"Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-1

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 25 тамыздағы № ҚР ДСМ-89 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 26 тамызда № 29291 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 23.11.2022 бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы "Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-105 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10943 тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Ықтимал қауіпті химиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған "Ықтимал қауіпті химиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2022 жылғы 23 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2022 жылғы 25 тамыздағы
№ ҚР ДСМ-89 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2021 жылғы 15 қазандағы
№ ҚР ДСМ-105 бұйрығымен
бекітілген

"Ықтимал қауіпті химиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Ықтимал қауіпті химиялық заттарды пайдаланатын зертханаларға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және объекті құрылысына жер учаскесін таңдауға, жобалауға, пайдалануға, реконструкциялауға, жөндеуге, сумен жабдықтауға, суды бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауа баптауға және санитариялық-гигиеналық, радиологиялық зертханаларда жұмыс істеу жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.

      2. Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:

      1) авариялық жағдай (бұдан әрі – авария) – ықтимал қауіпті химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде зертханада пайда болатын, өндірістік аймақтың ауасына, қоршаған ортаға химиялық заттардың бөлінуінің немесе персоналға жұқтырудың нақты немесе ықтимал мүмкіндігін тудыратын жағдай;

      2) виварий – эксперименттер үшін пайдаланылатын зертханалық жануарлардың алуан түрлері ұсталатын ұйымның бөлімшесі;

      3) дезактивация – қандай да бір беттен немесе қандай да бір ортадан радиоактивті ластануды жою немесе азайту;

      4) демеркуризация – сынапты төгіп алған жағдайда оны жинау жөніндегі іс-шаралар кешені;

      5) зертхана – органолептикалық, санитариялық-гигиеналық, химиялық, токсикологиялық, радиологиялық зерттеулерді, физикалық факторларды дизиметриялық өлшеулерді орындайтын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;

      6) от қауіпті заттар – тұтанудың сыртқы көзінен жанатын, тез тұтанатын заттар мен жанғыш сұйықтықтар;

      7) периметр – қоршайтын құрылыс конструкцияларымен (тосқауылдармен) және бақылау-өткізу пункттерімен жабдықталған күзетілетін аумақтың (аймақтың) шекарасы;

      8) санитариялық-гигиеналық зертхана – санитариялық-гигиеналық, токсикологиялық, химиялық зерттеулер, физикалық факторларды өлшеу, басқа да зерттеулер мен сынақтар жүргізетін зертхана;

      9) талдау залы – санитариялық-гигиеналық, радиологиялық зерттеулер жүргізілетін зертхана үй-жайы.

2-тарау. Объектінің құрылысына жер учаскесін таңдауға, зертханаларды жобалауға, пайдалануға, реконструкциялауға, жөндеуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

      3. Объектілер құрылысына жер учаскесін таңдау кезінде:

      1) бұрын мал қорымына және уытты қалдықтарды көму орындарына пайдаланылған;

      2) күйдіргі бойынша сатационарлық қолайсыз елді мекендердің жер учаскелері пайдаланылмайды.

      4. Объектілердің құрылысына жер учаскесін таңдау кезінде "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 23-16) тармақшаларына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарымен (бұдан әрі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер) айқындалады.

      5. Зертханалардың ғимаратын жобалау кезінде дербес жер учаскелерінде немесе құрамына кіретін ұйымның жер учаскесінде орналасады.

      6. Жобалау кезінде зертханаларды дербес ғимаратта, жеке кіретін есігі бар жапсарлас салынған өндірістік үй-жайларда, өндірістік ғимараттардың, жеке кіретін есігі бар бейінді ұйымдардың жеке қабаттарында пайдалануға рұқсат беріледі.

      7. Объектілерді жобалау кезінде үй-жайлардың жиынтығы мен ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына және осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жобалауға тапсырмамен анықталады.

      8. Сыртқы қоршауда жабылмайтын есіктің, қақпаның, қақпалы есіктің, сондай-ақ ойылған жерлер, бұзылулар болмайды.

      9. Аумақ қоршауының периметрі бойынша жарық орнатылады.

      10. Зертханалардың бірінші қабатындағы терезе ойықтарының, витриналарының беріктігі мынадай параметрлерге балама болады:

      1) қарапайым әйнектелген, қалыңдығы кемінде 1 миллиметр (бұдан әрі – мм) болат табақтан жасалған рольставнялармен қосымша қорғалған терезелер;

      2) қарапайым әйнектелген, металл торлармен (жылжымалы, айқара ашылатын) немесе тиісінше берік жалюздермен қосымша қорғалған терезелер;

      3) қорғаныш әйнектелген, бір соққыға төзімді, 9,5 метр (бұдан әрі – м) және одан да жоғары биіктіктен лақтырылған салмағы 4 килограмм болат шардың 3 соққысына төзімді, арнайы конструкциядағы терезелер;

      4) күзет сигнализациясының датчиктерімен қосымша қорғалған қарапайым әйнектелген терезелер.

      11. Зертханалар үй-жайларында конструкциялық сәулет-жоспарлау орындалуы және кіруден қорғауды бірігіп қамтамасыз ететін техникалық қауіпсіздік жүйелерімен жарақтау болады.

      12. Улы заттармен жұмыстар бөлек үй-жайларда (бөлмелерде) немесе бөлек сору шкафында жүргізіледі.

      13. Бөлмелердің есіктері, терезелері саңылаусыз тығыз жабылады. Желдеткіштер жәндіктерден тормен қорғалады.

      14. Тіркеу орны мен сынамаларды қабылдауға арналған үй-жай зертханаға кіреберісте орналасады.

      15. Зертханалық үй-жайлардың едені, қабырғасы, төбесінің беті тегіс, саңылаусыз, жеңіл өңделетін, дезинфекциялау және химиялық бейтараптандыру жуу құралдарының әсеріне төзімді болады, едені тайғақ болмайды.

      16. Санитариялық-гигиеналық зертханада еден қышқылға төзімді материалмен жабылады.

      17. Радиологиялық зертхананың едені, төбесі және қабырғасы жуу құралдарына төзімді, нашар сіңіретін материалмен жабылады.

      18. От және жарылыс қаупі бар заттармен жұмыс жүргізілетін үй-жайларда екі шығатын есік көзделеді.

      Жұмыс үстелдері тотығуға төзімді, жанбайтын материалмен қапталады, қышқылдармен және сілтілермен жұмыс істеу үшін ернеу құрылғысы болады.

      19. Зертханаларды реконструкциялау және жөндеу кезінде жоғарыда көрсетілген талаптар сақталады.

3-тарау. Зертханалардағы сумен жабдықтауға, суды бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауасын баптауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

      20. Зертханаларда ауыз сумен және (немесе) шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау жарамды күйде көзделеді.

      21. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда ішкі су құбыры және суды бұру құрылғысы бар ауыз су мақсатындағы жергілікті көздердің суын пайдалануға рұқсат беріледі.

      22. Барлық талдау залдарында айна, қол жууға арналған раковина (қол жуғыштар) орналастырылады.

      23. Зертханада персоналдың қолын жууға арналған раковина және араластырғыш арқылы ыстық және салқын су келтірілген ыдыстар мен мүкаммалды жууға арналған раковиналар немесе ванналар жабдықталады.

      24. Зертханаларды кәрізденбеген және ішінара кәрізденген жерлерде орналастыру кезінде жергілікті кәріз құрылғысы (шұңқырлар, септиктер) көзделеді. Ағынды суларды қабылдау уақтылы тазаланып отыратын объекті аумағының шаруашылық аймағында орналасқан қақпақтармен, гидравликалық бекітпелермен (сифондармен) жабдықталған ортақ немесе бөлек жерасты су өткізбейтін сыйымдылықта жүзеге асырылады.

      25. Жылу берудің орталықтандырылған көзі болмаған жағдайда сұйық, қатты, газ тәрізді отындармен жұмыс істейтін дербес қазандық көзделеді.

      26. Үй-жайларды табиғи және жасанды жарықтандыру сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік стандарттарға сәйкес анықталады.

      Жұмыс үй-жайлары дезактиватор, химиялық заттарға төзімді материалдан жасалған жарық қорғау құрылғыларын пайдалану арқылы күн сәулесінің түсуінен жұмыс үстелдерін және оптиканы қорғау қамтамасыз етіледі.

      27. Қойма үй-жайларында табиғи жарық көзделмейді.

      28. Зертхана ішке жасанды іске қосылатын ішке сору-сыртқа тарту желдеткішімен және ішке сору шкафтарынан ауаны соруға арналған бөлек (дербес) желдету құрылғыларымен жабдықталады. Аудандық деңгейдегі зертханалар үшін механикалық іске қосылатын желдеткішке рұқсат беріледі.

      29. Зиянды және жанғыш булар мен газдар бөлетін заттармен жұмыстар жүргізілетін ішке сору шкафтары жоғарғы және төменгі сорғыштармен және сұйықтықтың еденге ағып кетуін болдырмайтын ернеулермен жабдықталады.

      30. Ішке сору құрылғылары ішке сору шкафының ашық қайырма жақтауларында (есіктерінде) ауаны сору жылдамдығын "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 94-бабының 2-тармағына және 95-бабына сәйкес гигиеналық нормативтерге, санитариялық қағидалардың белгіленген талаптарына (бұдан әрі – нормалау құжаттар) сәйкес қамтамасыз етеді.

      31. Ішке сору шкафтарының желдетуінің ажыратқыштары оларға жақын орналасады, ішке сору шкафтарында орнатылған аспаптарды қосатын розеткалар сыртқы панелінде; газ шүмектері алдыңғы ернеуінде; штепсельдік розеткалары ішке сору шкафынан тыс жұмыс үстелінің бүйірінде орналасады.

      32. Ішке сору шкафтарының жақтаулары (есіктері) жұмыс кезінде төменгі жағында кішігірім саңылаумен жабылады. Көтеріңкі жақтаулары олардың құлап кетуін болдырмайтындай құрылғылармен мықтап бекітіледі.

      33. Зертханаларда нормалау құжаттарында белгіленген талаптарына сәйкес оңтайлы микроклиматтық жағдайлар (температура, ауаның жылдамдығы және ауаның салыстырмалы ылғалдылығы) жасалады.

      34. Ғимараттарда жазғы кезеңде ауа баптағыштар орнатылады. Ауа баптағыштардың сүзгілеуші элементтері механикалық бөлшектерден тазартылып тұрады (үш айда 1 реттен сиретпей) және дезинфекцияланады.

4-тарау. Санитариялық-гигиеналық зертхананың жұмыс жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

      35. Зертхананың әрбір үй-жайында осы үй-жайда пайдаланылатын барлық заттар материалдарының қауіпсіздік паспорттары болуы міндетті. Материалдардың қауіпсіздік паспорттары бар папка қол жетімді жерде орналастырылады.

      36. Жұмыстың басында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12665 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген "Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" сәйкес қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама жүргізіледі.

      37. Зертханаларда нормалау құжаттарында көрсетілген зерттеулердің сапасын бақылау жүйесінің талаптары орындалады.

      38. Зертхана үй-жайларында:

      1) арнайы киімсіз жұмыс жүргізілмейді;

      2) желдеткіш бұзылған кезінде жұмыс жүргізілмейді;

      3) реактивтерді заттаңбасыз сақтауға және қолдану жүргізілмейді;

      4) улы, от-жарылыс қаупі бар заттар мен ерітінділер қорын жұмыс орындарында және стеллаждарда сақтау жүзеге асырылмайды.

      39. Баллондарда қысыммен тұрған газ тәрізді заттармен жұмыс істеу кезінде:

      1) баллонның вентилін тез ашу жүргізілмейді;

      2) оттегі бар баллон үшін "Оттегі" деген жазуы жоқ редукторды қолдану жүргізілмейді;

      3) оларды жұмыс үй-жайында сақтау жүзеге асырылмайды.

      40. Жұмыс уақытында ішке сору шкафтарының жақтаулары (есіктері) жабық болады, көтеріңкі жақтаулары құрылғылармен мықтап бекітіледі.

      41. Тез тұтанатын сұйықтықтарды 100 оС-қа дейін жылыту сулы моншаларда, 100 оС-тан жоғары – майлы моншаларда жүргізіледі. Тез тұтанатын сұйықтығы бар колбаны алдын ала біртіндеп жылытусыз ыстық суға салу жүзеге асырылмайды.

      42. Шыны аспаптармен жұмыс істеу кезінде:

      1) қыздырылған түтікшені салқындатылғаннан кейін берік кептелген тығынмен жабу;

      2) шыны түтіктерді немесе термометрді тесілген тығынға қойған кезде соңғысын алақанмен тіремей, бүйір жақтарынан ұстау керек;

      3) шыны аспаптарды жинау немесе оның жекелеген бөліктерін каучуктың көмегімен қосу кезінде – қолды сүлгімен қорғау, шыны түтіктер сынған кезде түтікшені кесілген жердің маңында ұстау керек.

      43. Шыны аспаптар қызып кететін немесе сынатын жұмыстарды жүргізген кезде ішке соратын шкафтарда көзілдірік, қолғап және резеңке алжапқыш киіп орындайды.

      44. Спирт, бензол, ацетон, бром, йод құйылған түтікшелер берік кептелген шыны тығындармен, сілті құйылғандары бұрандалы қақпақтармен жабылады.

      45. Сұйықтықтарды ауыстырып құю кезінде (құрамында инфекциялық аурулардың қоздырғыштары бар сұйықтықтардан басқа) құйғыш қолданылады.

      46. Зертхана қызметкерлері зерттеулердің түрі мен орындалатын номенклатурасына сәйкес арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі.

      47. Зертханаларда арнайы (зақымдалмаған) химиялық ыдыс пайдаланылады. Химиялық ыдыс таза және құрғақ күйінде пайдаланылады. Суда ерімейтін органикалық заттар ыдыстан органикалық еріткіштермен тазартылады.

      Ыдыстарды химиялық әдістермен тазарту үшін хромдық қоспа, қышқылы және сілтілердің ерітінділері қолданылады. Ыдыстар мұқият тазартылғаннан және жуылғаннан кейін кептіргіш шкафта кептіріледі.

      48. Шыны материалдардан жасалған аспаптарды жинау бойынша жұмыстарды жүргізу кезінде мыналар сақталады:

      1) диаметрі үлкен емес шыны түтіктер шыны кесуге арналған арамен кескеннен кейін сындырылады;

      2) жинауды жеңілдету үшін шыны түтіктердің ұштары балқытылады және сумен немесе глицеринмен ылғалдандырылады;

      3) шыны ыдыстармен жұмыс істеу барысында жарақат алғанда (кесіп алғанда) жарадан шыны сынықтары алынады, түскен химиялық зат бейтараптандырылады немесе теріден тиісті ертіндімен немесе суға батырылған тампонмен алынады.

      49. Жабдықта жұмыс істеген кезде мынадай талаптар сақталады:

      1) табаны жайпақ колбалар вакуум астындағы жұмыс үшін, сондай-ақ плюс 100 градус Цельсийден (бұдан әрі – оС) жоғары температурада қолданылмайды;

      2) вакуум астында сорып алу үшін қалың шыныдан жасалған колбалар пайдаланылады. Шар түріндегі емес, жұқа қабырғалы түтікшелер вакуумның астына қойылмайды. Вакуумның астында жұмыс істеуге арналған түтікшелер алдын ала ең көп сұйылтылуға сыналады. Сынақ жүргізу алдында түтікшені темір тормен орайды;

      3) жинақталған аспаптар олардың жарамдылығы алдын ала тексерілмей пайдаланылмайды, жұмыс істеп тұрған аспап қараусыз қалдырылмайды;

      4) жұқа қабырғалы түтікшені тығынмен жапқан кезде тығынға жақын болатын мойнының жоғарғы бөлігінен ұстайды. Ысыған түтікше кептелген тығынмен салқындағанға дейін жабылмайды;

      5) қайнау температурасы плюс 150 ⁰С-тан жоғары заттарды айдау барысында ауамен салқындатылатын тоңазытқыш қолданылады;

      6) көгерткіш қышқылмен және оның тұздарымен, диметилсульфатпен, алмаспен, фосгенмен, хлормен, броммен, азот тотығымен, диазометанмен, күкірт сутегімен, концентрацияланған қышқылдармен және сілтілермен, сондай-ақ химиялық белсенді заттармен жүргізілетін жұмыс резеңке қолғапты және егер қажет болса шаңтұтқышты (газтұтқыш), арнайы киім және жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып, ішке сору шкафында орындалады;

      7) натрий азидімен, металлды калиймен және натриймен жұмыс істеу кезінде сумен жанаспау керек;

      8) металлды натриймен немесе калиймен реакциялар ауа немесе майлы моншаларды пайдалана отырып жүргізіледі. Ерітілмеген майлы қатардағы галоидті қосылыстарды диметилсульфоксидпен, металлды натриймен және металлды калиймен қосылмайды;

      9) реакциялық қоспаны қайнатуға дейін қыздырған кезде табаны дөңгелек термотұрақты колбалар, сұйықтықтарды айдау үшін арнайы табаны дөңгелек колбалар қолданылады;

      10) сұйықтықты түтікте немесе колбада қыздыру кезінде түтікшені арнайы ұстағышпен, оның саңылауы жұмыс істейтін адамнан басқа жаққа бағытталатындай етіп ұстайды;

      11) сумен салқындатылатын тоңазытқышпен жұмыс кезінде судағы токтың үздіксіздігі бақыланады;

      12) тотықтарды кетіру темір сульфатының сулы ерітіндісімен сілкілеу арқылы жүргізіледі;

      13) эфирді, эфирлі ерітінділерді және басқа тез тұтанатын заттарды төгу ішке сору шкафында арнайы шыны сауытта жүргізіледі, одан әрі бөлек ыдысқа құйылады.

      Олар су құбыры раковиналарына немесе су ағызатын құйғыштарға құйылмайды.

      50. Еріткіштерді айыру (эфир, спирт, бензол, толуол) кейіннен майлы вакуум-сорғыны пайдалана отырып, алдын ала су ағысы бар сорғыда жүргізіледі. Вакуум-сорғыны қосу алдында колбаның ішіндегі салқындатылады. Айырғыш колбаны вакуум-қондырғыда қыздыру аспапта сұйылтуға қол жеткізілгеннен кейін жүргізіледі.

      51. Газды оттықтың ашық жалынында айыру кезінде колба табанының бетін қыздыру біркелкі жүргізіледі.

      Вакуум-қондырғыда айырудан және колбаны салқындатудан кейін манометрдің шүмегі жабылады, сорғы жүйеден ажыратылады және мотор сөндіріледі.

      52. Улы заттармен (органикалық және минералды қышқылдар, оттегі, азот, құрамында галоид бар қосындылар, күшән, фосфор және улы металлдар мен металл еместер қосындылары) жұмысты сақтық шараларын сақтай отырып, оқытылған персонал жүргізеді.

      53. Прекурсорлармен жұмыс "Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткіні, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын медициналық мақсаттарда пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 32 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10404 болып тіркелген) талаптарына сәйкес жүргізіледі.

      54. Зертханада пайдаланылатын улы заттарды зертханада шкафтағы арнайы бөлінген орында немесе құлпы мен пломба салынатын темір жәшікте сақтайды. Ішінде улы заттар бар түтікшелердің "У" деген және заттың атауы жазылған айқын және ашық түсті затбелгісі болады.

      55. Ішінде от және жарылыс қауіпті заттар және улы заттар бар сыйымдылықтар жұмыс үй-жайларында жұмыс күні ішінде жұмысқа қажетті дозаларда сақталады.

      56. Улы заттармен жұмыс істеу кезінде сифон немесе резеңке үрімшесі бар арнайы тамшуырлар пайдаланылады.

      Қатты улы заттар жабық үккіште ұнтақталады және тартумен ыдыста өлшенеді. Жұмыс шаңтұтқышпен жүргізіледі.

      57. Улы заттарды табаны дөңгелек колбаларда майлы, құмды, сулы моншаларда спиралы жабық электрлі пештерде қыздыруға рұқсат беріледі. Ашық от қолданылмайды.

      58. Еденге немесе үстелге төгілген улы сұйықтық дезактивацияланады.

      Улы заттармен жұмыс кезінде пайдаланылған сүзгілер және қағаз бөлек ыдысқа жиналады және газ пештерінде немесе камераларында өртеледі.

      59. Улы газдармен жұмыс аяқталғаннан кейін аспаптар инертті газбен үрлеу немесе сумен толтыру арқылы зарарсыздандырылады.

      60. Тез тұтанатын жанғыш сұйықтықтар (қайнау температурасы төмендерді қоспағанда) сыйымдылығы 2 литрден аспайтын қабырғасы қалың шыны сауыттарда немесе берік кептелген тығындары бар банкілерде сақталады. Сыйымдылығы үлкен болған кезде ыдыс тұмшаланған металл сауыттармен жабдықталады.

      61. Ішінде тез тұтанатын жанғыш заттар бар банкілер қақпағы тығыз жабылатын қақпағы бар, қабырғасы мен табанына асбест салынған арнайы металл жәшікке салынады. Табанына қалыңдығы 10 мм құм төселеді. Жәшік қақпағының ішкі жағына заттың атауы анық жазылады.

      Жәшік өтетін жерлерден және қыздыру құралдарынан алыс, оған баратын жол ыңғайлы болатындай еденде орнатылады.

      62. Диэтильді (күкіртті) эфир заттардан оқшау салқын және қараңғы үй-жайда сақталады. Дайындалған мерзімінен бір жыл өткен эфир периоксидтерге тексеріледі. Құрамында периоксидтер бар ерітінді жойылады немесе қайта айдаудан өткізіледі. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қоймадан зертханаға жеткізу жабық сынбайтын ыдыста немесе сауытқа салынған шыны ыдыста жүргізіледі.

      63. Сығылған газдарды пайдаланатын жабдық (газды хроматографтар; сұйық хроматографтар; хроматомассалар, оның ішінде газды масс-спектрометриялық хроматографтар, сұйық масс-спектрометриялық хроматографтар; атомдық-абсорбциялық спектрометрлер; атомдық-эмиссиялық спектрометрлер, оптикалық-эмиссиялық спектрометрлер, вольтамперометрлік талдағыштар) (бұдан әрі – жабдық) бірінші қабатта немесе газ баллондарын бұру орындарын сақтау шартымен қабаттарда орнатылады. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес даярлайтын (қайта даярлайтын) арнайы орталықтарда қызметкерлерді жабдықта жұмыс істеуге жабдықпен жұмыс бойынша мамандандырудан (қайта даярлаудан) өткен адамдар жіберіледі.

      Газ баллондарының таңбалануы және тану бояуы болады. Калибрлеу газдары бар баллондарға газ қоспасы компоненттерінің құрамы мен концентрациясы көрсетілген калибрлеу қоспасының паспорты бекітіледі.

      64. От және жарылыс қауіпті заттармен жұмыс істеуге арналған үй-жайлар көмірқышқылды өрт сөндіргіштермен және өрт сөндірудің құралдарымен жабдықталады.

      Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтармен жүргізілетін барлық жұмыстар ішке сору шкафында желдеткіш жұмыс істеп тұрғанда және электр құралдары мен газды оттықтар өшірілген жағдайда жүргізіледі. Ішке сору шкафтарын және жұмыс үстелдерін ыстық және салқын суды келтіруге арналған коммуникациялармен, сығылған ауамен, тұрмыстық газбен, электр қуатымен қамтамасыз етеді, суды ағызуға арналған раковина орнатылады.

      65. Қайнау температурасы төмен от қауіпті заттар қиын балқитын шынылардан жасалған түбі дөңгелек колбаларда, сулы және майлы моншаларда айдалады және қыздырылады.

      66. Қайнау температурасы төмен тез тұтанатын сұйықтықтар бар түтікшелерді ашық отта және электрлі қыздыратын аспаптарда қыздырылмайды.

      Қайнау температурасы анағұрлым жоғары сұйықтықтар колба қыздырғыштарда қыздырылады.

      0,5 л көлемдегі тез тұтанатын сұйықтықтарды қыздыру кезінде аспаптың астына авария жағдайында сұйықтықтың үстелге төгілуін болдырмау үшін сыйымдылығы жеткілікті кювет қойылады.

      67. Тез тұтанатын сұйықтықтарды қыздыруға қолданылатын барлық аппаратура жарамсыздықтарды уақтылы анықтау үшін мерзімдік қарап-тексеріледі.

      68. Жарылысты болдырмау үшін диэтильді эфирді кепкенге дейін булау жүргізілмейді.

      69. Жанғыш сұйықтықтармен жұмыстар жүргізілген түтікшелер зерттеу аяқталған соң жуылады.

      Қауіптілігі 1-4-сыныптағы пайдаланылған жанғыш сұйықтықтарды жою Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21934 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген "Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      70. От қауіпті заттарды төгіп алған жағдайда барлық оттықтар және қыздыратын аспаптар сөндіріледі, сұйықтық төгілген жерге құм себіледі. Ластанған құм ағаш немесе пластмасса күрекшемен жинап алынады. Тұтанатын заттар сумен сөндірілмейді.

      71. Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды ішке сору шкафында (ауа сорғышта) өртенген жағдайда желдеткіш сөндіріледі.

      72. Қышқылдармен және сілтілермен кез келген жұмыс істеу кезінде күйіп қалудың алдын алу үшін зертхана персоналы қорғаныш көзілдіріктерді (былғары немесе резеңке жиектемесі бар), респираторлар мен резеңке қолғаптарды, жекелеген жағдайларда резеңке (резеңкеленген) алжапқышты, мамандандырылған киімді (медициналық халат, костюм) және зертханада жұмыс істеу үшін жабық былғары аяқ киімді пайдаланады. Қышқылдармен және сілтілермен жұмыс қорғаныш көзілдірікпен, респиратормен және резеңке қолғаптарды қолдана отырып орындалады.

      Шоғырландырылған қышқылдармен және сілтілермен жұмыс ішке сору шкафында орындалады.

      73. Қышқылдар бар шөлмектер себетте немесе торламада сақталады, олар екі адам көтереді немесе тұмшаланған ыдыста арнайы арбада тасымалданады.

      Шөлмектен шағын ыдыстарға қышқылдар мен сілтілер сифон немесе әртүрлі конструкциядағы қол сорғылары арқылы құйылады.

      74. Ерітінділер дайындау үшін қышқылдар суға жіңішке ағынмен үздіксіз араластырыла отырып баяу құйылады. Қышқылға су құйылмайды. Күкірт қышқылын вакуум-эксикаторларда су сіңіретін зат ретінде пайдаланылмайды.

      Шоғырландырылған азот, күкірт және тұз қышқылдарын зертханалық үй-жайларда қабырғасы қалың сыйымдылығы 2 литр аспайтын шыны ыдыста ішке сору шкафында шыны немесе фарфор тұғырықтарда сақтайды. Түтіндейтін азот қышқылы бар шыны сауыттарды тотықпайтын болаттан жасалған арнайы жәшіктерде сақтау керек.

      75. Ерітінділерді дайындау кезінде сілті суға шағын кесектермен үздіксіз араластыра отырып баяу қосылады, сілтінің кесектері тек қысқышпен ғана алынады. Алдын ала тығыз матамен жабылған күйдіргіш сілтінің ірі кесектері арнайы бөлінген орында ұсақ кесектерге бөлінеді.

      76. Сынапты төгіп алған жағдайда оны демеркуризациялау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Төгілген сынапты аулағышы бар вакуум-тамшуыры көмегімен жинайды немесе резеңке алмұртпен немесе вакуумдық сорғыға қосылған Тищенко шыны сауыттарын, мыстан жасалған қылқаламдарды немесе пластиналарды пайдаланады. Сынаппен ластанған беттер тұз қышқылымен қышқылданған перманганат калийінің 1%-дық ерітіндісімен немесе 20% хлорлы темір ерітіндісімен өңделеді.

      77. Қышқылмен күйген кезде зақымдалған орын судың мол көлемімен, содан кейін натрий гидрокарбонаты ерітіндісімен жуылады және күйікке қолданылатын жақпамай жағылады, сілтімен күйген кезде мол көлемдегі сумен, содан кейін сірке қышқылының 1%-дық ерітіндісімен өңделеді және күйікке қолданылатын жақпамай жағылады, сондай-ақ медициналық қызметке дереу хабарланады.

      78. Уланудың аздаған белгілері болған кезде зардап шегуші персонал ластанған үй-жайдан таза ауаға шығарылады, жазық бетке жатқызылады, қысып тұрған киімдерінен босатылады, жылы жабылады, сондай-ақ медициналық қызметке дереу хабарланады.

      Фосформен уланған кезде асқазанды сумен молынан шаяды. Сүт ішуге рұқсат берілмейді.

      79. От және жарылыс қауіпті заттармен жұмыстан кейін жұмыс орнын жинау, асапаптар мен аппараттарды су, электр қуаты, тұрмыстық және сығылған газ көздерінен ажырату жүргізіледі.

      80. Жұмыс аяқталғаннан кейін қолды сабындап жуады, ауыз сумен шайылады, қорғаныш көзілдіріктер дезактивацияланады.

      81. Улы заттармен ластанған арнайы киімдер және сүлгі жуу алдында дезактивацияланады.

      82. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес даярлайтын (қайта даярлайтын) арнайы орталықтарда қызметкерлерді электрлі қондырғыларды және электрлі жабдықтарды пайдалану бойынша жұмыстарға маманданудан (қайта даярлаудан) өткен қызметкерлер жіберіледі.

      83. Зертханалық жануарларды орналастыруға арналған үй-жайлар желдету жүйесіне қосылған торларға арналған шкафтармен жабдықталады.

      84. Виварийлерде дені сау жануарлар мен тәжірибеде қолданылған жануарлар бірге ұсталмайды.

      85. Улау камерасының үй-жайы қалған үй-жайлардан бөлек орналастырылады және ішке сору-сыртқа тарту желдеткішімен және камераларда арнайы желдеткішпен жабдықталады.

      86. Камераларда жануарларға улау жүргізген кезде зерделенетін затты беру жануарларды камераға кіргізгеннен кейін және камераны мұқият тұмшалаудан соң басталады.

      87. Жануарлардың әрбір өлген немесе союға мәжбүр болған жағдайы арнайы журналда (еркін түрдегі) тіркеледі.

      88. Жануарларды виварийден зертханаға жеткізу және кері апару арнайы дезинфекцияланған торларда жүзеге асырылады. Егеуқұйрықтар мен тышқандар виварийде ұсталатын торларында тасымалданады. Жарақаттанудың (тырнау және тістеудің) алдын алу мақсатында зертханалық жануарлармен барлық әрекеттер арнайы станоктарда және қолғаппен жүргізіледі.

      89. Ауру жұқтырған жануарларды күту кезінде әрбір торды тазалағаннан кейін резеңке қолғапты қолдан шешпей, дезинфекциялық ерітіндіге батыра отырып зарарсыздандырады.

      90. Виварий қызметкерлері арнайы киіммен (халаттар, алжапқыш, қалпақ, резеңке қолғап, респиратор, былғары жабық аяқ киім) қамтамасыз етіледі.

      91. Зертхананың үй-жайларында тамақ ішпеу және темекі шекпеу керек.

      92. Зертханалар шұғыл көмек көрсету жағдайына және авария жағдайына химиялық қорғау дәрі қобдишаларымен қамтамасыз етіледі. Дәрі қобдишалары авариялық-құтқару жабдығының орналасу схемасында белгіленеді.

5-тарау. Радиологиялық зертханадағы жұмыс жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

      93. Сәуле көздерімен жұмыс істеуге (А тобының персоналы) 18 жастан жас емес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі.

      94. Радиологиялық зертханалар үй-жайлардан оқшауланған, ғимараттың жеке бөлігінде немесе бөлек қабатта орналастырылады. Сынамаларды қабылдау, дозиметрлік бақылау және бөлу үшін ортақ үй-жайлар бөлінеді. Белсенділігі жоғары сынамалармен жұмыс жүргізу кезінде зертханалардың үй-жайлары "лас" және "таза" аймақтарға бөлінеді.

      95. Лас аймақта:

      1) радиохимиялық зерттеу үй-жайы;

      2) сынамаларды дайындауға, сақтауға және күлдеуге арналған үй-жай;

      3) ыдыстарды, контейнерлерді, жабдықтарды, киім-кешекті және арнайы киімдерді дезактивациялауға арналған үй-жайлар орналасады.

      96. Таза аймақта:

      1) сынамаларды дайындауға, сақтауға және күлдеуге арналған үй-жайы;

      2) радиохимиялық зерттеу үй-жайы орналасады.

      97. Ауаның радиоактивті ластану мүмкіндігіне байланысты (ұнтақтармен операциялар, ерітінділерді булау, эманациялаушы және ұшпа заттармен жұмыс) жұмыстар ішке сору шкафтарында және жеке жұмыс үстелдерінде жүргізіледі.

      98. Радионуклидтердің жұмыс үй-жайларына және қоршаған ортаға түсуін шектеу статикалық (жабдықтар, үй-жайдың қабырғалары және жабындары) және динамикалық (желдету және газ тазарту) тосқауылдары жүйесін пайдалана отырып қамтамасыз етіледі.

      99. Жабдық, аспаптар және жиһаз әр аймақтың үй-жайларына бекітіледі және таңбаланады. Оларды бір аймақтың үй-жайынан екіншісіне таңбалауын ауыстыра отырып радиациялық бақылаудан кейін беруге рұқсат беріледі.

      100. Құрамына калибрлейтін жабық сәуле көздері кіретін аспаптарға және иондаушы сәуле шығаратын құрылғыларға А тобының персоналына жатпайтын адамдардың кіруіне рұқсат берілмейді. Зертханаларда иондаушы сәуле көздерінің сақталуы қамтамасыз етіледі.

      101. Зертханаға түсетін көздер, радиоактивті заттар, шыны ампулаларға балқытып жабылған радий тұздарының сұйық ерітінділері, альфа және бета эталондар сейфте сақталады.

      102. Радиологиялық зертханада мынадай шарттар сақталады:

      1) барлық үй-жайларда күн сайын ылғалды жинау жүргізіледі;

      2) радиоактивті препараттармен және ластанған сынамалармен жұмыс істеу кезінде манипуляторлар қолданылады, оларды қолмен ұстамайды;

      3) радиоактивті заттармен, ластанған сынамалармен әрекеттер жеңіл дезактивацияланатын беттерде жүргізіледі;

      4) радиоактивті ластанған сынамалармен жүргізілетін барлық жұмыстар қолғаппен, бахилада және арнайы киіммен орындалады;

      5) радиоактивті заттармен жұмыс істеу кезінде пластикалық немесе полиэтиленді үлдірлермен, сүзгіш қағаздармен және бір рет қолданылатын материалдармен жабылған, нашар сорғытатын материалдан жасалған астаушалар және тұғырықтар пайдаланылады;

      6) радиоактивті заттарды, ластанған сынамаларды ауыстырып құю, булау, ауыстырып салу, сондай-ақ радиоактивті заттар ауаға түсетін операциялар ішке сору шкафтарында жүргізіледі. Шкафтағы желдету жұмыс басталғанға дейін қосылады;

      7) радиоактивті заттармен жұмыс аяқталғаннан кейін қызметкерлер қолдарын жылы сумен сабындап мұқият жуады, содан кейін қолдарының тазалығына дозиметрлік тексеру жүргізеді. Зертханадан шығатын кезде шешілген қолғаптар, бахилалар, арнайы киімдер арнайы кір жуатын орынға жіберіледі.

      103. Радиоактивті ластанған сынамаларды зерттегеннен кейін барлық сұйық немесе қатты қалдықтар арнайы ыдыстарға жиналады. Пайдаланылған зертханалық ыдыс ағынды судың астында мұқият жуылады және дезактивациялық ерітіндімен (5% лимон қышқылы ертіндісімен, 10% тұз немесе азот қышқылы, этиль спирті ертіндісімен) өңделеді, содан кейін қайтадан ағынды сумен жуылады. Мұқият тазартудан және жуудан кейін ыдыстар кептіргіш шкафтарда кептіріледі. Ыдыстарды дезактивациялау радиациялық бақылау арқылы жүргізіледі.

      104. Радиоактивті заттар, сақтау барысында радиоактивті газдар, булар немесе аэрозолдар бөлуі мүмкін, құрамында көп мөлшерде радиоактивті заттар бар сынамалар ішке сору шкафтарында, бокстарда, камераларда жанбайтын материалдан жасалған жабық түтікшелерде сақталады.

      105. Радиоактивті сұйықтық құйылған шыны сыйымдылықтар металл немесе пластмасса түтікшелерге орналастырылады.

      106. Контейнерлерді, аспаптарды, ыдыстарды, жабдықтарды дезактивациялау үшін арнайы үй-жай бөлінеді. Дезактивация радиациялық бақылау арқылы жүргізіледі.

      107. Радиоактивтік қалдықтарды ұстау және уақытша сақтау үшін арнайы үй-жай бөлінеді.

      108. Лас және таза аймақтарда жұмыс орнына нәтижелері журналда тіркелетін (ерікті түрде) дозиметрлік бақылау және персоналға жеке дозиметрлік бақылау жүргізіледі.

      Радиоактивтік заттармен жұмысты жалғастыруға кедергі болатын денсаулық жағдайында ауытқу анықталған кезде бұл адамдар иондаушы сәуле көздерімен жанаспайтын жұмысқа уақытша немесе тұрақты ауыстырылады.

      109. Зертханада дезактивациялаушы заттардың авариялық қоры бар болады.

  "Ықтимал қауіпті химиялық
заттарды пайдаланатын
зертханаларға қойылатын
санитариялық-
эпидемиологиялық талаптар"
санитариялық қағидаларына
қосымша

      1-кесте

Санитариялық-химиялық зертханалар және пестицидтер мен нитраттардың қалдық мөлшерін анықтау бойынша зертханалар үй-жайларының жиыны және аудандары

Үй-жайлар атауы

Ауданы, м2

1

2

3

1.

Еңбек гигиенасының талдамалық залы

кемінде 18

2.

Тағам гигиенасының талдамалық залы

кемінде 18

3.

Коммуналдық гигиенаның талдамалық залы

кемінде 18

4.

Пестицидтер мен нитраттарды анықтауға арналған талдамалық залы

кемінде 18

5.

Хроматографиялық

бір хроматографқа кемінде 6

6.

Атомдық-адсорбциялық

кемінде 10

7.

Сынамаларды дайындау және күлдеуге арналған үй-жай

кемінде 15

8.

Таразы

1 таразыға кемінде 4, бірақ кемінде 6

9.

Жуатын орын-дистилляторлық бөлме

кемінде 10

10.

Зертхана меңгерушісінің кабинеті

кемінде 12

11.

Мамандарға арналған жұмыс кабинеттері

бір адамға кемінде 4

12.

Реактивтерді сақтауға арналған үй-жайлар

кемінде 10

13.

Үлгілерді тіркеу, қабылдау және нәтижелерін беру бөлмесі

кемінде 6

14.

1 унитазды дәретхана

кемінде 0,85

15.

Прекурсорларды сақтауға арналған үй-жай

кемінде 2,5

      Ескертпе: Зертханалар үшін зерттеулер жүргізуге көзделген үй-жайлар жиыны зерттеулердің түріне және орындалатын номенклатурасына байланысты болады. № 1 кестенің 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15-тармақтары барлық зертханаларға арналған.

      2-кесте

Полимерлер және басқа да химиялық заттар токсикологиясы зертханаларының үй-жайлары жиыны мен аудандары

Үй-жайлар жиыны

Ауданы, м2

1

2

3

1.

Меңгеруші кабинеті

кемінде 8

2.

Мамандарға арналған жұмыс кабинеттері

бір адамға кемінде 4

3.

Улау-ингаляциялық бөлме

кемінде 12

4.

Патоморфологиялық және биохимиялық зерттеулерге арналған үй-жай

кемінде 18

5.

Функционалдық (токсикологиялық) зерттеулерге арналған үй-жай

кемінде 18

6.

Санитариялық-химиялық зерттеулерге арналған үй-жай

кемінде 18

7.

Материалдық бөлме (сынамаларды дайындауға арналған бөлме)

кемінде 6

8.

Жуатын орын

кемінде 8

9.

Таразы

1 таразыға кемінде 4, бірақ кемінде 6

      Ескертпе: Зертханалар үшін зерттеулер жүргізуге көзделген үй-жайлар жиыны зерттеулердің түріне және орындалатын номенклатурасына байланысты болады.

      3-кесте

Электромагниттік өрістер мен басқа да физикалық факторлар зертханаларының үй-жайлары жиыны және аудандары

Үй-жайлар жиыны

Ауданы, м2

1

2

3

1.

Меңгеруші кабинеті

кемінде 8

2.

Мамандарға арналған жұмыс кабинеттері

бір адамға кемінде 4

3.

Шу-діріл аппаратурасын сақтау үй-жайы

кемінде 10

4.

Электромагниттік өрістерді өлшейтін аппаратураны сақтауға, дайындауға, жөндеуге және баптауға арналған үй-жай

кемінде 10

5.

1 торлы себезгі

кемінде 1

6.

1 унитазды дәретхана

кемінде 0,85

7.

Сыртқы киімдерге арналған киім ілетін орын

кемінде 4

      Ескертпе: Зертханалар үшін зерттеулер жүргізуге көзделген үй-жайлар жиыны зерттеулердің түріне және орындалатын номенклатурасына байланысты боладытәуелді.

      4-кесте

Радиологиялық зертханалар үй-жайларының жиыны және аудандары

Үй-жайлар жиыны

Ауданы, м2

1

2

3

1.

Меңгеруші кабинеті

кемінде 8

2.

Мамандарға арналған жұмыс кабинеттері

бір адамға кемінде 4

3.

Сынамаларды қабылдауға және алғашқы өңдеуге арналған бөлме

кемінде 16

4.

Сынамаларды сақтауға және күлдеуге арналған үй-жай

кемінде 18

5.

Радиохимиялық (таза аймақ)

кемінде 20, бірақ бір жұмыс орнына кемінде 10

6.

Радиохимиялық (лас аймақ) (қажет болған жағдайда)

кемінде 20, бірақ бір жұмыс орнына кемінде 10

7.

Радиометрлік

кемінде 20

8.

Спектрометрлік

кемінде 18

9.

Жылжымалы аппаратураны сақтауға арналған үй-жай

кемінде 8

10.

Ыдыстарды, контейнерлерді, жабдықтарды, киім-кешекті және арнайы киімдерді дезактивациялауға арналған үй-жай (қажет болған жағдайда)

кемінде 20

11.

Сыртқы киімдерге арналған киім ілетін орын

кемінде 4 бірақ бір жұмыс орнына кемінде 6

12

Арнайы киімдерге арналған киім ілетін орын

кемінде 4 бірақ бір жұмыс орнына кемінде 6

13

1 торлы себезгі

кемінде 1

14

1 унитазды дәретхана

кемінде 0,85

      Ескертпе: Зертханалар үшін зерттеулер жүргізуге көзделген үй-жайлар жиыны зерттеулердің түріне және орындалатын номенклатурасына байланысты болады.