"Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 18 қарашадағы № 145 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 18 қарашада № 30607 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы";

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында:

      жоғарғы оң жақ бұрыш мынадай редакцияда жазылсын:

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 30 қазандағы
№ 595 бұйрығымен
бекітілген";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) 5-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. ЖЖОКБҰ өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Білім туралы", "Ғылым туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына, білім беру және ғылыми қызметті реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Қағидалар мен Жарғыға сәйкес жүзеге асырады.

      Әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) өз қызметін "Білім туралы" Заңның 5-1-бабына сәйкес бекітілетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. ЖЖОКБҰ осы Қағидалардың нормаларына сәйкес білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидаларын әзірлейді, бекітеді және сақталуын қамтамасыз етеді.

      Білім алушыны бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне, бір ЖЖОКБҰ-дан екіншісіне ауыстыру және қайта қабылдау жазғы және қысқы демалыс кезеңінде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, соғыс уақытында, сондай-ақ, оқу еліндегі қарулы, әскери қақтығыстар жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды шетелдік ЖЖОКБҰ-дан ауыстыру және қайта қабылдау оқу жылы ішінде жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушы қайта қабылдау кезінде оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады немесе қайта қабылданады.

      Уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған кезінде, осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушылары уәкілетті орган лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.

      Білім беру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияға қосымша ерікті түрде тоқтатылған немесе ЖЖОКБҰ таратылған кезінде, осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушылары лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтату немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату туралы ЖЖОКБҰ ерікті түрде қайтарған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.

      Аккредиттеу тоқтатыла тұрған, қайтарып алынған немесе қолданылу мерзімі өткен кезінде, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушысы аккредиттеуді тоқтата тұру, қайтарып алу немесе қолданылу мерзімінің өтуі туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.

      ЖЖОКБҰ-ның білім алушысы жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаса, оқудан шығарылғаннан кейін ауыстырылады немесе қайта қабылданады.

      Білім алушыны ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру "Білім туралы" Заңның 4-бабының 5) тармақшасына сәйкес бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып, басқа ЖЖОКБҰ-ға ауысады.

      Білім алушының ауысуы кезінде қабылдайтын ЖЖОКБҰ даярлау бағытын, білім беру бағдарламасының бейінін, оқу жетістіктерін, сондай-ақ білім алушының академиялық адалдықты бұзу жағдайларын ескереді.

      Білім алушының ауысуы немесе қайта қабылдануы кезінде оқыту нәтижелерін қайта есептеу үшін ЖЖОКБҰ тиісті комиссия құрады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы бар, сондай-ақ білім беру саласы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының тізіліміне және (немесе) қауымдастығына енгізілген ұлттық және (немесе) шетелдік аккредиттеу органдарының халықаралық мамандандырылған аккредиттеуі бар ЖЖОКБҰ-да жүзеге асырылады.

      Уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, кері қайтарып алу және одан айыру, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны ерікті түрде тоқтатқан немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату, аккредиттеудің қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе мерзімі өткен кезінде білім алушылар осы ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылмайды.

      Жекелеген ЖЖОКБҰ-лар үшін бекітілген білім беру гранты бойынша, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен студенттер басқа ЖЖОКБҰ-ға ақылы негізде ғана ауысады.

      Студенттерді, магистранттарды, резидентура тыңдаушыларын басқа ЖЖОКБҰ-дан ұлттық ЖЖОКБҰ-ға немесе өзге де ЖЖОКБҰ-ға ауыстыру білім алушылардың білім беру грантының құнындағы айырмашылықты қосымша төлеу шартымен жүзеге асырылады.

      Білім алушының шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының тобынан басқа білім беру бағдарламаларының тобына ауысуы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17650 болып тіркелген) бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) белгіленген өту балынан төмен емес балы бар ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты болған жағдайда жүзеге асырылады.

      Білім алушыны жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының басқа топтарынан педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына ауыстыру Үлгілік қағидаларға сәйкес балы белгіленген шекті балдан төмен емес ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты болған кезде жүзеге асырылады.

      Шетелдік ЖЖОКБҰ-лардан білім алушылардың ауысуы білім берудің тиісті деңгейі, білім беру саласы және қабылдау жылы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналасқан және (немесе) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің білім беру саласы бойынша аккредиттеу органдарының тізіліміне және (немесе) қауымдастықтарына кірген ұлттық және (немесе) шетелдік аккредиттеу органдарының халықаралық мамандандырылған аккредиттеуі бар ЖЖОКБҰ-да жүзеге асырылады.

      ЖЖОКБҰ білім алушыларды ауыстырған, оқудан шығарған, қабылдаған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде білім беру саласындағы уәкілетті органның білім берудің бірыңғай ақпараттық білім беру жүйесіне тиісті өзгерістер енгізеді.

      ӘАОО-ларда білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидалары "Білім туралы" Заңның 5-1-бабының 12) тармақшасына сәйкес бекітіледі.

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, кері қайтарып алу және одан айыру, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны ерікті түрде тоқтату немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату, аккредиттеуді тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе оның қолданылу мерзімі аяқталуы туралы шешім қабылдаған кезінде білім алушыларды міндетті түрде хабардар ете отырып ЖЖОКБҰ ресми сайтында тиісті ақпаратты орналастырады.

      Бұл ретте ақпарат ЖЖОКБҰ ресми веб-ресурсының басты бетінде орналастырылады. Ақпарат сайт (header) (хэдер) тақырыбының үстінде, қаріп өлшемі кемінде 20 пиксель (px), шрифт - қалың, жаңалықтар блогында (негізгі бетте бар болса) орналастырылады. Ақпарат тізімнің бірінші орнында жарияланады және жаңа жаңалықтар қосылғанда төмен жылжымайды.";

      62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "62. Сот төрелігі академиясын және ӘАОО-ны қоспағанда, ЖЖОКБҰ-да тиісті жағдай жасау үшін қажетті материалдық активтердің (дәрісханалық және зертханалық базалардың, оқу кабинеттерінің, өндірістік шеберханалардың, полигондардың, спорт залдарының), ғимараттардың (оқу корпустарының): меншікті не шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару, немесе мемлекеттік органдардың немесе квазимемлекеттік ұйымдардың қатысуымен ЖЖОКБҰ үшін кемінде 5% сенімгерлік басқару құқығында тиесілі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23890 болып тіркелген) бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық қағидалар мен нормаларға сәйкес келетін оқу үй-жайлары мен ауданының болуы, сондай-ақ ЖЖОКБҰ-ның, ғимараттарында және (немесе) іргелес аумақтарында бейнебақылаудың бар болуы ЖЖОКБҰ қызметінің міндетті шарты болып табылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек