"Ұлттық мәдени игiлiк объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 112 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 369 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 21 желтоқсанда № 31201 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ұлттық мәдени игiлiк объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 112 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10967 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 21-1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ұлттық мәдени игiлiк объектiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзу қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Мемлекеттік тізілімді жүргізу тәртібі және шарттары";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік тізілімді қазақ және орыс тілдерінде, қағаз және электронды нұсқада, осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша мәдениет саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүргізеді.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының сұрауы, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша уәкілетті орган Мемлекеттік тізілімге енген немесе шығарылған ҰМИО туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіпте және мерзімде ұсынады.".

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
міндетін атқарушы
С. Жарасбаев