"Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 25 тамыздағы № 443 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 тамызда № 33345 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрінің
міндетін атқарушысы
Т. Ешенкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрінің
міндетін атқарушысы
2023 жылғы 25 тамыздағы
№ 443 бұйрығына
қосымша

"Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 26) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 2-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын берудің тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранты – "Бакалавр" дәрежесі берілетін жоғары білім алуға ақы төлеу үшін батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген білім алушыға берілетін нысаналы ақша сомасы;

      2) білім беру бағдарламаларының топтары – даярлау бағыттары бейінінің ортақтығымен біріктірілген және белгілі білім беру саласы шеңберінде кадрлар даярлауды қамтамасыз ететін білім беру бағдарламаларының жиынтығы;

      3) білім беру гранты – "бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім алушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шарттармен берілетін нысаналы ақша сомасы;

      4) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына жекелеген білім беру бағдарламаларына түскен тұлғалар үшін білім беру гранты – стратегиялық әріптестік шеңберінде іске асырылатын бірлескен білім беру бағдарламаларының, сондай-ақ шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарының білім алушыларына шарттың екінші тарапының талаптарымен реттелетін қос диплом бағдарламалары бойынша берілетін ақшаның нысаналы сомасы;

      5) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      6) білім беру грантын тағайындау туралы республикалық конкурстық комиссия (бұдан әрі – Республикалық комиссия) – Ереженің 14-тармағының 1) тармақшасының алтыншы абзацына сәйкес білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты өткізу үшін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия;

      7) электрондық форматтағы білім беру грантын тағайындау туралы куәлік – Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланатын, Ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) балын ресми түрде растайтын үміткердің бірегей деректері бар электрондық құжат (бұдан әрі – куәлік).

      3. Республикалық бюджеттен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган құратын Республикалық комиссия, ал жергілікті бюджеттен білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) комиссиясы өткізеді.

      Республикалық бюджеттен өңірлер бөлінісінде батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлердің адамдарына бөлінген білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурсты Республикалық комиссия өткізеді.

      4. Республикалық комиссия ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволар қызметкерлерінің, азаматтық қоғам институттарының, үкіметтік емес ұйымдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары қауымдастығының және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің өкілдері қатарынан құрылады.

      Республикалық комиссия мүшелерінің қатарынан басым дауыспен төраға, оның орынбасары және хатшы сайланады. Ереженің 14-тармағының 1) тармақшасының алтыншы абзацына сәйкес Республикалық комиссияның құрамы және Республикалық комиссия туралы ереже ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен бекітіледі.

      Республикалық комиссия мүшелерінің саны тақ болады. Республикалық комиссияның отырыстары оның құрамының кемінде үштен екісі болған жағдайда заңды деп есептеледі және жоғары білім алуға ақы төлеу үшін гранттар беру үшін ағымдағы жылғы 1 тамызға дейін, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін гранттар беру үшін ағымдағы жылғы 24 тамызға дейін өткізіледі.

      Шектеу іс-шаралары жүзеге асырылған, оның ішінде карантин, төтенше жағдай енгізілген, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде Республикалық комиссия отырыстарын өткізу мерзімін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мерзімдердің өзгеруі туралы ақпарат ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, "электрондық үкімет" веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.

2-тарау. "Бакалавр" дәрежесі берілетін жоғары білім алуға ақы төлеу үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру тәртібі

      5. "Бакалавр" дәрежесі берілетін жоғары білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен толық немесе ішінара ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі – жоғары білімнің білім беру гранттары) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 8-1-тармағында көзделген жағдайды және осы тармақтың тоғызыншы бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда, оқуға түсушілер өтініш берген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес білім беру грантын беру туралы куәлік табыс етіліп, ҰБТ нәтижелеріне сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша конкурстық негізде беріледі.

      Бұл ретте жоғары білімнің білім беру гранттарын саралау Республикалық комиссияның шешімімен айқындалады.

      Жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсында Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқу тілі) мен бейіндік екі пән бойынша балдар ескеріледі.

      Шығармашылық дайындықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер үшін жоғары білімнің білім беру грантын тағайындау конкурсында Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы (оқу тілі) бойынша балдар және шығармашылық екі емтиханның нәтижелері ескеріледі.

      Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсушілерді қоспағанда, жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсында оқытудың қысқартылған мерзімі көзделетін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламаларының топтары бойынша білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер үшін жалпыкәсіптік пән және арнайы пән бойынша балдар ескеріледі.

      Жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсында оқытудың қысқартылған мерзімі көзделетін және шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламаларының топтары бойынша білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер үшін арнайы пән бойынша балдар және шығармашылық емтихан нәтижесі ескеріледі.

      Оқытудың қысқартылған мерзімі көзделетін жоғары білімнің ұқсас білім беру бағдарламалары топтарының тізбесін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      Батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген жастарды жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) оқыту үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін көрсете отырып, ЖЖОКБҰ тізбесін Республикалық комиссия айқындайды.

      Батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттары осы Қағидаларда көзделген тәртіппен білім беру грантын беру туралы куәлік беріліп, оқуға түсушілер өтініш берген өңірлер мен білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес ҰБТ нәтижелеріне сәйкес нақты өңірлер мен білім беру бағдарламаларының топтары бойынша конкурстық негізде беріледі.

      "Соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына білім беру гранты беріле отырып қабылданатын, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және орындаушылардың халықаралық конкурстарының, спорттық жарыстардың тізбесін және оларды іріктеу өлшемшарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 15 шiлдедегi № 326 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28848 болып тіркелген) бекітілген тізбеге сай жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және орындаушылардың халықаралық конкурстарының, спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) өздері таңдаған мамандықтың олимпиада, конкурс немесе спорттық жарыс пәніне сәйкес келуі шартымен білім беру гранты беріліп, өздерінің өтініштері негізінде жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылданады.

      6. Жоғары білімнің білім беру грантын, оның ішінде батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттарын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ қабылдау комиссиясына және (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш береді.

      Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ЖЖОКБҰ-ның тілдік даярлық күшейтілген даярлық бөлімдерін бітірген тұлғалар ЖЖОКБҰ-ның ректоры қол қойған бітіргені туралы транскрипт ұсынады.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және тиісті мамандық бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабында көзделген құжаттардың бірін қосымша тапсырады.

      Жоғары білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші өтініште өзі таңдаған жоғары білімнің беру бағдарламаларының тобын және ЖЖОКБҰ-ны көрсетеді.

      Бейіндік пәндер сәйкес келген жағдайда оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының төрт тобына дейін көрсете алады.

      Нысаналы грант шеңберінде қатысуға ниет білдірген тұлғалар бір мезгілде жалпы конкурсқа қатыса алады, олардың әрқайсысы үшін конкурс түрін айқындайды.

      Батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға бөлінген жоғары білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына және (немесе) "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш береді.

      ЖЖОКБҰ-ға түсетін батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлердің адамдары төрт өңірге дейін, білім беру бағдарламаларының төрт тобын және Республикалық комиссия бекіткен тізбеге кіретін ЖЖОКБҰ тізімін көрсете алады.

      Республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін өтініштер ағымдағы жылғы 13 – 20 шілде аралығында қабылданады.

      Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин жүзеге асырылған, төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда республикалық бюджет есебінен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау мерзімін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мерзімдердің өзгергені туралы ақпарат ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, "электрондық үкімет" веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.

      7. Шет тілдегі құжаттар қазақ немесе орыс тілдерінде нотариат куәландырған аудармасымен ұсынылады.

      Шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар "Білім туралы құжаттарды тану қағидаларын, сондай-ақ білім туралы құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында танылатын шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2021 жылғы 19 шiлдедегі № 352 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23626 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен танылады.

      8. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балалар, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамдар ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына және (немесе) ақпараттық жүйе арқылы таңдалған білім беру бағдарламаларының тобы бойынша оқуға қарсы айғақтардың жоқ екені туралы медициналық қорытындыны береді.

      9. Балдар тең болған болған жағдайда, осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген жоғары білімнің білім беру грантын беруге басым құқығы бар оқуға түсушілер ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына осы құқықты растайтын құжатты тапсырады.

      10. Республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімнің білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың қысқартылған оқу мерзімдері көзделетін ұқсас бағыттар бойынша түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша:

      ұлттық ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 65 балл, "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" саласы бойынша кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" салалары бойынша – кемінде 60 балл, "Құқық" даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл;

      басқа ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 50 балл, "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75, "Денсаулық сақтау" саласы бойынша кемінде 70 балл, "Құқық" даярлау бағыты бойынша – кемінде 75 балл жинаған адамдар жіберіледі.

      Бұл ретте ҰБТ-ның және (немесе) шығармашылық емтиханның әрбір пәні бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

      Республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың қысқартылған оқытудың мерзімі көзделетін ұқсас бағыттары бойынша оқуға жоғары білімнің білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша кемінде 25 балл және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 35 балл, оның ішінде ҰБТ-ның әрбір пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинаған адамдар жіберіледі.

      Батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінген жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың қысқартылған оқыту мерзімдері көзделетін ұқсас бағыттар бойынша түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша:

      ұлттық ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 60 балл, "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" саласы бойынша кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" салалары бойынша – кемінде 60 балл;

      басқа ЖЖОКБҰ-ға түсу үшін – кемінде 50 балл, "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75, "Денсаулық сақтау" саласы бойынша кемінде 70 балл жинаған адамдар жіберіледі.

      Бұл ретте ҰБТ-ның және (немесе) шығармашылық емтиханның әрбір пәні бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.

      11. Шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламаларына түсушілер жоғары білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа білім беру бағдарламасының бір тобы бойынша қатысады және өтініште шығармашылық емтихан тапсырған ЖЖОКБҰ-ны көрсетеді.

      "Педагогикалық ғылымдар" "Денсаулық сақтау" білім беру салалары бойынша білім беру бағдарламаларына түсушілер және арнайы емтиханнан өтіп, рұқсат алғандар білім беру грантын беруге арналған конкурста ЖЖОКБҰ және арнайы емтиханды тапсыру орнына қарамастан, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының төрт тобын таңдау құқығына ие.

      12. Білім беру грантын алуға арналған конкурс өткізілген, сондай-ақ жоғары бiлiмі бар кадрларды даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдаған кезде балдар тең болған жағдайда басым құқық мынадай кезектілік бойынша беріледі:

      1) "Алтын белгi" белгiсімен марапатталған адамдар;

      2) патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградталған адамдар;

      3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар, біліктілігін растаған және мамандығы бойынша кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар адамдар;

      4) осы Қағидалардың 6-тармағының оныншы бөлігінде көрсетілген адамдарды қоспағанда, тiзбесiн бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын жалпы бiлiм беру пәндері бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған), орындаушылардың халықаралық және республикалық конкурстарының және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздары, сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтың олимпиада, конкурс немесе спорттық жарыс пәнiне сәйкес келуі шартымен жалпы бiлiм пәндері бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдармен марапатталған) жеңiмпаздары;

      5) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілімдері жоқ бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдар.

      Бұл ретте балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестатының, куәлігінің немесе дипломының орташа балдары жоғары адамдарға беріледі.

      Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары бірдей болғанда бейіндік пән бойынша алған балдары ескеріледі.

      13. Жоғары білімнің білім беру грантын беру бойынша басым құқық болмағанда, балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балдары жоғары тұлғаларға беріледі.

      Балдардың көрсеткіштері бірдей және басым құқығы болмаған кезде, сондай-ақ аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болғанда бейіндік пәндер бойынша алған балдары ескеріледі.

      14. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, медициналық қорытындыға сәйкес таңдалған білім беру бағдарламаларының тобы бойынша оқуға қарсы көрсетілімдері жоқ бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар, кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар, бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін конкурс көрсетілген санаттар арасында бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен бекітілген квоталар бойынша өткізіледі.

      Білім беру грантын алуға арналған конкурсқа қатысушы тұлғалар үшін қабылдаудың көрсетілген квоталары барлық мәлімделген білім беру бағдарламалары тобына таратылады.

      Квота бөлінген даярлық бағыттарында шығармашылық емтиханы бар білім беру бағдарламаларының тобы болған жағдайда, білім беру грантын беру кезінде ҰБТ-ға қатысушының тестілеу нәтижелері үтірден кейінгі бір белгіге дейін дөңгелектелген ең жоғары ықтимал балға пайыздық қатынаста салыстырылатын болады.

      Балдардың көрсеткіштері бірдей болған жағдайда білім беру гранттары аттестатының, куәлігінің немесе дипломының орташа балы жоғары тұлғаларға беріледі.

      Аттестаттың, куәліктің немесе дипломның орташа балы бірдей болған жағдайда бейіндік пән немесе шығармашылық емтихан бойынша алған балдары ескеріледі.

      15. Ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін квота белгіленген білім беру бағдарламаларының топтарына арналған конкурс мынадай түрде өтеді: білім беру бағдарламаларының осы топтары бойынша гранттардың жалпы санының 65 %-ы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал гранттардың қалған 35 %-ына конкурс ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ғана өткізіледі.

      Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын, Қазақстан Республикасы ЖЖОКБҰ-ға қабылдау квотасы белгіленген білім беру бағдарламалары тобының тізбесін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      16. Ағылшын тілінде білім алу үшін жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша (Физика, Химия, Биология және Информатика) мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім беру грантын беруге арналған конкурсқа мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде тілдік даярлығын күшейту үшін ЖЖОКБҰ-ның даярлық бөлімін бітірген тұлғалар және ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырған тұлғалар, сондай-ақ, ҰБТ-ны қазақ (орыс) тілінде тапсырған және ағылшын тілін білу бойынша тестілеуден өткен немесе ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар: Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (Тест ов Инглиш аз а Форин Лангудж институшинал тестинг програм Интернет бейзид тест) (TOEFL IBT) (ТОЙФЛ АЙБИТИ) – кемінде 59, Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (Тест ов Инглиш аз а Форин Лангудж институшинал тестинг програм) (TOEFL ITP) (ТОЙФЛ АЙТИПИ) – кемінде 460 балл, International English Language Tests System (Интернашнал Инглиш Лангудж Тестс Систем Академик) (IELTS) (АЙЛТС) – кемінде 5.0 ағылшын тілінде оқуға ниет білдірген тұлғалар қатысады.

      Бұл ретте мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде тілдік даярлығын күшейту үшін ЖЖОКБҰ-ның даярлық бөлімін бітірген тұлғалар, сондай-ақ ҰБТ-ны қазақ (орыс) тілінде тапсырған және ағылшын тілінде оқуға ниет білдірген тұлғалар шет тілін (ағылшын) білуге арналған тестілеу тапсырады, ондағы шекті балл жоғары балдың 50 пайызынан төмен болмауға тиіс.

      Шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеуді базалық ЖЖОКБҰ-да ағымдағы жылғы 12 шілдеге дейін Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі – ҰТО) өткізеді.

      Оқуға түсушілердің көрсетілген санаттарына арналған конкурс өткізілгеннен кейін қалған білім беру гранттары "Педагогикалық ғылымдар", "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар" және "Ветеринария", "Денсаулық сақтау" білім беру салалары бойынша 1 немесе 2-курсты аяқтаған және ағылшын тілінде жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша (физика, химия, биология және информатика) мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алуды жалғастыруға ниет білдірген тұлғаларға беріледі.

      Конкурсқа қатысу үшін шет тілін меңгергенін растайтын сертификаты: Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm Internet-based Test (Тест ов Инглиш аз а Форин Лангудж институшинал тестинг програм Интернет бейзид тест) (TOEFL IBT) (ТОЙФЛ АЙБИТИ) – кемінде 59, Test of English as a Foreign Language Institutional Testing Programm (Тест ов Инглиш аз а Форин Лангудж институшинал тестинг програм) (TOEFL ITP) (ТОЙФЛ АЙТИПИ) – кемінде 460 балл, International English Language Tests System (Интернашнал Инглиш Лангудж Тестс Систем Академик) (IELTS) (АЙЛТС) – кемінде 5.0, үлгерімінің орташа балы кемінде 2,67 балл GPA (Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж) болуы тиіс. Шет тілін меңгергендігін растайтын көрсетілген сертификаттары жоқ білім алушы жоғары балдың 50 пайызынан төмен емес шекті балмен шет (ағылшын) тілін білуге арналған тестілеуді тапсырады. Шет (ағылшын) тілі білімін тестілеуді базалық ЖЖОКБҰ-да ағымдағы жылғы 12 тамызға дейін ҰТО өткізеді.

      Жоғары білімнің білім беру гранттарын беру жазғы демалыс кезеңінде 1 немесе 2-курстың білім беру бағдарламасын табысты аяқтағаннан кейін мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) "Педагогикалық ғылымдар", "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария", "Денсаулық сақтау" білім беру салалары бойынша меншік нысанына қарамастан ЖЖОКБҰ-да ақылы негізде білім алушылар жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша (физика, химия, биология және информатика) мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы және ЖЖОКБҰ көрсетілген кадрлардың тілдік даярлығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру конкурсына қатысу туралы өтініш береді;

      2) ЖЖОКБҰ-лар білім алушылар өтініштерінің деректер базасын ҰТО-ға береді;

      3) ҰТО шет тілін меңгеру сертификаттарының балдарына немесе ағылшын тілін білуге арналған тестілеу нәтижелері және үлгерімнің орташа балдарына сәйкес жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша (Физика, Химия, Биология және Информатика) мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бөлінісінде ведомостарды қалыптастырады және Республикалық комиссияға жібереді;

      4) Республикалық комиссия білім беру грантын шет тілін меңгергенін растайтын сертификаттың балдарына немесе ағылшын тілін білуге арналған тестілеудің нәтижелеріне және үлгерімінің орташа балына сәйкес береді.

      Көрсеткіштері бірдей болған жағдайда ағылшын тілін білуге арналған сертификатының балы жоғары тұлғаларға басым құқық беріледі.

      Сертификаттың балдық көрсеткіштері бірдей болған жағдайда үлгерімінің GPA (Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж), одан кейін жалпы орта білім туралы аттестаттың орташа балы есептеледі;

      5) Республикалық комиссияның шешімі негізінде ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган ағымдағы жылғы 15 тамызға дейін Қағидалардың осы тармағында көрсетілген жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бойынша кадрлардың тілдік даярлығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы бұйрық шығарады;

      6) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО Қағидалардың осы тармағында көрсетілген жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бойынша кадрлардың тілдік дайындығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы куәлікті ресімдейді.

      Қағидалардың осы тармағында көрсетілген жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бойынша кадрлардың тілдік даярлығын күшейтуге арналған білім беру гранттарын беру туралы берілген куәлік негізінде ЖЖОКБҰ-ның басшысы білім алушының білім беру гранты бойынша осы ЖЖОКБҰ-да 2 немесе 3-курстан бастап өтініш білдірген білім беру бағдарламаларының тобы бойынша білім алуын жалғастыру туралы бұйрық шығарады.

      Бұл ретте Қағидалардың осы тармақта көрсетілген жаратылыстану ғылыми пәндері бойынша мұғалімдерді даярлаудың білім беру бағдарламалары тобы бойынша кадрлардың тілдік даярлығын күшейтуге арналған жоғары білімнің білім беру гранттарына қабылдау кезінде міндетті құрамдас пәндердегі академиялық айырмашылық түріндегі пререквизиттер курстың жоғалуына әкелмейді және тегін негізде меңгеріледі.

      17. Жоғары білімнің білім беру гранттарын конкурспен бергеннен кейін қалған бос білім беру гранттарын, оның ішінде батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттарын, сондай-ақ бас тартылған білім беру гранттарын Республикалық комиссия бір білім беру саласы ішінде өту балы жоғары адамдарға жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының мәлімделген тобы бойынша осы Қағидалардың 13, 14, 15 және 16-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде береді.

      Жоғары білімнің білім беру гранттарын конкурспен бергеннен кейін қалған бос білім беру гранттарын халықаралық келісімдер бойынша келген шетелдік тұлғаларға, резервте көзделген жоғары білімнің білім беру гранттарын, сондай-ақ жекелеген ЖЖОКБҰ-ға көзделген жоғары білімнің білім беру гранттарын беру туралы шешімді Республикалық комиссия қабылдайды.

      Педагогикалық және медициналық бағыттарды қоспағанда, білімі туралы құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында танылатын шетелдік жоғары оқу орындарынан Қазақстан Республикасының ЖЖОКБҰ-на ауысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына бос және бас тартылған білім беру гранттары білім беру бағдарламаларының топтары бойынша Республикалық комиссияның шешімімен конкурстық негізде беріледі.

      Конкурс үлгерімнің орташа балы Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж (бұдан әрі – GPA) негізінде аралық аттестаттау нәтижелері бойынша куәлік беріле отырып өткізіледі.

      Үлгерімінің GPA орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда бүкіл оқу кезеңінде бағалары А, А- ("өте жақсы") білім алушылар ғана басым құқыққа ие болады, келесі кезекте – А, А- ("өте жақсы") бастап В+, В, В-, С+ ("жақсы") дейінгі бағалар, бұдан әрі – аралас бағалар.

      18. Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган Республикалық комиссия шешімінің негізінде бұйрық шығарады және оқуға түсушілерге куәлік береді.

      Жоғары білімнің білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      Грант иегері жоғары білімнің білім беру грантынан оқуға қабылданғанға дейін бас тартқан жағдайда куәлік және талапкердің өтініші ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға ағымдағы жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсырылады.

      Шектеу іс-шаралары жүзеге асырылған, оның ішінде карантин, төтенше жағдай енгізілген, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде білім беру грантын тағайындау, куәлікті беру, білім беру грантын қайтару мерзімін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мерзімнің өзгеруі туралы ақпарат ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, "электрондық үкімет" веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.

3-тарау. "магистр" дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру тәртібі

      19. "магистр" дәрежесі берілетін жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлеу үшін білім беру гранттары (бұдан әрі – жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру гранттары) оқуға түсушілер мәлімдеген білім беру бағдарламаларының бір тобы бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беру туралы куәлік беріліп, кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) нәтижелеріне сәйкес конкурстық негізде беріледі.

      20. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурста – КТ нәтижелерінің балдары, шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламаларының тобы бойынша КТ нәтижелерінің балдары, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша шығармашылық емтихан нәтижесі ескеріледі.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін КТ нәтижесі бойынша:

      1) оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін ғылыми-педагогикалық және бейінді магистратураға, оның ішінде шығармашылық даярлықты талап ететін білім беру бағдарламаларының топтары бойынша – кемінде 50 балл;

      2) оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін магистратураға – кемінде 50 балл жинау қажет.

      КТ нәтижелерінің көрсеткіштері бірдей болған жағдайда, білім беру бағдарламаларының бейіндік тобы бойынша тестілеу нәтижесі бойынша балы жоғары адамға басым құқық беріледі, одан кейін білім алуға әзірлігін айқындау бойынша тест нәтижесі, бұдан әрі – шет тілі бойынша тестілеу нәтижесі, одан кейін дипломға қосымшадағы (алдыңғы білім деңгейі) GPA (Grade Point Average – Грейт Поинт Эверейдж) ескеріледі.

      "Педагогикалық ғылымдар", "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика", "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" білім беру саласындағы білім беру бағдарламаларының топтары, сондай-ақ "Гуманитарлық ғылымдар", "Әлеуметтік ғылымдар", "Бизнес және басқару" кадрларды даярлау бағыттары бойынша оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін магистратураға түсуші адамдар "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес балдарды ауыстыру шкаласына сәйкес GRE (Graduate Record Examіnatіons) стандартталған тестін тапсыру туралы халықаралық сертификаты болған кезде ғылыми-педагогикалық магистратуруға КТ оқуға дайындығын айқындауға арналған тесттен және шет тілі бөлімінен өз қалауы бойынша босатылады.

      21. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ағымдағы жылғы 15 тамызға дейін ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына немесе ақпараттық жүйе арқылы белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш береді.

      Магистратураға түсуші өтініште білім беру бағдарламасының тобын және үш ЖЖОКБҰ-ны көрсетеді.

      Шектеу іс-шаралары жүзеге асырылған, оның ішінде карантин, төтенше жағдай енгізілген, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау мерзімін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мерзімнің өзгеруі туралы ақпарат ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, "электрондық үкімет" веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.

      22. Республикалық комиссия шешімінің негізінде ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның бұйрығы шығарылады және оқуға түсушілерге куәлік беріледі.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда жарияланады.

      Грант иегері жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру грантынан оқуға қабылданғанға дейін бас тартқан жағдайда куәлік ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.

      Шектеу іс-шаралары жүзеге асырылған, оның ішінде карантин, төтенше жағдай енгізілген, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде куәлікті беру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру грантын қайтару мерзімін ғылым және жоғары білім саласындағы саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мерзімнің өзгеруі туралы ақпарат ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, "электрондық үкімет" веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.

4-тарау. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін босаған бос білім беру гранттарын беру тәртібі

      23. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары, оның ішінде батыс, халық тығыз орналасқан және жаңадан құрылған өңірлерден келген адамдарға арналған білім беру гранттары (бұдан әрі – босаған гранттар) білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ақылы негізде білім алушыларға конкурстық негізде беріледі.

      Конкурс бүкіл оқу кезеңінде үлгерімнің GPA орташа балы негізінде аралық аттестаттаудың нәтижесі бойынша куәлік беріле отырып өткізіледі.

      ЖЖОКБҰ ұйымның сайтында (білім беру порталында) босаған білім беру гранттарының санын көрсете отырып, ашық конкурс туралы хабарландыру орналастырады.

      Үлгерімінің GPA орташа балының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда бүкіл оқу кезеңінде бағалары А, А- ("өте жақсы") білім алушылар ғана басым құқыққа ие болады, келесі кезекте – А, А- ("өте жақсы") бастап В+, В, В-, С+ ("жақсы") дейінгі бағалар, бұдан әрі – аралас бағалар.

      Босаған білім беру гранттарын беру жазғы және қысқы каникул кезеңінде конкурстық негізде мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ақылы негізде білім алып жатқан білім алушы ЖЖОКБҰ басшысының атына өзінің GPA балын ашық қолжетімді болатындай жариялауға келісімін көрсете отырып, одан әрі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру гранты бойынша оқуға өтініш береді;

      2) ЖЖОКБҰ кадрларды даярлау бағыттары, білім беру бағдарламаларының топтары мен курстары бөлінісінде GPA балын көрсете отырып, босаған гранттарға үміткерлердің деректерін ұйымның сайтында (білім беру порталында) орналастырады;

      3) келіп түскен өтініштер ғылыми (академиялық) кеңестің және (немесе) байқау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің отырысында қаралады;

      4) ЖЖОКБҰ ғылыми (академиялық) кеңестің және (немесе) байқау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесінің шешімі негізінде тиісінше ағымдағы жылғы 5 тамызға және 25 қаңтарға дейінгі мерзімде босаған білім беру гранттарына үміткерлердің тізімін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға шешім қабылдау үшін жолдайды. Тізімге білім алушы өтінішінің көшірмесі, ғылыми (академиялық) кеңестің және (немесе) байқау (қамқоршылық) кеңесінің және (немесе) директорлар кеңесі шешімі, білім алушының транскрипті, білім алушыны қабылдау туралы бұйрықтан үзінді, оның жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесі және ЖЖОКБҰ-дан шығарылған білім беру гранты иегерінің куәлігі (төлнұсқа) мен оқудан шығару туралы бұйрықтан үзінді қоса беріледі;

      5) үміткерлердің болмауына байланысты ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органға ұсынылған босаған білім беру гранттарын комиссия конкурстық негізде қайта бөледі;

      6) конкурс басқа ЖЖОКБҰ-да ақылы негізде білім алып жатқан, конкурсқа қатысу үшін құжаттар ұсынған білім алушылар арасында білім беру бағдарламаларының топтары, курс бөлінісінде, бүкіл оқу кезеңінде GPA орташа балы негізінде аралық аттестаттау нәтижесі бойынша өткізіледі;

      7) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган келіп түскен құжаттарды білім беру бағдарламаларының топтары, оқуға түскен жылын ескере отырып, оқу нысаны мен мерзімі бөлінісінде қарайды және шешім оң болған жағдайда босаған білім беру грантын беру туралы бұйрық шығарады (білім беру бағдарламаларының топтары бойынша үміткерлер болмаған жағдайда жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары даярлық бағытының немесе білім беру саласының ішінде қайта бөлінеді);

      8) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган бұйрығының негізінде ҰТО білім беру грантын беру туралы куәлікті ресімдейді және деректерді үш жұмыс күні ішінде тиісті ЖЖОКБҰ-ға жібереді;

      9) куәліктің негізінде ЖЖОКБҰ басшысы одан әрі білім беру гранты бойынша оқу туралы бұйрық шығарады.

      24. Қос диплом бағдарламалары бойынша шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарында стратегиялық әріптестік шеңберінде бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттары конкурстық негізде стратегиялық әріптестік шеңберінде бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша, шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарында, білім беру бағдарламаларының тиісті топтарына қосарланған диплом бағдарламалары бойынша білім алушыларға беріледі.

      Қос диплом бағдарламалары бойынша шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының филиалдарында стратегиялық әріптестік шеңберінде бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білім алу процесінде босаған бос білім беру гранттарын тағайындау үшін конкурсқа қатысу шарттары ЖЖОКБҰ бойынша айқындалады.

5-тарау. "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын беру тәртібі

      25. ЖАО білім беру гранттары өңірдің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларға қажеттілігі есебімен білім беру бағдарламаларының топтары бойынша оқуға түсушілер мәлімдеген білім беру бағдарламалары топтарының кезектілігіне сәйкес білім беру гранттарын беру туралы куәлік беріліп, ҰБТ немесе КТ нәтижелеріне сәйкес беріледі.

      26. ЖАО білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін оқуға түсуші ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясына жоғары білім алуға ақы төлеу үшін ағымдағы жылғы 5-10 тамыз аралығында осы Қағидалардың 7, 8, 9 және 10-тармақтарына сәйкес немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін ағымдағы жылғы 20-25 тамыз аралығында осы Қағидалардың 22-тармағына сәйкес құжаттарды тапсырады.

      Төтенше жағдай енгізілген, жаһандық немесе өңірлік, сондай-ақ жергілікті ауқымдағы, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын беруге арналған конкурсқа қатысу үшін өтініштерді қабылдау мерзімін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      Мерзімнің өзгеруі туралы ақпарат ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, бұқаралық ақпарат құралдарында, "электрондық үкімет" веб-порталының тиісті құрамдастарында жарияланады.

      ЖАО білім беру гранттарын беру жөніндегі конкурс осы Қағидалардың 13, 14, 15, 16, 21 және 23-тармақтарында көзделген тәртіппен өткізіледі.

      27. ЖАО комиссиясы шешімінің негізінде тиісті облыс немесе республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің немесе әкім орынбасарының бұйрығы шығарылады және оқуға түсушілерге ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік беріледі.

      ЖАО білім беру гранттары иегерлерінің тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарда жарияланады.

      28. ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәліктің негізінде ЖЖОКБҰ-ның басшысы ЖАО білім беру гранты бойынша оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.

      Грант иегері ЖАО білім беру грантынан бас тартқан жағдайда ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік жойылады, білім беру гранты осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен конкурстық негізде беріледі.

      ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлік қайтарылмаған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясы күнді және ЖАО білім беру грантынан бас тартқан тұлғаның деректерін көрсете отырып, оның күшін жою туралы акт жасайды және ЖЖОКБҰ-ның мөрімен бекітілген актіні күнтізбелік үш күн ішінде ЖАО-ға тапсырады.

      ЖАО білім беру гранттарын беру туралы куәлікті азаматтардың конкурсқа қатысу үшін тапсырған құжаттарымен бірге ағымдағы жылғы 25 тамыздан кешіктірмей береді.

      29. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған ЖАО білім беру гранттарын беруді жазғы және қысқы демалыс кезінде осы Қағидалардың 24 және 25-тармақтарында көзделген тәртіппен конкурстық негізде бос орындарға беруді ЖАО комиссиясы жүзеге асырады.