тауарлардың өндірушісі тапсырыс берушіге және әлеуетті жеткізушіге берген хаттың электрондық көшірмесі (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда);

      10) тапсырыс берушінің банк шотына кепілдікті ақшалай жарнаның енгізілуін растайтын төлем тапсырмасының электрондық көшірмесі (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда);

      11) әлеуетті жеткізушіде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес аккредиттелген ұйыммен сертификатталған, мемлекеттік стандарттардың талаптарына сәйкес менеджмент жүйесінің (сертификатталған жүйелердің) бар болуын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (конкурстық құжаттамада тиісті талап бар болған жағдайда) болады.

      12) ашық конкурстың әлеуетті жеткізушісінің конкурстық баға ұсынысы конкурстық құжаттамада көзделген талаптарға сәйкес, ҚҚС есепке алмағанда әрбір лот бойынша бөлек, электрондық құжат нысанында тізілімде (жүйеде) ұсынылады.";

      45-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "45. Әлеуетті жеткізушілер шартты бағаны есептеу үшін осы Қағидалардың 41-тармағында көзделген құжаттардан басқа:

      1) егер әлеуетті жеткізуші ашық конкурстың нысанасы болып табылатын тауарлардың қазақстандық өндірушісі болып табылған жағдайда, бұрын осыған ұқсас өнімге берілген Қазақстан Республикасының аумағында шығарылғанын растайтын "CT-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттың электрондық көшірмесі және (немесе) оның Қазақстан Республикасының аумағында шыққанын растайтын өнеркәсіптік сертификатты;

      2) егер әлеуетті жеткізуші ашық конкурстың нысанасы болып табылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық өндірушісі болып табылған жағдайда, құжаттың электрондық көшірмесі нысанында осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қызметкерлердің саны туралы мәліметтерді ұсынады.";

      65 және 66-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "65. Конкурстық комиссия мынадай негіздер бойынша конкурстық өтінімді қабылдамайды және әлеуетті жеткізушіні ашық конкурсқа қатысуға жібермейді:

      1) осы Қағидалардың 41-тармағында, әлеуетті жеткізуші Қазақстан Республикасының бір немесе бірнеше екінші деңгейдегі банктерінің банктік кепілдігі нысанында конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізу тәсілін таңдаған жағдайда, осы Қағидалардың 43-тармағында, сондай-ақ заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум) ашық конкурсқа, төмендетуге бағытталған ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық) қатысқан жағдайда, осы Қағидалардың 42-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаса;

      2) конкурстық өтінім файлды ашудағы қатемен ұсынылса;

      3) құрылтай құжаттары осы Қағидалардың 38-тармағының талаптарын бұза отырып орналастырылса;

      4) тиісті салық органының анықтамасында салықтық берешектің және міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша бір және одан артық теңге мөлшерінде берешектің бар болуы мәліметтер болса;

      5) банк немесе банк филиалы анықтамасының электрондық көшірмесінде әлеуетті жеткізушінің міндеттемелері түрлерінің біреуінен болса да мерзімі өткен берешек болса;

      6) Қағидалардың 12-тармағында көзделген ашық конкурсқа қатысумен байланысты шектеулер болса.

      Комиссия банкроттық рәсімдердің өткізілуіне бақылау жүргізетін уәкілетті органының интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды.

      7) осы әлеуетті жеткізушінің бірінші басшыларының және (немесе) осы әлеуетті жеткізушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары жеткізушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің немесе мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының өкілі болып табылса;

      8) әлеуетті жеткізуші конкурстық құжаттаманың техникалық ерекшелігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін техникалық ерекшелікті ұсынса;

      9) әрбір лот бойынша пайызбен көрсетілген (0-ден 100-ге дейін) ұсынылатын ТЖКҚ елішілік құндылық бойынша міндеттемелер конкурстық құжаттамада көрсетілген талап етілетін елішілік құндылық көрсеткіштерінен кем болса;

      10) күмәнді ақпаратты ұсыну фактісі анықталса.

      Конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасына күмәнді ақпаратты ұсыну фактісін растайтын, әлеуетті жеткізуші ұсынған ақпарат авторының ресми хаттарының электрондық көшірмелері қоса беріледі.

      Конкурстық өтінімдерді Қағидалардың осы тармағында көзделмеген негіздер бойынша қабылдамауға жол берілмейді.

      Тапсырыс беруші конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасында әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтінімін қабылдамау үшін негіз болып табылған себептерді түсіндіре және құжаттарды көрсете отырып, осы тармақта көрсетілген конкурстық өтінімдерді қабылдамауға негіздерді көрсетеді.

      11) Тапсырыс беруші мен төмендегілер арасында бұрын жасалған ТЖКҚ сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамау немесе тиісті түрде орындамау фактісін растайтын сот шешімі күшіне енген мезеттен бастап жиырма төрт айдың ішінде конкурстық өтінімді қабылдамауға жол беріледі:

      осы конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті жеткізушілер, заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктерінің (консорциумдардың) қатысушыларымен;

      қатысушысы, акционері немесе басшысы конкурстық өтінімдерді ұсынған әлеуетті жеткізушілерді, заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктерін (консорциумдарды) басқарумен, құрумен, жарғылық капиталына қатысумен байланысты заңды тұлғалармен.

      Конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасына осындай сот шешімдерінің электрондық көшірмелері қоса беріледі;

      12) Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде төмендету өлшемшартын есепке алмағанда, әлеуетті жеткізушінің конкурстық баға ұсынысы ТЖКҚ сатып алуға бөлінген соманың 80 (сексен) пайыздан төмен болса

      13) егер сатып алу тауар өндірушілер арасында жүзеге асырылса, әлеуетті жеткізуші тауар өндіруші болып табылмайды.

      66. Конкурстық комиссия әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдерін қарау кезінде әлеуетті жеткізушінің қазақстандық ТЖКҚ өндірушісі мәртебесіне сәйкестігін анықтау үшін әлеуетті жеткізуші осы Қағидалардың 45-тармағына сәйкес ұсынған мәліметтерді ескереді.

      Әлеуетті жеткізуші оның қазақстандық жұмыстардың немесе қызметтердің өндірушісі мәртебесіне сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынбаса, конкурстық комиссия осындай әлеуетті жеткізушінің конкурстық баға ұсынысына Кодекстің 131-бабының 1-тармағына, 179-бабының 1-тармағына сәйкес бағаны шартты төмендетуді қолданбайды.";

      76, 77, 78 - тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "76. Ашық конкурстың жеңімпазын айқындау кезінде Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде азайту бойынша өлшемшартты қолдануды ескере отырып, ашық конкурстың әлеуетті жеткізушілерінің конкурстық баға ұсыныстарының бағасы тең болса, артықшылық тауар өндірушіге және қазақстандық жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірушісіне беріледі.

      77. Ашық конкурстың нысанасы болып табылатын сатып алынатын жұмыстардағы немесе көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық бойынша ең үлкен пайызын ұсынған әлеуетті жеткізуші мынадай жағдайларда ашық конкурстың жеңімпазы болып танылады:

      1) Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде азайту бойынша өлшемшартты қолдануды ескере отырып, тауар өндіруші және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушілері болып табылатын ашық конкурстың әлеуетті жеткізушілерінің конкурстық баға ұсыныстарының бағалары тең болса;

      2) тауар өндіруші және қазақстандық ТЖКҚ өндірушілері болып табылмайтын ашық конкурстың әлеуетті жеткізушілерінің конкурстық баға ұсыныстарының бағалары тең болса.

      78. Конкурстық өтінімі ашық конкурстың басқа әлеуетті жеткізушілерінің конкурстық өтінімдерінен тізілімге (жүйеге) бұрын түскен әлеуетті жеткізуші мынадай жағдайларда:

      1) Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде төмендету бойынша өлшемшартты қолдануды ескере отырып, конкурстық баға ұсыныстары және тауар өндіруші және қазақстандық жұмыстардың немесе қызметтердің өндірушілері болып табылатын ашық конкурстың әлеуетті жеткізушілері ұсынған ашық конкурстың нысанасы болып табылатын сатып алынатын жұмыстардағы немесе көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық бойынша міндеттемелердің пайыздық көрінісі тең болған;

      2) конкурстық баға ұсыныстары және тауар өндіруші және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушілері болып табылмайтын ашық конкурстың әлеуетті жеткізушілері ұсынған ашық конкурстың нысанасы болып табылатын сатып алынатын жұмыстардағы немесе көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық бойынша міндеттемелердің пайыздық көрінісі тең болған жағдайда, ашық конкурстың жеңімпазы болып танылады.";

      84 және 85-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "84. Өткен ашық конкурстың, төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) қорытындысы бойынша бір көзден алу тәсілімен ТЖКҚ сатып алу мына жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) ашық конкурс, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық):

      төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) өткізілген кезде әлеуетті жеткізушілер ұсынған конкурстық баға ұсыныстарының болмауына байланысты;

      әлеуетті жеткізушілердің барлық конкурстық өтінімдері немесе барлық конкурстық баға ұсыныстары ашық конкурстың, төмендетуге ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) талаптарына сәйкес келмейтін ретінде қабылданбағандықтан, өтпеді деп танылса;

      2) ашық конкурстың жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті жеткізуші және (немесе) конкурстық баға ұсынысы ашық конкурс, төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) жеңімпазының конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізуші (бар болса) хабарламада белгіленген мерзімде шартты ұсынбаса немесе ТЖКҚ сатып алу туралы шарттың ережелері ТЖКҚ сатып алу туралы шарт жобасына және (немесе) жеңімпаздың және (немесе) конкурстық баға ұсынысы ашық конкурс жеңімпазының конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізушінің конкурстық өтініміне сәйкес келмесе;

      3) ТЖКҚ сатып алу туралы шартқа қоса берілетін құжаттардың түпнұсқалары немесе нотариус куәландырған көшірмелері ашық конкурсқа, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық) қатысу үшін ұсынылған құжаттардың электрондық көшірмелерімен салыстыру рәсімінен өтпесе немесе құжаттардың түпнұсқалары немесе нотариус куәландырған көшірмелері ұсынылмаса;

      4) төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы және (немесе) конкурстық баға ұсынысы жеңімпаздың конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізуші (бар болса) ТЖКҚ сатып алу туралы шарт жасасып, ТЖКҚ сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу туралы конкурстық құжаттамада белгіленген талаптарды орындамаса, егер оның енгізілуі конкурстық құжаттамада көзделсе;

      5) жеңімпаз және конкурстық баға ұсынысы жеңімпаздың конкурстық баға ұсынысынан кейін тәуірлеу болып табылатын екінші әлеуетті жеткізуші (бар болса) осы Қағидалардың 121-тармағына сәйкес тауарды немесе жұмыстарды сатып алу туралы шарт жобасының құнының өзгеруіне байланысты тауарды немесе жұмысты сатып алу туралы шарт жасасудан бас тартса;

      6) жеткізушінің міндеттемелерді орындамауына байланысты ТЖКҚ сатып алу туралы шарт тараптардың екіжақты келісімі бойынша бұзылса. Шарт бір көзден алу тәсілімен сатып алудың қорытындысы бойынша Қағидалардың 86-тармағында көзделген талаптармен бұрын бұзылған шарт бойынша ТЖКҚ-ның орындалмаған көлеміне жасалады.

      85. ТЖКҚ бір көзден алу тәсілімен сатып алу мына тізбе бойынша жүзеге асырылады:

      1) төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және (немесе) жою, аварияларды жою үшін, сондай-ақ бірінші, екінші және үшінші деңгейдегі мұнайдың авариялық төгілуінің салдарын жоюды қамтамасыз ету бойынша ТЖКҚ сатып алу;

      2) сатып алынатын ТЖКҚ-ға қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын ТЖКҚ сатып алу;

      3) істен шығуы өндірістік циклдің тоқтауына әкелетін жабдықтардың, механизмдердің, агрегаттардың, шығыс материалдарының істен шығуы жағдайларында ТЖКҚ сатып алу.

      Тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен сатып алу қорытындысының хаттамасына жабдықтың істен шығуы туралы актіні қоса береді;

      4) өндірістік қуаттары қалдықтарды олардың түзілу көзінен барынша аз тасымалдауды қамтамасыз ететін, шаруашылық қызмет процесінде әлеуетті жеткізушіде түзілетін қалдықтарды қайта өңдеу және (немесе) жою және (немесе) орналастыру және (немесе) тасымалдау және (немесе) кәдеге жарату жұмыстарын сатып алу;

      5) өндірістік қуаттары моноқалаларда орналасқан және жалғыз қала құраушы кәсіпорын тапсырыс берушінің кәсіпорны болып табылатын, моноқалаларда тіркелген қазақстандық ТЖКҚ өндірушілерінен ТЖКҚ сатып алу.

      Тауарды жеткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) орны моноқала болып табылады;

      6) далалық геологиялық-геофизикалық зерттеулерге және (немесе) осындай зерттеулердің алынған деректерін өңдеуге және түсіндіруге, "толық аяқталған" ұңғымаларды салуға, "толық аяқталған" ұңғымаларды салу кезінде жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жиынтығына кіретін жекелеген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге жататын көмірсутектерді барлау жобаларына арналған жұмыстар және (немесе) көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ газ кен орнын жайластыру шеңберінде кешенді газ өңдеу қондырғысын салуға арналған ТЖКҚ сатып алу;

      7) жобалық-іздестіру жұмыстары және ұңғымаларды жайластыру үшін және дайындық кезеңінде шикі газды дайындау және қайта өңдеу мақсатында газды қайта өңдеу қуаттарына немесе газ дайындау қондырғыларына дейін тасымалдауға арналған ТЖКҚ;

      8) офтейк-келісімшарттар шеңберінде өндірілген, сондай-ақ осы тауарларды өндірушілерден осындай тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (шеф-монтаждау, монтаждау немесе іске қосу-баптау жұмыстары) өндіруге ілеспе тауарлар, сондай-ақ келісімшарттық сатып алу шарты шеңберінде "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабына сәйкес тауарлардың бекітілген тізбесі негізінде өндірілген тауарларды сатып алу;

      9) жобалау, жобаға дейінгі құжаттаманы әзірлеген жеткізушіден жобалау, жобаға дейінгі құжаттамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      10) кепілді қызмет көрсету кезеңінде техникалық сүйемелдеуге, лицензиялық бағдарламалық өнімдерді техникалық сүйемелдеуге арналған ТЖКҚ сатып алу;

      11) қазақстандық тауарларды олардың өндірушілерінен не жер қойнауын пайдаланушылар үшін экономикалық тиімділік болған кезде осы өндірушілермен сауда-делдалдық қатынастарда жүрген тұлғалардан тауарларды сатып алу.

      Тауарлар "CT-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат және (немесе) "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабына сәйкес "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы берген индустриялық сертификат негізінде сатып алынады.

      "CT-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат болмаған кезде тауарды сатып алу туралы шарт "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы берген индустриялық сертификат және тауардың жеткізілуімен бірге елішілік құндылықтың болжамды үлесін көрсете отырып, "CT-KZ" нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификатты ұсыну туралы кепілдік хаттың негізінде жасалады.

      12) ОТӨ тізілімінде сатып алынатын тауардың жалғыз өндірушісінің болуы, егер ол өндірген тауар тапсырыс беруші белгілеген техникалық сипаттамаларға сәйкес келген жағдайда;

      13) сатып алынатын тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмеген жағдайда, тауарды өндірушіден шетелден шыққан тауарлар. Шарт бес жылға дейінгі мерзімге жасалады және оның Қазақстан Республикасының аумағында өндірілуін қамтамасыз ететін тауарды өндіруші ұсынған ұсынылып отырған тауарды оқшаулау бағдарламасын қамтиды;

      14) жобалық және жоба алдындағы құжаттаманы әзірлеген жеткізушіден кен орнын игерудің талдауын құрастыру бойынша қызметтерді сатып алу.";

      87-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "87. Егер ТЖКҚ сатып алу осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 3) тармақшаларына және 7-тармағына сәйкес осы Қағидаларды бұза отырып өткізілген болса, осы Қағидалардың 84-тармағына сәйкес ТЖКҚ сатып алудың бір көзден алу тәсілі қолданылмайды.

      Өтпеген ашық конкурстың, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) қорытындысы бойынша, осы Қағидалардың 65-тармағының 6), 7), 10), 11) тармақшаларына сәйкес барлық әлеуетті жеткізушілердің конкурстық өтінімдері қабылданбаған жағдайларды қоспағанда, Тапсырыс беруші өтпеген ашық конкурсқа, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурсқа (электрондық сауда-саттық) қатыспаған жеткізушіден ТЖКҚ бір көзден сатып алмайды.;

      96, 97, 98 - тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "96. Бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурс (электрондық сауда-саттық) тәсілімен ТЖКҚ сатып алудың жеңімпазын анықтау кезінде, ТЖКҚ сатып алуға қатысқан әлеуетті жеткізушілердің конкурстық баға ұсыныстары тең болса, Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде азайту бойынша өлшемшартты қолдануды ескере отырып, артықшылық тауар өндірушіге және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушісіне беріледі.

      97. Бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) нысанасы болып табылатын, сатып алынатын ТЖҚК елішілік құндылық бойынша міндеттемелердің ең үлкен пайызын ұсынған әлеуетті жеткізуші мынадай жағдайларда:

      1) Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде азайту бойынша өлшемшартты қолдануды ескере отырып, тауар өндірушілер және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушілері болып табылатын әлеуетті жеткізушілердің конкурстық баға ұсыныстарының бағалары тең болса;

      2) тауар өндірушілер және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушілері болып табылмайтын әлеуетті жеткізушілердің конкурстық баға ұсыныстарының бағалары тең болса, бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы болып танылады.

      98. Конкурстық баға ұсынысы әлеуетті жеткізушілердің конкурстық баға ұсыныстарынан бұрын түскен әлеуетті жеткізуші мынадай жағдайларда:

      1) Кодекстің 131-бабының 1-тармағында, 179-бабының 1-тармағында көзделген бағаны шартты түрде төмендету бойынша өлшемшартты қолдануды ескере отырып, конкурстық баға ұсыныстарының бағалары және тауар өндірушлері және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушілері болып табылатын әлеуетті жеткізушілер ұсынған бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) нысанасы болып табылатын сатып алынатын ТЖҚК елішілік құндылық бойынша міндеттемелердің пайыздық көрінісі тең болған;

      2) конкурстық баға ұсыныстары және тауар өндірушлері және қазақстандық жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің өндірушілері болып табылмайтын әлеуетті жеткізушілер ұсынған бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) нысанасы болып табылатын сатып алынатын ТЖҚК елішілік құндылық бойынша міндеттемелердің пайыздық көрінісі тең болған кезде бағаны төмендетуге бағытталған ашық конкурстың (электрондық сауда-саттық) жеңімпазы болып танылады.";

      119 - тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "119. ТЖКҚ сатып алу туралы шарт мыналарды:

      1) жұмыстарды орындауға арналған шартты орындаған кезде осы Қағидаларды сақтау бойынша мердігердің міндеттемесін;

      2) жұмыстарды орындауға арналған шартты орындаған кезде осы Қағидаларды сақтамағаны үшін мердігердің жауапкершілігін;

      3) ТЖКҚ сатып алудың қорытындыларын шығару хаттамасына сәйкес ТЖКҚ-дағы елішілік құндылық бойынша жеткізушінің міндеттемесін;

      4) ТЖКҚ сатып алудың қорытындыларын шығару хаттамасына сәйкес ТЖКҚ-дағы елішілік құндылық бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін жеткізушінің жауапкершілігін;

      5) жеткізілген тауар (орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер) үшін тауарларды, көрсетілген қызметтерді, орындалған жұмыстарды қабылдау-тапсыру (объектіні пайдалануға қабылдау) актісіне қол қойылған күннен бастап 40 (қырық) жұмыс күннен кешіктірмей төлеу туралы талапты.

      Бұл ретте тауарлардың қазақстандық жеткізушілеріне, сондай-ақ қазақстандық жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілерге жеткізілген қазақстандық тауар үшін төлем тауарларды, орындалған жұмыстарды, көрсетілген қызметтерді қабылдау-тапсыру актілеріне қол қойылған күннен 20 (жиырма) жұмыс күннен кешіктірмей жасалады;

      6) егер шарт сатып алынатын тауардың отандық тауар өндірушісімен жасалған жағдайда, шарт жасалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күннен кешіктірілмей төленуге тиіс шарт сомасының кемінде 30 (отыз) пайыздан мөлшерінде алдын ала төлемді көздейтін талапты;

      7) тапсырыс берушінің тауарларды (көрсетілген қызметтерді, орындалған жұмыстарды) қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюы туралы талапты немесе ТЖКҚ қабылданбаса, шарт талаптарының бұзушылықтарын тапсырыс беруші актілерді алған мезеттен бастап он жұмыс күні ішінде жою туралы талапты.

      Тапсырыс берушінің тауарларды (көрсетілген қызметтерді, орындалған жұмыстарды) қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоймауы және ТЖКҚ сатып алу туралы шарт талаптарының бұзушылықтарын Қағидалардың осы тармақшасында белгіленген мерзімде жою туралы талап қоймауы, тапсырыс берушінің тауарды (көрсетілген қызметтерді, орындалған жұмыстарды) қабылдау-тапсыру актілеріне қолы қойғандығын білдіреді.

      8) орындалған жұмыстарға, көрсетілген қызметтерге қатысты негізделген ескертулер болмаған жағдайда, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге жазбаша сұрау салу бойынша оң пікір немесе ұсыныс хат беру туралы міндеттеме.

      9) конкурстық құжаттамада көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді қамтиды.";

      көрсетілген Қағидаларға 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2024 жылғы 12 сәуірдегі
№ 158 Бұйрыққа
қосымша
  Жер қойнауын
пайдаланушылардың және
олардың мердігерлерінің
көмірсутектерді барлау немесе
өндіру және уран өндіру
жөніндегі операцияларды
жүргізу кезінде пайдаланылатын
тауарларды, жұмыстарды
және көрсетілетін қызметтерді
сатып алу қағидаларына
1-қосымша

Көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің тізбесі

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 131-бабының 1-тармағының 1), 2), 3), 4) тармақшаларының нормаларын және Кодекстің 179-бабының 1-тармағының 1), 2), 3), 5) тармақшаларының нормаларын қолданбай мыналар сатып алынады:

      1) еңбек шарттары бойынша жеке тұлғалар немесе кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалар өтеулі қызмет көрсету шарттары бойынша көрсететін қызмет;

      2) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесін сатып алу;

      3) заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы акциялардың пакеттері (қатысу үлестері);

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялардың негізінде жүзеге асыратын банк операцияларын жүргізумен байланысты, оның ішінде банктің үзінді көшірмелерін алумен байланысты қаржы қызметтері;

      5) коммуналдық қызмет көрсету;

      6) өкілдік шығыстармен байланысты ТЖКҚ;

      7) егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелердің қызмет көрсетуі;

      8) соттардағы, төреліктердегі және аралық соттардағы дауларды шешумен байланысты алымдарды, басқа шығыстарды төлеу;

      9) қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі қызмет көрсету;

      10) мүлікті сенімгерлікпен басқару қызметі;

      11) жылжымайтын мүлікті жалға алу қызметі немесе жылжымайтын мүлікті сатып алу;

      12) табиғи монополия субъектілерінен реттелмелі ТЖКҚ;

      13) мемлекеттік монополия субъектісінен оның көрсетілетін қызметінің негізгі нысанасы бойынша ТЖКҚ;

      14) медициналық қызмет көрсетулер;

      15) мүгедектердің республикалық қоғамдық бірлестіктермен құрылған және сатып алынатын ТЖКҚ шығаратын ұйымдардан ТЖКҚ;

      16) көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, тренингтердің материалдары, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларға қатысқаны үшін ақы төлеу;

      17) қағаздағы және (немесе) электрондық жеткізгіштердегі мерзімді баспасөз басылымдары, ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру жөніндегі көрсетілетін қызмет, сондай-ақ интернет-ресурстарда, дыбыстандырылған кітаптарда шығарылған, әр түрлі магниттік жеткізгіштерде, рельефтік-нүктелік қаріппен басылған кітаптарда орналастырылған ақпаратты ұсыну жөніндегі көрсетілетін қызмет;

      18) жер қойнауын пайдаланушы қызметкерлерінің, олардың балаларының, жер қойнауын пайдаланушының есебінде тұрған зейнеткерлердің демалысын, емделуін ұйымдастырумен байланысты қызмет (демалу, емделу орындарына дейін тасымалдауды және алып жүруді қоса);

      19) рейтингтік агенттіктердің қызмет көрсетуі, қаржылық қызмет көрсету;

      20) мамандырылған кітапханалардың қызмет көрсетуі;

      21) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сауда-саттықта (аукциондарда) сатылатын мүлік (активтер);

      22) ТЖКҚ сатып алудың үндестірілген электрондық жүйесін пайдалану қызметі;

      23) азық-түлік және (немесе) тамақтандыруды ұйымдастыру қызметі;

      24) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты орындау кезінде тартылған, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын қызметкерлерді оқыту, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттемелерін орындау немесе жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын аса қажетті мамандықтар тізбесі бойынша оқыту үшін білім беру мекемелерінің қызмет көрсетуі;

      25) дәрілік заттар және медициналық жабдықтар;

      26) нотариаттық қызметтер;

      27) телефон, ұялы, спутниктік және радио байланыс, интернетке қосылу қызметі;

      28) геология және игеру саласында арнайы білімі бар тәуелсіз сарапшылардың және Кодекстің 140-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының көмірсутектер кен орындарын барлау және игеру жөніндегі орталық комиссиясы тартатын қызмет көрсетуі;

      29) Кодекстің 141-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының көмірсутектер қорлары жөніндегі орталық комиссиясы тартатын, геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар тәуелсіз сарапшылардың қызмет көрсетуі;

      30) авторлық қадағалау қызметі;

      31) ТЖКҚ, егер тиісті күнтізбелік жылға арналған жылдық және (немесе) орта мерзімді сатып алу жоспарында көзделген ТЖКҚ біртекті түрлерінің жалпы сомасы құндық көріністе тиісті қаржы жылына белгіленген бес жүз еселік АЕК мөлшерінен аспаса;

      32) хат алысу және қағаз құжаттаманы ресімдеу үшін пайдаланылатын бұйымдар мен керек-жарақтарды қамтитын кеңсе тауарлары;

      33) тапсырыс берушінің шаруашылық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы ТЖКҚ (бөлмелерді тазалықта ұстау, кір жуу, бөлмелерді шағын жөндеу, әкімшілік-шаруашылық аумақты тазалау);

      34) бөтен жер учаскесін шектеулі түрде мақсатты пайдалану құқығы (сервитут);

      35) электр энергиясы және электр энегиясын сатып алумен ілеспе қызметтер көрсету;

      36) Кодекстің 6-тарауына сәйкес жер қойнауын пайдланушы операторды тартқан жағдайда, оның ақылы көрсетілетін қызметтерін сатып алу;

      37) осы Қағидаларға сәйкес көмірсутектерді барлау немесе өндіру және уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының (мердігердің) атынан ТЖКҚ сатып алуды жүзеге асыру бойынша жеке немесе заңды тұлғаның қызмет көрсетуі;

      38) банктер немесе ұйымдар болып табылмайтын, Қазақстан Респуликасының заңнамасына сәйкес алынған лицензиялардың негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардан ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен қарыз алу;

      39) жылдық бөлінген сомасы тиісті қаржы жылына белгіленген жүз мың еселік АЕК аспайтын мердігерлердің жұмысы немесе көрсетілетін қызметі;

      40) теміржол көлігінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) және авиабилеттерді ресімдеу мен сату жөніндегі қызмет көрсету;

      41) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 127-бабына сәйкес іссапар шығыстарын өтеу.