БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды кредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 495 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11620 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды кредиттеу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Әлеуетті түпкілікті қарыз алушы – өз қызметін жылумен, сумен жабдықтау және су бұру саласында жүзеге асыратын, Қарыз алушыдан бюджеттік кредит алуға үміткер табиғи монополия субъектісі;
2) Бюджеттік бағдарламаның әкімшілері:
коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган;
электр энергетика саласындағы уәкілетті орган;
3) бюджеттік кредит – мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында тиісті бюджеттерден кредиторлар беретін ақша;
4) Жұмыс тобы – Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) шарт жасасу негізінде жылумен, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жобалар үшін бюджеттік кредит беру бойынша ұсынымдарды әзірлеу жөніндегі консультациялық-кеңесші орган;
5) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу өндіру, жылу тарату және жылу тұтыну қондырғыларынан тұратын кешен;
6) инвестициялық жоба – бюджеттік кредит беру арқылы республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталған жоба;
7) Қарыз алушы – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары;
8) Кредитор – бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның атынан әрекет ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі;
9) кредиттік шарт – Кредитор, Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі мен Қарыз алушы арасында жасалатын шарт;
10) Сенім білдірілген өкіл (агент) – конкурстық негізде айқындалған және Әкімшімен немесе ол уәкілдік берген құрылымдық бөлімшемен шарт жасасқан жеке және (немесе) заңды тұлға;
11) сумен жабдықтау жүйесі – суды жинауға, сақтауға, дайындауға, беруге және оны тұтыну орындарына таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;
12) су бұру жүйесі – сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;
13) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мемлекеттің әлеуметтік саясаты – халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және өмір сүру деңгейі мен сапасын жақсартуға бағытталған шаралар мен іс-шаралардың жиынтығы;
14) Түпкілікті қарыз алушы – өз қызметін жылумен, сумен жабдықтау және су бұру саласында жүзеге асыратын, Қарыз алушыдан бюджеттік кредит алатын табиғи монополия субъектісі;
21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Түпкілікті қарыз алушыға бюджеттік кредит беру Түпкілікті қарыз алушыға кредит берудің мынадай негізгі шарттарына сәйкес жүзеге асырылады:
1) инвестициялық жобаларды іріктеуді Сенім білдірілген өкіл (агент) дайындаған қорытындының негізінде, сондай-ақ бюджеттік кредиттеу өлшемшарттарына сәйкес Жұмыс тобы жүзеге асырады;
2) Түпкілікті қарыз алушыны айқындау Жұмыс тобының алдын ала шешімі негізінде жүзеге асырылады;
3) бюджеттік кредит осы Қағидалардың 20-тармағында көзделген мақсаттарға беріледі;
4) бюджеттік кредит бойынша міндеттемелерді орындау қамтамасыз етіледі;
5) кредит беру мерзімі 20 жылға белгіленеді;
6) сыйақы мөлшерлемесі жылына 0,01% мөлшерінде белгіленеді;
7) бірыңғай техникалық саясатты қолданады, оның ішінде энергия тиімділігіне және энергия үнемдеуге бағдарланған жаңа қазіргі заманғы және инновациялық технологияларды енгізеді, сондай-ақ жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту кезінде жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартатын технологияларды аспаптандырады және қолданады;
8) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту кезінде отандық тауар өндірушілер тартылады;
9) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту кезінде түпкілікті тұтынушылар үшін көрсетілетін қызметтердің, цифрлық экономика құралдарының сапасын жақсарту, басқарушы компаниялардың корпоративтік басқаруын жақсарту, мәдениетті дамыту және смарт құрылғыларды пайдалану ретінде бизнес-процестерді оңтайландыру және ашықтығы үшін энергия тиімділігі мен ресурс үнемдеу және интеллектуалды жүйелерді енгізу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
10) кредиттік шарт теңгеде жасалады;
11) Түпкілікті қарыз алушы Қарыз алушы мен Түпкілікті қарыз алушының арасында жасалған кредиттік шарттың талаптарын сақтайды;
12) инвестициялық жобаның құжаттары осы Қағидалардың 2-параграфінің 1-кіші бөлімінде көзделген тәртіппен Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) келісіледі;
13) жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау жүйелері есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етіледі;
14) ескі желілерді реконструкциялауға басымдық беріледі;
15) автоматтандыруды, аспаптандыруды және жаңа технологияларды қолдану;
16) Түпкілікті қарыз алушының кредит қабілеттілігі.
22. Кредитік шартқа:
1) бюджеттік кредитті өтеу мерзімдері мен шарттарын;
2) кредит мерзімінің ұзақтығының үштен бірінен аспайтын бюджеттік кредитті өтеу және қызмет көрсету жөніндегі жеңілдік кезең беруді;
3) Түпкілікті қарыз алушының инвестициялық жобаны іске асыруға, инвестициялық жобаны қаржыландыруға және Түпкілікті қарыз алушының қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін Сенім білдірілген өкілге (агентке) ақпарат ұсынуын;
4) әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде жұмыс орындарын (уақытша/тұрақты) құруды, желілердегі тозуды, авариялықты, ысырапты азайтуды және тұтынушылардың дебиторлық берешегін қысқартуды айқындайтын қосымша шарттар да енгізіледі.";
34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"34. Кепілдікті қамтамасыз етуді ауыстыруға және/немесе иеліктен шығаруға, бірнеше қарызды бір кепілдікті қамтамасыз етуге ұсынуға рұқсат етілмейді.";
мынадай мазмұндағы 34-1-тармақпен толықтырылсын:
"34-1. Банкрот болған, қайта тіркелген және қайта ұйымдастырылған жағдайда бюджеттік кредит алған ұйым Сенім білдірілген өкілге (агентке) хабарлайды.";
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"40. Алдын ала іріктеу жүргізу үшін Қарыз алушы іске асыру қажеттілігін, басымдығын негіздей отырып, алдағы 3 (үш) жылға арналған инвестициялық жобалардың алдын ала тізбесін қалыптастырады және Сенім білдірілген өкілге (агентке) алдағы жоспарланған жылдың 1 наурызына дейін жібереді.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Сенім білдірілген өкіл (агент) алдағы 3 (үш) жылға арналған инвестициялық жобалардың алдын ала ұсынылған тізбесін мынадай өлшемшарттар бойынша 10 (он) жұмыс күнінің ішінде қарайды:
1) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің авариялығы;
2) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің оның жалпы санына проценттік қатысы бойынша тозуы;
3) әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы, оның ішінде жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша көрсетілетін қызметтердің санын тұтынушылардың санына, жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша жаңа жүйелер салған кезде іске қосылған объектілердің санына, құрылатын тұрақты жұмыс орындарының санына арттыру;
4) көрсеткіштерді қашықтықтан беру функциясы бар жылумен жабдықтау және сумен жабдықтау жүйелерінде есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілуі.
Сенім білдірілген өкіл (агент) инвестициялық жобалардың алдын ала ұсынылған тізбесін қарап болғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күн ішінде Бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ақпарат ұсынады.";
46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"46. Бюджеттік кредит есебінен қаржыландырылатын әрбір лот бойынша конкурстық рәсімдер бюджетінің жалпы құны 50 миллионнан астам теңге болған жағдайда Әлеуетті түпкілікті қарыз алушы жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін жеткізушіні таңдаған кезде осы Қағидаларға сәйкес Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) конкурстық құжаттама шеңберінде әзірленетін техникалық ерекшелікті (тапсырманы) келіседі.
Конкурстық құжаттама шеңберінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін жеткізушіні таңдау бойынша техникалық ерекшелікті (тапсырманы) келісуді Сенім білдірілген өкіл (агент) техникалық ерекшелік (тапсырма) түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінің ішінде жүзеге асырады.
Әлеуетті түпкілікті қарыз алушы конкурстық құжаттама бекітілгенге дейін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеушіні таңдау бойынша техникалық ерекшелікті (тапсырманы) келісуді қамтамасыз етеді.
Конкурстық құжаттама шеңберінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін жеткізушіні таңдау бойынша Әлеуетті түпкілікті қарыз алушы әзірлеген техникалық ерекшелік (оның ішінде сатып алынатын тауарлардың/жұмыстардың/қызметтердің талап етілген функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамалары) инвестициялардың негіздемесіне, бекітілген бас жоспарға және кешенді жоспарға, объектілерде жұмыстар жүргізу, оларды қабылдау, өлшеу және ақы төлеу жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес әзірленуге тиіс, сондай-ақ қолданылатын материалдардың сапасына және орындалған жұмыстардың сапасын бақылауға қойылатын талаптар көрсетіледі.
Конкурстық құжаттама шеңберінде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейтін жеткізушіні таңдау бойынша әзірлеген техникалық ерекшеліктің (тапсырманың) жобалау-сметалық құжаттамада қабылданған техникалық-технологиялық шешімдерге сәйкес келмеуі Сенім білдірілген өкіл (агент) тарапынан келісуден бас тартуға негіз болып табылады.";
51 және 52-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"51. Әлеуетті түпкілікті қарыз алушы/Қарыз алушы мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алғанға дейін Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) технологиялардың, материалдар мен жабдықтардың бірыңғай техникалық саясатқа, автоматтандыруға, цифрландыруға, көрсеткіштерді қашықтықтан беру функциясы бар жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі есептеу аспаптарына және жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қызмет ету мерзімін ұзартуға арналған қазіргі заманғы жабдыққа сәйкестігі бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы келіседі.
Жобалау-сметалық құжаттамадағы, жобаны іске асырудағы барлық өзгерістер мен ауытқуларды Түпкілікті қарыз алушы/Қарыз алушы Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) алдын ала келісім бойынша жүзеге асырады.
52. Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды іске асыру үшін Әлеуетті түпкілікті қарыз алушы бюджеттік кредитке арналған өтінім қалыптастырады және Қарыз алушыға қажетті құжаттардың топтамасын береді. Бюджеттік кредитке арналған өтінім мынадай құжаттарды қамтиды:
1) бюджеттік кредит алуға арналған құжаттарды қоса бере отырып, бірінші басшы не оны алмастыратын адам қол қойған титулдық бланкiдегі жеке iлеспе хат;
2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жобаның паспорты;
3) мемлекеттік сараптаманың қорытындысы және ресурстық смета;
4) сумен жабдықтау және су бұру схемалары және/немесе сумен жабдықтау және су бұру бойынша инвестициялық негіздемелер;
5) соңғы үш жылдағы бірінші басшы мен бас бухгалтердің қолы қойылған Әлеуетті түпкілікті қарыз алушының қаржылық есептілігі, сондай-ақ қаржылық есептіліктің түсіндірме жазбасы.
"Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Аудиторлық қызмет туралы заң) сәйкес Түпкілікті қарыз алушы міндетті аудитке жатқан жағдайда, оның аудиттелген қаржылық есептілігі ұсынылады. Қаржылық есептілік "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, оның ішінде басқа ұйымдарда қаржылық қатысуы туралы ақпарат, баланс валютасында 10 % және одан да астам баланс баптарының егжей-тегжейлі таратып жазылуы қоса беріле отырып ұсынылады;
6) табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларды бекіту туралы бірлескен бұйрығының көшірмесі;
7) "Бухгалтерлік балансты", "Кірістер мен шығындар туралы есепті", "Ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті (тікелей немесе жанама тәсілдер)" қоса алғанда, "Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген) нысандар бойынша жасалған Әлеуетті түпкілікті қарыз алушының қаржылық көрсеткіштерінің болжамы бар қаржылық модель;
8) бюджеттік кредитті пайдалану кезінде энергия тиімділік пен энергия үнемдеудің экономикалық және әлеуметтік тиімділігінің есептеулермен расталған негіздеме;
9) өтінім берген сәтте мемлекеттік кірістер органдарында есепке алынатын субсидия алушының берешегі жоқ (бар) екендiгi туралы мәлiмет;
10) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша көрсетілген қызметтер үшін тұтынушылардан төлемдердің түсуі туралы ақпарат;
11) жүйелерін салған, реконструкциялаған және жаңғыртқан кезде отандық тауар өндірушілерді тарту туралы ақпарат;
12) Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) инвестициялық бағдарламаның жобасын ол бекітілгенге дейін техникалық саясат бөлігінде келісімі;
13) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін жаңа технологияларды қолдану туралы ақпарат;
14) көрсеткіштерді қашықтықтан беру функциясы бар жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде есепке алу аспаптарының болуы туралы ақпарат.";
57-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"57. Құжаттардың және өзге де растайтын көздерден (ресми статистика, мемлекеттік органдардың интернет-сайттары, өңірлерді дамытудың бекітілген жоспарлары және тағы басқа) алынған ақпараттың негізінде Сенім білдірілген өкіл (агент) бірінші басшының не оны алмастыратын адамның қолы қойылған, мөрмен расталған Бюджеттік кредит беру мүмкіндігі туралы қорытынды жасайды.
Бюджеттік кредит беру мүмкіндігі туралы қорытынды мыналарды қамтиды:
1) жобаның экономикалық және әлеуметтік маңызын бағалау, оны іске асыру үшін бекітілген өлшемшарттар (100 км үшін авариялар санын және желілердің тозуын төмендету, жылу және су ысырыптарын қысқарту, коммуналдық қызметтер көрсету сапасын жақсарту, орталық жылу магистральдарына қосылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік объектілердің шаршы метрлерінің саны және т.б.) бойынша бюджеттік кредит алуға арналған өтінім ұсынылады;
2) мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар (қажет болған жағдайда) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға арналған жобалау алдындағы (ТЭН) және/немесе жобалау-сметалық құжаттаманы, жобалауға арналған техникалық тапсырманы Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) келісу туралы ақпарат;
3) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салған, реконструкциялаған және жаңғыртқан кезде отандық тауар өндірушілерді тарту туралы ақпарат;
4) мынадай іс-шаралар өткізу туралы ақпарат:
жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салған, реконструкциялаған және жаңғыртқан кезде түпкілікті тұтынушылардың энергия тиімділігі бойынша;
жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салған, реконструкциялаған және жаңғыртқан кезде түпкілікті тұтынушылардың ресурс үнемдеуі бойынша;
5) мыналарды қамтитын өтемділік (қайтарымдылық), қамтамасыз етілу, ақылылық және мерзімділік өлшемшарттары бойынша бюджеттік кредит алуға арналған өтінімді бағалау:
өтінімнің бюджеттік қаражатты пайдаланудың нысаналы мақсатына сәйкестігінің нәтижелері (сәйкес келеді/сәйкес келмейді);
кредиттеу мерзімінің бюджеттік кредиттер берудің қолданыстағы шарттарына сәйкестігінің нәтижелері (сәйкес келеді/сәйкес келмейді);
кредит сомасы мен ол бойынша ұсынылған қамтамасыз ету сәйкестігінің нәтижелері. Бюджеттік кредиттің сомасы кепілдің құнын ескере отырып айқындалады және кепілдің құнынан асап кетпеуге тиіс;
Әлеуетті түпкілікті қарыз алушының қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары бойынша ұсынылған қаржылық есептілікті және болжамды қаржылық модельді ескере отырып, бюджеттік кредиттің өтемділігін (қайтарымдылығын) және ақылылығын тексеру нәтижелері;
6) жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша көрсетілген қызметтер үшін тұтынушылардан төлемдердің түсуі туралы ақпарат;
7) инвестициялық бағдарламаның жобасын ол бекітілгенге дейін бірыңғай техникалық саясат бөлігінде келісу.";
78-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"78. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту мен дамыту саласында бюджеттік кредиттеу кезінде инвестициялық жобаларды іске асыруға мониторингті Сенім білдірілген өкіл (агент) мамандандырылған инжинирингтік компанияны және/немесе аттестатталған сарапшыны тарту мүмкіндігімен (қажет болған кезде) тапсырма шартының шеңберінде жүргізеді.";
мынадай мазмұндағы 82-1-тармақпен толықтырылсын:
"82-1. Жобаны іске асыру кезінде барлық өзгерістер мен ауытқуларды, сондай-ақ материалдар мен жабдықтарды ауыстыруды Түпкілікті қарыз алушы/Қарыз алушы Сенім білдірілген өкілмен (агентпен) келісу қорытындылары бойынша жүзеге асырады.
Түпкілікті қарыз алушы тоқсанына кемінде бір рет Сенім білдірілген өкілге (агентке) жаңа технологияларды қолдану, аспаптандыру және автоматтандыру жөнінде ақпаратты ұсынады.";
мынадай мазмұндағы 93-1 және 93-2-тармақтармен толықтырылсын:
"93-1. Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу, реконструкциялау және жаңғырту объектілеріне жоспарлы және жоспардан тыс бару кезінде Түпкілікті қарыз алушы/Техникалық қадағалау/Мердігерлік ұйым/Тапсырыс беруші Сенім білдірілген өкілге (агентке) сұрау салынған құжаттаманы береді.
93-2. Көзбен шолып тексеру және инвестициялық жобалардың нақты іске асырылуын тексеру барысында бұзушылықтар анықталған кезде Сенім білдірілген өкіл (агент) бұл туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органына хабарлайды.";
107-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"107. Осы Қағидаларға сәйкес кредиттік шартта белгіленген кредит беру мерзімі ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бюджеттік кредит алған Түпкілікті қарыз алушының қаржылық жай-күйіне мониторинг жүргізіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
К. Ускенбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі