"Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
С. Жакупова |
2024 жылғы 31 қаңтардағы № 20 бұйрығымен бекітілген |
Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) алдын алу шаралары – қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға және жақсартуға бағытталған алдын алу сипатындағы шаралар;
2) дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым – дауыс беретін акцияларының жүз пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
3) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) жұмыс беруші – жұмыскер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға;
5) кәсіптік тәуекел – еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жұмыскердің еңбекке қабілеттілігінен айырылу не қайтыс болу тәуекелі;
6) оңалту шаралары – қызметкердің кәсіптік қызметке қабілеттілігін қалпына келтіруге және мүгедектік деңгейін төмендетуге бағытталған шаралар;
7) пайда алушы – Заңға сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;
8) сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқор (бұдан әрі – дерекқор) – сақтандырушы, сақтанушы, сақтандырылушы және пайда алушы туралы ақпараттың жиынтығы (оның ішінде электрондық нысанда);
9) сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушының сақтандырушыға, соңғысы пайда алушыға қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартында (бұдан әрі – қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты) белгіленген мөлшерде сақтандыру төлемін жүргізуге міндеттемелер қабылдағаны үшін төлеуге міндетті ақша сомасы;
10) сақтандырушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында "өмірді сақтандыру" саласында аннуитеттік сақтандыру сыныбы бойынша және міндетті сақтандырудың осы түрі бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия алған заңды тұлға;
11) сақтанушы – қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан жұмыс берушi.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 26.07.2024 № 278 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Сақтанушыға алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге нақты жұмсаған шығындарын (шығындардың бір бөлігін) өтеу қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасы шегінде Заңда және осы Қағидаларда көзделген тәртіппен және көлемде жүзеге асырылады.
4. Пайда алушыға оңалту шараларын жүргізуге нақты жұмсаған шығындарын (шығындардың бір бөлігін) өтеу қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасы шегінде Заңда және осы Қағидаларда көзделген тәртіппен және көлемде жүзеге асырылады.
2-тарау. Алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған Шығындарды өтеу тәртібі
5. Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Кәсіптік тәуекел факторын (факторларын) жою жөніндегі және (немесе) олардың ықпалын төмендету жөніндегі іс-шаралар және (немесе) кәсіптік еңбекке қабілеттілігін сақтауға бағытталған іс-шаралар тізбесінде көрсетілген іс-шаралар өтелуге жатады.
6. Сақтанушының алдын алу шараларын жүргізуге жұмсаған шығындарын өтеудің шекті көлемі сақтанушы мен сақтандырушы арасында жасалатын қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге есептелген сақтандыру сыйлықақысының 6 (алты) пайызынан аспауға тиіс.
7. Сақтанушыға оның алдын алу шараларын жүргізуге жұмсаған нақты шығындарын өтеуді сақтандырушы сақтандыру сыйлықақысын толық көлемде төлеген жағдайда және қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартының қолданылу мерзімі өткеннен кейін ғана жүзеге асырады.
8. Сақтанушы қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты аяқталған күннен бастап үш ай ішінде сақтандырушыға Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу туралы өтінішпен жүгінеді және қағаз жеткізгіште немесе электрондық тәсілмен мынадай құжаттарды ұсынады:
1) қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының көшірмесі;
2) еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі оқыту қызметтерін көрсететін ұйыммен еңбекті қорғау бойынша оқытуды өткізуге жасалған шарттың көшірмесі;
3) кәсіптік тәуекелдерді бағалауды жүргізетін ұйыммен жасалған шарттың көшірмесі;
4) қызметкерлерді міндетті, мерзімдік медициналық тексеруден, ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізуге медициналық ұйыммен жасалған шарттың көшірмесі;
5) "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21443 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша қызметкерлерді медициналық куәландыру нәтижелері бойынша қорытынды есептің көшірмесі;
6) Қағидаларға 1-қосымшада көзделген алдын алу іс-шараларын жүргізуге сәйкес қызметтерді көрсетуге (жұмыстарды орындауға) арналған шарттардың көшірмесі;
7) "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісі;
8) алдын алу шараларына нақты жұмсалған шығындарды растайтын құжаттар (төлем туралы түбіртек, шот-фактура).
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды сақтанушы олар дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым сақтандырушыға қолжетімділікті беретін мемлекеттік органдардың дерекқорларында және (немесе) ақпараттық жүйелерінде электрондық нысанда болған (оларда көрсетілген мәліметтер болған) жағдайда бермейді.
Алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу мөлшерін есептеуді жүзеге асыру үшін сақтандырушы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым арқылы мемлекеттік органдардың дерекқорларынан және (немесе) ақпараттық жүйелерінен алады.
9. Сақтанушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде, сақтандырушы өтініш беруші ұсынған құжаттардың толық тізбесін және оларды қабылдау күнін көрсете отырып, құжаттардың қабылданғаны туралы анықтама жасайды.
Құжаттар қағаз жеткізгіште ұсынылған кезде анықтаманың бір данасы сақтанушыға беріледі, сақтанушының оны алғаны туралы белгісі бар екінші данасы сақтандырушыда қалады.
10. Сақтанушы Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған кезде, сақтандырушы құжаттар келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сақтанушыны жетіспейтін құжаттар туралы жазбаша хабардар етеді.
11. Алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуді сақтандырушы өтінішті және барлық құжаттарды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде екінші деңгейдегі банкте ашылған және өтініште көрсетілген сақтанушының есептік шотына жүзеге асырады.
3-тарау. Оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу тәртібі
12. Сақтандырушы өтініш пен Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген қажетті құжаттар негізінде сақтанушыға және (немесе) пайда алушыға оңалту шаралары бойынша іс жүзіндегі шығыстарды өтейді.
13. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде көзделмеген, Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес әлеуметтік және (немесе) кәсіптік оңалту жөніндегі іс-шаралар шығындарды өтеуге жатады.
14. Сақтанушының және (немесе) пайда алушының шығындарын өтеудің шекті көлемі сақтанушы мен сақтандырушы арасында жасалған қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының қолданылу мерзімі аяқталған күнге есептелген сақтандыру сыйлықақысының 6 (алты) пайызынан аспауға тиіс.
15. Оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу Заңның 19-бабы 2-тармағына сәйкес қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30 (отыздан) 100 (жүз) пайызды қоса алғанға дейін белгіленген жағдайда оның денсаулығына зиян келтіруден туындаған қосымша шығыстарды өтеуге қосымша жүзеге асырылады.
Сақтандырушы қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының қолданылу кезеңінде болған сақтандыру жағдайлары бойынша оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуден босатылмайды.
16. Сақтанушы және (немесе) пайда алушы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес оңалту шараларына жұмсалған шығындарды өтеу туралы өтінішпен бір мезгілде сақтандырушыға қағаз немесе электрондық жеткізгіште мынадай құжаттарды ұсынады:
1) қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартының көшірмесі;
2) егер заңды тұлға болып табылса, пайда алушының құқық белгілейтін құжаттарының көшірмесі;
3) Қағидаларға 3-қосымшада көзделген оңалту іс-шараларын жүргізуге сәйкес қызметтерді көрсетуге (жұмыстарды орындауға) арналған шарттардың көшірмесі;
4) оңалту шараларына нақты жұмсалған шығындарды растайтын құжаттар (фискалдық чек, шот-фактура);
5) "Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердә мемлекуеттік тіркеу тізілімінде № 8265 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша орындалған жұмыстардың (көрсетілген қызметтердің) актісі;
6) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылуды белгілеу туралы анықтамасының көшірмесі;
7) уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің қосымша көмек пен күтім түрлеріне мұқтаждық туралы анықтамасының көшірмесі;
8) мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды сақтанушы және (немесе) пайда алушы олар дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым сақтандырушыға қолжетімділікті беретін мемлекеттік органдардың дерекқорларында және (немесе) ақпараттық жүйелерінде электрондық нысанда болған (оларда көрсетілген мәліметтер болған) жағдайда бермейді.
Шығындарды өтеу мөлшерін есептеуді жүзеге асыру үшін сақтандырушы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым арқылы мемлекеттік органдардың дерекқорларынан және (немесе) ақпараттық жүйелерінен алады.
17. Сақтанушы және (немесе) пайда алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде, сақтандырушы өтініш беруші ұсынған құжаттардың толық тізбесін және оларды қабылдау күнін көрсете отырып, оған құжаттардың қабылданғаны туралы анықтама береді. Құжаттарды қағаз жеткізгіште ұсынған кезде анықтаманың бір данасы өтініш берушіге беріледі, өтініш берушінің оны алғаны туралы белгісі бар екінші данасы сақтандырушыда қалады.
18. Сақтанушы және (немесе) пайда алушы Қағидалардың 16-тармағында көзделген құжатарды ұсынбаған кезде, сақтандырушы құжаттар келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде cақтанушыны және (немесе) пайда алушыны жетіспейтін құжаттар туралы жазбаша хабардар етеді.
19. Оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуді сақтандырушы өтінішті және барлық құжаттарды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде екінші деңгейдегі банкте ашылған және өтініште көрсетілген сақтанушының және (немесе) пайда алушының есептік шотына жүзеге асырады.
Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидаларына 1-қосымша |
Кәсіптік тәуекел факторын (факторларын) жою жөніндегі және (немесе) олардың ықпалын төмендету жөніндегі іс-шаралардың және (немесе) кәсіптік еңбекке қабілеттілігін сақтауға және сақтандыру жағдайларын алдын алуға бағытталған іс-шаралардың тізбесі
1. "Кәсіптік тәуекелдерді басқару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 11 қыркүйектегі № 363 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21197 болып тіркелген) сәйкес кәсіптік тәуекелдерді бағалауды, қауіптерді анықтау мен бағалауды, кәсіптік тәуекелдер деңгейлерін бағалауды жүргізу, оларды жүргізу нәтижелері бойынша әзірленген шараларды іске асыру.
2. "Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12665 болып тіркелген) сәйкес еңбекті қорғау бойынша оқытуды, оның ішінде жұмыстарды орындаудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдерін оқытуды, өндірісте зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша оқытуды, жеке қорғаныш құралдарын пайдалану (қолдану) бойынша оқытуды, еңбекті қорғау жөніндегі нұсқамаларды, жұмыс орнында тағылымдамадан өтуді (қызметкерлердің белгілі бір санаттары үшін) және еңбекті қорғау талаптарын білуін тексеруді жүргізу.
3. Қызметкерлерге, басшыларға және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша нұсқаулықтар беру, білімдерін тексеру, сондай-ақ өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз ету:
еңбекті қорғау бойынша нұсқамалар өткізу, жұмыстарды орындаудың қауіпсіз тәсілдері мен әдістеріне оқыту үшін стендтер, тренажерлер, көрнекі материалдар, ғылыми-техникалық әдебиеттер сатып алу, еңбекті қорғау жөніндегі кабинеттерді (оқу сыныптарын) компьютерлермен, теле-, бейне-, аудиоаппаратурамен, оқыту және тестілеу бағдарламаларымен жарақтандыру, еңбекті қорғау бойынша көрмелер, конкурстар мен байқаулар еңбекті қорғау жөнінде тренингтер, дөңгелек үстелдер өткізу;
еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтар, стандарттар, қағидаларшығару және (немесе) тарату;
"Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 927 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12534 болып тіркелген) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеу, бекіту және қайта қарау.
4. "Алуан түрлі экономикалық қызмет ұйымдарының жұмыскерлеріне арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 943 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12627 болып тіркелген), "Жұмыскерлерге сүт немесе оған теңестірілген тамақ өнімдерін және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған арнайы өнімдер беру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1056 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12709 болып тіркелген) сәйкес қызметкерлерге қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасау, қызметкерлердің арнайы киімдері мен аяқкиімдерін беруді, жөндеуді, сақтауды қамтамасыз ету, оларды профилактикалық өңдеу құралдарымен, жеке қорғану жуғыш, дезинфекциялаушы және дерматологиялық құралдармен, медициналық қобдишамен, сүтпен немесе баламалы тамақ өнімдерімен және (немесе) диеталық (емдік және профилактикалық) тамақтануға арналған мамандандырылған өнімдермен, құралдармен жабдықтау уәкілетті орган белгілеген нормаларға сәйкес жеке және ұжымдық қорғау.
5. "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21443 болып тіркелген) сәйкес келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгерген не кәсіптік ауру белгілері пайда болған басқа жұмысқа ауысқан кезде міндетті, мерзімді (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап-тексерулер жүргізу және қызметкерлерді ауысым алдындағы медициналық куәландыру.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлерді міндетті профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді және (немесе) зерттеп-қарауды жүргізу.
7. "Алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасының құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы № ҚР ДСМ-118/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21399 болып тіркелген) сәйкес медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жайды белгіленген нормалар бойынша жабдықтау және (немесе) алғашқы көмек көмек көрсетуге арналған медициналық бұйымдар жиынтығымен жинақталған қобдишасы бар санитарлық постар құру.
8. Өндірістік жабдықтарды, технологиялық процестерді, көтергіш және көлік құрылғыларын автоматты және қашықтықтан басқару және реттеу жүйелерін (құрылғыларын) енгізу.
9. Өндірістік жабдықтың қалыпты жұмыс істеуін бұзылғаны туралы сигнализацияны, авариялық тоқтату құралдарын, сондай-ақ электрмен жабдықтау толық немесе ішінара үзілген кезде қауіпті жағдайлардың туындауын жою және оны кейін қалпына келтіру құрылғыларын сатып алу және монтаждау.
10. Қозғалатын бөлшектердің, сондай-ақ ұшатын объектілердің, оның ішінде қысқыштардың, құлыптардың, тығыздағыштардың және басқа элементтердің болуын әсерінен қорғайтын өндірістік жабдықтың элементтері үшін қоршауларды орнату.
11. Қызметкерлерді қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың әсерінен ұжымдық қорғаудың жаңа құралдарын орнату және (немесе) қолданыстағыларын жаңғырту.
12. Жұмыс орнындағы қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың деңгейін автоматты басқару жүйесін енгізу.
13. Қызметкерлерді электр тогының соғуынан қорғайтын техникалық құрылғылар мен құралдарды енгізу және (немесе) жаңғырту.
14. Бу, су, газ, қышқыл, сілті, балқыма және басқа да өндірістік коммуникацияларды, жабдықтар мен құрылымдарды қауіпсіз пайдалану және авариялық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қауіпсіздік, қорғаныс және сигналдық құрылғыларды (құралдарды) орнату.
15. Өндірісте қолданылатын улы, агрессивті, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтармен жылжымалы және стационарлық резервуарларды (ыдыстарды) сақтау, жылжыту (тасымалдау), толтыру және босатумен байланысты технологиялық операцияларды (үдерістерді) механикаландыру және автоматтандыру.
16. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс процестерін қашықтан бейне, аудио немесе өзге де жазуды қамтамасыз ететін аспаптарды, құрылғыларды, жабдықтарды және (немесе) аспаптардың, құрылғылардың, жабдықтардың кешендерін (жүйесін) сатып алу.
17. Шикізатты, дайын өнімді және өндіріс қалдықтарын сақтау және тасымалдау кезіндегі жұмыстарды механикаландыру.
18. Өндірістік үй-жайларды тазалауды механикаландыру, қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың көздері болып табылатын өндірістік қалдықтарды уақтылы шығару және залалсыздандыру, ауа өткізгіштер мен желдеткіш қондырғыларды, жарықтандыру құрылғыларын, терезелерді, фрамугаларды, жарық шамдарын тазалау.
19. Зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың әсер етуінің жол берілетін деңгейлеріне дейін болдырмау немесе төмендету мақсатында жұмыс орындарындағы жабдықты, сондай-ақ технологиялық процестерді жаңғырту (оны қайта жаңарту, ауыстыру).
20. Нормативтік талаптарға сәйкес келетін үй-жайлардың жұмыс және қызмет көрсетілетін аймақтарында жылу режимі мен микроклиматты, ауа ортасының тазалығын қамтамасыз ету мақсатында өндірістік және тұрмыстық үй-жайларда жаңа жылыту және желдету жүйелерін, жылу және ауа перделерін, аспирациялық және шаң-газ ұстау қондырғыларын, дезинфекциялау, аэрациялау, ауаны баптау қондырғыларын орнату және қолда бар жылыту және желдету жүйелерін қайта жаңарту.
21. Жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өндірістік жабдықтарды орналастыру үшін жаңа орындарды салу және (немесе) қолданыстағыларын қайта жаңарту, жұмыс орындарын ұйымдастыру.
22. "Биіктікте жұмыс істеу кезінде еңбек қауіпсіздігін және оны қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 31 наурыздағы № 109 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27349 болып тіркелген) сәйкес биіктікте жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін сатып алу.
23. "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электрондық қолтаңбаны немесе жұмыскердің жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін кез келген басқа әдісті пайдалана отырып, еңбекті қорғау саласындағы құжат айналымының электрондық бағдарламаларын электрондық түрде әзірлеу және сатып алу.
24. Кәсіптік еңбекке қабілеттілікті сақтауға және сақтандыру жағдайларының алдын алуға бағытталған іс-шараларды іске асыру:
1) сауықтыру профилактикалық іс-шараларын жүргізу үшін мүкәммалды, стенділерді, тренажерлерді, көрнекі материалдарды сатып алу, күтіп-ұстау;
2) сауықтыру іс-шараларын, психоэмоционалдық жеңілдету жүргізуге арналған үй-жайлар мен алаңдарды (кабинеттерді) орналастыру және күтіп-ұстау;
3) міндетті мерзімді медициналық қарап-тексерулердің нәтижелері бойынша емдік дене шынықтыру ұсынған қызметкерлермен сауықтыру іс-шараларын: өндірістік гимнастиканы, емдік дене шынықтыруды ұйымдастыру және өткізу;
4) профилактиканың жеке құралдарын, ортопедиялық қорғау (түзету) құралдарын сатып алу;
5) әртүрлі органдар мен жүйелердің тұрақсыз функционалдық өзгерістері бар іс жүзінде дені сау қызметкерлер топтары үшін міндетті мерзімді медициналық тексерулердің нәтижелері негізінде өндірістің зиянды факторына байланысты еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін адамдар үшін алдын алу іс-шараларын жүргізуге кәсіпорындардың медициналық пункттеріне физиотерапиялық жабдықтар сатып алу;
6) аталған іс-шараларды орындауға тартылатын әдіскерлердің, жаттықтырушылардың, оңалтушылардың еңбегіне ақы төлеу;
7) еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін адамдар үшін міндетті мерзімді медициналық тексерулердің нәтижелері бойынша профилактория, пансионаттар және санаториялық-курорттық емдеу жағдайларында сауықтыруға жіберу.
Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидаларына 2-қосымша |
|
Нысан | |
Сақтандыру ұйымының атауы "_________" |
Алдын алу шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге өтініш
_____________________________________________________________________
Сақтанушы (заңды тұлғаның толық атауы немесе жеке тұлғаның ТАӘ (бар болса))
Осы өтінішке қол қоя отырып, сақтанушы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтандырушыға жалған мәліметтер берудің салдары туралы хабардар етілгенін растайды.
Сақтандырушыға менің дербес деректерімді, оның ішінде электрондық нысанда алдын алу шараларына нақты жұмсалған шығындарды өтеу үшін қажетті деректерді жинауға, өңдеуге және осы деректерді бірыңғай сақтандыру дерекқорын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ("Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ) беруге өз келісімімді беремін.
_______________________ __________ 20 ___ ж. "___" ____________
(сақтанушының Т.А.Ә. (бар болса)) (Қолы)
Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидаларына 3-қосымша |
Әлеуметтік және (немесе) кәсіптік оңалту жөніндегі іс-шаралар
1. Әлеуметтік оңалту
психологиялық қолдау, көмек және түзету қызметтері;
медициналық-психологиялық консультациялар;
оңалту және салауатты өмір салты мәселелері бойынша консультациялар.
2. Кәсіптік оңалту
еңбек процестерін жақсарту және қызметкерді бейімдеу үшін жұмыс орнын жаңғырту;
кәсіптік қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарында оқыту;
медициналық көрсеткіштер бойынша емдік-профилактикалық тамақтануды қамтамасыз ету;
еңбек жағдайларына және өндірістік процеске байланысты ортокорекция (бандаждарды, ортездерді, корсеттерді пайдалану).
3. Қалпына келтіру және реконструктивті оңалту
оңалту және қалпына келтіру терапиясы (дәрі-дәрмек, физикалық, эрготерапия, кинезиотерапия, мануалдық терапия, санаториялық-курорттық рекреация);
реконструктивті хирургия: қозғалысқа жауап беретін адам мүшелері жүйелерінің тұтастығын қалпына келтіру, терінің биологиялық функцияларын қалпына келтіру, функционалдық қабілеттерін арттыру және қалпына келтіру, өндірістегі жазатайым оқиғадан туындаған салдарды азайту қызметтері;
протездік-ортопедиялық көмек (қозғалып орын ауыстыру құралдарын, ортездерді, ортопедиялық аяқ киімді таңдау және пайдалану);
функционалдық оқытуға өзіне-өзі қызмет көрсету бойынша қарапайым іс-әрекеттерді (өзіне-өзі күтімді қоса алғанда) пайдалану үшін міндетті шарт ретінде қадамдық тапсырмалар мен іс-қимылдарды қолдана отырып, бағдарламаларды әзірлеу және оқыту.
4. Логопедиялық және тілдік оңалту
қарым-қатынас қабілетіне әсер ететін клиникалық және/немесе аспаптық тексерулер, сөйлеу, дауыс, тіл, еркін сөйлеу және жұту ауытқуларын диагностикалау, емдеу және басқару;
ауызша қарым-қатынаста шектеулері бар адамдар үшін коммуникация жүйелері мен құрылғыларын алу.
Алдын алу шараларын және (немесе) оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу қағидаларына 4-қосымша |
|
Нысан | |
Сақтандыру ұйымының атауы "_________" |
Оңалту шараларын жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеуге өтініш
__________________________________________________________________________
(Т. А. Ә. бар болса)
Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат № _______ ___ ж. "__"__________
Сенім білдірілген адамның жеке басын куәландыратын құжат № ___ ___ ж. "__"______
Өтініш берушінің тұрғылықты мекенжайы _____________________________________
__________________________________________________________________________
Байланыс деректері, телефон: ________________________________________________
Өтініш берушінің сенім білдірілген тұлғасының тұрғылықты мекенжайы ____________
__________________________________________________________________________
Байланыс деректері, телефон: ________________________________________________
Осы өтінішке қол қоя отырып, өтініш беруші Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтандырушыға жалған мәліметтер берудің салдары туралы хабардар етілгенін растайды.
Мен:
1. Сақтандырушыға менің дербес деректерімді электрондық нысанда жинауға, өңдеуге, оның ішінде оңалту шараларына нақты жұмсалған шығындардың орнын толтыру үшін қажетті және осы деректерді бірыңғай сақтандыру дерекқорын қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ("Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ), оның ішінде менің дербес деректеріме жатқызылатын, оның ішінде, бірақ шектелмей: ТАӘ, ЖСН, азаматтығы, жынысы, туған күні мен орны, жеке басты куәландыратын құжаттың түрі, нөмірі, берген орган, денсаулық жағдайы және азаматтық хал актісі туралы мәліметтер, сақтандыру төлемдері бойынша ақпарат және т.б., сондай-ақ "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-дан мен туралы, оның ішінде менің дербес деректеріме жатқызылатын, мемлекеттік дерекқор операторларынан/иелерінен мемлекеттік дерекқордан алынған мәліметтерді алуға;
2. Бірыңғай сақтандыру дерекқорын қалыптастыру және жүргізу бойынша ұйым болып табылатын "Мемлекеттік кредиттік бюро" АҚ-ға мен туралы мәліметтерді, оның ішінде менің жеке деректеріме жататын мәліметтерді қоса алғанда, бірақ шектелмей: ТАӘ, ЖСН, азаматтығы, жынысы, туылған жері және күні, жеке басын куәландыратын құжаттың түрі, нөмірі, берген орган, денсаулық жағдайы және азаматтық хал актісі туралы ақпарат, жәрдемақыларды және сақтандыру төлемдерін тағайындау бойынша ақпаратты және т.б. мемлекеттік дерекқор операторларынан/иеленушілерінен мемлекеттік дерекқордан сұратуға және алуға, сондай-ақ болашақта мен туралы бар және түскен ақпаратты беруге және алуға келісім беремін.
3. Ақпаратты/хабарламаларды 8 (______)________________ ұялы телефон нөміріне СМС-хабарлар түріндегі жіберуді сұраймын.
____________________________________ _____________ 20 __ ж. "__" ________
(сақтанушының/пайда алушының Т.А.Ә. бар болса)) (Қолы)