"Сотпен әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың есебін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 12 қаңтардағы № 11 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 2 ақпандағы № 50 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 ақпанда № 31870 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Сотпен әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың есебін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2015 жылғы 12 қаңтардағы № 11 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10218 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 3-тармағының 7) тармақшасын, 4-тармағын іске асыру мақсатында "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 9-бабының 22) тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қоса беріліп отырған Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау қағидалары бекітілсін.";

      Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды есепке алуды жүргізу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) заңмен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтың көшірмесін құқықтық статистика және арнайы есепке алудың мүдделі субъектілеріне мәлімет үшін, сондай-ақ Комитеттің аумақтық органдарына орындау үшін жіберуді қамтамасыз етсін

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет төрағасына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
Б. Асылов

      КЕЛІСІЛДІ:

      Қазақстан Республикасының

      Сот әкімшілігі

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокуроры
2023 жылғы 2 ақпандағы
№ 50 бұйрығымен
бекітілген

Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алу мәліметтерін жүргізу, пайдалану және сақтау тәртібін айқындайды.

      2. Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке қою үшін азаматтық іс бойынша азаматты әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі негіз болып табылады.

      3. Аудандық және соларға теңестірілген соттар кеңселерінің меңгерушілері заң күшіне енген сот актілері бойынша сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға қатысты енгізілетін ақпараттың Қазақстан Республикасы сот органдарының Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесіне (бұдан әрі – БААТЖ) уақтылы енгізілуін, толықтығын және дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық органдарының бастықтары мәліметтердің "Арнайы есепке алу" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі – АЕ ААЖ) уақтылы, толық және дұрыс енгізілуін қамтамасыз етеді.

2-тарау. Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алуды жүргізудің тәртібі

      5. Комитеттің аумақтық органдары сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алуды "Әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамға арналған карточка" (бұдан әрі – карточка) ақпараттық есепке алу құжатының негізінде осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша жүргізеді.

      6. Карточка Комитеттің аумақтық органдарына он күн сайын БААТЖ арқылы келіп түсетін соттардың шешімдерінің графикалық көшірмелерін, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелерін қоса тіркей отырып, АЕ ААЖ-ға енгізіледі.

      7. Адамды әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп есепке қою кезінде Комитеттің аумақтық органдары осы адамға және іздестіру есептері арнайы есепке алу бойынша тексеру жүргізеді.

      Адамды әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танудың қайталанған дерегі анықталған жағдайда, Комитеттің аумақтық органы бір жұмыс күні ішінде тиісті шаралар қабылдау үшін заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурорға, іздестіру есебіндегі адам анықталған жағдайда, іздестіру бастамашысына ақпарат жолдайды.

      8. Әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдарға қатысты АЕ ААЖ-ға енгізілген деректерге түзету енгізу қажет болғанда, соттар Комитеттің аумақтық органдарына өзгерістер енгізудің қажеттілігін көрсетіп, растайтын құжаттардың:

      1) сот шешімінің;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың;

      3) қайтыс болу туралы куәлік немесе азаматтық хал актісінің жазбасы;

      4) медициналық қорытындының көшірмелерін (бұдан әрі – растайтын құжаттар) қоса бере отырып, хабарлама жолдайды.

      9. Есептен шығаруды Комитет растайтын құжаттарды ұсыну арқылы АЕ ААЖ-дағы "есепте тұр" деген мәртебені "есептен шығарылған" деген мәртебеге ауыстыру жолымен Комитеттің аумақтық органы хатының негізінде жүзеге асырады.

      10. Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды есептен шығаруға мыналар негіз болып табылады:

      1) әрекетке қабілеттілігінің толық қалпына келуі туралы сот шешімі;

      2) адамды әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы шешімді жою жөніндегі сот шешімі;

      3) сот шешімімен әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамның өлімі;

      4) азаматтықты ауыстыру.

      11. Комитеттің аумақтық органдары тоқсан сайын 5-күні адамның әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деген мәртебесін анықтау үшін, Құқық қорғау және арнаулы органдардың ақпараттық алмасу жүйесінің мәліметтеріне мониторинг жүргізеді.

      "Қайтыс болған" деген мәртебесі бар адамдар анықталған жағдайда, жеке басын, тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), туған жылын және жерін, жеке сәйкестендіру нөмірін куәландыратын құжаттың деректерін көрсету арқылы олар туралы мәліметтер "қайтыс болған" деген мәртебені растау үшін (өлім туралы куәлік немесе азаматтық хал актісінің жазбасы) аумақтық тиесілігіне қарай жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.

      12. Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарға қатысты деректерді АЕ ААЖ-ға енгізгеннен немесе түзету жасағаннан кейін, Комитеттің аумақтық органы үш жұмыс күнінен кешіктірмей есепке қойылған адамдардың және деректері түзетілген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған жылы көрсетілген тізімді Комитетке жолдайды.

      13. Тоқсан сайын 30-күні Комитеттің аумақтық органдары АЕ ААЖ-дағы арнайы есепке алу мәліметтерін азаматтық-құқықтық саладағы сот есептерінің көрсеткіштерімен салыстырып тексеру жүргізеді.

3-тарау. Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдарды арнайы есепке алу мәліметтерін пайдалану және сақтау тәртібі

      14. Адамды әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы сот шешімінің қайталап шығарылуын болдырмау мақсатында, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 323-бабының тәртібінде өтініш келіп түскенде Комитеттің аумақтық органы соттың талабы бойынша арнайы есепке алу бойынша тексеру жүргізеді және бес жұмыс күнінің ішінде адамды әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы ақпараттың бар немесе жоқ екені туралы мәліметті ұсынады.

      Әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп арнайы есепке алынған адамға қатысты талап келіп түскен жағдайда, Комитеттің аумақтық органдары азаматтық істің нөмірі және шешім шығарған сот туралы мәліметтерді соттарға хабарлайды.

      15. Сот әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адамдар туралы арнайы есепке алу мәліметтерін пайдалану және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 27 ақпандағы № 29 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16667 болып тіркелген) бекітілген Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған, қылмыстық жауаптылыққа тартылған және тартылатын адамдарды арнайы есепке алуды жүргізу, пайдалану және сақтау және күзетпен ұсталатын және сотталған адамдардың дактилоскопиялық есебін жүргізу қағидаларымен регламенттеледі.

  Сот әрекетке қабілетсіз
және әрекетке қабілеттілігі
шектеулі деп таныған
адамдарды арнайы есепке алуды
жүргізу, пайдалану және сақтау
қағидаларына
қосымша

      нысан

Әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамға арналған карточка

      1. Тегі _____________________________________________________________

      2. Аты _____________________________________________________________

      3. Әкесінің аты ______________________________________________________
(ол болған жағдайда)

      4. Туған күні: 20__жылғы "___"______

      5. Туған жері ________________________________________________________

      6.__________________________________________________________________

      шешімнің негізінде _____ жылғы "___"______ әрекетке қабілетсіз (1), әрекетке

      қабілеттілігі шектеулі (2) деп танылған

      7. Арыз бойынша: отбасы мүшелерiнiң (1), туыстарының (2), прокурордың (3),

      қорғаншылар мен қамқоршылар органдарының (4), емдеу мекемесiнің (5)

      8.__________________________________________________________________
ҚР БП ҚСжАЕК аумақтық органының атауы

      ____________________________________________________________________
(қызметкерінің Т.А.Ә) карточканы енгізді.

      (өлшем 140х95)