"Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 29 тамыздағы № 326 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 қыркүйекте № 33367 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 9936 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларында:

      17-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "17. Сұйытылған мұнай газын өнеркәсіптік тұтынушыларға бөлшек саудада өткізуді тек өндірушілер, көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газын өндірушілер, өздеріне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі көмірсутегі шикізатын өңдеу процесінде өндірілген сұйытылған мұнай газының меншік иелері, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері, газ толтыру станцияларының иелері, сондай-ақ топтық резервуарлық қондырғылардың иелері ғана осы Қағидалардың 22-1-тармағымен көзделген тәртіппен жүзеге асырады.";

      19-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "19. Сұйытылған мұнай газын тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларға сату:

      1) газ толтыру станцияларының иелері – сұйытылған мұнай газын сақтау ыдыстарына құю арқылы;

      2) топтық резервуарлық қондырғылардың иелері – топтық резервуарлық қондырғылар арқылы;

      3) газ толтыру станцияларының және газ толтыру пункттерінің иелері – тұрмыстық баллондарда;

      4) автогаз құю станцияларының иелері –газ тарату колонкалары арқылы көлік құралдарын толтыру арқылы жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

      "22-1. Қыс мезгілінде топтық резервуарлық қондырғылардың ыдыстарында шөгетін сұйытылған мұнай газының фракциялары (бутандар) Заңның 28-бабына сәйкес сұйытылған мұнай газының өзге де тұтынушыларына өткізілуі мүмкін.";

      29-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "29. Тұрмыстық баллондарда сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді газ толтыру станцияларының және газ толтыру пункттерінің иелері шарт жасаспай жүзеге асырады.";

      32, 33 және 34-тармақтары жаңа редакцияда жазылсын:

      "32. Тұрмыстық баллондарда газды жеке тұлғаларға сату осы Қағидалардың 29-тармағына сәйкес өтінім бойынша жүзеге асырылады.

      Газ толтыру станциясының, газ толтыру пунктінің иесі тұрмыстық тұтынушыға сатылатын әрбір баллон үшін тұтынушыға құжат (алынған газ көлемі үшін кассалық, тауарлық чек), баллондарды тауарлық белгімен таңбалауды жүзеге асырады, кепілдік сапа талонын береді.

      33. Газ толтыру станциясының, газ толтыру пунктінің иесі толтырылатын газ баллондарына есеп жүргізеді, оларға нөмір береді, газ баллон қондырғыларына авариялық және жоспарлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

      34. Тұтынушы тұрмыстық баллондардың дұрыс техникалық жай-күйін қамтамасыз ететін газ толтыру станцияларының және газ толтыру пунктерінің иелерінен сұйытылған мұнай газы бар тұрмыстық баллондарды сатып алады.";

      60-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) газ тұтынатын жүйелерге қолданыстағы техникалық қызмет көрсету шартының болмауы.";

      62-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "62. Жеткізуші тұтынушыға алдын ала хабарланған сәттен бастап күнтізбелік бес күннен ерте емес жағдайларда газ беруді мынадай жағдайларда:

      1) газ тарату ұйымы өкілдерін, топтық резервуарлық қондырғы иесін немесе газ толтыру станциясы иесін газ құбырларына, газ жабдықтары мен есепке алу аспаптарына жібермегенде;

      2) жеткізушінің техникалық шарттарын алмай-ақ газ желілерін қайта жабдықтағанда;

      3) тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу шартына сәйкес берілген тауарлық немесе сұйытылған мұнай газы үшін дебиторлық берешек болғанда тоқтата тұрады.

      Бұл ретте осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда тұрмыстық тұтынушылар үшін газ беруді тоқтата тұру тұрмыстық тұтынушыға алдын ала хабарлама берген сәттен бастап жүзеге асырылады, бірақ күнтізбелік он күннен ерте емес.

      Жеткізуші тұтынушыда газ тұтынатын жүйелерге қолданыстағы техникалық қызмет көрсету шартының болмауының фактісін анықтаған жағдайда жеткізуші тұтынушыны алдын ала хабардар ету сәтінен бастап отыз күнтізбелік күннен кейін газ беруді тоқтатады.

      Газ беруді тоқтату (шектеу) туралы хабарлама тұтынушыға электрондық поштамен, пошта жөнелтілімімен, қысқа мәтіндік хабарламамен, мультимедиалық хабарламамен, қолданыстағы мессенджерлермен не хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев