Сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 27 шiлдедегі № 270 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 3 тамызда № 23830 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 36-бабының 15-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің м.а.
С. Брекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 27 шілдедегі
№ 270 бұйрығымен
бекітілген

Сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 36-бабының 15-тармағына сәйкес әзірленді және қоршаған орта жай-күйінің химиялық, физикалық және биологиялық көрсеткіштері үшін сапаның экологиялық нормативтерін (бұдан әрі – сапаның экологиялық нормативтері) әзірлеу және қайта қарау тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекет қолайлы қоршаған ортаның кепілдік беріліп сақталуы және адам қызметінің қоршаған ортаға және адамның денсаулығына жағымсыз әсерін болғызбау және (немесе) азайту үшін оны мемлекеттік реттеудің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экологиялық нормалауды жүзеге асырады.

      3. Сапаның экологиялық нормативтері Кодекстің 36-бабының 3-тармағына сәйкес қоршаған ортаның мына құрамдастарының әрқайсысы:

      1) атмосфералық ауа;

      2) жерүсті және жерасты сулары;

      3) топырақ және жер үшін жеке әзірленеді және белгіленеді.

      4. Сапаның экологиялық нормативтеріне:

      1) қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің химиялық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтер;

      2) қоршаған ортаның физикалық факторлары үшін белгіленген нормативтер;

      3) қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің биологиялық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтер жатады.

      5. Қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің химиялық көрсеткіштеріне арналған сапаның экологиялық нормативтері ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде белгіленеді.

      Ластағыш заттар тізбесіне енгізілген ластағыш заттың атмосфералық ауа, жерүсті немесе жерасты сулары, топырақ көлемінің немесе массасының бірлігіндегі немесе жер беті алаңының бірлігіндегі адамға тұрақты немесе уақытша әсер ету кезінде оның денсаулығына әсер етпейтін және ұрпақта қолайсыз тұқым қуалаушылық өзгерістер, сондай-ақ табиғи орта объектілерінің тозуын туғызбайтын, экологиялық жүйелердің орнықтылығын және биоәртүрлілікті бұзбайтын ең көп мөлшері (массасы) ластағыш заттың шекті жол берілетін концентрациясы деп түсініледі.

      Қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің химиялық көрсеткіштеріне арналған сапаның экологиялық нормативтері адам денсаулығына және табиғи ортаға (экожүйелер, жануарлар дүниесі және өсімдіктер әлемі) әсер ету тұрғысынан жеке белгіленеді.

      6. Қоршаған ортаның физикалық факторлары үшін сапаның экологиялық нормативтері қоршаған ортаға жағымсыз физикалық әсерлердің жол берілетін шекті деңгейлері түрінде белгіленеді

      Жағымсыз физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейі деп физикалық әсер етудің жекелеген түрлерінің (шу, діріл, электр, электрмагнит, магнит өрістері, радиация, жылу) ең жоғары деңгейі түсініледі, онда жануарлардың, өсімдіктердің, экологиялық жүйелер мен биоәртүрліліктің жай-күйіне зиянды әсер болмайды.

      7. Қоршаған орта құрамдастары жай-күйінің биологиялық көрсеткіштеріне арналған сапаның экологиялық нормативтері өсімдіктердің, жануарлардың және табиғи орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын басқа да организмдердің жекелеген түрлері мен топтарына қатысты олардың табиғи көрсеткіштері деңгейінде не табиғи ортаның қасиеттері мен оның өз сапасын ұстап тұру және қалпына келтіру жөніндегі қабілетін ескере отырып, осындай табиғи көрсеткіштерден жол берілетін ауытқу аралығы түрінде белгіленеді.

      8. Сапаның экологиялық нормативтері табиғи ортаға әсер ету тұрғысынан нақты аумаққа немесе акваторияға тән табиғи факторлардың әсерінен қалыптасқан табиғи жағдайларды, сондай-ақ осындай аумақтарды немесе акваторияларды пайдалану мақсаты ескеріле отырып белгіленеді.

      9. Табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының табиғи ресурстардың тиісті түрін пайдалану туралы заңнамасына сәйкес белгіленетін нормалар мен нормативтер Кодекстің 36-бабының 10-тармағына сәйкес экологиялық нормативтерге жатпайды.

      10. Сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеудің жалпы схемасы төрт кезеңнен тұрады:

      1) экологиялық нормалау бойынша зерттеулер жүргізудің орындылығы туралы мәселені шешу үшін ақпаратты жинау және қорыту;

      2) сапаның экологиялық нормативтері әзірленетін заттарды, физикалық факторларды, биологиялық көрсеткіштерді айқындау;

      3) сапаның экологиялық нормативтерін негіздеу үшін қажетті зерттеулердің кезектілігі мен көлемін айқындау;

      4) сапаның экологиялық нормативтерін әзірлеу.

      11. "Уытты және уыттылығы жоғары заттардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында ұсынылған заттардың қауіпті қасиеттері мен қауіптіліктің сандық параметрлері туралы ресми халықаралық ақпарат және жарияланған нақты деректер болған кезде бұл мәліметтер нормалаудың қажеттілігі мен басымдығы туралы шешім қабылдау үшін пайдаланылады.

      12. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау және жақсарту мақсатында осы аумақтар үшін олардың Кодекске сәйкес ерекше табиғат қорғау мәртебесі ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағы үшін белгіленгеннен неғұрлым қатаң сапаның экологиялық нормативтері әзірленуі және бекітілуі мүмкін.

      13. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган зертханалық сынақтардың, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және халықаралық тәжірибе негізінде, сондай-ақ нақты аумақтар мен акваториялар үшін – осындай аумақтар мен осындай акваториялардағы қоршаған ортаның жай-күйін көпжылдық (кемінде бес жыл) байқаудың деректері негізінде сапаның экологиялық нормативтерін әзірлейді.

      14. Сапаның экологиялық нормативтерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган он жыл мерзімге бекітеді және олар көрсетілген мерзім өткеннен кейін қоршаған орта, оның сапасына әсер ететін табиғи және антропогендік факторлар туралы жаңартылған ғылыми білімдер негізінде, сондай-ақ мониторинг пен бақылау әдістерінің, техникалары мен технологияларының дамуы ескеріле отырып, қайта қаралуға жатады.

      15. Сапаның экологиялық нормативтері Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша неғұрлым қатаң сапаның экологиялық нормативтерін енгізу жөнінде шаралар қабылдауды талап ететін халықаралық міндеттемелері күшіне енгеннен кейін бірінші жылдан кешіктірілмей қайта қаралуға жатады.

      16. Сапаның экологиялық нормативтері өздерінің сақталуын бақылау "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілген бақылау-өлшеу жабдығының және тиісті өлшеу әдістемелерінің (әдістерінің), индикациялау, тесттеу және (немесе) бақылау тәсілдерінің болуымен қамтамасыз етілетін көрсеткіштер бойынша белгіленеді.

      17. Сапаның экологиялық нормативтері табиғи ортаның тиісті құрамдасының табиғи фонының мәндері ескеріле отырып әзірленеді және белгіленеді. Табиғи орта құрамдасының табиғи фоны эталондық учаскелерде қоршаған ортаның жай-күйін көпжылдық (кемінде бес жыл) байқау және табиғи орта құрамдасының химиялық, биологиялық және физикалық көрсеткіштері бойынша сынамаларды және (немесе) өлшемдерді іріктеу нәтижелері негізінде айқындалады.

      18. Эталондық учаске ретінде репрезентативтік ерекше қорғалатын табиғи аумақ (акватория) шегінде, ал мұндай ерекше қорғалатын табиғи аумақ (акватория) болмаған кезде, ұқсас табиғи ерекшеліктері бар және жай-күйі табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтеріне (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) қысымшылық белгілерінің болмауымен сипатталатын аумақта немесе акваторияда орналасқан аумақ, акватория немесе оның бір бөлігі қабылданады.

      19. Бағаланатын аумаққа (су объектісіне немесе оның бір бөлігіне) ұқсас табиғи жағдайлары бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ болған кезде эталондық учаске осындай ерекше қорғалатын табиғи аумақ шегінде таңдалады.

      20. Аумақтар мен акваториялардың табиғи фон көрсеткіштерінің мәндері (мәндерден жол берілетін ауытқу аралығы) қоршаған ортаның жай-күйін байқау, тиісті учаскедегі химиялық және физикалық көрсеткіштер бойынша сынамалар алу және (немесе) өлшеу деректерінің, сондай-ақ Мемлекеттік экологиялық ақпарат қорындағы ақпарат пен мәліметтердің негізінде айқындалады

2-тарау. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау тәртібі

      21. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтері:

      1) атмосфералық ауа жай-күйінің химиялық көрсеткіштері үшін –атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациялары түрінде;

      2) атмосфералық ауа жай-күйінің физикалық көрсеткіштері үшін – атмосфералық ауаға физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері түрінде;

      3) атмосфералық ауа жай-күйінің биологиялық көрсеткіштері үшін – ауаның текше метріне жасушалардың шекті жол берілетін саны түрінде белгіленеді.

      22. Атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған көлем бірлігіндегі химиялық заттың ең көп мөлшері (массасы) түсініледі, ол адамға тұрақты немесе уақытша әсер ету кезінде оның денсаулығына ықпал етпейді және оның ұрпақтарында қолайсыз тұқымқуалаушылық өзгерістер туғызбайды, сондай-ақ табиғи орта құрамдастарының тозуын туғызбайды, экологиялық жүйелердің орнықтылығын бұзбайды және биоәртүрліліктің қысқаруына алып келмейді.

      23. Атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы жекелеген ластағыш заттар үшін:

      1) атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі ластағыш заттың массасы түрінде белгіленеді және миллиграмның текше метрге арақатынасы ретінде көрсетіледі;

      2) уақыт бірлігінде жер бетінің бірлігіне шөгетін ластағыш заттың массасы түрінде белгіленеді және күнтізбелік жылда грамның бір шаршы метрге арақатынасы ретінде көрсетіледі.

      24. Ластағыш заттар үшін атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі массалық концентрациялар Кодекстің 200-бабының 4-тармағына сәйкес стандартты жағдайлар үшін 293.15 К және 101.3 кПа деп айқындалады.

      25. Ластағыш заттың түріне қарай атмосфералық ауадағы ластағыш заттың шекті жол берілетін концентрациясы көрсеткіштерді орташалаудың мынадай кезеңдері ескеріле отырып белгіленеді:

      1) жылдық көрсеткіштер – күнтізбелік бір жыл ішінде атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі немесе жер беті бірлігіндегі ластағыш зат концентрациясының орташаланған көрсеткіштері;

      2) тәуліктік көрсеткіштер – күнтізбелік бір тәулік шегіндегі жиырма төрт сағатта атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі ластағыш зат концентрациясының орташаланған көрсеткіштері;

      3) сағаттық көрсеткіштер – бір сағатта атмосфералық ауа көлемінің бірлігіндегі ластағыш зат концентрациясының орташаланған көрсеткіштері.

      26. Күнтізбелік бір жыл ішінде тәуліктік және сағаттық көрсеткіштерден асып кетудің шекті жол берілетін мөлшері атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерімен айқындалады.

      27. Адам денсаулығына қатысты атмосфералық ауадағы ластағыш заттар құрамының шекті жол берілетін концентрациясы "Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы № ҚР ДСМ-70 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29011 болып тіркелген), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері, халықаралық зерттеулердің деректері, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негізінде айқындалады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 17.06.2024 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Экологиялық нормативтерді белгілеу үшін есептеу әдістері, биологиялық эксперименттердің нәтижелері, сондай-ақ зиянды заттардың әсеріне ұшыраған адамдардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау материалдары, компьютерлік модельдеу әдістері, жаңа заттардың биологиялық белсенділігін болжау, әртүрлі объектілерде биотестілеу пайдаланылады.

      29. Экологиялық нормативтерді белгілеу кезінде осы факторлардың ұқсастығы немесе аддитивтілігі өлшеміне қарай зиянды факторлардың бірлескен әсері ескеріледі. Қосымша параметрлер – қауіп-қатерді бағалау жүргізілетін популяцияның жыныстық-жастық немесе генетикалық ерекшеліктері ескеріледі. Мұндай тәсіл оларды негізделген және ақпараттандырылған тәуекелдерді бағалаудың арнайы зерттеулерімен алмастыра отырып, қатаң бекітілген шекті жол берілетін концентрацияларды пайдалануды болдырмайды. Шекті жағдайда тәуекелді бағалау шекті жол берілетін концентрацияларға сәйкес келетін зиянды факторлардың концентрацияларына (деңгейлеріне) арналған лимиттердің мәндерін білдіреді.

      30. Қоршаған ортаның биологиялық объектілеріне қатысты атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтері өсімдіктердің, жануарлардың және табиғи орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын басқа да организмдердің жекелеген түрлері мен топтарына қатысты олардың табиғи көрсеткіштері деңгейінде не табиғи ортаның қасиеттері мен оның өз сапасын ұстап тұру және қалпына келтіру жөніндегі қабілетін ескере отырып, осындай табиғи көрсеткіштерден жол берілетін ауытқу аралығы түрінде белгіленеді.

      31. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерін белгілеу кезінде орман экожүйелерінің, табиғи объектілердің және табиғи-антропогендік объектілердің, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, сондай-ақ ерекше табиғат қорғау маңызы бар табиғи ландшафттардың табиғи ерекшеліктері ескеріледі.

      32. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерін анықтау үшін есептік және эксперименттік әдістер қолданылады. Эксперименттік әдіс зертханалық жағдайларда орман өсімдіктерін фумигациялауды және атмосфералық ауаның табиғи ластану жағдайларында тұрақты сынақ алаңдарындағы орман екпелерінің жай-күйін зерттеуді көздейді.

      33. Атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерін әзірлеу кезінде:

      1) концентрацияның шекті рұқсат етілген мәндері ең сезімтал организмдер (түрлер), олардың биологиялық функциялары мен процестері бойынша белгіленеді;

      2) өсімдіктер үшін зиянды газдар сапасының экологиялық нормативтерін анықтау өсімдіктер ағзасының ең сезімтал физиологиялық реакциясы ретінде фотосинтездің өзгеруімен жүзеге асырылады;

      3) концентрацияның ең жоғары бір реттік рұқсат етілген мәні ауа тогында ингредиент әрекетінің 20-30 минуты ішінде, ал орташа тәуліктік мәні – 3-4 сағат ішінде анықталады;

      4) өсімдіктер үшін сапаның экологиялық нормативтерін анықтау фотосинтез үшін қоршаған ортаның оңтайлы температурасы, жарық, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы және минералды тамақтану кезінде бақыланатын (факторстаттық) жағдайларда жүргізіледі;

      5) организмнің реакциясы, оның функцияларының немесе процестерінің өзгеруі организмнің биохимиялық құрамы мен морфологиялық құрылымының өзгеруі бойынша анықталады;

      6) шекті жол берілетін концентрацияны одан жоғары организмнің әсерге реакциясының дұрыс өзгеруі байқалатын газдың ең аз концентрациясы бойынша белгілейді;

      7) өсімдік организмінің беріктік қорын қамтамасыз ету мақсатында ингредиенттің экологиялық нормативінің түпкілікті мәні белгіленген мәннен аз белгіленеді.

      34. Ауа сапасының экологиялық нормативтерінің мәнін индикаторлық орман организмдері – қылқан жапырақты ағаш тұқымдылары үшін – аммиактың, күкірт диоксидінің, азот оксидтерінің, хлордың, күкірт қышқылы буларының, фторға қайта есептегендегі фтордың газ тәрізді қосылыстарының және қалқыма заттардың әсер етуі кезінде айқындайды.

      35. Егер атмосфералық ауа сапасының белгіленген экологиялық нормативтерін сақтау кезінде жекелеген аумақтар шегінде кемінде бес жыл кезеңде ғылыми зерттеулермен расталған табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде қоршаған орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын атмосфералық ауадағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы және (немесе) физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері түрінде атмосфералық ауа сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілейді.

      36. Тұрғын, өндірістік және өзге де үй-жайлардың ішіндегі ауа сапасының нормативтері, сондай-ақ өнеркәсіптік (өндірістік) аймақтар шегіндегі атмосфералық ауа сапасының нормативтері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес гигиеналық нормативтермен белгіленеді. Көрсетілген нормативтер Кодекстің 200-бабының 8-тармағына экологиялық нормативтерге жатпайды және Қазақстан Республикасының экология заңнамасында реттелмейді.

      37. Егер табиғи көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың түсуін жеткілікті дәлдікпен анықтау мүмкін болса және егер ластағыш заттар деңгейінің артуы осы табиғи әсерге толық немесе ішінара байланысты болса, онда олар ауа сапасының шекті жол берілетін концентрациясына сәйкестігін бағалау кезінде ескерілмейді.

3-тарау. Жерүсті және жерасты сулары сапасының экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау тәртібі

      38. Су сапасының экологиялық нормативтері:

      1) химиялық көрсеткіштер үшін – судағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде;

      2) физикалық көрсеткіштер үшін – суға физикалық әсер етудің (жылу, радиоактивті) шекті жол берілетін деңгейлері түрінде;

      3) биологиялық көрсеткіштер үшін су сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобы жай-күйінің көрсеткіштері түрінде белгіленеді.

      39. Судағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған көлем бірлігіндегі химиялық заттың ең жоғары көлемі (массасы) түсініледі, одан асып кеткен кезде су бір немесе бірнеше су пайдалану түрі үшін жарамсыз болып, табиғи орта объектілерінің тозуын туғызады немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығы мен биоәртүрлілікті бұзады.

      40. Су сапасының экологиялық нормативтерін анықтау тәртібі:

      1) судың ластануына шамалы әсер ететін заттарды анықтау және ластағыш заттардың жерүсті суларына төгілуіне әкелуі мүмкін қалған заттарға экологиялық нормативтерді әзірлеуге күш салу;

      2) "Су объектілерінде су сапасын жіктеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының 2016 жылғы 9 қарашадағы № 151 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14513 болып тіркелген) сәйкес су пайдаланудың әрбір сыныбы үшін шекті жол берілетін концентрацияларды белгілеу.

      41. Су пайдалану сыныптарының жүйесінде судың белгілі бір мақсаттары мен функциялары үшін су сапасының шекті мәндерін білдіретін концентрацияларда көрсетілген әрбір сынып үшін шекті жол берілетін мәндер айқындалады. Бұл шекті жол берілетін мәндер нысаналы көрсеткіш ретінде су пайдаланудың белгілі бір сыныбы айқындалған су объектісіне қолданылатын экологиялық нормативтер болып табылады.

      42. Жерүсті су объектілері суы сапасының экологиялық нормативтері мемлекеттік су кадастрында ескерілген өзен бассейні немесе оның бөлігі, су объектісі немесе оның бөлігі үшін, ішкі теңіз сулары мен аумақтық теңіз учаскелері үшін олардың табиғи ерекшеліктері, сондай-ақ су объектілерін нысаналы пайдалану шарттары ескеріле отырып белгіленеді.

      43. Ауызсумен, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау және (немесе) мәдени-тұрмыстық су пайдалану мақсатында пайдаланылатын жерүсті су объектілері немесе олардың бөліктері (су жинау орындарының) суы сапасының экологиялық нормативтері "Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық суды пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-138 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30713 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен бекітілетін гигиеналық нормативтер деңгейінде химиялық және биологиялық (микробиологиялық) көрсеткіштер бойынша белгіленеді.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 17.06.2024 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      44. Балық шаруашылығы маңызы бар жерүсті су объектілері немесе олардың бөліктері суы сапасының экологиялық нормативтері (балық шаруашылығы нормативтері) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      45. Ауызсумен, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау және (немесе) мәдени-тұрмыстық су пайдалану мақсатында бір мезгілде пайдаланылатын балық шаруашылығы маңызы бар жерүсті су объектілері суы сапасының экологиялық нормативтері гигиеналық немесе балық шаруашылығы нормативінен неғұрлым қатаң көрсеткіштер (ең аз концентрациясы) деңгейінде белгіленеді.

      46. Егер табиғи факторлардың әсерінен қалыптасқан және нақты өзен бассейніне немесе оның бөлігіне, су объектісіне немесе оның бөлігіне тән жерүсті су объектілері суларындағы химиялық заттардың табиғи фондық концентрациясы гигиеналық немесе балық шаруашылығы нормативтерінің мәндерінен асып кеткен жағдайларда, су сапасының экологиялық нормативтерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы өзен бассейніндегі немесе оның бөлігіндегі, су объектісіндегі немесе оның бөлігіндегі химиялық заттардың табиғи фондық концентрациясы көрсеткіштерінің мәндері деңгейінде (мәндерден жол берілетін ауытқу интервалында) әзірлейді және бекітеді.

      47. Ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылатын немесе көрсетілген мақсаттар үшін жарамдылығы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар негізінде айқындалған жерасты су объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Су Кодексіне сәйкес ауызсумен жабдықтаудың резервтік көздері ретінде айқындалған жерасты су объектілері суы сапасының экологиялық нормативтері "Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық суды пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № ҚР ДСМ-138 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30713 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен әзірленетін және бекітілетін тиісті гигиеналық нормативтер деңгейінде белгіленеді.

      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 17.06.2024 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      48. Егер су сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталған кезде табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің кемінде бес жыл кезең ішінде ғылыми зерттеулермен расталған нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде су сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын су сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілейді.

4-тарау. Топырақ және жер сапасының экологиялық нормативтерін әзірлеу және қайта қарау тәртібі

      49. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері химиялық көрсеткіштер үшін топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы, халықтың денсаулығы мен табиғи объектілерге, жерді пайдалану типіне қатерді бағалауға негізделген экологиялық стандарттар түрінде белгіленеді.

      50. Топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған химиялық заттың ең көп көлемі (массасы) түсініледі, одан асып кеткен кезде топырақ жер пайдаланудың бір немесе бірнеше түрі үшін жарамсыз болып, табиғи орта құрамдастарының тозуын туғызады немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығы мен биоәртүрлілікті бұзады.

      51. Топырақ – әлсіз динамикалық, көп факторлы жүйе, су мен ауадан теориялық және практикалық зерттеулерден кейін стандартталатын әртүрлі түрлердің, типтердің және кіші түрлердің болуымен ерекшеленеді. Топырақтағы химиялық заттардың құрамы "Тіршілік ету ортасының қауіпсіздігіне арналған гигиеналық нормативтерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 21 сәуірдегі № ҚР ДСМ-32 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22595 болып тіркелген), қауіпті бағалауға сәйкес нормаланады.

      Ескерту. 51-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 17.06.2024 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      52. Топырақтағы техногендік химиялық заттарды экологиялық нормалау теориясы мен практикасының негізіне оған сәйкес техногендік химикаттардың кез-келген түсімі адам денсаулығына қауіпті ластану ретінде қарастырылмайды деген критерий қойылған.

      53. Топырақтың ластану қаупін бағалау үшін химиялық заттарды – ластану көрсеткіштерін таңдау:

      1) зерттелетін өңірдің топырақтарының ластануына қатысатын химиялық элементтер кешенін айқындайтын ластану көздерінің ерекшелігін;

      2) топырақтағы химиялық заттар сапасының экологиялық нормативтерінің тізіміне және олардың қауіптілік сыныбына сәйкес ластағыш заттардың басымдығын;

      3) жер пайдалану сипатын;

      4) халық денсаулығы үшін тәуекел деңгейін ескере жүргізіледі.

      Топырақты ластайтын заттарды бағалау ең уытты заттар бойынша жүзеге асырылады.

      Токсиканттардың жекелеген түрлері үшін белгіленген сапаның экологиялық нормативтері болмаған жағдайда табылған ластану деңгейлерін табиғи фондық деңгеймен, кларкпен (жер қыртысындағы химиялық элементтердің орташа құрамымен) салыстыру жүргізіледі. Фондық деңгей бұл заттың топыраққа қосымша енуіне жол бермейтін жағдайларға сәйкес келетін топырақтағы заттардың деңгейін білдіреді. Алайда химиялық қосылыстардың табиғи құрамының топырақ түріне, климатқа, рельефке, өсімдік түріне және басқа факторларға тәуелділігі көптеген жағдайларда топырақ жамылғысына антропогендік әсер ету ауқымымен бірге белгілі бір ластағыш заттардың табиғи фондық деңгейін бағалау мүмкін еместігіне әкеледі. Осыған байланысты фондық деңгей ретінде ластаушы заттардың шығарындылар көздерінен топыраққа ғаламдық тасымалдануының салдары болып табылатын анықталатын ингредиент пен оның техногендік қоспаларының топырақтағы табиғи құрамының сомасы алынады.

      54. Топырақты ластағыштардың алуан түрлілігі токсиканттардың жеке топтарын зерттеудің жалпы әдістемелік тәсілдерін жасау үшін оларды қабылдау көздері мен түріне, химиялық қасиеттері мен мінез-құлқына байланысты саралауды қажет етеді.

      55. Топырақ (жер) сапасының экологиялық нормативтері аумақтардың табиғи ерекшеліктері, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, аумақты пайдалану типіне сәйкес белгіленген жер санаттары ескеріле отырып әзірленеді және белгіленеді.

      56. Егер топырақ сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталған кезде табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің кемінде бес жылдық кезең ішіндегі ғылыми зерттеулермен расталған нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде топырақ сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын топырақ сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілейді.