Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі № 619 қаулысы.

      "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 42-бабының 6-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктері (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 2022 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді электрондық ақша түрінде әлеуметтік әмияндарға кезең-кезеңмен аудару жөніндегі жоспарды (бұдан әрі – жоспар) бекітсін;

      2) 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде Қағидалардың талаптарына сәйкес электрондық әмияндардың толық техникалық әзірлігін қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоспарға сәйкес және техникалық және ұйымдастырушылық әзірлікке қарай жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді электрондық ақша түрінде әлеуметтік әмияндарға кезең-кезеңімен аудару жөнінде шаралар қабылдасын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2021 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 619 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен рондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктерін бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктері (бұдан әрі – Қағидалар) "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 42-бабының 6-1-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу мен пайдалану, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу қағидалары мен ерекшеліктерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуметтік әмиян – жеке тұлғаның электрондық ақшаны есепке алуға және сақтауға арналған, оларға билік етуді қамтамасыз ететін электрондық әмияны (әлеуметтік әмиянды оған мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан электрондық ақша түрінде төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу және оларды өтеу немесе олармен операцияларды жүзеге асыру кезінде одан электрондық ақшаны есептен шығару үшін лездік төлемдер жүйесінің операторы ашады);

      2) бизнес-әмиян – заңды тұлғаның, дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын жеке тұлғаның, сондай-ақ электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асыру үшін лездік төлемдер жүйесінің операторы ашқан бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеушілердің электрондық әмияны;

      3) бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеушілер (бұдан әрі – бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеушілер) – кәсіпкерлік қызметті дара кәсіпкер ретінде тіркелмей жүзеге асыратын, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 774-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келетін жеке тұлғалар;

      4) орталықтандырылған әмиян – жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруға арналған (пайдаланылатын) электрондық ақша сомаларын есепке жатқызу және одан есептен шығару мақсатында уәкілетті орган немесе уәкілетті ұйым үшін лездік төлемдер жүйесінің операторы ашқан электрондық әмиян;

      5) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы атынан жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді төлеуді жүзеге асыратын ұйым;

      6) электрондық ақша жүйесіне қатысушылар – осы Қағидалар шеңберінде жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу, есепке алу және пайдалану мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы, уәкілетті ұйым, мемлекеттік органдар және өзге де субъектілер.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.

      3. Осы Қағидалар шеңберінде мыналар танылады:

      1) электрондық ақша жүйесі ретінде – лездік төлемдер жүйесі;

      2) электрондық ақша жүйесінің операторы ретінде – электрондық ақшаны пайдалана отырып, лездік төлемдер жүйесі шеңберінде операцияларды жүзеге асыру кезінде қалыптастырылатын ақпаратты жинауды, өңдеуді және беруді қоса алғанда, лездік төлемдер жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін лездік төлемдер жүйесінің операторы (бұдан әрі – лездік төлемдер жүйесінің операторы);

      3) агент ретінде (бұдан әрі – агент) – лездік төлемдер жүйесінің қатысушылары болып табылатын және тараптардың құқықтары мен міндеттері, электрондық ақшаны сатып алу жөніндегі тәртіп пен талаптар айқындалатын лездік төлемдер жүйесінің операторымен жасалған шарт негізінде меншік иелерінен – жеке және заңды тұлғалардан электрондық ақшаны кейіннен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) өтейтін сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын банк, Ұлттық пошта операторы.

      4. Ұлттық Банк мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) қаражатынан төленетін жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдер үшін электрондық ақшаның (бұдан әрі – электрондық ақша) эмитенті болып табылады.

      5. Бизнес-әмияндарды лездік төлемдер жүйесінің операторы барлық дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеушілер және Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын заңды тұлғалар үшін әділет және Мемлекеттік кірістер органдары ұсынатын ақпарат негізінде автоматты түрде ашады.

      6. Лездік төлемдер жүйесінде әлеуметтік әмиянды ашуды лездік төлемдер жүйесінің операторы уәкілетті ұйым ұсынатын азаматтың жеке сәйкестендіру нөмірі, оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), туған күні және ұялы байланыстың абоненттік нөмірі (бар болса) туралы ақпаратты қамтитын тізім негізінде жүзеге асырады, бұл ретте, әлеуметтік көмек алуға өтініш берген кезде азаматтың деректерді беруге келісімін алу міндетті шарт болып табылады.

      Лездік төлемдер жүйесінің операторы дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамада көзделген тәртіппен және талаптарды сақтай отырып, ақпаратты жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтамасыз етеді.

      7. Әлеуметтік әмиянға қол жеткізу және оны іске қосу Заңның 42-бабының 5-тармағында көзделген тәртіппен электрондық ақша иесін сәйкестендіру (бірінші рет пайдаланған кезде бір рет жүргізіледі) шартымен жүзеге асырылады.

      8. Бизнес-әмиянға қол жеткізу және оны іске қосу электрондық ақша иесін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы (заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін) сәйкестендіру (бірінші рет пайдаланған кезде бір рет жүргізіледі) немесе қашықтан сәйкестендіру (бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеушілер үшін) шартымен, сондай-ақ "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес бизнес-әмиян иесін тексеру аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.

      9. Осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген әлеуметтік және бизнес-әмияндар иелерін белсендіру және сәйкестендіру Ұлттық банкпен келісім бойынша лездік төлемдер жүйесінің операторы бекітетін лездік төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларымен айқындалады.

      10. Электрондық ақша жүйесіне қатысушылардың қатынастары, электрондық ақшаны пайдалану және өтеу Ұлттық Банк бекітетін электрондық ақшаны шығару тәртібімен, лездік төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларымен және лездік төлемдер жүйесінің операторымен жасалған шартпен реттеледі.

      Лездік төлемдер жүйесінің операторы мен қатысушы арасында жасалған шарт жария шарт болып табылады және қатысушыға лездік төлемдер жүйесіне қолжетімділік беру, төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртібі, комиссияларды төлеу, тараптардың құқықтары мен міндеттері, жеке тұлғаларға электрондық ақшаны өткізу тәртібі мен шарттары мәселелерін және тараптар айқындайтын басқа да мәселелерді реттейді. Шарттың нысанын Ұлттық Банкпен келісім бойынша лездік төлемдер жүйесінің операторы айқындайды.

      11. Агенттер екінші деңгейдегі банк лездік төлемдер жүйесіне қатысқан жағдайда олармен операцияларды жүзеге асыру үшін электрондық әмияндарды олардың иелерінің бастамасы бойынша өз жүйелеріне бекітуді жүзеге асырады. Бекіту агенттерге, лездік төлемдер жүйесінің операторына қашықтан қызмет көрсету сервистері немесе жалпыға қолжетімді мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асырылады.

      12. Дара кәсіпкер, бірыңғай жиынтық төлемдерді төлеуші немесе жеке практикамен айналысатын адам болып табылатын жеке тұлғаның әлеуметтік әмияны және бизнес-әмияны болған жағдайларды қоспағанда, бір адамның электрондық ақша жүйесінде бір мезгілде екі немесе одан да көп электрондық әмияндары болмайды.

      13. Уәкілетті ұйым Ұлттық Банктен электрондық ақшаны кейіннен жеке тұлғаларға өткізу үшін оларды лездік төлемдер жүйесінің операторымен жасалған шарт негізінде сатып алу жөніндегі қызметті жүзеге асырады.

      14. Лездік төлем жүйесінің операторы қашықтан қол жеткізу жүйесін құруды, техникалық қолдауды және электрондық ақша иелеріне электрондық әмияндарға қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

2-тарау. Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді есепке жатқызу тәртібі мен ерекшеліктері

      15. Жәрдемақылар және әлеуметтік төлемдер электрондық ақша түрінде төленеді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әлеуметтік әмияндарға есептеледі.

      16. Жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажеттілікті қалыптастыру, әлеуметтік-еңбек саласындағы уәкілетті ұйымның, уәкілетті органның және Қордың өзара іс-қимылы, сондай-ақ осы Қағидаларда көзделмеген артық немесе қате есептелген әлеуметтік төлемдерді қайтару мәселелері, сондай-ақ жәрдемақыларды, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін қаражат көздері Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 319 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11507 болып тіркелген) Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу қағидаларында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 3 маусымдағы № 445 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11745 болып тіркелген) Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларында, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 8 маусымдағы № 217 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20838 болып тіркелген) Әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін есептеу (айқындау), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдерді тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау, тоқтату және жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      17. Уәкілетті ұйым жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін мемлекеттік бюджеттен және (немесе) қордан ақша алғаннан кейін оларды төлем кестесіне сәйкес Ұлттық Банктің шотына аударылған ақшаның номиналдық құнына тең Ұлттық Банкке электрондық ақшаны шығаруға өтініш (бұдан әрі – электрондық ақшаны шығаруға өтініш) ретінде әрекет ететін төлем тапсырмасы арқылы аударады, тапсырма ретінде әрекет ететін алушылардың тізімін қалыптастырады және оны жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді электрондық ақшамен аудару үшін лездік төлемдер жүйесінің операторына жібереді.

      18. Ұлттық Банк шығарған электрондық ақша Ұлттық Банктің шотына ақша түскеннен және Ұлттық Банк электрондық ақшаны шығаруға өтініш алғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей орталықтандырылған әмиянға аударылады.

      19. Орталықтандырылған әмиянға ақша түскеннен кейін лездік төлемдер жүйесінің операторы 1 (бір) жұмыс күні ішінде оларды әлеуметтік әмияндарға аударуды жүзеге асырады.

      20. Әлеуметтік әмиянға уәкілетті ұйымнан алынған тізімге сәйкес лездік төлемдер жүйесінің операторы оған аударатын электрондық ақшадағы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің сомалары ғана есептеледі.

      21. Әлеуметтік әмияндағы электрондық ақшаны пайдалану осы Қағидалардың 5-тармағында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылатын электрондық әмиянды іске қосқаннан және оны белгілі бір агентке бекіткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Агентке тіркелу жәрдемақы және әлеуметтік төлем алуға өтініш берген сәтте немесе осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген сервистер арқылы әлеуметтік әмиянды іске қосқан сәтте мүмкін болады.

      22. Лездік төлемдер жүйесінің операторы уәкілетті ұйымнан алынған тізімге сәйкес алушылардың әлеуметтік әмияндарына агенттердің тіркелуіне сәйкес агенттер бөлінісінде есептелетін ақша сомасын айқындайды және күн сайын Ұлттық Банк пен агенттерге сомалар мен агенттер бөлінісінде ақпарат және (немесе) нұсқаулар жібереді.

      23. Ұлттық Банк лездік төлемдер жүйесінің операторы берген ақпаратты және (немесе) нұсқауды алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде агенттердің – екінші деңгейдегі банктердің немесе Ұлттық почта операторының корреспонденттік (ағымдағы) шоттарына ақша аударуды жүзеге асырады.

      24. Ақшаны алғаннан кейін агенттерде Ұлттық Банк алдында Ұлттық Банк аударған ақша сомасы мөлшерінде міндеттемелер туындайды.

      25. Агенттер арасындағы таза позицияларды есептеу электрондық ақшамен жүзеге асырылған операциялардың нәтижелері бойынша әрбір операциялық күннің соңында лездік төлемдер жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      26. Артық және (немесе) қате аударылған жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің фактісі анықталған жағдайда уәкілетті ұйым лездік төлемдер жүйесінің операторына осы фактінің бар екендігі және артық және (немесе) қате есептелген қаражатты қайтару қажеттігі туралы хабарлайды.

      27. Лездік төлемдер жүйесінің операторы уәкілетті ұйымнан артық және (немесе) қате аударылған қаражатты қайтару қажеттігі туралы ақпараттың негізінде электрондық ақша иесіне артық және (немесе) қате есептелген қаражатты қайтару қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      28. Орталықтандырылған әмиянға түскен артық және (немесе) қате аударылған жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің сомаларын қайтару тиісті өкімнің негізінде уәкілетті ұйымның шотына электрондық ақшаны шығару жолымен 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтелуге жатады.

      Лездік төлемдер жүйесінің операторы артық және (немесе) қате аударылған жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді өтегеннен кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде бұл туралы тиісті агентке хабарлайды.

3-тарау. Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді есепке алу тәртібі мен ерекшеліктері

      29. Электрондық ақша есепке алуға, оның ішінде оларды есепке алу, пайдалану, төлемдер мен аударымдарды жүргізу кезінде, сондай-ақ оларды өтеу кезінде лездік төлемдер жүйесінің операторы ашқан электрондық әмияндарда ғана есепке алуға жатады.

      30. Лездік төлемдер жүйесінің операторы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Заңның талаптарын сақтау жолымен әлеуметтік әмияндардағы электрондық ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      31. Электрондық ақша иесінің өтініші бойынша лездік төлем жүйесінің операторы электрондық әмияндардағы электрондық ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпарат береді.

      32. Лездік төлемдер жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мемлекеттік органдарға электрондық әмияндардағы электрондық ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпарат береді.

4-тарау. Мемлекеттік бюджет қаражаты және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен электрондық ақша түрінде аударылатын жәрдемақыларды және әлеуметтік төлемдерді пайдаланудың тәртібі мен ерекшеліктері

      33. Электрондық әмиянда сақталатын электрондық ақшаны пайдалануды электрондық ақшаның иесі тіркелген агенттерге, лездік төлемдер жүйесінің операторына қашықтан қызмет көрсету жүйесі арқылы не жалпыға қолжетімді мемлекеттік сервистер арқылы жүзеге асырады.

      34. Әлеуметтік әмияндағы электронды ақша:

      1) электрондық ақшаны бизнес-әмиянға аудару, оның ішінде тауарларға, жұмыстарға және (немесе) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу ретінде;

      2) электрондық ақшаны әлеуметтік әмияннан оларды өтеу үшін, оның ішінде ақшаны алу, ақшаны банктік шоттарға лездік төлемдер жүйесі арқылы аудару мақсатында есептен шығару операцияларын орындау үшін қолданылады.

      35. Әлеуметтік әмиянның теңгерімін қалпына келтіру үшін әлеуметтік әмиянға электрондық ақшаны қайтарылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәмілелерді жою немесе олардың күшін жою рәсімдері мынадай жағдайларда:

      1) бизнес-әмиянға аударымдар (тауарларға, жұмыстарға және (немесе) көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу ретінде);

      2) жөнелтушінің қате аударымдары үшін қолданылады.

      36. Екінші деңгейдегі банк лездік төлемдер жүйесіне қатысқан жағдайда, агент электрондық ақшаны иеленушіге қолма-қол ақша беру арқылы не алынған электрондық ақшаның орнына оның банктік шотына ақша аудару арқылы сатып алуды жүзеге асырады.

      37. Алушыларға жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылы уәкілетті ұйым мен лездік төлемдер жүйесінің операторы арасында жасалған шарттар негізінде регламенттеледі.

      38. Агенттер арқылы қолма-қол ақша берумен байланысты не ақшаны банк шотына аударумен байланысты банк қызметтеріне ақы төлеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 223 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 90204 болып тіркелген) Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      39. Банк қызметтеріне ақы төлеу тетігі лездік төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында айқындалады.

5-тарау. Атаулы әлеуметтік көмектің пайдаланылуын мониторингтеу

      40. Электрондық ақша түрінде ұсынылған атаулы әлеуметтік көмек қаражатын пайдалану мониторингін әлеуметтік-еңбек саласы мен сауда және интеграция саласындағы уәкілетті органдар лездік төлемдер жүйесінің операторы ұсынған деректер негізінде жүзеге асырады.

      41. Электрондық әмияндар иелерінің дерекнамасының құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар, электрондық ақшаны сатып алу жөніндегі агент сақтауға тиіс деректер мен құжаттардың тізбесі, сондай-ақ оларды сақтау тәсілі лездік төлемдер жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында белгіленеді.

      42. Лездік төлемдер жүйесінің операторы әлеуметтік-еңбек саласы мен сауда және интеграция саласындағы уәкілетті органдарға әлеуметтік-еңбек саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзімде электрондық ақшаны сатып алу жөніндегі агенттердің есептілігін ұсынады.

      43. Сауда және интеграция саласындағы уәкілетті орган лездік төлемдер жүйесі операторынан алынған ақпарат негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шекті мәндерден асып кету мәніне бақылауды жүзеге асыру арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын талдауды және мониторингтеуді жүзеге асырады.