Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № ҚР ДСМ-195/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 18 қарашада № 21654 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 9-бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидалары бекітілсін.

      2. "Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидаларын және Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту бағдарламаларын бекіту және "Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндеттерін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 126 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 12 сәуірдегі № 168 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16929 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 6 маусымда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 16 қарашасы
№ ҚР ДСМ-195/2020
бұйрығымен бекітілген

Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 9-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген және халықтың декреттелген топтарына гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылған:

      1) халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту – инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулардың профилактикасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер (объектілерді күтіп-ұстау, пайдалану және орналастыру, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтау) бойынша білім алушылардың кәсіптеріне сәйкес оқыту;

      2) халықтың декреттелген тобының емтиханы – айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік аурулар жұқтыру үшін қауіп төндіретін халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің білімінің және біліктілігінің сәйкестік деңгейін айқындау;

      3) жеке медициналық кітапша – жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық қарап-тексерудің нәтижелері енгізілетін жеке құжат;

      4) халықтың декреттелген тобы – халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік аурулар жұқтыру үшін барынша жоғары қауіп төндіретін адамдар;

      5) эпидемиялық маңызы бар объектілер – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары бұзылған кезде өндіретін өнімі және (немесе) қызметі халық арасында тағамнан уланудың және (немесе) инфекциялық, паразиттік аурулардың пайда болуына алып келуі және (немесе) физикалық факторлардан, өнеркәсіптік және радиоактивті ластанулардан халық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін объектілер.

2-тарау. Халықтың декреттелген топтарына гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі

      3. Халықтың декреттелген тобының адамдары жұмысқа тұру кезінде бастапқы және одан әрі жылына бір рет кезеңділікпен гигиеналық оқытылуға жатады.

      4. Халықтың декреттелген тобының гигиеналық оқыту бойынша оқыту өндірістен қол үзіп жүргізіледі.

      5. Халықтың декреттелген тобының гигиеналық оқыту бойынша қызметті "гигиена және эпидемиология" мамандығы бойынша медициналық білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады.

      6. Жеке немесе заңды тұлғалар гигиеналық оқыту бойынша қызметі басталғанға дейін "Хабарламалар нысандарын және Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосының аумақтық бөлімшелерін хабардар етеді.

      7. Гигиеналық оқытуға ақы төлеуді халықтың декреттелген тобының өз бетінше не тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады.

      8. Халықтың декреттелген тобының гигиеналық оқыту осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту бағдарламалары бойынша жүргізіледі.

      9. Гигиеналық оқыту бағдарламасы:

      1) білім алушылардың кәсіптеріне байланысты сағат саны 12-ден 18-ге дейін теориялық оқытуды;

      2) 2 сағат көлемінде емтиханды қамтиды.

      10. Оқыту бағдарламалары халықтың декреттелген тобының кәсіптеріне сәйкес келеді. Әртүрлі декреттелген топтарды гигиеналық оқытуды біріктіруге жол берілмейді.

      11. Гигиеналық оқытуды жүргізуге арналған оқу үй-жайлары көп функционалды ғимараттар немесе өзге мақсаттағы ғимараттар құрамындағы жеке үй-жайларда орналастырылады.

      12. Гигиеналық оқытудан өткеннен кейін гигиеналық оқытуды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар бекітетін тестілік сұрақтар түрінде емтихан өткізіледі.

      13. Тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптар 80%-дан артқан жағдайда оң деп саналады. Емтихан нәтижелері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес гигиеналық оқытудан өткен халықтың декреттелген тобының есепке алу журналына енгізіледі.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      14-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 13.03.2024 № 8 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Оң нәтиже болғанда осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке медициналық кітапшаға гигиеналық оқыту нәтижелерін енгізу үшін мөртабан түрінде белгі қойылады.

      15. Қанағаттанарлықсыз баға алған жағдайда білімін қайта тексеруді бір айдан кешіктірмей белгілейді.

      16. Жеке немесе заңды тұлғалар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің сұрау салуы бойынша гигиеналық оқыту жөнінде ақпарат ұсынады.

  Халықтың декреттелген
тобындағы адамдарды
гигиеналық оқыту
қағидаларына
2-қосымша

Халықтың декреттелген тобындағы адамдарды гигиеналық оқыту бағдарламалары

Тақырып атаулары

Сағат саны

1

2

3

1. Тамақ өнімдерін өндіру, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою процесінде олармен жанасатын қызметкерлер, оның ішінде мүкәммалды, жабдықтарды санитариялық өндеу және жөндеу, сондай-ақ оларды көліктердің барлық түрлерінде тасымалдау кезіндегі қызметкерлерге арналған гигиеналық оқыту бағдарламасы

1.1.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың негіздері. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 94-бабының және 95-бабының ережелеріне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидалардың және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтамағаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі.
Тиімді тамақтану туралы ұғым.
Тамақ өнімдерін мемлекеттік гигиеналық тіркеу және регламенттеу туралы ұғым. Тамақ өнімдерін сертификаттау туралы ұғым. Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын гигиеналық талаптар. Тамақ өнімін байыту (фортификациялау) ұғымы.
Тағамдық және биологиялық құндылығын арттыру, сондай-ақ олардың адамдағы тапшылыққа негізделген аурулардың алдын алу мақсатында тамақ өнімін өндіру және қайта өңдеу процесінде оған витаминдерді, минералдарды және басқа да заттарды енгізу.

3

1.2.

Инфекциялық аурулар туралы ұғым. Ауру тудыратын микробтар және олардың адам организміне ену жолдары. Іріңді аурулар.
Ішек және ішек құрт ауруларын қоздырушылар, оларды жұқтыру жолдары.
Бактерия тасымалдаушылық.
Бактериялық және бактериялық емес тамақтан уланулар.
Ішек инфекциялық ауруларының және тамақтан уланулардың профилактика шаралары. Профилактикалық медициналық қарап-тексерулер.
Жеке гигиена қағидалары.
Қызметкерлерді міндетті медициналық қарап-тексеру.

3

1.3.

Қоғамдық тамақтану объектілерінің құрылғысына және күтіп-ұстауға қойылатын талаптар.
Сауда жабдықтарын, мүкәммалды, ыдыстарды санитариялық өңдеу режимі.
Қоғамдық тамақтану объектілеріндегі сыни нүктелер. Өндірістік бақылау.
Дезинфекция, дезинсекция, дератизация ұғымдары.
Кальян тарту, оның адам денсаулығына ықтимал қаупі туралы ұғым.

3

1.4.

Азық-түлік саудасы кәсіпорындарының құрылғысына және күтіп-ұстауға қойылатын талаптар. Тамақ өнімдерін қабылдау, сақтау, өткізу және тасымалдау тәртібі.
Тамақ өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттардың тізбесі.
Тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдері және сақтау мерзімдері туралы ұғым.
Тамақ өнімдерінің сапасыздығының негізгі белгілері.
Тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау және өткізу шарттары.
Тамақ өнімдерін таңбалауға қойылатын талаптар.
Қаптамалау материалдары.

3

1.5.

Емтихан

2

1.6.

Қорытынды:

14

2. Білім беру объектілеріндегі қызметкерлерге (жалпы орта білім беретін мектептердің бастауыш сыныптарының мұғалімдері; балалар мен жасөспірімдер тұратын білім және тәрбие беру объектілерінің барлық түрлерінің бастауыш сыныптарының мұғалімдері, тәрбиешілері мен тәрбиеші көмекшілері; техникалық персонал); балалар сауықтыру (жыл бойы, маусымдық) ұйымдарындағы және шипажай объектілеріндегі қызметкерлерге; әр түрлі және үлгідегі мектепке дейінгі ұйымдарындағы, балалар үйлеріндегі қызметкерлерге арналған гигиеналық оқыту бағдарламасы

2.1.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың негіздері.
Кодекстің 94-бабының және 95-бабының ережелеріне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидалардың және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтамағаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі.
Мектепке дейінгі балалар ұйымдары мен балалар үйлерін, сауықтыру лагерьлерін күтіп-ұстауға қойылатын талаптар.
Аумақты, топтық алаңдарды, құмсалғыштарды, спорт жабдықтарын күтіп-ұстауға қойылатын талаптар, топтық оқшаулау қағидаттары. Топтардың толтырылуы. Температуралық режимді, үй-жайлар мен рекреацияларды желдету тәртібін сақтау.
Ағымдағы және күрделі тазалау; желдету ережелері; жинау мүкәммалына, жуу және дезинфекциялау құралдарына қойылатын талаптар.
Төсек орынды ауыстыру, оны сақтау, кір жуу орындарына жеткізу, таңбалау.
Түбектерді жуу, дәретханаларды тазалау ережелері. Топтардағы ыдыстарға күтім жасау, оны таңбалау, шүберекті жуу, сақтау, өңдеу ережелері. Ойыншықтарға күтім жасау.
Дезқұралдарды және жуу ерітінділерін дайындау.
Ауызсу тәртібіне қойылатын талаптар.

3

2.2.

Жалпы білім беру ұйымдарының, барлық түрдегі балалар мен жасөспірімдер тұратын білім және тәрбие беру объектілерінің үй-жайларын күтіп-ұстауға қойылатын талаптар.
Оқушылар мен тәрбиеленушілердің бойы мен жасына сәйкес отырғызуға, заттарды саралауға, жиһазбен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар.
Температуралық режимді, үй-жайларды және демалатын орындарды желдету тәртібін сақтау. Ауызсу тәртібін ұйымдастыру.
Сыныптардың толықтығына қойылатын талаптар. Тұрып оқитын білім беру объектілерінің барлық түрінде төсекті ауыстыру, оқушылар мен тәрбиеленушілердің жеке гигиенаны сақтауы.

3

2.3.

Ас блогы аумағын және үй-жайларын, асүй мүкәммалын, ыдыстарын күтіп ұстауға қойылатын талаптар.
Өндірістік және қосалқы үй-жайларды ағымдық және күрделі тазалау, дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралар.
Жабдықтарға, мүкәммалдарға, асхана мен асүй ыдыстарына қойылатын талаптар.
Асхана және асүй ыдыстарын жуу тәртібі. Жуу және дезинфекциялау құралдарына қойылатын талаптар, оларды пайдалану ережелері. Азық-түлік шикізатын аспаздық өңдеуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар.
Шикі және дайын өнімді өндеу. Салаттарды дайындау технологиясы. Дайын тағамдардың витаминдерін сақтау және С-витаминдеу қағидалары.
Қызметтік құжаттаманы жүргізу.
Тамақтану гигиенасы. Тиімді тамақтануды ұйымдастыру. Балалар ұжымдарында тамақтан уланудың профилактикасы. Тамақты үлестіру, дайын тағамдарды өткізу.

3

2.4.

Балалар мекемесіндегі инфекциялық және паразиттік аурулар.
Тұмаумен және жіті респираторлық аурулармен сырқаттанушылықтың эпидемиялық өсуі кезеңінде жүргізілетін эпидемияға қарсы іс-шаралар.
Оқушылар мен тәрбиеленушілер арасында инфекциялық сырқаттанушылық кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу.
Эпидемияға қарсы іс-шаралар.
Ағымдағы және күрделі тазалау; жинау мүкәммалына, жуу және дезинфекциялау құралдарына қойылатын талаптар.
Өндірістік бақылау.
Персоналдың жеке гигиенасы.
Қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексерулері

3

2.5.

Емтихан

2

2.6.

Қорытынды:

14

3. Денсаулық сақтау және медициналық-әлеуметтік оңалту (мейірбике көмекшілері; кір жуатын бөлмелердің қызметкерлері; тағам өнімдерімен жанасатын қызметкерлер) қызметкерлеріне арналған гигиеналық оқыту бағдарламасы

3.1.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың негіздері. Кодекстің 94-бабының және 95-бабының ережелеріне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидалардың және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтамағаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі.
Хирургиялық бейіндегі бөлімшелерді; дермато-косметологиялық, пластикалық және эстетикалық хирургия объектілерін; перинаталды орталықтарды, акушерлік стационарларды; қан қызметі объектілерін; инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелерді; туберкулезге қарсы ұйымдарды; физиокабинеттерді; орталықтандырылған стерилизациялау бөлімшелерін; стоматологиялық емханаларды (кабинеттерді); паллиативтік көмек және мейірбике күтімін көрсету жөніндегі денсаулық сақтау объектілерін; гемодиализ бөлімшелерін, патологоанатомиялық ұйымдарды күтіп-ұстауға қойылатын талаптар;
Өндірістік бақылау.

3

3.2.

Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар.
Ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу.
Персоналдың қолын өндеу ережелері. Тері және сілемейлі қабықтар қанмен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтармен ластанған кезде, сондай-ақ укол немесе кесіп кету кезіндегі профилактикалық іс-шаралар.
АИТВ* – инфекциясының профилактикасы.
Денсаулық сақтау объектілері персоналының еңбек шарттарына және тұрмыстық қызмет көрсетілуіне қойылатын талаптар.
Қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексерулері

3

3.3.

Денсаулық сақтау объектілерінде қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға, сақтауға қойылатын талаптар. Медициналық қалдықтардың сыныптамасы. Медициналық қалдықтарды залалсыздандыру және/немесе зарарсыздандыру тәсілдері мен әдістері.
Радиоактивті медициналық қалдықтармен жұмыс істеу

3

3.4.

Денсаулық сақтау объектілерінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға, жүргізуге қойылатын талаптар.
Медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерильдеуді және дезинфекциялауды жүргізу жағдайларына қойылатын талаптар.
Дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралар. Қорытынды дезинфекция.
Температуралық режимді, үй-жайларды желдету режимін, ағымдағы және күрделі тазалауды жүргізуге, жинау мүкәммалына, жуу және дезинфекциялау құралдарына қойылатын талаптарды сақтау.
Төсек орынды ауыстыру. Инфекция жұққан киім-кешекті жуу.

3

3.5.

Денсаулық сақтау объектілерінде тамақтану жағдайларына қойылатын талаптар.
Жабдыққа, мүкәммалға, асхана және асүй ыдыстарына қойылатын талаптар.
Асхана және асүй ыдыстарын жуу тәртібі. Азық-түлік шикізатын аспаздық өңдеуге қойылатын талаптар.
Шикі және дайын өнімді өңдеу.
Дайын тамақты үлестіру.
Денсаулық сақтау объектілерінде тамақтан уланудың профилактикасы.

3

3.6.

Емтихан

2

3.7.

Қорытынды.

17

4. Жолаушыларға қызмет көрсету саласындағы (жолаушылар поезының жолсеріктері, өзен, теңіз және әуе көліктерінің стюардтары) қызметкерлеріне арналған гигиеналық оқыту бағдарламасы

4.1.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың негіздері.Кодекстің 94-бабының және 95-бабының ережелеріне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидалардың және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтамағаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі.
Жолаушылар поездарын, өзен, теңіз және әуе көліктерін күтіп-ұстауға және жабдықтауға қойылатын талаптар.
Жолаушыларға қызмет көрсету объектілерін (теміржол вокзалдарын, аэровокзалдарды, әуежайларды, теңіз және өзен вокзалдарын, автовокзалдарды, метрополитендерді) күтіп-ұстауға қойылатын талаптар.
Жабдықтау пункттерінің жұмысына қойылатын талаптар. Ауа-жылыту режимі. Қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексерулері.

3

4.2.

Жіті ішек инфекциялары, аса қауіпті және карантиндік инфекциялар, тағамдық уытты инфекциялар туралы ұғым, клиникасы және профилактика шаралары.
Микроорганизмдер туралы ұғым және инфекциялық аурулардың пайда болуындағы олардың рөлі. Ішек инфекцияларының, гельминтоздардың, ауа-тамшы инфекцияларының, венерологиялық аурулардың, АИТВ инфекциясы*, гемоконтактілі инфекциялардың, карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың профилактикасы. Инфекциялық аурулармен, аса қауіпті инфекциялармен және тағамдық уытты инфекциялармен ауыратын науқастар анықталған кездегі эпидемияға қарсы іс-шаралар.
Жазатайым жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету.

3

4.3.

Тамақ өнімдерін сақтауға және тез бұзылатын өнімдерді өткізу мерзімдеріне қойылатын талаптар.
Тамақ өнімдерін тасымалдау. Дезинфекциялық, дератизациялық және дезинсекциялық іс-шаралар.
Өндірістік бақылау.
Жеке және қоғамдық гигиена.

3

4.4.

Емтихан

2

4.5.

Қорытынды:

14

5. Ауыз суды дайындаумен, су құбыры желілеріне қызмет көрсетумен тікелей байланысты су құбыры құрылыстарындағы қызметкерлерді гигиеналық оқыту бағдарламасы

5.1.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың негіздері.
Кодекстің 94-бабының және 95-бабының ережелеріне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидалардың және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтамағаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі.
Адам өміріндегі судың маңызы. Судың эпидемиологиялық маңызы.
Сумен жабдықтау көздері, олардың гигиеналық сипаттамасы.
Су арқылы берілетін инфекциялық аурулардың профилактикасы.
Өндірістік бақылау.
Қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексерулері.
Жеке гигиена қағидалары, еңбек жағдайлары.

3

5.2.

Жерасты көздерінен алынған орталықтандырылған сумен жабдықтау және олардың құрылғысына қойылатын талаптар.
Жерүсті су көздерінен алынған орталықтандырылған сумен жабдықтау ерекшеліктері және олардың құрылғыларына қойылатын талаптар (жерүсті су бөгеттері бар қалалар үшін).

3

5.3.

Су құбыры желісіне қойылатын талаптар.
Су құбыры құрылыстары мен желілерін дезинфекциялау.
Сумен жабдықтау көздерін және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау су құбырларын санитариялық қорғау аймақтары.
Санитариялық қорғау аймақтары аумағындағы санитариялық-гигиеналық режим.

3

5.4.

Орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйелеріндегі судың сапасына қойылатын гигиеналық талаптар.
Сапаны бақылау.
Сумен жабдықтау орталықтандырылмаған кезде судың сапасына қойылатын талаптар.
Көздерді санитариялық қорғау.
Құдықты (каптажды) тазарту, дезинфекциялау әдістері.

3

5.5.

Емтихан

2

5.6.

Қорытынды:

14

6. Тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы (моншалар, хауыздар, бассейндер, спорттық-сауықтыру ұйымдары, шаштараздар, косметологиялық салондар, кір жуатын орындар, химиялық тазарту орындары, қонақүйлер, хостелдер) қызметкерлерін гигиеналық оқыту бағдарламасы

6.1.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың негіздері.
Кодекстің 94-бабының және 95-бабының ережелеріне сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидалардың және гигиеналық нормативтердің талаптарын сақтамағаны үшін қызметкерлердің жауапкершілігі.
Ауа-тамшы, ішек, паразиттік, жұқпалы тері инфекциялары мен трансмиссивті жолмен (қан арқылы) берілетін инфекциялар, аса қауіпті инфекциялар.
Парентералді вирусты гепатиттердің профилактикасы.
Дезинсекция, дератизация, терминдері мен анықтамалары, химиялық дезинфекцияны жүргізу үшін қолданылатын жаңа құралдар.
Қызметкерлердің міндетті медициналық қарап-тексерулері, жеке гигиена қағидалары, еңбек жағдайлары.
Өндірістік бақылау.

3

6.2.

Шаштараздарды, сұлулық салондарын және косметологиялық кабинеттерді орналастыруға, жабдықтауға, жарақтандыруға, күтіп-ұстауға қойылатын талаптар. Жұмыс құрал-саймандарын, жұмыс үстелдерінің үстін дезинфекциялау әдістері. Тері, шаш, тырнақ аурулары. Жұқпалы тері және паразиттік аурулар және шаштараздарда олардың таралуының алдын алу шаралары.

3

6.3.

Моншалардың гигиеналық маңызы.
Монша мен сауналардың құрылғысына, жабдықтауға, пайдалануға және күтіп-ұстауға қойылатын талаптар. Жұқпалы инфекциялық аурулар. Моншада олардың таралуының алдын алу шаралары.

3

6.4.

Тұрғын үй-жайларды және қонақ үйлер мен хостелдердің ортақ пайдаланылатын үй-жайларын күтіп-ұстау бойынша талаптар.
Қонақ үйлердің төсек орын шаруашылығына қойылатын талаптар. Аса қауіпті инфекциялар анықталған жағдайдағы персоналдың әрекеті.
Қонақ үйлерде, хостелдерде қолданылатын дезинфекция әдістері.

3

6.5.

Кір жуу орындары мен химиялық тазалау орындарының (өндірістік үй-жайлар, тұрмыстық үй-жайлар, үй-жайларды ішкі әрлеу, санитариялық-техникалық жабдықтау) құрылғысына және жабдықтауға қойылатын талаптар.
Кір жуу орындары мен химиялық тазалау орындарын пайдалануға қойылатын талаптар. Дезинфекция, оның әдістері. Кір жуу орындарында қолданылатын дезинфекциялау әдістері.

3

6.6.

Жүзу бассейіндерін пайдалану режимдеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар. Бассейін суларын зарарсыздандыру әдістері.
Үй-жайлар мен ванналарды тазалауға және дезинфекциялауға қойылатын талаптар.
Жүзу бассейндерінің су сапасына қойылатын талаптар.

3

6.7.

Емтихан

2

6.8.

Қорытынды:

20

      Ескертпе:

      *АИТВ инфекциясы - адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру.

  Халықтың декреттелген
тобындағы адамдарды
гигиеналық оқыту
қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Гигиеналық оқытудан өткен халықтың декреттелген тобының есепке алу журналы

Т.А.Ә. (қызметкердің бар болған жағдайда)

Жұмыс орны, тұрғылықты мекенжайы

Қызметтің, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жүзеге асырылатын түрі көрсетіліп, лауазымы

Оқытуды жүргізу кезеңі

Емтихан өткізу күні

Емтихан нәтижесі

Қайта тапсырған жағдайда кезекті емтиханның күні

Қызметкердің қолы










      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-қосымша алып тастау көзделген - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 13.03.2024 № 8 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Халықтың декреттелген
тобындағы адамдарды
гигиеналық оқыту
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Жеке медициналық кітапшаға гигиеналық оқыту нәтижелерін енгізу үшін мөртабан

Ұйымның атауы, байланыс деректері (орналасқан жері, телефоны)
____________________________________
бағдарламасы бойынша гигиеналық оқытудан өтті және емтихан тапсырды
20___ жылғы "___" ______________
Гигиенист-эпидемиолог___________
(Т.А.Ә. (бар болған жағдайда), қолы)