"Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу және кепілдедік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына өзгер

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің м.а. 2022 жылғы 9 ақпандағы № 50 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 10 ақпанда № 26773 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы № 227 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 21.06.2023 № 227 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу және кепілдедік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:"

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу және кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну тәртібін айқындайды.";

      12-тармақтың 2) тармақшасының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін, олардың өтініштері бойынша "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабына сәйкес жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркейді;";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Атаулы әлеуметтік көмек төлеуді уәкілетті орган атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйымның банктік шоттарына немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі № 619 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктеріне сәйкес электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен аудару жолымен жүргізеді.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Шартты ақшалай көмек жалғызілікті немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ өз құрамында еңбекке қабілетті мүшесі (мүшелері), оның ішінде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі № 619 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктеріне сәйкес электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.";

      27-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Лайықты жұмыс болмаған жағдайда, Орталық "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын ұсынады.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде тіркелген еңбекке қабілетті адамдар олардың біліктілігі, білім деңгейі немесе лайықты жұмыстың көлік қолжетімділігіне сәйкес келмеуіне байланысты ұсынылған жұмыстан бас тартқан кезде Орталық "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын ұсынады.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Алушыға атаулы әлеуметтік көмек төлеу уәкілетті органның шешімі негізінде ақшалай нысанда, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі № 619 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктеріне сәйкес электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Р.К. Сәкеевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің міндетін атқарушы
А. Сарбасов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі