Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 123 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 28 сәуірде № 22643 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.05.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабының 35-12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 28.04.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Білім және

      ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Денсаулық

      сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Еңбек және

      халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2021 жылғы 28 сәуірдегі
№ 123 бұйрығымен
бекітілген

Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-12) тармақшасына сәйкес әзірленді және балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 28.04.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) мемлекеттік шығармашылық тапсырыс – мемлекет қаржыландыратын, мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес айқындалатын және өнім берушілерде олардың меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан орналастырылатын, балалар мен жасөспірімдер үшін мәдениет саласында көрсетілетін қызметтер көлемі (бұдан әрі– мемлекеттік тапсырыс);

      2) мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі – балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер үшін балалар мен жасөспірімдерге мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің мемлекеттік кепілдендірілген құнының қаржылық қамтамасыз ету нормативі;

      3) оператор – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы немесе осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру рәсімін басқаруды орындауға уәкілеттік берілген оның құрылымдық бөлімшесі;

      4) өнім беруші – білім беру ұйымдарынан басқа, меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, типтері мен түрлеріне қарамастан, заңды тұлға немесе дара кәсіпкер.

      3. Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 122 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22644 болып тіркелген) Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларына (бұдан әрі – Орналастыру қағидалары) сәйкес өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 28.04.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың көлемі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі № 113 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22634 болып тіркелген) Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 28.04.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Көрсетілген қызметтер үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру тәртібі

      5. Өнім беруші операторға мемлекеттік тапсырыстың орындалуы туралы электрондық есепті (бұдан әрі – электрондық есеп) ай сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей жібереді.

      Электрондық есеп барлық балалар топтарына қатысудың электрондық табельдерін және осы Қағидалардың 8-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген, дәлелді себептер бойынша қатыспауды растайтын құжаттардың сканерленген көшірмелерін қамтиды.

      Әрбір балаға қатысудың электрондық табелі оның заңды өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен немесе жеке кабинет арқылы немесе қысқа мәтіндік хабарлама түрінде абоненттік нөмірге бір реттік құпиясөз арқылы хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) күнтізбелік күн ішінде расталады.

      6. Оператор өнім беруші электрондық есепті ұсынғаннан кейін 7 (жеті) жұмыс күні ішінде мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:

      1) осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді;

      2) осы Қағидалардың 8-тармағының талаптарына баланың дәлелді себептер бойынша қатыспау сәйкестігін тексереді;

      3) электрондық қатысу табелінде көрсетілген мүмкіндіктері шектеулі немесе ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалардың мәртебесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкестігін тексереді;

      4) электрондық қатысу табелінде көрсетілген балалардың мәртебесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесінің мәліметтеріне сәйкестігін тексереді;

      7. Ұсынылған электрондық есеп осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда, өнім берушіге көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеу осы Қағидалардың 10-тармағының 1) тармақшасында көзделген мерзімдерде ай сайын жүргізіледі.

      Ұсынылған электрондық есептің осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкессіздігі анықталған жағдайда, оператор оны қарастырған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өнім берушіге пысықтауға жібереді.

      Өнім беруші анықталған сәйкессіздіктерді жояды және электрондық есеп оператордан қайта пысықтауға жіберілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде электрондық есепті операторға жібереді.

      Электрондық есепті пысықтағаннан кейін өнім берушіге ақы төлеу осы Қағидалардың 10-тармағының 3) тармақшасында көзделген мерзімдерде жүргізіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 28.04.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Өнім берушіге ақы төлеу әрбір баланың сабаққа нақты қатысуы негізінде, Әдістемеде белгіленген сабақтардың ең көп санынан аспайтын көлемде жүргізіледі.

      Өнім беруші көрсеткен қызметтер үшін төлем сомасына әрбір бала бойынша келесі дәлелді себептер бойынша өткізіп алған сабақтар енгізіледі:

      1) баланың ауруы бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) 037/у нысаны бойынша студенттің, колледж, кәсіби-техникалық училище оқушысының уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы, мектепке, мектепке дейінгі балалар ұйымына барушы балалардың ауырғаны, карантинде болуы және басқа да келмеу себептеріне сәйкес анықтама негізінде;

      2) заңды өкілдің демалысы кезеңінде оның жазбаша өтініші негізінде, бірақ жылына 6 сабақтан артық емес.

      Мемлекет тарапынан шектеу шаралары, оның ішінде карантин, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан туындаған, нәтижесінде балалар шығармашылық үйірмелерге бармайтын өнім берушілердің мәжбүрлі тоқтап тұруы кезеңінде ақы төлеу Әдістеменің 5 және 6-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген талаптар Орналастыру қағидаларының 12-тармағында көзделген жағдайларға сәйкес қашықтықтан өткізілетін сабақтарға қолданылмайды.

      Өнім беруші өткен есептік кезеңдер үшін осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасында көзделген дәлелді себептер бойынша ағымдағы есептік кезеңге қатысты 3 (үш) айдан кешіктірмей баланың қатыспауы туралы растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда оператор қайта есептеуді және төлем сомасын қосымша есептеуді жүргізеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 28.04.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Оператор электрондық есепті мақұлдағаннан кейін өнім беруші электрондық шот-фактура мен көрсетілген қызметтер актісін ұсынады, олар цифрландыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) электрондық төлем шотын қалыптастыру үшін негіз болып табылады.

      10. Оператор қаржы саласындағы уәкілетті органның қазынашылықтың ақпараттық жүйесі арқылы төлемдерді жөнелтуді жүзеге асырады:

      1) осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген құжаттарды уақтылы ұсынған өнім берушілерге есепті айдан кейінгі айдың 18-не дейін;

      2) құжаттарды белгіленген мерзімнен кеш ұсынған өнім берушілерге келесі есепті кезеңнен кейінгі айдың 30-күніне дейін;

      3) құжаттарды уақтылы ұсынған, бірақ оператор пысықтауға қайтарған өнім берушілерге сәйкессіздіктер жойылғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде.

      11. Өнім беруші мен оператордың желтоқсандағы өзара есеп айырысулары келесі жолмен жүзеге асырылады:

      1) өнім беруші операторға электрондық есепті 20 желтоқсаннан кешіктірмей жібереді;

      2) ұсынылған электрондық есептің осы Қағидалардың 5 және 6-тармақтарында көзделген талаптарға сәйкессіздігі анықталған жағдайда, оператор 1 (бір) жұмыс күні ішінде өнім берушіге электрондық есепті пысықтауға жібереді;

      3) өнім беруші анықталған сәйкессіздіктерді жояды және оператордан электрондық есепті пысықтау туралы хабарлама алған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде электрондық есепті операторға қайта жібереді;

      4) оператор 25 желтоқсанға дейін өнім беруші ағымдағы жылғы желтоқсанда көрсеткен қызметтер үшін өнім берушілерге сомаларды есептеуді және төлеуді жүргізеді.

      12. Мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру міндеттерін жүзеге асыратын ақпараттық жүйе электрондық шот-фактураларды ұсыну, оларды келісу, оператор мен өнім беруші арасында қол қою және күшін жою міндеттерін жүзеге асыру үшін қаржы саласындағы уәкілетті орган қазынашылығының ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.