"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 9 наурыздағы № 120 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 16 наурызда № 27144 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы № 281 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20989 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар):

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізуді жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру Мемлекеттік корпорация арқылы жеке басын куәландыратын құжатты не нотариат растаған сенімхат бойынша оның өкілінің құжатын көрсеткен кезде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту Стандарттың 9-тармағына сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыны мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім туралы, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіруге мүмкіндік беру үшін тыңдау уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабардар етеді.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жолданады. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижесі бойынша көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсетуге рұқсат береді не одан дәлелді бас тартады.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) лауазымды адамға беріледі.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жолдайды.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 91-бабының 4-тармағына сәйкес әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік актіні қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жолдамауға құқылы.

      Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.".

      Қағидаларға 2-қосымшада:

      реттік нөмірлері 7, 8 және 9-жолдар мынадай редакцияда жазылсын:

      "

7.

Жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті берушіде – Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6 және 7-тарауларына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұмаға дейін сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін, түскі асқа үзіліс сағат 13.00-ден 15.00-ге дейін;
2) Мемлекеттік корпорацияда – Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 6 және 7-тарауларына сәйкес жексенбіні және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап сенбіге дейінгіні қоса алғанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес түскі асқа үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Өтінішті қабылдау мемлекеттік корпорация арқылы жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша портал арқылы электрондық кезекті броньдау мүмкіндігі бар.

8.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Мемлекеттік корпорацияға:
1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қоюға өтініш;
2) азаматтың жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін) немесе "электрондық үкімет" мобильді қосымшасының "Цифрлық құжаттар" бөлімінен жеке басын куәландыратын (не нотариат растаған сенімхат бойынша оның өкілінің) цифрлық құжат не көрсетілетін қызметті алушының мүдделерін үшінші адам білдірген кезде нотариат куәландырған сенімхат (жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
3) апостиль қою үшін мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек;
4) апостиль мөртаңбасы қойылуы қажет Архив берген архивтік анықтама және (немесе) архивтік құжаттардың көшірмелері.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті алушы ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім береді.

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас
тарту үшін негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.

      ".

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағаты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігі