"Мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 сәуірде № 20402 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 93 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13227 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 11 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған білім беру қызметін көрсетудің үлгілік шартында:

      2-тармақ мынадай мазмұндағы 10) тармақшамен толықтырылсын:

      "10) тәрбиеленушінің ата-анасына немесе заңды өкілдеріне құрметпен қарауға міндетті.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мектепке дейінгі ұйым:

      1) балаға ата-ананың қалауы бойынша қосымша білім беру және сауықтыру қызметтерін ұсынуға (ақылы және ақысыз);

      2) баланың тамақтануы үшін ай сайынғы төлемақыны мектепке дейінгі ұйым белгілеген мерзімде уақытылы төленбеген, бала дәлелсіз себептермен және әкімшілікті ескертпей бір айдан астам келмеген, дәрігерлік консультациялық анықтамасының негізінде оның мектепке дейінгі ұйымға келуiне кедергi болатын медициналық қарсы көрсетілімдер болған кезде баланы мектепке дейінгі ұйымнан шығаруға;

      3) ата-анаға екі тараптың келісімі бойынша мектепке дейінгі ұйымда баланың тамақтануы үшін төлемді кейінге қалдыруға;

      4) баланы алкагольді мас күйдегі ата-анасына немесе заңды өкіліне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған жақын туыстарына бермеуге;

      5) ата-ана осы шартта көзделген міндеттерін жүйелі түрде орындамаған кезде бұл туралы ата-ананы күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей хабардар ете отырып, мерзімінен бұрын шартты бұзуға;

      6) өндірістік қажеттілік болған жағдайда топтарды қосуға құқылы.

      4-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) педагогтерге және қызметкерлерге өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауда құрмет көрсетуге;";

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 10), 11) және 12) тармақшалармен толықтырылсын:

      "10) баланың денсаулығына және басқа балаларға байланысты өміріне қауіп келтіретін проблемаларды жасырмауға;

      11) баланы, оның қызығушылықтарын ескере отырып:

      әдептілікке, төзімділікке және ұлтаралық келісімге;

      кибер мәдениетіне және кибер гигиенасына тәрбиелеуге;

      12) баланың қажеттіліктерін ескере отырып, мобильді құрылғыларды қолдануды шектеу мүмкіндіктерін қарастыруға міндетті.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Баланың тамақтануы және қосымша ақылы қызметтер үшін _________ теңге сомасындағы ата-ана төлемі ай сайын ағымдағы айдың 5-не дейін төленеді. Бала дәлелді себептермен ағымдағы төлем жүргізілген айда мектепке дейінгі ұйымға келмеген жағдайда (карантин, демалыс (ата-ананың өтініші), ауру, емдеу, сауықтыру, түзету мен оңалту (көрсеткіш бойынша анықтама ұсынған жағдайда), нақты келген күндерінің саны бойынша қайта есептеу келесі айдың басында жүргізіледі және төлем туралы түбіртекке енгізіледі.";

      Орта білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Орта білім беру ұйымы:

      1) білім алушыны, ата-ананы (заңды өкілді) білім беру ұйымының Жарғысымен, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиямен, білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесімен және оның қызметін регламенттейтін актілермен таныстыруға;

      2) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білім алушыны білім, білік, дағдыларды алуды қамтамасыз етуге;

      3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы № 611 бұйрығымен бекітілген "Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" Санитарлық қағидаларына сәйкес (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің № 15681 мемлекеттік тізілімінде тіркелген) білім беру және тәрбие үдерісіне жүктелген санитарлық гигиеналық талаптарды сақтауға;

      4) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 (Қазақстан Республикасы мемлекеттік нормативтік құқықтық актілерінің тізілімінде № 13085 тіркелген) бұйрығымен бекітілген орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз етуге (бұдан әрі - міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар);

      5) оқу процесі және мектептен тыс, мектептік және сабақтан тыс іс-шаралар өткізу барысында мектеп аумағында білім алушылардың өмірі мен денсаулығына жауапты болуға;

      ата-аналарының (немесе заңды өкілі) жазбаша түрдегі келісімімен білім алушыларға психологиялық диагностика, консультация және тренингтер (топтық, жеке) жүргізуге, ата-аналарға консультация беруге және тренингтер жүргізуге;

      білім алушының жеке қасиеттерін ескере отырып, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, адамгершілігін, физикалық және психологиялық денсаулығын нығайтуға;

      6) білім алушының ата-анасына немесе заңды өкілдеріне құрметпен қарауға;

      7) Шартты бұзған жағдайда білім алушыға түскен кездегі құжаттарын қайтарып беруге;

      8) білім алушының, ата-анасының (заңды өкілінің) келісімінсіз және оқу процесіне залал келтірмей, білім алушыны тапсырмаларды орындауға тартуға жол бермеуге;

      9) оқудың толық курсын сәтті аяқтағаннан кейін және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін "Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 10348 нөмірімен тіркелген) бекітілген тиісті нысан бойынша білім туралы құжатты беруге міндетті;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Ата-ана (немесе заңды өкілі):

      1) білім беру ұйымының Жарғысын және осы шарттың ережесін сақтауға;

      2) ата-аналар жиналысына баруға, қажет болған жағдайда оқу-тәрбие үдерісі және нақты педагогикалық көмек көрсету бойынша жеке педагогикалық әңгімелесу үшін әкімшіліктің немесе педагогтердің шақыруы бойынша білім беру ұйымына баруға;

      3) педагогтерге және қызметкерлерге өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауда, сондай-ақ білім беру ұйымдарының білім алушыларына құрмет қөрсетуге;

      4) Міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарға сәйкес мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға;

      5) сабақтарда баланың болмау себебі туралы білім беру ұйымын хабардар етуге;

      6) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес білім беру ұйымына оқушының кінәсінен келтірілген материалдық залалды өтеуге;

      7) мектеп аумағынан тыс (мектепке дейін және мектептен кейін) білім алушылардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілік алуға, құқығы мен еркіндігін қорғауға;

      8) педагогтермен білім алушыны тәрбиелеу мен оқыту мәселелері бойынша байланыста болуға, кері байланысты жүзеге асыруға;

      9) баланы, оның қызығушылықтарын ескере келе:

      әдептілікке, төзімділікке, академиялық адалдыққа және ұлтаралық келісімге;

      кибермәдениетке және кибергигиенаға тәрбиелеуге;

      10) баланың қажеттіліктерін ескере отырып мобильді құрылғыларды қолдануды шектеу мүмкіндіктерін қарастыруға;

      11) қашықтықтан оқыту технологиялары бойынша оқытудың нұсқаулықтарын, бағдарламаларын іске асыру және орнату бойынша білім алушыға қолдау көрсетуге міндетті.";.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартында:

      5-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) педагогтерге және қызметкерлерге өздерінің лауазымдық міндеттерін орындауда, сондай-ақ білім беру ұйымдарының білім алушыларына құрмет көрсетуге;".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Ш.Т. Кариноваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов