"Мәжбүрлеп таратылатын банктерді таратуды жүзеге асыру қағидаларын және олардың тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 24 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 7 сәуірде № 20329 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 114 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 30.11.2020 № 114 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мәжбүрлеп таратылатын банктерді таратуды жүзеге асыру қағидаларын және олардың тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 25 ақпандағы № 40 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4181 болып тіркелген, 2006 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдары нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде № 9-10 жарияланған, 219-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мәжбүрлеп таратылатын банктерді таратуды жүзеге асыру қағидаларында және олардың тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптарда:

      3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) Банктер туралы заңның 48-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша барлық банк операцияларын жүргізуге банктің лицензиясынан айыруына;";

      4-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) кредиторлар талаптарының тізілімі - уәкілетті орган бекіткен, белгіленген мерзімде мәлімделген және тарату комиссиясы таныған кредиторлардың талаптарын, сондай-ақ банктің уақытша әкімшілігі (уақытша басқарушысы) ұсынған есептеуге сәйкес сома көлемінде өтемақы төлеу міндеттемелерін орындау бойынша кепілдік беру жөніндегі ұйымның талаптарын көрсететін құжат;";

      7-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Банктер туралы заңның 48-1-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 1), 2), 4), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген салдары туындайды;";

      19-тармақта:

      19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17313 болып тіркелген "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері есептілігінің тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және оларды кіріс ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 137 қаулысына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша автоматтандырылған есептік жүйенің деректерін жеке электрондық тасымалдағышқа көшіре отырып (резервтік көшірмелер), тарату комиссиясын тағайындау күнінде қолда бар электрондық түрдегі екiншi деңгейдегi банктердің баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар туралы есепті қағазға басып шығарады. Осы ақпарат электрондық түрде болмағанда, қағаз тасымалдағыштағы ақпарат негізге алынады;";

      26) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "26) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде болып тіркелген "Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 42 қаулысына сәйкес іс-шараларды жүзеге асырады;";

      83-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "83-1. Дебиторлық берешекті сот тәртібімен өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Банктің тарату комиссиясы дебиторлық берешекті есептеуді сотқа шағым-талап өтінішін берген күніне дебитор мен банктің арасында жасалған шарттардың талаптарына негіздеп жүргізеді.

      Сот талқылауы барысында немесе атқарушылық іс жүргізу шеңберінде татуластыру рәсімдерін қолдана отырып дауды реттеу туралы өтінішхат берілген жағдайда тарату комиссиясы татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім (бұдан әрі - дауды реттеу туралы келісім) жасау туралы мәселені мынадай барлық талаптар сақталған кезде қарайды:

      дебитордың қаржылық жағдайы дебиторлық берешекті дауды реттеу туралы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде өтеуге мүмкіндік береді;

      дауды реттеу туралы келісімнің талаптары таратылатын банктің қаржылық жағдайының нашарлауына әкеп соқпайды;

      дауды реттеу туралы келісім шеңберінде дебиторлық берешекті өтеу мерзімі жеке тұлға-дебиторлар үшін 30 (отыз) айдан, заңды тұлға-дебиторлар үшін 24 (жиырма төрт) айдан аспайды;

      банк дебитордың міндеттемелерін орындау есебіне бұрын қабылдаған қамтамасыз етуі (бар болса) өзгеріссіз сақталады;

      оған қатысты сот орындаушысы дебиторға (бар болса) қатысты атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдаған мүлік дауды реттеу туралы келісім талаптарының орындалуын қамтамасыз ету ретінде тарату комиссиясына кепілге беріледі;

      заңды тұлға-дебитормен жасалатын дауды реттеу туралы келісім бойынша берешекті өтеу дауды реттеу туралы келісімде көзделген берешекті өтеудің барлық мерзімі бойы ай сайын тең төлемдермен жүзеге асырылады.

      Дауды реттеу туралы келісімнің талаптары кредиторлар комитетімен келісілгеннен кейін тарату комиссиясының төрағасы оған қол қояды.";

      85-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "85. Тарату комиссиясы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалау қызметін жүзеге асыратын бағалаушыны (бұдан әрі - бағалаушы) тарта отырып, таратылатын банктің мүлкін бағалауды жүргізеді.";

      103-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кредиторлар талаптарының тізіліміне кредиторлардың даусыз болып табылатын талаптары, сондай-ақ ұйымның кепілдік беру жөніндегі, банктің уақытша әкімшілігі (уақытша басқарушысы) ұсынған есебіне сәйкес сомадағы көлемде өтемақы төлеу бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі болашақ талаптары енгізіледі.";

      111-тармақтың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) тарату комиссиясының төрағасы қабылдаған таратылатын банктің жылжымайтын мүлкіне, сондай-ақ банкке келтірілген зиянды өтеу есебіне алынған атқарушылық іс жүргізу шеңберіндегі сот актілері бойынша банктің тарату комиссиясы қабылдаған жылжымайтын мүлкіне қатысты мәміле жасау туралы шешімді, сондай-ақ Қағидалардың 83-1-тармағына сәйкес жасалған дауды реттеу туралы келісімнің талаптарын келісу.";

      111-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "111-1. Кредиторлар комитеті болмаған, сондай-ақ ол өзінің функцияларын жүзеге асырмаған жағдайда, Қағидалардың 111-тармағының 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген өкілеттіктерді тарату комиссиясының төрағасы жүзеге асырады.

      Кредиторлар комитеті болмаған, сондай-ақ ол өзінің функцияларын жүзеге асырмаған жағдайда, Қағидалардың 111-тармағының 11), 12) және 13) тармақшаларында көзделген шешімдерді тарату комиссиясының төрағасы қабылдайды.";

      126-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) бағалаушыны таңдау жөніндегі іс-шараларды өткізу;";

      171-тармақ алып тасталсын;

      173-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "173. Қатысушы банктің тарату комиссиясы жіберілген міндеттемелер сомасын баланстан бір мезгілде есептен шығарып және оны таратылатын банктің кепілдік беру жөніндегі ұйымның алдындағы міндеттемелерді есепке алудың тиісті шотына енгізе отырып, салымшыларға төленуге тиіс өтемақы мөлшерінде кредиторлар талаптары тізілімінің екінші кезегіне кепілдік беру жөніндегі ұйымды енгізеді.".

      2. Банктерді реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және

      3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова