Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 29 сәуірде № 20527 болып тіркелді

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 371 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12497 болып тіркелген, 2015 жылғы 30 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) "Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 371 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 390 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18151 болып тіркелген, 2019 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күн ішінде оның Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103
Бұйрықпен бекітілген

Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 10-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібін анықтайды.

      2. Монументтік өнер құрылыстары аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) болып табылады.

2-тарау. Монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 11-бабының 9) тармақшасына сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) жүргізеді.

      4. Монументтік өнер құрылыстарын (бұдан әрі - құрылыс) орнату үшін жергілікті атқарушы органдар монументті өнердің құрылыстарын (бұдан әрі - құрылыс) орнату жөніндегі ұсыныстарын аса көрнекті тұлғаның үлесін және (немесе) тарихи оқиғаның маңыздылығын растайтын құжаттармен қоса тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) жолдайды.

      Аса көрнекті тұлғаның үлесі және (немесе) тарихи оқиғаның маңыздылы архивтік құжаттардың көшірмелерімен, деректік, тарихи, анықтамалық энциклопедиялардан, кітаптардан үзінділермен, ғылыми мақалалармен және өзге құжаттармен расталады.

      5. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын қарау үшін уәкілетті орган Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрады. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды. Төраға болмаған кезеңде оның функцияларын орынбасар атқарады.

      6. Комиссия отырыстары үш айда кем дегенде бір рет өткізіледі. Комиссия шешімдері ашық дауыс берумен қабылданады және егер, Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      7. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға жолданады.

      8. Комиссиямен құрылысты орнату жөніндегі ұсыныстар мақұлданған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органға мынадай құжаттарды жолдайды:

      1) құрылысты орнатуды қаржыландыру туралы ақпарат қамтылған ілеспе хат;

      2) құрылысты орнату үшін жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның шешімінің немесе қаулысының көшірмесі;

      3) құрылыстың 1:10 масштабтан кем емес жұмыс жобасы;

      4) жарықтың төрт бағыты көрсетілген құрылысты орнатудың ситуациялық сызбасы;

      4) құрылыстың 1:500 масштабтағы бас жоспарының макеті;

      5) құрылыстың сәулеттік-көркемдік, композициялық шешімдерін қысқа сипаттауды қамтитын түсіндірме жазба.

      9. Құрылыстың жұмыс жобасы сапалы шығармашылық орындау, портреттік ұқсастықты ашу және тарихи оқиғаны бейнелеу тұрғысынан қаралады.

      Ұсынылған ситуациялық сызба және бас жоспардың макеті негізінде құрылыстың дұрыс орнатылуы айқындалады.

      10. Отырыстың нәтижесінде Комиссия келесі шешімдердің бірін шығарады:

      1) құрылыстың жұмыс жобасын мақұлдау;

      2) құрылыстың жұмыс жобасын пысықтау.

      11. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құрылыс орнату туралы ұсыныс жіберген жергілікті атқарушы органдарға жолданады.

      12. Комиссиямен мақұлданған құрылыстардың жұмыс жобалары орнатылатын шынайы көлемде орындалады және жергілікті атқарушы органдармен орнатылады.

      Құрылыстардың пысықталған жұмыс жобалары жергілікті атқарушы органдармен Комиссияның қарауына ілеспе құжаттарынсыз қайта қарауға ұсынылады.