Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту қағидаларын және талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 маусымдағы № 59 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 шiлдеде № 33005 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 42-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту қағидалары және талаптары бекітілсін.

      2. Мына:

      1) "Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 213 қаулысының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8798 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 265 қаулысымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14733 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 10-тармағының күші жойылсын деп танылсын.

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2023 жылғы 26 маусымдағы
№ 59 Қаулымен
бекітілген

Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту қағидалары және талаптары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Осы Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту қағидалары және талаптары (бұлан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 42-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту тәртібі мен талаптарын белгілейді.

      1. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – Қор) – ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару қызметін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;

      2) ерікті зейнетақы жарналары – Қазақстан Республикасының заңнамасында және ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын тәртiппен зейнетақы төлемдерiн алушының пайдасына Қорға ерікті зейнетақы жарналары салымшыларының өзінің бастамасы бойынша салатын ақшасы;

      3) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт – бiр тараптан Қор және екiншi тараптан салымшы (зейнетақы төлемдерiн алушы) жасасатын, ерікті зейнетақы жарналарына, жинақтарына және ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерін алуға байланысты құқықтық қатынастарды орнату, өзгерту немесе тоқтату туралы шарт;

      4) ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы – ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес зейнетақы төлемдерiн алушының пайдасына ерiктi зейнетақы жарналарын өзiнiң меншiктi қаражаты есебiнен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      5) зейнетақы қағидалары – Қордың басқару органы бекіткен Қордың ішкі құжаты;

      6) уәкілетті орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.

2-тарау. Ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының ерікті зейнетақы жарналарын тарту тәртібі және талаптары

      2. Қор қызметті уәкілетті орган берген ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқаруға лицензия негізінде жүзеге асырады және ерікті зейнетақы жарналарын Қағидаларда, Қордың зейнетақы қағидаларында және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен тартады.

      3. Қор ерікті зейнетақы жарналарын тарту барысында:

      1) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға ниеттенген тұлғаларға жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеу және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсетеді;

      2) Қордың зейнетақы қағидаларында бекітілген тізбеге сәйкес құралдарды пайдалана отырып, өзінің қызметі туралы ақпаратты таратады;

      3) әлеуетті салымшылармен олардың есебінен ерікті зейнетақы жарналарын зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына не егер ол жеке тұлға болса, салымшының пайдасына жүзеге асыру үшін тарту мақсатында ғана өзара әрекет жасайды;

      4) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға ниеттенген тұлғаларды Қордың зейнетақы қағидаларымен және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың талаптарымен таныстырады;

      5) Қордың зейнетақы қағидаларында көзделген өзге де іс-шараларды жүзеге асырады.

      4. Қор Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыру үшін Қордың атқарушы органы бекіткен оқыту бағдарламасы бойынша оқудан өткен Қордың қызметкерлерін ғана жібереді.

      5. Қордың қызметкерлерін Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға жіберуге арналған оқыту бағдарламасын Қордың атқарушы органы бекітеді және онда мыналар қамтылады:

      1) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қызметін және Қордың инвестициялық портфелін басқару жөніндегі қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын зерделеу;

      2) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға ниеттенген салымшыларға Қордың қызметі туралы дәйексіз ақпарат бергені үшін Қордың және оның қызметкерлерінің жауапкершілігін түсіндіру;

      3) ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару қызметі шеңберінде Қор жасайтын бизнес-процестерді зерделеу;

      4) Қордың атқарушы органының шешіміне сәйкес өзге ережелер.

      6. Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыру кезінде ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға тартылған тұлғаларға:

      1) ерікті зейнетақы жарналарының салымшысына (алушысына) ерікті зейнетақы жарналарынан инвестициялық кіріс алуға кепілдік берілмейтіні;

      2) салымшылардың (алушылардың) ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын инвестициялау нәтижесінде инвестициялық кіріс алынуы да, сондай-ақ инвестициялық шығын келтірілуі де мүмкін екені;

      3) алушы зейнетақы төлемдерін алу құқығын иелену сәтіндегі инфляция деңгейі ескеріле отырып нақты енгізілген зейнетақы жарналары мөлшерінде зейнетақы жарналарының сақталуы бойынша мемлекеттің кепілдігі ерікті зейнетақы жарналарының салымшыларына (алушыларына) қолданылмайтыны;

      4) Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығы Әлеуметтік кодекстің 223-бабына сәйкес туындайтыны түсіндіріледі.

      7. Қордың меншікті активтері бойынша бюджет сметасында ерікті зейнетақы жарналарын тартуға арналған шығыстардың жеке бабы көзделеді.

      8. Қордың атқарушы органы ерікті зейнетақы жарналарын тартуды:

      1) зейнетақы Қағидаларына ерікті зейнетақы жарналарын тарту барысында салымшылар (алушылар) мен Қордың арасындағы құқықтық қатынастардың ерекшеліктерін айқындайтын іс-шараларды енгізу;

      2) Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға жіберілген Қор қызметкерлерінің іс-әрекеттерін айқындайтын жан-жақты бизнес-процестерді әзірлеу;

      3) Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға жіберілген Қор қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарына халыққа Қордың және (немесе) басқа қаржы ұйымдарының қызметі туралы дәйексіз ақпарат бергені үшін олардың жауапкершілігі айқындалатын ережелерді енгізу;

      4) Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға жіберілген Қор қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне Қордың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен тұрақты тексерулер жүргізу;

      5) жеке және заңды тұлғалардың Қағидалардың 3-тармағында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға жіберілген Қор қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағымдарын қарау және оларды қанағаттандыру бойынша шаралар қабылдау жолымен бақылайды.

      9. Қордың атқарушы органының тарапынан ерікті зейнетақы жарналарын тартуға бақылау жасау нәтижелері Қордың басқару органына Қордың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жіберіледі.