Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № ҚР ДСМ - 34 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 8 сәуірде № 27505 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысының 16-тармағының 152-102) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 321 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11310 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мемлекеттік денсаулық сақтау басқармаларының жергілікті органдары (келісім бойынша) осы бұйрыққа сәйкес медициналық ұйымдарда дәрігерлік-консультациялық комиссиялар құруды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Ғиният
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2022 жылғы 7 сәуірдегі
№ ҚР ДСМ – 34
бұйрықпен бекітілген

Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрліктерінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 152-102) тармақшасына сәйкес әзірленді және меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан медициналық ұйымдарда құрылатын дәрігерлік-консультациялық комиссияның (бұдан әрі – ДКК) қызметін регламенттейді.

      2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) дәрігерлік-консультациялық комиссия – меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан, медициналық ұйымда құрылатын комиссия еңбекке уақытша қабілетсіздігін сараптау үшін пациентті жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет көрсетуге жіберу, адамның ағзаларын (ағзаларының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бөлігін) трансплантаттау, пациенттерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу, аурудың бар-жоғын анықтаған кезде баланы үйге оқытуға жіберу, бақылау, мониторинг, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етудің тиімділігін бағалау және негізділігі мәселелерін шешу;

      2) жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет (бұдан әрі – ЖТМҚ) – диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурс қажет ететін және (немесе) бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызмет;

      3) медициналық куәландыру (бұдан әрі – куәландыру) – жеке тұлғаны онда аурудың болу немесе болмау фактісін анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын айқындау мақсатында зерттеп-қарау;

      4) мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – АОЖБ) – мүгедекті оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін айқындайтын құжат.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.11.2022 № ҚР ДСМ-146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. ДКК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметін ұйымдастыру

      4. ДКК медициналық ұйым басшысының бұйрығымен құрылады. ДКК құрамы, мүшелерінің саны, жұмыс тәртібі және жұмыс кестесі медициналық ұйым басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      ДКК құрамына төраға, комиссия мүшелері және хатшы кіреді.

      ДКК құрамы немесе жұмыс тәртібі және жұмыс кестесі өзгерген кезде өзгерістер және (немесе) толықтырулар тиісті бұйрыққа енгізіледі.

      5. ДКК жұмысына қажет болған жағдайда медициналық ұйымдардың мамандары, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтардың қызметкерлері тартылады.

      6. ДКК төрағасы болып медициналық ұйымның басшысы орынбасарының бірі тағайындалады.

      7. ДКК төрағасы:

      1) ДКК жұмысын басқарады;

      2) "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасының мәселесі бойынша ережелерді және тіршілік-тынысының шектелуі критерийлерін дәрігерлердің зерделеуін қамтамасыз етеді;

      3) дәрігерлердің біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды ұйымдастырады;

      4) еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасының дұрыс толтырылуын бақылайды;

      5) ДКК жұмысының дұрыс ұйымдастырылуын, қабылданатын шешімдер мен қорытындылардың сараптау негіздемесін қамтамасыз етеді;

      6) жұмыс қорытындысы бойынша медициналық ұйымның басшысына ДКК жұмысы туралы тоқсандық және жылдық есептерді ұсынады.

      8. "Денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауды жүргізу, шетелдік мамандарды қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының қолданылуын растау қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде медициналық білімі алған адамды денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттауға жіберу шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-274/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21818 болып тіркелген) сәйкес біліктілік санаты беріле отырып маман сертификаты бар, жоғары және орта медициналық білімі бар медицина қызметкері ДКК хатшысы болып тағайындалады.

      ДКК хатшысын медициналық ұйымының басшысы тағайындайды.

      9. ДКК хатшысы:

      1) ДКК жұмысын ұйымдастыруға байланысты материалдарды дайындауды жүзеге асырады;

      2) ДКК мүшелеріне, пациенттерге ДКК отырысының өткізілу күні мен уақыты туралы хабарлайды;

      3) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген медициналық құжаттаманы (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығы) толтырады;

      4) ДКК шешімінің хаттамасын ресімдейді, ДКК төрағасына атқарылған жұмыс туралы есептерді әзірлейді.

      10. ДКК медициналық ұйымның басшысы бекіткен жоспар-кестенің негізінде аптасына 1 реттен сирек емес отырыстар өткізеді.

      11. Дәрігерлік комиссияның отырысы күндізгі нысанда және (немесе) онлайн бейнеконференцбайланыс арқылы (комиссия мүшелері әртүрлі өңірлерде болған жағдайда) өткізіледі.

      ДКК-ның жоспардан тыс отырыстары ДКК төрағасының шешімі бойынша өткізіледі.

      12. ДКК пациентті медициналық қарап-тексеруден, оның медициналық құжаттарын, клиникалық-диагностикалық тексерулер нәтижелерін, жүргізілген емдеу және медициналық оңалту нәтижелерін, еңбек, кәсіп жағдайлары мен сипатын бағалаудан кейін шешім қабылдайды.

      ДКК шешімі ДКК отырысына қатысушылардың жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

      Дауыстар тең болған жағдайда дәрігерлік комиссияның төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      13. ДКК шешімі ДКК отырысының хаттамасымен ресімделеді, онда медициналық ұйымның атауы, отырысты өткізу күні, ДКК-ға қатысушы мүшелердің тізімі, талқыланатын мәселелердің тізбесі, шешім және оның негіздемесі қамтылады.

      14. ДКК шешімі №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрықпен бекітілген 052/е "Амбулаториялық пациенттің медициналық картасы", 054/е "Амбулаториялық пациенттің статистикалық картасы", 025/е "Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындыларын жазуға арналған журнал", 026/е "Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы", 058/е "Стоматологиялық науқастың медициналық картасы (санацияны қоса алғанда)", 077/е "Жүкті және босанған әйелдің жеке картасы", ТБ 014/е "Туберкулезбен ауыратын науқастың медициналық картасы" нысанындағы бастапқы медициналық құжаттамаға енгізіледі, ДКК төрағасы мен қатысқан мүшелері қол қояды.

3-тарау. Дәрігерлік-консультациялық комиссияның міндеттері мен функциялары

      15. ДКК міндеттері:

      1) ДКК ұсынылған пациенттерге медициналық көмек көрсету сапасын бағалау;

      2) ДКК-ға жіберілген пациенттерге емдеу-диагностикалық, оңалту іс-шараларын жүргізудің диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына, денсаулық сақтау саласындағы медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкестігін бақылау;

      3) емдеу-диагностикалық, оңалту іс-шараларын жүргізудің диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына, ұзақ ауыратын (кемінде екі ай) пациенттерге денсаулық сақтау саласындағы медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкестігін бақылау;

      4) мүгедектігі адамның АОЖБ - қа медициналық бөлігінің іске асырылуын бақылау;

      5) пациенттерді МӘС-қа уақтылы және негізделген түрде жіберу;

      6) АОЖБ-ның медициналық бөлігін қоса алғанда, пациенттерді МӘС-ке жіберу кезінде медициналық есепке алу құжаттамасын ресімдеу мерзімдері мен сапасын бақылау;

      7) ДКК-ға жіберілген пациенттердің денсаулық жағдайын бағалау және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ДКК қорытындысын шығару;

      8) еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын немесе анықтамаларын беруді және ұзартуды бақылау;

      9) МӘС-ке негізсіз жіберуге талдау жүргізу және ДКК қызметін жақсарту жөнінде шаралар қабылдау;

      10) ДКК құзыретіне жататын мәселелер бойынша МӘС аумақтық бөлімдерімен өзара іс-қимыл жасау.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.11.2022 № ҚР ДСМ-146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. ДКК функциялары:

      1) "Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21660 болып тіркелген) сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын өткізу;

      2) басқа қаладан келген адамдарға (тұрақты тұратын жерінен тыс жерлерде жүргендерге, қандастарға, босқындарға және пана іздеген адамдарға, Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға уақытша еңбекке жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беруге рұқсат ету;

      3) шетелде болған кезде ауруларды, жарақаттарды бастан өткерген Қазақстан Республикасының адамдарына еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беруге рұқсат ету;

      4) пациентті жоғары технологиялық медициналық қызметтер (бұдан әрі –ЖТМҚ) көрсетуге жіберу, адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бөлігін) және тіндерін транспланттау мәселелері бойынша шешім қабылдау;

      5) "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) сәйкес пациенттерді МӘС-ке жіберу және МӘС-ке жіберу мерзімдерін айқындау мәселелері бойынша, оның ішінде емделуде инновациялық медициналық технологиялар қолданылған адамдарды МӘС-ке жіберу мәселелері бойынша шешім қабылдау;

      6) "Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23885 болып тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-75 бұйрық) сәйкес қымбат және ұзақ емделу кезінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажеттілігін айқындау;

      7) осы Ереже 1-қосымшаға сәйкес баланы үйде оқыту көрсетілген аурулар тізімінде көрсетілген аурудың бар-жоғы анықталған кезде оны үйде оқытуға жіберу;

      8) № ҚР ДСМ-75 бұйрыққа сәйкес белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз етудің негізділігі мәселелерін бақылау, мониторингілеу, тиімділігін бағалау және шешу.

      17. ДКК № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрықпен бекітілген 026/е нысаны бойынша медициналық қорытынды береді:

      1) дәрілік затқа жеке төзбеушіліктің болуы немесе болмауы туралы, оның ішінде пациенттің көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне қажеттілігін айқындай отырып, мәліметтері бар пациенттің денсаулық жағдайы туралы;

      2) белгілі бір қызметті жүзеге асыруға тұрақты немесе уақытша медициналық қарсы айғақтардың болуы туралы;

      3) жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру үшін пациенттің денсаулық жағдайы туралы;

      4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға нәтижесінде, сондай-ақ кәсіптік ауруы, олардың ауырлық дәрежесі анықталған кезде пациенттің денсаулығына келтірілген зақымдардың болуы туралы;

      5) санаторийлік-курорттық емдеуді жүргізу үшін көрсетілімдер (қарсы көрсетілімдер) туралы;

      6) "Медициналық оңалту көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21381 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес стационарлық емдеуден кейін оңалтуға, оның ішінде мамандандырылған санаторийлік-курорттық ұйымдарға (бөлімшелерге) жіберу үшін;

      7) медициналық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жүктілікті жасанды үзуге жіберу туралы;

      8) жұмысқа орналастыру кезінде азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу нәтижелері туралы мәліметтерді ұсынады;

      9) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органдар белгiлеген қару ұстауға кедергі жоқ екені туралы медициналық қорытынды және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжатты жүргізу нәтижелері туралы;

      10) бала асырап алушы, қорғаншы (қамқоршы) болуға ниет білдірген азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу нәтижелері туралы;

      11) кемтар 18 жасқа дейінгі балаларды ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жіберу туралы;

      12) жоғары оқу орындарының студенттеріне, мектептердің, колледждердің (техникумдардың), кәсіптік-техникалық училищелердің оқушыларына академиялық демалыс беру, ауысу және бітіру емтихандарынан босату, дене жүктемесін шектеу бойынша, денсаулық жағдайы бойынша басқа факультетке немесе басқа оқу орнына ауыстыру туралы;

      13) үйде оқыту мәселесін шешу үшін баланың денсаулық жағдайы туралы;

      14) денсаулық жағдайы бойынша үйде оқытылған түлектерге, ұзақ емделуге мұқтаж және балаларға, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған санаториялық үлгідегі емдеу-профилактикалық және (немесе) сауықтыру білім беру мекемелерінде болған балаларды мемлекеттік (қорытынды) аттестаттаудан өткізу туралы мәселені шешу үшін пациенттің денсаулық жағдайы туралы.

      15) дене шынықтыру сабақтарынан босату үшін мектептер, колледждер (техникумдар), кәсіптік-техникалық училищелер оқушыларының, жоғары оқу орындары студенттерінің денсаулық жағдайы туралы;

      16) ЖТМҚ және шетелде емдеу көрсететін медициналық ұйымдарда консультация жүргізуге және (немесе) емдеуге жатқызу мәселелерін шешу үшін пациентті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жанындағы комиссияларға жіберу үшін;

      17) адамдардың протездермен (тіс протездерінен басқа), протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етілу қажеттілігі туралы;

      17) МӘС-ке консультация мақсатында жіберілген, үйде, стационарлық жағдайда немесе сырттай куәландыру (қайта куәландыру) қажет болған жағдайда, АОЖБ-ның әлеуметтік және кәсіптік бөлігін қалыптастыруға немесе түзетуге жіберілген жағдайларда жүргізіледі.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.11.2022 № ҚР ДСМ-146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. ДКК қорытындыларының қолданылу мерзімдері осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес айқындалады.

  Дәрігерлік-консультациялық
комиссияның қызметі туралы
ережеге
1-қосымша

Үйде оқытуды талап ететін аурулардың тізбесі

Аурудың коды және атауы

1.

C00-D48 Ісіктер

1.1.

Ұзақ иммуносупрессивті терапия, аплазия, дәрілік заттардың жанама әсерлері кезіндегі әртүрлі ағзалардың қатерлі ісіктері, операциялық араласудан кейінгі жай-күй және трансплантаттау, қан ұюның айқын бұзылулары, мүгедек арбада болуды және қозғалуды қиындататын, ауыр қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар

2.

I00-I99 Қан айналым жүйесінің аурулары

2.1.

Ұзақ иммуносупрессивті терапия кезіндегі апластикалық анемиялар, сүйек кемігін трансплантаттаудан кейінгі дәрілік заттардың жанама әсері

2.2.

Ұзақ иммуносупрессивті терапия, дәрілік заттардың жанама әсерлері кезінде геморрагиялық пурпура және ауыр дәрежедегі басқа да геморрагиялық жағдайлар

2.3.

2 және 3-сатылы жүрек функциясының жеткіліксіздігімен жүретін жүрек аурулары

3.

E00-E90 Эндокриндік жүйе аурулары, тамақтану мен зат алмасуының бұзылуы

3.1.

Декомпенсация сатысындағы ауыр дәрежедегі І типті қант диабеті

4.

F00-F99 Психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы

4.1.

Шизофрения, мінез-құлқының тұрақты, елеулі, бақыланбайтын бұзылулары бар фармакорезистентті шизотиптік және сандырақтық бұзылулар

4.2.

Үрейлі-фобиялық бұзылулар фармакорезистентті, мінез-құлқының тұрақты, елеулі, бақыланбайтын бұзылулары бар

4.3.

Мінез-құлқының тұрақты, елеулі, бақыланбайтын бұзылулары бар ақыл-ой кемістігі (жеңіл, орташа)

4.4.

Ауыр дәрежедегі психологиялық дамудың жалпы бұзылулары, фармакорезистентті, мінез-құлқының тұрақты, елеулі, бақыланбайтын бұзылулары бар

4.5.

Мінез-құлқының ауыр дәрежедегі гиперкинетикалық және басқа да бұзылулары, фармакорезистентті, мінез-құлқының тұрақты, елеулі, бақыланбайтын бұзылулары бар

4.6.

Ауыр дәрежедегі аралас вокализмдер мен көптеген моторлы тиктер (оның ішінде де ла Туретта синдромы), фармакорезистентті, тұрақты, елеулі, бақыланбайтын мінез-құлықтың бұзылулары бар

4.7.

Ауыр дәрежедегі бейорганикалық табиғаттың энкопрезі, фармакорезистентті

5.

G00-G99 Нерв жүйесінің аурулары

5.1.

Бұлшық еттің жұлындық атрофиясы және мүгедектер арбасында болуды және қозғалуды қиындататын ауыр қозғалу бұзылыстары бар солар тектес синдромдар

5.2.

Иммуносупрессивті терапияны ұзақ қолдану, дәрілік заттардың жанама әсері, ауыр қозғалыс бұзылыстары бар, мүгедектер арбасында болуды және қозғалуды қиындататын нерв жүйесінің нақтыланған дегенеративті аурулары

5.3.

Иммуносупрессивті терапияны ұзақ қолдану, дәрілік заттардың жанама әсері кезінде, ауыр қозғалу бұзылыстары бар, мүгедектер арбасында болуды және қозғалуды қиындататын орталық нерв жүйесінің демиелинизациялық аурулары

5.4.

Күндізгі үлкен жиі ұстамалары бар тұрақты терапиялық резистенттік, оның ішінде эпилептикалық мәртебенің даму қаупі бар эпилепсия (айына 1 реттен жиі)

5.5.

Мүгедек арбада болуды және қозғалуды қиындататын ауыр қозғалу бұзылыстары бар бұлшықет дистрофиясы

5.6.

Мүгедек арбада болуды және қозғалуды қиындататын ауыр қозғалу бұзылыстары бар туа біткен миопатиялар

5.7.

Мүгедек арбада болуды және қозғалуды қиындататын, ауыр қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар балалар церебральды сал ауруы және әртүрлі этиологиядағы салдың басқа да түрлері

6.

J00-J99 Тыныс алу ағзаларының аурулары

6.1.

2 және 3 ауырлық дәрежесіндегі тұрақты созылмалы респираторлық жеткіліксіздігімен қоса жүретін тыныс алу ағзаларының аурулары

7.

K00-K93 Ас қорыту ағзаларының аурулары

7.1.

Ауыр дәрежедегі тұрақты созылмалы бауыр жеткіліксіздігі қоса жүретін аурулар

8.

L00-L99 Тері және тері асты шелмайының аурулары

8.1.

Ұзақ иммуносупрессивті терапия, дәрілік заттардың жанама әсері кезінде ауыр дәрежедегі әртүрлі этиологиядағы дерматиттер

9.

M00-M99 Сүйек-бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тінінің аурулары

9.1.

Ұзақ иммуносупрессивті терапия, дәрілік заттардың жанама әсері кезінде ауыр дәрежелі полиартропатия

9.2.

Ұзақ иммобилизацияны талап ететін және қозғалуын шектейтін ауыр дәрежедегі әртүрлі этиологиядағы буындардың зақымдануы, хирургиялық араласудан кейінгі жай-күйлер

9.3.

Ұзақ иммуносупрессивті терапия, дәрілердің жанама әсері кезіндегі дәнекер тіндердің жүйелі зақымданулары

10.

N00-N99 Несеп-жыныс жүйесінің аурулары

10.1.

Ауыр дәрежедегі созылмалы бүйрек функцияларының жеткіліксіздігі бар бүйрек аурулары

11.

S00-T98 Жарақаттар

11.1.

Хирургиялық емдеуді талап ететін бас сүйек күмбезінің кемістігі болуымен асқынған бас жарақатының салдары

11.2.

Гипсті таңғышта ұзақ иммобилизацияны қажет ететін және өздігінен қозғалуды шектейтін мойын мен дененің, аяқ-қолдардың жарақаттарының салдары

12

Q00-Q99 Туа біткен ауытқулар (даму кемістіктері), деформациялар мен хромосомалық бұзылулар

12.1

Ауыр дәрежедегі ағзалар мен жүйелердің зақымдануы, ауыр қозғалыс бұзылулары бар, мүгедек арбада болуды және жүруді қиындататын, ауыр қимыл-қозғалыс бұзылыстары бар, хирургиялық емдеуді және түзетуді қажет ететін, хирургиялық араласудан кейінгі жағдай

  Дәрігерлік-консультативтік
комиссияның қызметінің
ережесіне 2-қосымша

Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындыларының қолданылу мерзімдері

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.11.2022 № ҚР ДСМ-146 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

р / с

Қорытындының атауы

Қолданылу мерзімі

1.

Дәрілік затқа жеке төзбеушіліктің болуы немесе болмауы туралы, оның ішінде пациенттің көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне қажеттілігін айқындай отырып, мәліметтері бар пациенттің денсаулық жағдайы туралы

6 ай

2.

Қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру үшін пациенттің денсаулық жағдайы туралы

3 ай (жүктілік кезеңінде − жүктілік және босану бойынша демалысқа шығуға дейін)

3.

Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға нәтижесінде, сондай-ақ кәсіптік ауруы, олардың ауырлық дәрежесі анықталған кезде пациенттің денсаулығына келтірілген зақымдардың болуы туралы

3 ай

4.

Санаторийлік-курорттық емдеу жүргізу үшін көрсетілімдердің (қарсы көрсетілімдердің) болуы туралы

3 ай

5.

Стационарлық емдеуден кейін оңалтуға, оның ішінде мамандандырылған санаторийлік-курорттық ұйымдарға (бөлімшелерге) жіберу үшін көрсетілімдер болуы туралы

2 ай

6.

Медициналық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жүктілікті жасанды үзуге жіберу туралы

Жүктілікті үзу сәтіне дейін

7.

Жұмысқа орналастыру кезінде азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу нәтижелері туралы

12 ай

8.

Қаруды сатып алу, сақтау, алып жүру құқығына лицензия беру үшін азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу нәтижелері туралы

12 ай

9.

Бала асырап алушы, қорғаншы (қамқоршы) болуға ниет білдірген азаматтарды медициналық куәландырудан өткізу нәтижелері туралы

6 ай

10.

Кемтар 18 жасқа дейінгі балаларды ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жіберу туралы

6 ай

11.

Жоғары оқу орындарының студенттеріне, мектептердің, колледждердің (техникумдардың), кәсіптік-техникалық училищелердің оқушыларына академиялық демалыс беру, ауысу және бітіру емтихандарынан босату, дене жүктемесін шектеу, денсаулық жағдайы бойынша басқа факультетке немесе басқа оқу орнына ауыстыру туралы

3 ай

12.

Үйде оқыту мәселесін шешу үшін баланың денсаулық жағдайы туралы

Ауруға байланысты оқу жылының қорытындысында көрсетілген 1 айдан аяғына дейін

13.

Денсаулық жағдайы бойынша үйде оқытылған түлектерге, ұзақ емделуге мұқтаж және балаларға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған санаторийлік үлгідегі емдеу-профилактикалық және (немесе) сауықтыру білім беру мекемелерінде болған балаларды мемлекеттік (қорытынды) аттестаттаудан өткізу туралы мәселені шешу үшін баланың денсаулық жағдайы туралы

3 ай

14.

Дене шынықтыру сабақтарынан босату үшін мектептер, колледждер (техникумдар), кәсіптік-техникалық училищелер оқушыларының, жоғары оқу орындары студенттерінің денсаулық жағдайы туралы

Ауруға байланысты оқу жылының қорытындысында көрсетілген 1 айдан аяғына дейін

15.

Жоғары технологиялық медициналық қызметтер және шетелде емдеу көрсететін медициналық ұйымдарда консультация жүргізуге және (немесе) емдеуге жатқызу мәселелерін шешу үшін пациентті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жанындағы комиссияға жіберу туралы

1 ай

16.

Адамдардың протездермен (тіс протездерінен басқа), протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етілу мұқтаждығы туралы

12 ай

17.

Консультация мақсатында медициналық- әлеуметтік сараптауға жіберілген, үйде, стационарлық жағдайда немесе сырттай куәландыру (қайта куәландыру) қажет болған жағдайда, мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөлігін қалыптастыруға немесе түзетуге жіберу туралы.

1 ай