Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң кейбiр бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 8 сәуірдегі № 190 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 8 сәуірде № 34236 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң кейбiр бұйрықтарына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы қалпына келтіру құны – есептілік күніне активті сатып алу нәтижесінде мемлекеттік мекемеде туындауы мүмкін шығындар;

      2) айырбасталатын операциялар – бұл операцияларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік мекеме алынатын активтерге/қызметтерге, өз міндеттемелерін өтеуге айырбасқа шамамен құнға тең баламаны тапсырады (негізінен ақшалай қаражат, көрсетілетін қызметтер немесе қолдануға басқа активтерді ұсыну түрінде);

      3) айырбасталмайтын операциялар – айырбастаулы болып табылмайтын операциялар. Айырбасталмайтын операцияларды жүзеге асырғанда мемлекеттік мекеме не шамамен құнына тең айырбасқа тікелей тапсырусыз басқа субъектіден құн алады не шамамен құнына тең айырбасқа тікелей алусыз басқа тарапқа құнды тапсырады;

      4) активтер – болашақта экономикалық пайда немесе сервистік әлеуетті қамтамасыз ете алатын, өткен оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік мекеме бақылайтын ресурстар;

      5) активтi алмастыру құны – активтiң жалпы сервистік әлеуетін алмастыру үшiн қажет құн;

      6) активтiң құнсыздануы – амортизация арқылы болашақ экономикалық пайдалардағы немесе активтің сервистік әлеуетіндегі шығындарды жүйелі түрде танудан асып түсетін болашақ экономикалық пайдалардағы немесе активтің сервистік әлеуетіндегі шығындар;

      7) активтің құнсыздануынан болатын шығын – оны алмастыратын құннан асатын активтің баланстық құнының сомасы;

      8) активтiң өтелетiн құны сатуға және оның пайдалану құндылығын жұмсалатын шығындарды шегере отырып, активтiң әдiл құнының ең көп мәнi;

      9) ақша қаражатының ағыны – ақша мен олардың баламаларының ағындары (түсімдері) мен шетке кетуі (төлемдер);

      10) ақшалай баламалар – ақша қаражатының белгiлi бiр сомасына оңай айырбасталатын және құнының өзгеруiнiң елеусiз тәуекелiне ұшырайтын қысқа мерзiмдi, жоғары өтiмдi инвестициялар;

      11) ақшалай емес (монетарлы емес) баптар – ақшалай болып табылмайтын баптар;

      12) ақшалай (монетарлы) баптар – қолдағы бар валюта бірліктері, сондай-ақ валюта бірліктерінің тіркелген немесе айқындалатын санында көрініс тапқан алуға немесе төлеуге жататын активтер мен мiндеттемелер;

      13) амортизация – пайдалы қолдану мерзiмi iшiнде активтiң амортизацияланатын құнының жүйелi бөлiнуi;

      14) аннуитет – белгілі жылдар саны ішінде жүйелі төлемдер арасындағы тең аралықтағы, бір бағыттағы төлемдердің ағымы;

      15) аннуитеттің болашақ құны – аннуитетке енгізілген әрбір жеке төлемнің немесе түсімнің болашақ құндарының сомасы;

      16) ауылшаруашылық қызметі – оларды сату, ауылшаруашылық өнімін алу немесе қосымша биологиялық активтер өндіру мақсатында субъектінің биологиялық активтердің биотрансформациясын басқаруды жүзеге асыруы;

      17) әділ құн – актив айырбастала алатын сома, ол бойынша жақсы хабардар, мұндай операция жасауға ниетті, тәуелсіз тараптар арасында операциялар жасағанда міндеттеме өтеле алатын сома;

      18) бағалау міндеттемесі – шамасы бойынша белгіленбеген немесе орындалу мерзімі белгіленбеген міндеттеме;

      19) бағамдық айырма – басқа валюталық бағамдар бойынша бір валюта бірлігінің бірдей санын басқа валютаға қайта есептеу кезінде туындайтын айырма;

      20) баланстық құн – ол бойынша актив немесе міндеттеме бухгалтерлік баланста танылатын сома;

      21) белсендi нарық – мынадай шарттардың барлығы орындалатын нарық:

      нарық айналымындағы тауарлар бiртектi болып табылады;

      iс жүзiнде мәмiле жасауға ниеттi кез келген уақытта сатып алушылар мен сатушылар бар;

      баға туралы ақпарат жалпы қолжетiмдi болып табылады;

      22) биологиялық актив – жануар немесе өсімдік;

      23) болашақ кезеңдердің кірістері – болашақ кезеңдерге жатқызылған, бірақ іс жүзінде есепті кезеңде алынған кірістер;

      24) болашақ кезеңдердің шығыстары – осы кезеңде жүргізілген, бірақ болашақ кезеңдерге жатқызылған шығыстар;

      25) бірлескен бақылау – маңызды іс-қимылдар туралы шешім бақылауды жүзеге асыратын тараптардың толық келісімін талап еткен кезде болатын міндетті күші бар келісім нысанындағы қызметке бақылауды келісілген түрде бөлу;

      26) бірлескен кәсіпорынның қатысушысы – бірлескен кәсіпорындағы осы бірлескен кәсіпорынға бірлескен бақылауы бар тарап;

      27) бірлескен қызмет – екі немесе одан да көп тараптар бірлесіп бақылайтын қызмет;

      28) бухгалтерлік операциялар деректерінің бірыңғай қоймасы (бұдан әрі – БО ДБҚ) – бұл басқарушылық шешімдер қабылдау үшін есептілікті, талдауды құруды қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік операцияларының орталықтандырылған дерекқоры;

      29) валюталық бағам – "Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 қаулысымен және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 тіркелген) бекітілген тәртіппен айқындалған бір валютаны басқасына айырбастаудың нарықтық бағамы;

      30) вексель – біржақты сөзсіз ақшалай міндеттемені қамтитын қатаң белгіленген нысандағы төлем құжаты;

      31) елеулі ықпал – басқа ұйымның қаржы және операциялық саясаты мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға қатысу өкілеттігі, бірақ мұндай саясатты бақылау немесе бірлескен бақылау емес;

      32) ең аз жалдау төлемдері – жалға алушыдан шартты жалдау төлемін, жалға беруші төлейтін қызметтер мен салықтардың төлемі бойынша соманы немесе оған қайтарылатын соманы алып тастағанда жалдау мерзімі бойы талап етілетін немесе талап етіле алатын төлемдер:

      жалға алушы үшін – жалға беруші кепілдік беретін немесе жалға берушімен байланысты тарап кепілдік беретін кез келген сомамен;

      жалға беруші үшін – мынадай тараптардың бірі жалға берушіге кепілдік берген кез келген қалдық құнмен:

      жалға алушы;

      жалға алушымен байланысты тарап;

      33) есеп саясаты – барлық мемлекеттік мекемелер үшін бірыңғай болып табылатын, мемлекеттік мекемелер қаржылық есептілікті жасау және ұсыну кезінде қолданатын қағидаттар, негіздер, ережелер, қағидалар мен тәжірибе;

      34) есептеу әдісі – операциялар мен оқиғалар орын алған есепті кезеңдегі (ақшалай қаражаты мен олардың баламаларының нақты түсімі мен төлеміне байланысты емес) оларды жасау фактісі бойынша танылатын бухгалтерлік есеп әдісі;

      35) есептік ақпараттық жүйесі – бұл бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі функцияларды автоматтандыруға арналған бағдарламалық өнім;

      36) жалдау – ол бойынша жалға беруші жалға алушыға келісілген уақыт кезеңі ішінде төлемге немесе төлемдер тобына айырбастауға активті пайдалану құқығын беретін шарт;

      37) жалдау мерзімі – жалға алушы активті жалдауға келіскен кезең, сондай-ақ, егер жалдау мерзімінің басталу сәтінде жалға алушы осындай таңдау жасайды деген дәлелді сенімділік болса, кез келген қосымша мерзім, ол мерзімде жалға алушының таңдауы бойынша төлем арқылы немесе онсыз активті жалдауды жалғастыра алады;

      38) заңды міндеттеме – заңнама немесе шарт негізінде туындайтын міндеттеме;

      39) инвестициялық жылжымайтын мүлік – жалдау төлемдерін алу немесе капитал немесе екеуінің де құнын өсіру мақсатында иеліктегі (меншік иесінің немесе жалға алушының қаржылық жалдау шарты бойынша) жылжымайтын мүлік (жер немесе ғимарат не анау да мынау да), бірақ:

      өндірісте немесе әкімшілік мақсаттар үшін тауарларды жеткізгенде, қызметтерді көрсеткенде қолдану үшін емес;

      қалыпты шаруашылық қызмет барысында сату үшін;

      40) инвестициялық жылжымайтын мүліктің өзiндiк құны – төленген ақша қаражатының немесе оның баламасының сомасы немесе оны сатып алу не құру сәтiнде активтi сатып алу мақсатында берiлген басқа орнын алмастырудың әдiл құны;

      41) кадастрлық (бағалау) құны – мемлекет жер учаскесін немесе оны жалға алу құқығын сатқан кезде қолданылатын, инфляцияның жалпы деңгейі туралы ресми статистикалық ақпаратқа сәйкес кезең-кезеңімен нақтыланатын жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкалары және оларға түзету коэффициенттері негізінде айқындалатын жер учаскесінің есептеу құны;

      42) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаржы инвестициялары – мемлекеттік кәсіпорындарға, жауапкершілігі шектулі серіктестіктерге, акционерлік қоғамдарға, оның ішінде қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен аффилиирленген болып табылатын еншілес, тәуелсіз және өзге де заңды тұлғаларға бюджет қаражатын салу;

      43) кірістер – капиталда қатысатын тұлғалардың жарналарына байланысты арттырудан ерекшеленетін таза активтердің\капиталдың өсуіне әкеп соқтыратын активтердің ағымы немесе өсуі немесе міндеттемелердің азаюы нысанында есеп кезеңі ішінде экономикалық пайдалардың немесе сервистік әлеуеттің өсуі;

      44) қаржылық есептілікті беру валютасы – қаржылық есептілік берілетін валюта;

      45) қаржылық жалдау – жалдау мерзімінің уақыты өткеннен кейін меншік құқығының ауысуына қарамастан, активті иеленуге байланысты барлық тәуекелдер мен пайдалардың жалға алушыға елеулі ауыстырылуы болатын жалдау;

      46) қаржы міндеттемелері – бұл:

      ақша қаражатын немесе кез келген басқа қаржы активін басқа субъектіге төлеу туралы;

      пайдасыздығы ықтимал болып табылатын жағдайларда екінші субъектiмен қаржы құралдарын алмасу туралы шартты мiндеттеме болып табылатын кез келген мiндеттеме;

      47) қауымдасқан ұйым – инвестордың елеулі ықпалы бар ұйым;

      48) қорлар – мынадай:

      өндірістік процесте пайдалану үшін шикізат және материалдар түріндегі;

      қызмет көрсету кезінде тұтынылатын немесе таратылатын шикізат пен материалдар түріндегі;

      кәсіпорынның қалыпты қызметі барысында сатуға немесе таратуға арналған;

      сату немесе тарату үшін өндірілетін активтер;

      49) материалдық емес актив – физикалық нысаны жоқ сәйкестендірілетін монетарлы емес актив;

      50) мәдени мұра активтері – мәдени, экологиялық немесе тарихи маңыздылығы салдарынан мәдени мұра активтері болып табылатын активтер. Оларға тарихи ғимараттар мен монументтер, бірегей сәулет ескерткіштері, археологиялық қазбалар орындары, қорықтар мен табиғи қорғалатын аумақтар, сондай-ақ өнер туындылары жатады;

      51) міндеттеме – өткен оқиғалардан туындайтын мемлекеттік мекеменің міндеттемесі, оны реттеу экономикалық пайданы немесе сервистік әлеуетті қамтитын ресурстың шығып қалуына әкеп соқтырады;

      52) нарықтық белгіленген баға – сатудан алына алатын немесе белсенді нарықта қаржы құралын сатып алу кезінде төленуі тиіс ақша қаражатының сомасы;

      53) негізгі құралдар – мынадай:

      тауарларды өндіруде немесе жеткізуде немесе қызметтер көрсетуде пайдалану үшін, басқа тұлғаларға жалға беру үшін немесе әкімшілік мақсаттар үшін ұсталатын;

      бір жылдан астам уақыт ішінде қолданылады деп күтілетін материалдық объектілер;

      54) операциялық жалдау – қаржы жалдауынан ерекшеленетін жалдау;

      55) орындылық – ақпарат шешім қабылдайтын пайдаланушылар үшін орынды болуы және оқиғаларды бағалауға көмектесуі, олардың өткен бағаларын растауы немесе түзетуі тиіс;

      56) пайдалы қолдану мерзімі – актив субъектінің пайдалануы үшін жарамды болады деп күтілетін уақыт кезеңі; не мемлекеттік мекеме осы активтің көмегі арқылы алуға болжап отырған өнімнің белгілі бір саны немесе ұқсас көрсеткіш;

      57) ретроспективті қолдану (есеп саясатындағы өзгерістер) – жаңа есеп саясатын операцияларға, басқа оқиғалар мен жағдайларға осы есеп саясаты әрқашан пайдаланылатын түрде қолдану;

      58) салыстырмалық – түрлі кезеңдердегі және түрлі мемлекеттік мекемелердің ақпаратын салыстыру мүмкіндігі. Ұқсас операциялардың қаржылық нәтижелері барлық мемлекеттік мекемелер үшін ортақ әдіснама бойынша жүзеге асырылуы тиіс;

      59) сенімді ұсыну – экономикалық немесе басқа құбылысты сенімді түрде білдіретін, мәміленің мәнін, басқа оқиғаны, қызметті немесе жағдайды көрсететін ақпарат, олардың заңды формасына әрдайым сәйкес келмейді;

      60) сервистiк әлеует – мемлекеттiк мекеменiң функцияларына сәйкес қызмет көрсету, сондай-ақ тауарларды өндiру үшiн пайдаланылатын, бiрақ ақша қаражатының таза түсiмiн тiкелей қамтамасыз етпейтiн активтер;

      61) таза активтер/капитал – оның барлық міндеттемелерін алып тастағанда қалатын, мемлекеттік мекеменің активтердегі үлесі;

      62) таза сатылатын құн – сатуға, айырбастауға немесе таратуға байланысты болжамды шығындарды және аяқтау бойынша болжамды шығындарды алып тастағанда, қалыпты қызмет процесінде сатудың күтілетін бағасы;

      63) тану – бухгалтерлік балансқа немесе қаржылық қызмет нәтижелері туралы есепке қаржылық есептілік элементтерінің бірін айқындауға сай келетін және оны тану өлшемшарттарына қанағаттандыратын бапты енгізу процесі;

      64) тарату құны – егер актив пайдалы қолдану мерзiмiнiң соңына жеткен болса, ал оның жай-күйi пайдалы қолдану мерзiмiнiң аяғында күтiлетiндей жағдайда болған кезде есеп шығындарын есептен шығарғаннан кейiн бүгiнгi таңда активтi есептен шығару кезiнде алуға болатын бағалау сомасы;

      65) тексерушілік – пайдаланушыларды қаржылық есептіліктегі ақпараттың дұрыс екендігіне сендіруге көмектесетін ақпарат сапасы;

      66) түсініктілік – қаржылық есептілікте ұсынылатын ақпарат пайдаланушыларға түсінікті болуы тиіс;

      67) уақтылық – есеп беру және шешім қабылдау мақсаттары үшін өзінің пайдалылығын жоғалтпас бұрын пайдаланушылар үшін ақпараттың қолжетімділігі;

      68) функционалдық валюта – субъект жұмыс істейтін негізгі экономикалық орта валютасы;

      69) шартты актив – өткен оқиғалардан туындайтын және болуы туындауы белгісіз және кәсіпорынның толық бақылауында болмайтын бір немесе бірнеше болашақ оқиғалардың болуымен немесе болмауымен ғана расталатын ықтимал актив;

      70) шартты міндеттеме – өткен оқиғалардан туындайтын және болуы туындауы белгісіз және мемлекеттік мекеменің толық бақылауында болмайтын бір немесе бірнеше болашақ оқиғалардың болуымен немесе болмауымен ғана расталатын ықтимал міндеттеме;

      71) шетел валютасы – функционалдық валютадан ерекшеленетін валюта;

      72) шетел валютасындағы операция – шетел валютасында көрсетілген немесе реттеуге жататын мәміле;

      73) шығыстар – шетке кету түрінде есепті кезең ішінде экономикалық пайда немесе сервистік әлеуеттің азаюы немесе капиталда қатысатын тұлғаларға бөлуге қатысты азаюдан ерекшеленетін, таза активтердің/капиталдың азюына әкелетін активтердің азаюы мен міндеттемелердің туындауы.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 83-бабына сәйкес қаржыландырудың ерекше тәртібі айқындалған мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларына сәйкес дербес деректерді қорғау шараларын сақтай отырып, өздерінің есептік ақпараттық жүйесінен апта сайын интеграциялық сервистер арқылы бухгалтерлік операциялар бойынша БО БДҚ-ға деректерді беруді жүзеге асырады. БО БДҚ-ны бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімшілендіреді.";

      мынадай мазмұндағы 64-1-тармақпен толықтырылсын:

      "64-1. 1075 "Білім беру инфрақұрылымын қолдау жөніндегі жергілікті атқарушы органның ҚБШ" қосалқы шотында "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының түсімдерін есепке жатқызу және оларды жұмсау есепке алынады.";

      86-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "86. Мемлекеттік мекеме мынадай әдістерді пайдалана отырып, қаржы инвестицияларын кейіннен есепке алуды жүзеге асырады:

      квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаржылық инвестициялар:

      өзіндік құны бойынша;

      үлестік қатысу;

      квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиімді пайыздық мөлшерлемені қолдана отырып, амортизацияланған құн бойынша берілген ұзақ мерзімді қарыздар;

      басқа да қаржылық инвестициялар:

      өзіндік құны бойынша;

      әділ құны бойынша;

      амортизацияланған құны бойынша;

      қауымдасқан ұйымдарға немесе бірлескен кәсіпорындарға қаржылық инвестициялар:

      үлестік қатысу;

      өзге қаржы инвестициялары:

      өзіндік құны бойынша;

      әділ құн бойынша;

      амортизацияланған құн бойынша.";

      89-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "89. Өзіндік құн бойынша есепке алу әдісі инвестициялар өзіндік құн бойынша танылатын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына инвестицияларды есепке алу әдісі болып табылады. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі ол (инвестор ретінде) инвестициялау күнінен бастап туындайтын, инвестициялар объектісінің жиналған таза табысынан бөлу алатын дәрежеде инвестициялардан алынатын кірісті таниды.";

      92-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "92. Өтеуге дейін ұсталатын қаржы инвестицияларын амортизация құны бойынша есепке алу пайыздың тиімді ставкасы әдісін қолдана отырып, жүзеге асырылады.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген ұзақ мерзімді қарыздарды есепке алу тиімді пайыздық ставка әдісін қолдана отырып жүзеге асырылады.

      Қаржылық актив немесе қаржылық міндеттеменің амортизацияланған құны – оған қаржылық актив немесе қаржылық міндеттеме бастапқы тану кезінде борыштың негізгі сомасын өтеуге төлемді шегере отырып, бастапқы құн мен өтеу сомасы арасындағы айырманы амортизациялау пайызының тиімді ставкасы әдісін пайдалана отырып жинақталған сомаға азайтылған немесе ұлғайтылған, сондай-ақ құнсыздануға (тікелей немесе бағалау резервінің шотын пайдалану жолымен) азайтылған соманы шегере отырып, өлшенген көлем.

      Мемлекеттік мекеме бастапқы танығаннан кейін қаржылық міндеттемелер қаржылық нәтиже мен алынған қарыздарды мойындай отырып, әділ құн бойынша ескерілген қаржылық міндеттемелерді қоспағанда, пайыздың тиімді мөлшерлемесінің әдісін пайдалана отырып, амортизацияланған құны бойынша бағаланады. Алынған қарыздарды есепке алу өзіндік құны және/немесе номиналды құны бойынша жүргізіледі.

      Пайыздың тиімді ставкасы әдісі осы қағидалардың "Дисконттау қағидаттары" бөлімінде қарастырылған.";

      95-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "95. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің қаржы инвестициялары құнсыздануға қарастырылмайды.";

      122-тармақтың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "тиісті бюджеттік бағдарлама шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қаржылық көмек көрсету үшін қаржы агенттеріне субсидияларды аудару 1215 "Заңды тұлғаларға берілетін субсидиялар бойынша қысқа мерзімді дебиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1085 "Субсидиялар бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар", 1094 "Субсидиялар бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар" қосалқы шотының кредиті бойынша жүргізіледі;";

      мынадай мазмұндағы 123-3 және 123-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "123-3. Республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті органдар есепті кезеңнің аяғында күмәнді салық берешегі бойынша резервті жасайды.

      Банкроттардың және мәжбүрлеп таратылатын өзге де тұлғалардың салық берешегін қоса алғанда, күмәнді салық берешегі бойынша резервтер құру, оған қатысты мемлекеттік кіріс органдары мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шараларын қабылдаған салық берешегі жөніндегі шығыстарды есепке алуға арналған 7451 "Салық берешегі бойынша резерв құру жөніндегі шығыстар" шотының дебеті және 1290 "Күмәнді дебиторлық берешектер бойынша резерв" шотының кредиті бойынша бухгалтерлік жазба жүргізіледі.

      123-4. Күмәнді салық берешегін қайтаруды жүзеге асыру кезінде резервті құру бойынша есепті кезең ішінде танылған шығыс мынадай тізбекпен көрсетіледі: 1290 "Күмәнді дебиторлық берешектер бойынша резерв" шотының дебеті және 7451 "Салық берешегі бойынша резервті құру жөніндегі шығыстар" шотының кредиті".";

      134-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "134. Қызметкерлердің әлеуметтік сақтандыруға аударымдары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) көзделген мөлшерде жүргізіледі.";

      136-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "136. Қызметкерлердің табыстарынан міндетті зейнетақы жарналарын ұстау 3241 "Еңбекақы төлеу бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 3142 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ) төленетін зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті бойынша көрсетіледі.

      Қосымша белгіленген зейнетақы жарналарын есептеу мынадай жазбамен көрсетіледі: 7033 "Қосымша белгіленген зейнетақы жарналарына арналған шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 3142 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті.

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін міндетті және қосымша зейнетақы жарналарын аудару 3142 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1081 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары", 1091 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелерді қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар", 1042 "Ақылы қызметтер ҚБШ", 1044 "Жергілікті өзін-өзі басқару ҚБШ", 1045 "Нысаналы қаржыландыру ҚБШ" тиісті қосалқы шоттарының кредиті бойынша көрсетіледі.";

      мынадай мазмұндағы 136-1 және 136-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "136-1. Жұмыс берушінің "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на Әлеуметтік кодексіне сәйкес мемлекеттік мекемелер жүргізген міндетті зейнетақы жарналарын есептеу 7032 – "Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына арналған шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 3144 – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешегі" қосалқы шотының кредиті бойынша көрсетіледі.

      Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға аудару 3144 – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешегі" қосалқы шотының дебеті және 1081 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары", 1091 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелерді қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар", 1042 "Ақылы қызметтер ҚБШ", 1044 "Жергілікті өзін-өзі басқару ҚБШ", 1045 "Нысаналы қаржыландыру ҚБШ" тиісті қосалқы шоттарының кредиті бойынша көрсетіледі.

      136-2. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу мынадай: 7031 "Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына арналған шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 3145 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті жазбасымен көрсетіледі.

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-қа міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару 3145 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-қа кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1081 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары", 1091 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелерді қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар", 1042 "Ақылы қызметтер ҚБШ", 1044 "Жергілікті өзін-өзі басқару ҚБШ", 1045 "Нысаналы қаржыландыру ҚБШ" тиісті қосалқы шоттарының кредиті бойынша көрсетіледі.";

      137-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілерінде белгіленген көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндеттісақтандыруға арналған міндетті төлемдер және өзге де операциялар: есептеу – 7050 "Міндетті сақтандыруға арналған шығыстар" шотының дебеті бойынша және 3143 "Өзге де міндетті және ерікті төлемдер бойынша өзге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті бойынша; аудару - 3143 "Өзге де міндетті және ерікті төлемдер бойынша өзге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1081 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары", 1091 "Жеке қаржыландыру жоспары бойынша міндеттемелерді қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулар", 1042 "Ақылы қызметтер ҚБШ" тиісті қосалқы шотының кредиті бойынша көрсетіледі.";

      178-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "178. Қазақстан Республикасының салық заңнамасының, Әлеуметтік кодексінің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік мекеме қызметкерлер мен қызметшілердің жалақысынан мынадай есептеулер мен ұстап қалуларды жүргізеді:

      жеке табыс салығы - есептеу мынадай тізбекпен көрсетіледі:

      3241 "Еңбекақы төлеу бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 3121 "Жеке табыс салығы бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті;

      міндетті зейнетақы жарналары: 3241 "Еңбекақы төлеу бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 3142 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті;

      міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар: 3241 "Еңбекақы төлеу бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 3152 "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті.";

      179-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұстап қалулар сомасын аудару 3121 "Жеке табыс салығы бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек", 3142 "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек", 3245 "Кәсіподақтық мүшелік жарна сомаларын қолма-қол емес аударымдар бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек", 3247 "Банктерге салымдар бойынша шоттарға аударылған қолма-қол ақшасыз аударымдар бойынша қызметкерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" немесе 3248 "Қызметкерлерге өзге қысқа мерзімді кредиторлық берешек" тиісті қосалқы шотының дебеті бойынша және 1040 "Түсімдер мен есеп айырысуларды есепке алу үшін ҚБШ", 1080 "Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменің міндеттемелері бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес міндеттемелерін қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары", 1090 "Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекеменің міндеттемелері бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес міндеттемелер қабылдауға арналған жоспарлы тағайындаулары" тиісті шотының кредиті бойынша көрсетіледі.";

      187-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "187. Мыналар жалақыны есептеу үшін негізгі құжаттар болып саналады: мемлекеттік мекеменің бекітілген штат кестесі және жалақы ставкаларына сәйкес қызметкерлерді қабылдау, жұмыстан шығару және ауыстыру туралы бұйрықтары, Нысандар альбомының 421 "Пайдаланылған жұмыс уақытын есепке алу және жалақыны есептеу табелі" нысаны, нысандар альбомының 423 "Жұмыс нормаларын есептеу картасы" нысаны, Нысандар альбомының 424 "Наряд" нысаны бойынша пайдаланылған жұмыс уақытын есепке алу табельдері және басқа құжаттар.

      Жұмыс уақытын пайдалануды есепке алу табельдерін (Нысандар альбомының 421 "Жұмыс уақытын пайдалануды есепке алу және жалақыны санау табелі" нысаны) ай сайын мемлекеттік мекеме бойынша бұйрықпен тағайындалған тұлғалар белгіленген нысан бойынша жүргізеді. Ай соңында табель бойынша жұмыс істеген күндердің жалпы саны, сондай-ақ артық жұмыс сағаттары анықталады. Толтырылған табель мен басқа тиісті қолдармен бекітілген құжаттар белгіленген мерзімде жалақыны есептеу үшін бухгалтерлік қызметке тапсырылады.

      Бір ай үшін жалақы есептеу Нысандар альбомының 49 нысанды есеп айырысу-төлем ведомосі бойынша жүргізіледі. Есеп айырысу-төлем ведомосінде табельдік нөмір, қызметкерлердің аты-жөні, есептелген жалақы және жәрдемақы, берілген аванс сомасы, ұсталған салық және басқа сома жазылады.

      Жұмысшылар және қызметкерлер демалысқа кеткен кезде есеп айырысу Нысандар альбомының 425 нысанды демалыс беру туралы есебінде жүргізіледі.

      Бұл есеп айырысулар бойынша есептелген сома ағымдағы айға ашылған есеп айырысу-төлем ведомосына жазылады. Демалысқа не жұмыстан шыққанда жалақы бойынша біржолғы есеп айырысулар жалпы есеп айырысумен сәйкес келмесе, есеп айырысу аралық кезеңдегі төлемдер нысандар альбомының 389 нысанды төлем ведомостары не кассалық шығыс ордері бойынша жүргізіледі.

      Бұл есеп айырысулар бойынша есептелген және төленген сома ағымдағы айдың есеп айырысу-төлем ведомосына жазылады. "Беруге сома" бағанында тиісті аты-жөннің қасына сызық қойылады.

      Есеп айырысу-төлем және төлем ведомостарына осы ведомостарды жасаған және тексерген тұлғалар қол қояды. Жалақы төлеуге берілетін рұқсатқа мемлекеттік мекеменің басшысы және бас бухгалтер немесе оларды ауыстыратын тұлғалар қол қояды.";

      195 және 196-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "195. Жеке тұлғаның (қызметкердің) аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы толық мәлімет алу үшін мемлекеттік мекеме "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін міндетті зейнетақы жарналарын жарналарын есепке алу Нысандар альбомының 451 нысанды карточкасын толтырады, оның көшірмесін жылына бір рет жеке тұлғаға (қызметкерге) береді.

      196. Қорлар құрылыс материалдарын, оқу, ғылыми зерттеулер және басқа мақсаттар үшін материалдарды, дәрі-дәрмектер мен байлау құралдарын, тамақ өнімдерін, отын және жағу, шаруашылық материалдары мен кеңсе құралдарын, арнайы киім-кешекті және басқа жеке пайдаланудағы құралдарды, қосалқы бөлшектерді, аяқталмаған өндірісті, дайын өнімді, тауарларды, жолдағы қорларды қамтиды.

      Қорларды есепке алу материалдардың атауы мен жауапты тұлғалар бойынша сандық және сома түрінде жүргізіледі.

      Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алуды, сақтауды және одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын органдар 1341 "Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік" қосалқы шотында бағаланған мүліктің есебін жүргізеді.

      Мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдап алу-тапсыру актілері және мүлікті бағалау туралы есептер есепте көрсету үшін негіз болып табылады.";

      мынадай мазмұндағы 199-1-тармақпен толықтырылсын:

      "199-1. Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті сату, сауда-саттық арқылы өткізу, сату мынадай корреспонденциялармен көрсетіледі:

      1233 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік бойынша сатып алушылардың қысқа мерзімді дебиторлық берешегі" қосалқы шотының дебеті және 1341 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік" қосалқы шотының кредиті;

      7120 "Бюджетпен есеп айырысу бойынша шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 3132 "Тауарларды (жұмыстар мен көрсетілген қызметтер) өткізуден түсетін кіріс бойынша бюджет алдындағы қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті.

      Бюджетке мүлікті өткізуден түскен ақша кезде растайтын құжат негізінде мынадай корреспонденциялармен көрсетіледі:

      3132 "Тауарларды (жұмыстар мен көрсетілген қызметтер) өткізуден түсетін кіріс бойынша бюджет алдындағы қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының дебеті және 1233 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік бойынша сатып алушылардың қысқа мерзімді дебиторлық берешегі" қосалқы шотының кредиті.

      Мүлікті мемлекет меншігіне айналдыру туралы сот актісінің күшін жоюға/өзгертуге байланысты мүлікті қайтару кезінде мынадай корреспонденциялармен көрсетіледі:

      7461 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікке байланысты операциялар бойынша өзге де шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 1341 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік" қосалқы шотының кредиті.

      Жекелеген негіздер бойынша мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті қоймадан есептен шығару кезінде мынадай корреспонденциялармен көрсетіледі:

      7461 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікке байланысты операциялар бойынша өзге де шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 1341 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік" қосалқы шотының кредиті.";

      221-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "221. Арнайы киімнің және жеке пайдаланылатын басқа да заттардың құны мемлекеттік мекеменің қоймасынан Нысандар альбомының 434-з нысаны бойынша қорлардың ішкі орнын ауыстыруға арналған жүкқұжаттың негізінде беріледі.

      Арнайы киімнің және жеке пайдаланудағы басқа да заттардың бір бірлігі үшін екі айлық есептік көрсеткіш шегіндегі құны оларды қоймадан берген кезде мынадай тізбекпен есептен шығарылады: 7060 "Қорлар бойынша шығыстар" шотының дебеті және Шоттар жоспарының "Қорлар" кіші бөлімі шотының тиісті қосалқы шотының кредиті. Бір бірлігі үшін құны екі айлық есептік көрсеткіштен асатын көрсетілген қорлар мемлекеттік мекеменің тұрақты жұмыс істейтін комиссиясын есептен шығару туралы актінің негізінде белгіленген мерзім өткеннен кейін есептен шығарылады.";

      223-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "223. Қорлардың сақталуын және есепке дұрыс қойылуын қамтамасыз ету мақсатында қойма есебін тиісті ұйымдастыруды қамтамасыз ету қажет. Қорларды сақтау арнайы жабдықталған үй-жайларда (қоймаларда) жүргізілуі тиіс. Қоймалық үй-жайларда қорларды орналастыру тәртібі оларды қабылдау, беру мен түгендеу жүргізу жөніндегі операциялардың жылдамдығын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл тұлғаларды ауыстыру қойманы түгендеумен және мемлекеттік мекеме басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға бекіткен қабылдау-тапсыру актілерін жасаумен сүйемелденуі тиіс.

      Қорларды сақтау орындары салмақ жабдықтарымен, өлшеу құралдарымен, өлшеу ыдысымен және басқа бақылауға арналған құралдармен жабдықталуы тиіс.

      1341 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік" қосалқы шотында есепке алынатын мүлікті қоспағанда, қоймадағы материалдарды есепке алуды материалды жауапты тұлға атауы, өлшем бірлігі, бағасы, сұрпы мен саны бойынша ғана Нысандар альбомының М-17 нысанды материалдарды қоймалық есепке алу кітабында жүргізеді.";

      мынадай мазмұндағы 224-1-тармақпен толықтырылсын:

      "224-1. Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлікті негізгі құралдарға аудару мынадай корреспонденциялармен көрсетіледі: Шоттар жоспарының 2300 "Негізгі құралдар" кіші бөлімінің тиісті қосалқы шотының дебеті және 1341 "Мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) мүлік" шотының кредиті.";

      247-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жер мен ғимараттар бір-бірінен бөлінетін активтер болып табылады және қаржылық есептілік мақсатында олар бірге сатып алынса да бөлек есепке алынады.";

      249-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "249. Егер актив айырбасталмайтын операция жолымен, яғни қайтарусыз негізде сатып алынса, оның өзіндік құны деп сатып алу мерзіміндегі әділ бағасы танылады. Егер жердің әділ құнын айқындау мүмкін болмаса, кадастрлық (бағалау) құны қолданылады. Нөлдік немесе атаулы баға бойынша сатып алынған және әділ құны бойынша танылатын негізгі құралдар объектілерін таныған кезде баға қайта есептеу болып табылмайды.

      Негізгі құралдар объектісі басқа активке айырбасқа сатып алынса, алынған объектінің іс жүзіндегі құны оның әділ құны тең баға бойынша қабылданады, ол тапсырылған активтің ақша қаражаты мен олардың баламаларының төленген сомасына түзетілген әділ құнына тең келеді. Жаңа активтің анықталған әділ құны мен оған айырбасқа берілген активтің баланстық құны арасындағы айырма айырбастау операциясынан кіріс немесе шығысты құрайды.

      Алынған активтің де, жіберілген активтің де әділ құны сенімді бағалана алмаса, онда негізгі құралдардың сатып алынған объектісінің құны жіберілген активтің баланстық құны бойынша бағаланады. Алынған объектіні құнсыздану тұрғысынан тексеру қажет.";

      386-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "386. Субсидиялар бойынша кірістер ретінде жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруашылық қожалықтарға немесе фермерлік шаруашылықтарға субсидиялар бойынша бюджетттік қаржыландырудың сомасы және тиісті бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау ескеріледі.";

      415-тармақтың төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "қосымша белгіленген зейнетақы жарналары бойынша: 7033 "Қосымша белгіленген зейнетақы жарналарына арналған шығыстар" қосалқы шотының дебеті және 3142 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-на төленетін зейнетақы жарналары бойынша қысқа мерзімді кредиторлық берешек" қосалқы шотының кредиті";".

      2) "Есеп саясатын бекіту туралы" 2010 жылғы 7 қыркүйектегі № 444 Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6505 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Есеп саясатында:

      19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Қаржылық инвестициялар (квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына инвестициялардан басқа) бастапқы танылған кезде қаржылық нәтиже арқылы әділ құны бойынша есепке алынбайтын қаржылық актив жағдайында осы қаржылық активті сатып алумен тікелей байланысты мәміле бойынша шығындарды қосқанда әділ құны бойынша бағаланады.

      20. Кейіннен бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі:

      1) қаржылық нәтижені танығанда әділ құны бойынша ескерілетін қаржы инвестициялары;

      2) таза активтерді\капиталды танығанда әділ құны бойынша – сатуға қолда бар қаржы инвестицияларының таза активтерді\капиталды;

      3) пайыздың тиімді мөлшері әдісін қолдану арқылы амортизацияланған құн бойынша – өтегенге дейін ұсталатын қаржы инвестициялары;

      4) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына қаржылық инвестициялар – нақты жұмсалған шығындар (өзіндік құны) бойынша;

      5) бюджеттік кредиттеу бойынша берілген қарыздар – өзіндік құны бойынша;

      6) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиімді пайыздық ставка әдісін қолдана отырып, амортизацияланған құн бойынша берілген қарыздар;

      7) қауымдастырылған ұйымдарға қаржы инвестициялары – үлестік қатысу әдісі бойынша жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 24-1-тармақпен толықтырылсын:

      "24-1. Республикалық және жергілікті бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті органдар банкроттардың және мәжбүрлеп таратылатын өзге де заңды тұлғалардың берешегін қоса алғанда, есепті кезеңнің соңына күмәнді салық берешегі бойынша, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдары оларға қатысты мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шараларын қабылдаған салық берешегі бойынша резерв құрады. Күмәнді салық берешегін қайтаруды жүзеге асыру кезінде резервті құру бойынша есепті кезең ішінде танылған шығыс қалпына келтіріледі.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге бағытталған қаражаттар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына аударған сәттен бастап жеке тұлғаларға зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны төлеу туралы есептердің негізінде есептен шығарғанға дейін халықты әлеуметтік қорғау саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органда көрсетіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев