Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 26 шілдедегі № 357 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 30 шiлдеде № 23786 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
2021 жылғы 26 шілдедегі
№ 357 бұйрығымен
бекітілген

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Қауіпті өндірістік объекті қауіптілігінің жалпы деңгейін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 300 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10242 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қауіпті өндірістік объекті қауіптілігінің жалпы деңгейін айқындау қағидаларында:

      3-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) оқыс оқиға – аварияға әкеп соқпаған қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың істен шығуы немесе бұзылуы, технологиялық процесті жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін параметрлерден ауытқу;";

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) қауіпті техникалық құрылғылар:

      қауіпті өндірістік объектілерде пайдаланылатын, мемлекеттік қадағалауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін техникалық құрылғылар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер, сондай-ақ бұрғылау тереңдігі екі жүз метрден асатын ұңғымаларды бұрғылауға және жөндеуге арналған қондырғылар, шахталық көтергіш құрылғылар мен көтергіш машиналар, жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдардың жылжымалы қоймалары, араластыру-зарядтау және жеткізу-зарядтау машиналары, жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды дайындауға арналған мобильдік және стационарлық қондырғылар;

      мемлекеттік қадағалауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен және (немесе) 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары (жылумен жабдықтау ұйымдары), 0,07 мегаПаскальдан асатын қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер.".

      2. "Қауіпті өндірістік объектілерді декларацияланатын объектілерге жатқызу критерийлерін айқындайтын қағидаларды және Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 341 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10257 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымшамен бекітілген Қауіпті өндірістік объектілерді декларацияланатын объектілерге жатқызу критерийлерін айқындайтын қағидаларда:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті міндетті декларациялауға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган бекіткен қауіпті өндірістік объектілерді декларацияланатын объектілерге жатқызу критерийлеріне сәйкес келетін қауіпті өндірістік объектілер жатады;";

      көрсетілген бұйрыққа 2-қосымшамен бекітілген Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу қағидаларында:

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымда декларацияны әзірлеу үшін ұйым басшысының бұйрығымен жұмыс тобы құрылады.

      6. Жұмыс тобы жоғары техникалық білімі, өнеркәсіптің тиісті саласында декларацияланатын объектіде кемінде 5 жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында білімі тексеруден өткен кемінде 3 маманнан тұрады.";

      7-тармақ алып тасталсын;

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Декларация осы Қағидаларда белгіленген құрылымдық нысанға сәйкес келмеген жағдайда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган декларацияны тіркеуден және тіркеу шифрын беруден бас тартады.".

      3. "Магистральдық құбырларды пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 354 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10240 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Магистральдық құбырларды пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында:

      2-тармақта:

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) аварияға әкеп соқпаған қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың істен шығуы немесе бұзылуы, технологиялық процесті жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін параметрлерден ауытқу;";

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) авария – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың қирауы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарындысы;";

      мынадай мазмұндағы 42-1) тармақпен толықтырылсын:

      "42-1. Резервуарлардың үйінділері жарамды күйінде ұсталады.".