Мәслихаттың 2015 жылғы 23 шілдедегі № 333 "Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қостанай облысы Амангелді ауданы мәслихатының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 136 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 26 қыркүйекте № 29801 болып тіркелді

      Амангелді аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Мәслихаттың "Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу туралы" 2015 жылғы 23 шілдедегі № 333 шешіміне (Нормативтік құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тізілімінде № 5802 болып тiркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы";

      көрсетілген шешімнің 1-тармағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудың тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.";

      көрсетілген шешімнің 2-тармағы алынып тасталсын;

      осы шешімнің қосымшасына сәйкес қосымшамен толықтырылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Амангелді аудандық мәслихатының хатшысы К. Кеделбаев

  Амангелді аудандық мәслихатының
  2022 жылғы 26 қыркүйектегі
  № 136 шешіміне
  қосымша

Амангелді ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері

      1. Осы Амангелді ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік – еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) бекітілген "Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі - шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алуды (бұдан әрі - оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу) мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орынының анықтамасы негізінде "Амангелді ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.

      3. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.

      4. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысында белгіленген мерзім аяқталғанға дейін өтініш берген айдан бастап жүргізіледі.

      5. Шығындарын өндіріп алуды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар туындағанда (мүгедектігі бар балалардың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы) төлемдер тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу үшін қажетті құжаттар тізбесі шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес ұсынылады, бұл ретте жеке басын сәйкестендіру үшін қандастар мен жеке басын куәландыратын құжаттың орнына қандас куәлігі ұсынылады.

      7. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері әр мүгедектігі бар балаға ай сайын сегіз айлық есептік көрсеткішке тең.

      8. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудан бас тарту негіздері шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.