"Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді құру, дамыту, пайдалану, сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 16 мамырдағы № 178/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 мамырда № 32505 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді құру, дамыту, пайдалану, сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 129 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13282 болып тіркелген) келесі өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді құру, дамыту, пайдалану, сатып алу қағидаларында:

      3-тармақ келесі мазмұнда 14-1) тармақшамен толықтырылсын:

      14-1) "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасының архитектурасы - "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасының құрылымдық және функционалдық ұйымдастырылуын, компоненттері мен элементтерінде іске асырылған іргелі тұжырымдары мен қасиеттерін, олардың бір-бірімен және ортамен, сондай-ақ олардың дамуын анықтайтын принциптерін сипаттау.";

      5-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "5. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту мемлекеттік инвестициялық жобаларды, сондай-ақ ұйымдардың қаражаты есебінен жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады.";

      келесі мазмұнда 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. "Электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын құруды, дамытуды, оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуді Оператор "электрондық үкіметтің" архитектурасына сәйкес жүзеге асырады.

      "Электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасының архитектурасы Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 12 тамыздағы № 193/НҚ бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19249 болып тіркелген) бекітілген "электрондық үкіметтің" архитектурасын қалыптастыру және іске асыру мониторингі Қағидаларына сәйкес сервистік интегратормен және уәкілетті органмен келісім бойынша оператор қалыптастыратын және бекітетін "электрондық үкімет" архитектурасының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.

      "Электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасы әзірлеу, тестілеу, тәжірибелік пайдалану орталарын қамтиды.

      "Электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасының "электрондық үкіметтің" және (немесе) ақпараттық – коммуникациялық қызметтердің ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту және орналастыру үшін техникалық және технологиялық талаптары жалпыға қолжетімді болып табылады және архитектура порталында орналастырылады.";

      13-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "13. "Электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасында "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін орналастыру үшін оператор өтінімді алған сәттен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, ұйымдарға "электрондық үкіметтің" технологиялық платформасын және/немесе ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын ұсыну бойынша қызмет көрсетеді.

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 135 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 13349 болып тіркелген) бекітілген ақпараттандыру объектілерінің Сыныптауышына сәйкес жатқызылған "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері:

      бірінші сыныпқа жатқызылатын "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасында немесе "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымында ғана орналастырылады;

      екінші және үшінші сыныпқа жатқызылатын, оларды "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасында немесе "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымында орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ұсынатын ұйымда орналастырылады.";

      20-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "20. Елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын іске асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдар Тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес енгізілген Тізілімнен тауар немесе ақпараттық-коммуникациялық қызмет түрінде бағдарламалық қамтылымды және электрондық өнеркәсіп өнімдерін сатып алуды жүзеге асырады.";

      21-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "21. Бюджет қаражаты есебінен бағдарламалық қамтылымды және электрондық өнеркәсіп өнімдерін, технологиялық платформаны және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ұсыну жөніндегі қызметтерді сатып алуға арналған шығыстарды жоспарлау мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ағымдағы шығындар шеңберінде жүзеге асырылады.";

      23-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "23. Мемлекеттік заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдар мұрагерлік, сыйға тарту нәтижесінде "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісіне құқықтарды иеленуі уәкілетті органның қорытындысы ескеріле отырып, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қорытындыны уәкілетті орган мынадай көрсеткіштер бойынша қалыптастырады:

      "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектісін өнеркәсіптік пайдалану кезеңі үшін көзделген іс-шараларды жүргізуге бюджеттің ықтимал шығындарын бағалау жүзеге асырылатын мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдаудың экономикалық орындылығы;

      сервистік интегратор оның шеңберінде "электрондық үкімет" архитектурасына, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, деректерді басқару саласындағы техникалық, құқықтық және өзге де талаптарға сәйкестігін бағалауды, оның ішінде ұсынылған техникалық тапсырма негізінде бағалауды жүзеге асыратын мүлікті мемлекеттік меншікке қабылдағаннан кейін тағайындау және пайдалану; сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің Тізіліміндегі ұқсас бағдарламалық қамтамасыз ету.";

      26, 27 және 28-тармақтар келесі мазмұнда жазылсын:

      "26. Бағдарламалық қамтылымды және электрондық өнеркәсіп өнімдерін ұсыну бойынша ақпараттық-коммуникациялық қызмет Тізілімнен сатып алынады.

      "27. Ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді сатып алу арқылы қызметті автоматтандыру ақпараттандырудың сервистік моделі болып танылады.

      Мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпараттандырудың сервистік моделіне көшудің басымдығын қамтамасыз етеді.

      Ақпараттық-коммуникациялық қызметтерге арналған шығыстарды жоспарлау ағымдағы шығындар шеңберінде және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 10007 болып тіркелген) бекітілген бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес қалыптастырылған бюджеттік өтінімдер негізінде жүзеге асырылады.

      28-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "28. Тізілімде қажетті ақпараттық-коммуникациялық қызмет болмаған кезде мемлекеттік органдар мен ұйымдар ақпараттық-коммуникациялық қызметті құруға арналған конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады, бұл ретте конкурстық құжаттама техникалық тапсырманы қамтиды.";

      29-тармақ алып тасталынсын;

      30-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "30. "Электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасында бағдарламалық қамтылымды құру, дамыту және орналастыру үшін оператор осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында белгіленген мерзімдерде уәкілетті органға және ұйымдарға технологиялық платформасын ұсыну жөніндегі қызметтерді және/немесе ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын ұсыну жөніндегі қызметтерді ұсынады.

      Осы Қағидалардың 25-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді ұсыну шеңберінде Оператор қажет болған кезде "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын толықтыруды және "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын дамыту үшін бағдарламалық қамтылымды құруды, дамытуды жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 25-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген оператор ұсынатын ақпараттық-коммуникациялық қызметтер тізбесі архитектура порталында орналастырылады.";

      31-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "31. Конкурс қорытындысы бойынша айқындалған өнім беруші шарт талаптарына сәйкес бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсыну қызметі түрінде бағдарламалық қамтамасыз етуді ұсынады.";

      37-тармақ келесі мазмұнда жазылсын:

      "37. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген сервистік бағдарламалық өнімдер тізілімді қалыптастыру және жүргізу қағидаларының нормаларын қолданбай Тізілімге енгізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Цифрлық трансформация департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің м.а.
А. Оразбек