Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 86 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 мамырда № 32605 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 26 мамырдағы
№ 86 Бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру қағидаларын, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ Байқау кеңесі мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 113 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10503 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру қағидаларында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесі мүшелерінің саны тақ болады және бір-бірімен және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның басшысымен жақын туыстық және жегжаттық қатынастарда болмайтын бес және одан да көп адамды құрайды.

      Байқау кеңесінің мүшелері шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жұмыскерлерінің штатына кірмейді.

      Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарындағы байқау кеңесі құрамының кемінде отыз пайызы байқау кеңесінің тәуелсіз мүшелері болып табылады.

      Байқау кеңесінің құрамына осы бұйрықпен бекітілген шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін білім беру және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның өкілі кіреді.

      Байқау кеңесінің төрағасы байқау кеңесі мүшелерінің арасынан байқау кеңесі мүшелерінің көпшілік дауысымен сайланады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Конкурс осы бұйрықта айқындалған талаптарға (бұдан әрі – Талаптар) сәйкес тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) өкілдері болып табылатын байқау кеңесінің мүшелерін қоспағанда, байқау кеңесінің мүшелерін іріктеу мақсатында өткізіледі.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Байқау кеңесі мүшесінің лауазымына орналасуға конкурс өткізу туралы хабарландыру мерзімді баспасөз басылымдарында (әкімшілік-аумақтық бірліктің тиісті аумағында таратылатын) жарияланады, сондай-ақ конкурс өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті саланың уәкілетті органының (жергілікті атқарушы органның) Интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылады.";

      9-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қазақ және орыс тілдеріндегі түйіндеме;".

      2. "Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 11 наурыздағы № 193 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10681 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін бағалау қағидаларында:

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Бағалау мынадай ақпараттың:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тиісті саланың уәкілетті органының немесе жергілікті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппаратының мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі қызметінің нәтижелері туралы есеп (бұдан әрі – есеп) негізінде жүзеге асырылады.

      Есепте бағалау өлшемшарттары бойынша көрсеткіштерді толтыру кезінде есепті жылы акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекеттік акциялар пакетін (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығы мен мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы органы не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараты ауысқан ұйымдар, сондай-ақ жаңадан құрылған ұйымдар ескерілмейді.

      Есепті жасауға арналған ақпарат көзі мыналар:

      ұйымдардың жылдық қаржылық есептілігі;

      мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ-ның (ЖШС-ның) бекітілген, түзетілген даму жоспарлары мен олардың орындалуы жөніндегі есептері;

      бюджетке салықтық емес түсімдер түскен кезде және мемлекет активтерін пайдалану кезінде ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы тұрғысынан мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тексеру нәтижелері;

      мемлекеттік заңды тұлғалардың балансында бекітілген мүлікке жүргізілген түгендеу, паспорттау және қайта бағалау нәтижелері;

      2) есепке қоса берілетін талдамалық жазба еркін нысанда жасалады және мынадай мәліметтерді қамтиды:

      жағымды тұстары мен кемшіліктері көрсетілген есеп көрсеткіштерін талдау;

      есепті жылы акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекеттік акциялар пакетін (жарғылық капиталына қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығы мен мемлекеттік заңды тұлғаларды басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы органы не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің аппараты ауысқан ұйымдардың атаулы тізбесі;

      төлемге қабілетсіз мемлекеттік кәсіпорындарды және мемлекет бақылайтын АҚ-ны (ЖШС-ні) қаржылық-экономикалық сауықтыру жөніндегі ұсыныстар;

      ұйымдарды басқару кезінде анықталған жүйелік кемшіліктер мен проблемалар;

      ұйымдарды басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар;

      3) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бюджетке салықтық емес түсімдер түскен кезде және мемлекет активтерін пайдалану кезінде ұйымдардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы тұрғысынан мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тексеру нәтижелері;

      4) мемлекеттік мүлік тізілімінің деректері;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы № 1546 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың басқару тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру қаулысымен сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындарды және заңды тұлғаларды басқару тиімділігі мониторингінің нәтижелері.";

      1-қосымша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің өзгерістер мен толықтыру енгізілетін кейбір бұйрықтарының осы тізбесіне қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      3. "Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 14 ақпандағы № 14 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18328 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы бойынша жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 51-1-тармақпен толықтырылсын:

      "51-1. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларын іске асырудың нәтижелілігі мен тиімділігін, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептің уақтылы ұсынылуына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдары қамтамасыз етеді.".

      4. "Елдің және өңірлердің бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін болжамдау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығында 2021 жылғы 22 қаңтардағы № 10 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22123 болып тіркелген):

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 23) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:".

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 26 мамырдағы
№ 86 бұйрығына
қосымша
  Мемлекеттік мүлікті
басқару тиімділігін
бағалау қағидаларына
1-қосымша

Өлшемшарттар мен көрсеткіштердің балдары

Р/с №

Өлшемшар/көрсеткіш атауы

Балл

1

2

3

1

Теріс қаржылық нәтижесі бар ұйымдар санының азаюы

Теріс қаржылық нәтижесі бар ұйымдардың болмауы

2

Болуы

0

Есепті жылдағы өзгерістер:


азаю жағына қарай

1

ұлғаю жағына қарай немесе өзгеріссіз

0

2

Мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) акцияларының (қатысу үлесінің) мемлекеттік пакетіне мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысы бөлігінің бюджетке түсімдерін және дивидендтерді (кірістерді) қамтамасыз ету

Таза табыстың тиісті бөлігін және мемлекеттік меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне (қатысу үлестеріне) дивидендтерді бюджетке уақтылы немесе толық аудармаған ұйымдардың болмауы

2

Болуы

0

3

Бекітілген нормативтер мен заттай нормаларды сақтау

3.1

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 69-бабының 2-тармағына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік органдардың аппаратын орналастыру үшін алаңдармен қамтамасыз етудің заттай нормаларының бұзылуы айқындалған мемлекеттік мекемелер саны.

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болмауы

2

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болуы

0

3.2

Бюджет кодексінің 69-бабының 2-тармағына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік органдарды қызметтік және кезекші автомобильдермен қамтамасыз етудің заттай нормаларының бұзылуы анықталған ұйымдар саны.

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болмауы

2

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болуы

0

3.3

Бюджет кодексінің 69-бабының 2-тармағына сәйкес бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекіткен мемлекеттік органдарды телефон байланысымен және офистік жиһазбен қамтамасыз етудің заттай нормаларының бұзылуы анықталған мемлекеттік мекемелер саны.

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болмауы

2

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болуы

0

3.4

"Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және олардағы мемлекеттік қатысу үлестерінің мөлшері қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін анықтауға мемлекетке мүмкіндік беретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді оңтайландыру мақсатымен олардың әкімшілік шығыстарының мониторингін жүргізу тетігін анықтау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 ақпандағы № 145 қаулысының (бұдан әрі – № 145 қаулы) 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бекітілген әкімшілік аппараттарды орналастыру алаңдары нормаларының бұзылуы анықталған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) саны

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болмауы

2

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексеруде бұзушылықтардың болуы

0

3.5

№ 145 қаулының 1-4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бекітілген арнаулы көлік құралдарының тиесілілік нормативтерінен асып кетуі анықталған мемлекеттік кәсіпорындардың саны

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болмауы

2

Есепті кезеңде мемлекеттік қаржылық бақылау органдары анықтаған тексерулерде бұзушылықтардың болуы


4

Мемлекеттік заңды тұлғалардың балансында бекітілген мүлікке түгендеу, паспорттау және қайта бағалау жүргізу

Балансында паспорттау жүргізу талап етілетін объектілері бар мемлекеттік заңды тұлғалардың болмауы

2

Болуы

0

5

Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) бекітілген, оның ішінде түзетілген даму жоспарлары мен олардың орындалуы бойынша есептерді мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсыну

5.1

Бекітілген, оның ішінде түзетілген даму жоспарларын мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсынбаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) саны

Бекітілген, оның ішінде түзетілген даму жоспарларын мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсынбаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) болмауы

1

Болуы

0

5.2

Даму жоспарларының орындалуы бойынша бекітілген есептерді мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсынбаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) саны

Даму жоспарларының орындалуы бойынша бекітілген есептерді мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсынбаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) болмауы

1

Болуы

0

6

Даму жоспарының көрсеткіштерін жоспарлау сапасы

Барлық мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) бекітілген даму жоспарларында ұйымның стратегиялық жоспарында (аумақтарды дамыту жоспарында) көрсетілген мемлекеттік органның стратегиялық бағыттары мен мақсаттарын орындау жөніндегі қызметін сипаттайтын, сандық бағалауға жататын түйінді көрсеткіштер айқындалған

2

Бекітілген даму жоспарларында ұйымның стратегиялық жоспарында (аумақтарды дамыту жоспарында) көрсетілген мемлекеттік органның стратегиялық бағыттары мен мақсаттарын орындау жөніндегі қызметін сипаттайтын, сандық бағалауға жататын түйінді көрсеткіштері айқындалмаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) болуы

0

7

Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС)-ның мемлекет қаражаты мен активтерін пайдалану тиімділігі

7.1

Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) қызметінің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуді бағалау

Барлық мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) даму жоспарында көрсетілген негізгі көрсеткіштерді орындады

2

Даму жоспарында көрсетілген негізгі көрсеткіштерді орындамаған мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) болуы

0

7.2

Мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) қаржылық жағдайының тұрақтылығын бағалау

Төлемге қабілетсіз мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет бақылайтын АҚ (ЖШС) болмауы

2

Төлемге қабілетсіз мемлекеттік кәсіпорындар мен АҚ (ЖШС) мемлекет бақылауындағы кәсіпорындардың болуы

0