"Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету ережеcін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2021 жылғы 6 тамыздағы № ҚР ДСМ-78 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 10 тамызда № 23927 болып тіркелді

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7292 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      осы бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы";

      осы бұйрықтың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын, орыс тіліндегі мәтіні өзгермейді:

      "1. Қоса беріліп отырған Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.";

      Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) осы тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
Е. Киясов

  2021 жылғы 6 тамыздағы
№ ҚР ДСМ-78 бұйрыққа
қосымша

Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру;

      2) ерікті медициналық сақтандыру (бұдан әрі – ЕМС) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің көлеміне, сондай-ақ шығыстарын сақтандыру ұйымы өтейтін қосымша бағдарламаларға енгізілген медициналық көрсетілетін қызметтерді алуға мүмкіндік беретін жеке сақтандыру түрі;

      3) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

      4) қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;

      5) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;

      6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) – бюджет қаражаты есебінен берілетін медициналық көмектің көлемі;

      7) пана іздеген адам – уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

      3. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілерге қолданылады:

      1) тарихи отанына оралу мақсатында;

      2) отбасыларының қосылуы мақсатында;

      3) білім алу мақсатында;

      4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;

      5) ізгілік себептер бойынша;

      6) Заңының 3-бабына сәйкес саяси себептер бойынша (босқындар және саяси баспана берілген адамдар).

      4. Қандастардың, босқындардың, сондай - ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 83-бабының 1-тармағына сәйкес ТМККК және МӘМС жүйесінде және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабына сәйкес МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең медициналық көмек алуға құқығы бар.

      5. Осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген мақсаттармен Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілердің Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қазандағы № ҚР ДСМ-121/2020 бұйрығымен бекітілген "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, баспана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың тізбесі және медициналық көмектің көлемін" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21407 болып тіркелген)(бұдан әрі – Аурулар тізбесі) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде ТМККК шеңберінде медициналық көмекті алады.

      6. Осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген мақсаттармен Қазақстан Республикасына уақытша келген көшіп келушілердің Заңның 28, 31, 35, 39, 41, 43-1 және 44-баптарына сәйкес медициналық сақтандыруы болуы қажет.

      7. "Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7274 болып тіркелген) бекітілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесінде көрсетілген ауруы бар көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді.

2-тарау. Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету тәртібі

      8. ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін қандастар, босқындар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі-МСАК) ұйымына тіркеледі.

      9. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп келушілер мен олардың отбасы мүшелерін ерікті медициналық сақтандыру шарты бойынша МСАК көрсету ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған комерциялық емес акционерлік қоғамы медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бар және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін мәліметтерді алу және (немесе) беру мақсатында уәкілетті орган ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелері бар МСАК ұйымы жүзеге асырады.

      10. Кодекстің 120-бабында айқындалған медициналық көмектің түрлері қандастарға, босқындарға және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын көшіп келушілерге "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбелерін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысымен және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысымен бекітілген тізбелерге (бұдан әрі - МӘМС тізбесі) сәйкес көрсетіледі.

      11. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер мен олардың отбасы мүшелерінің МӘМС жүйесінде міндеттерді орындау кезінде МӘМС тізбесіне сәйкес МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы бар.

      12. Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер және пана іздеген адамдар МӘМС жүйесінде тізбеге кірмейтін медициналық қызметтерді және медициналық қызметтерді ақылы негізде, оның ішінде ЕМС шеңберінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қосымша қаржыландыру көздері есебінен алады.

      Медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек, егер заңдарда немесе халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ЕМС шартында келісілген көлемде және бағалар бойынша көрсетіледі.

      13. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген мақсаттармен Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілер тұратын ел берген АИТВ инфекциясы мен туберкулезге зерттеу нәтижелері бар медициналық анықтамасы жоқ адамдар ақылы негізде кеуде жасушасын флюорографиялық зерттеп-қараудан, АИТВ инфекциясын анықтауға арналған зерттеп-қараудан, мерезге қарсы трепанамды тестілеуді қамтитын медициналық тексеруден өтеді.

      14. Медициналық зерттеп-қарау кезінде көшіп келушілерден туберкулез патологиясының, сондай-ақ айналасына қауіп төндіретін Аурулар тізбесіне сәйкес ауруларды анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары:

      1) "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға инфекциялық аурулар, улану оқиғалары туралы ақпарат (шұғыл хабархат) беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 26 қазандағы № ҚР ДСМ-153/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21532 болып тіркелген) (бұдан әрі-№ ҚР ДСМ-153/2020 бұрық) бұйрығына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне:

      туберкулез анықталған жағдайда № ҚР ДСМ-153/2020 бұрыққа сәйкес фтизиопульмонологиялық ұйымға және (немесе) аумақтық бөлімшесіне 24 сағаттың ішінде ақпарат (шұғыл хабархат) береді.

      2) Кодекстің 160-бабының 2-тармағына сәйкес ТМККК шеңберінде динамикалық байқауды жүзеге асырады және дәрілік заттармен қамтамасыз етеді;

      3) көшіп келушілерде АИТВ инфекциясы анықталған кезде "Халық арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру жағдайларын тергеп-тексеру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-231/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21725 болып тіркелген) сәйкес эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіледі.