Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 26 мамырдағы № 427 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 мамырда № 20729 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.06.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (М.Қ. Баймұқашев) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрі Е. Тургумбаев

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2020 жылғы 26 мамырдағы
№ 427 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу, Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10056 болып тіркелді, 2015 жылғы 21 қаңтарда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      3-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) көлік құралын бастапқы тіркеу - Қазақстан Республикасының аумағында алғаш жүзеге асырылатын, көлік құралын мемлекеттік тіркеу.

      Қазақстан Республикасына уақытша әкелінген, сондай-ақ басқару органдары сол жақта орналасқан, Армения Республикасының уәкілетті органдарында Қазақстан Республикасының азаматтарына тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу көлік құралын бастапқы тіркеу болып табылмайды;";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Көлік құралдарын тіркеу, тіркеуге өзгерістер енгізу, есептен шығару кезінде барлық қажетті деректер БАЖ-ға енгізіледі. Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерден келген көлік құралдарын тіркеген кезде КҚТК-ның ерекше белгілерінде жазба көрсетіледі: Ресей Федерациясынан - РФ КҚ, Армения Республикасынан - АР КҚ, Беларусь Республикасынан - БР КҚ, Қырғыз Республикасынан - Қырғыз Республикасы КҚ.

      Басқару органдары сол жақта орналасқан, Қазақстан Республикасының азаматтарына Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарын тіркеу кезінде КҚТК-ның ерекше белгілерінде "Өзге адамға тіркеуге жатпайды" деп көрсетіледі.";

      16-1-тармақпен толықтырылсын және мынадай редакцияда жазылсын:

      "16-1. Басқару органдары сол жақта орналасқан, Қазақстан Республикасының азаматтарына Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарын тіркеуді жүргізу үшін иелері:

      1) жеке басты куәландыратын құжатты;

      2) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 553-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін алым мен Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 615-бабына сәйкес мемлекеттік баждар төлеу туралы құжаттарды;

      3) Армения Республикасының уәкілетті органында берілген, көлік құралдарына арналған КҚТК мен МТНБ;

      4) сәйкестендіру нөмірінде кемінде 17 белгі болған жағдайда, 018/2011 КО ТР 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті ұсынады.";

      35-1-тармақпен толықтырылсын және мынадай редакцияда жазылсын:

      "35-1. 16-1-тармақта көзделген жағдайда, Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттары мен МТНБ түпнұсқалары иесі оны бастапқы тіркеу не Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығару туралы шешім қабылдағанға дейін көлік құралының тіркелген жері бойынша сақталады.";

      50-1-тармақпен толықтырылсын және мынадай редакцияда жазылсын:

      "50-1. Осы Қағидалардың 49-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларда, басқару органдары сол жақта орналасқан, Қазақстан Республикасының азаматтарына Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарына қатысты БАЖ-ға өзгерістер енгізу оларды Армения Республикасында тіркеу есебінен шығарғаннан кейін және осы Қағидалардың 16-тармағының 2), 4), 7), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың негізінде жүргізіледі, ал осы Қағидалардың 49-тармағының 6) тармақшасында көзделген жағдайда БАЖ бен КҚТК-ға өзгерістер енгізу осы Қағидалардың 16-1-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың негізінде жүргізіледі.";

      66-1-тармақпен толықтырылсын және мынадай редакцияда жазылсын:

      "66-1. Қазақстан Республикасының азаматтарына Армения Республикасының уәкілетті органы берген құжаттардың негізінде тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген көлік құралдарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету үшін есептен шығару кезінде Қазақстан Республикасының КҚТК мен МТНБ көлік құралдарының тіркелген жері бойынша тапсырылады, ал Армения Республикасының уәкілетті органы берген құжаттар мен МТНБ түпнұсқалары иелеріне қайтарылады.".

      2. "Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 1040 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12892 болып тіркелді, 2016 жылғы 28 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      2-1-тармақпен толықтырылсын және мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. 1А-1-үлгісі (2-1-сурет) - Қазақстан Республикасының азаматтарына Армения Республикасының уәкілетті органдарында тіркелген және Қазақстан Республикасына 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелінген автомобильдерге арналған, "А" серияларындағы алдыңғы және артқы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері."

      2-1-сурет.



      1А-2-сурет (2-2-сурет) - "А" сериясындағы артқы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі.".

      2-2-сурет.



      16-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16-1. "А" серияларындағы 1А-1 және 1А-2 үлгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің фоны (негізгі түсі) - сары, айыру белгісі "KZ", цифрлық және әріптік символдар, бөлу жолағы, рамка сызықтары мен шеті - қара түсті".

      3. "Автокөлік құралын және (немесе) оның тіркемелерін қайта жабдықтауға куәлік беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 281 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20222 болып тіркелді, 2020 жылғы 31 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органдарға беріледі.

      Тікелей мемлекеттік қызмет көрсететін көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес оны тіркеген күнінен бастап бес жұмыс ішінде қарауға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады."