"Қадағалап ден қою шараларын колдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 272 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 26 наурыздағы № 26 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 1 сәуірде № 20264 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сақтандыру резервтерін қалыптастыруға, есептеу әдiстемесiне және олардың құрылымына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 13 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18290 болып тіркелген, 2019 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Сақтандыру резервтерін қалыптастыруға, есептеу әдiстемесiне және олардың құрылымына қойылатын талаптарда:

      3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру резервтерін әрбір сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты бойынша және (немесе) әрбір сақтандыру сыныбы бойынша және (немесе) әрбір мәлімделген, бірақ реттелмеген шығын бойынша Талаптардың 5-тармағында көзделген сақтандыру резервінің түріне қарай жеке-жеке қалыптастырады. Сақтандыру резервтерін есептеу кейінгі тәуекелдерді қайта сақтандыруға қарамастан, барлық жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын міндеттемелер көлемі ескеріле отырып жүргізіледі.

      Актуарий сақтандыру резервтерін есептеуді сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының есептілігінде қамтылған ақпарат және өзге де ақпарат негізінде жүзеге асырады.

      4. Актуарий есептік тоқсаннан кейінгі айдың 10 (оныншы) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде қағаз тасымалдағышта еркін нысанда сақтандыру резервтерін есептеу негіздемесін жасайды, оған актуарий қол қояды және сақтандыру ұйымында сақталады.

      Сақтандыру резервтерін есептеу негіздемесінде:

      әрбір өлшем бойынша негіздемелер қоса берілген резервтік базистің өлшемдері;

      есептеуде басталған кезеңдерде ескерілетін шығындар саны, шығын мерзімділігі, шығынды дамыту коэффициентін таңдау, ірі шығындарды деңгейлестіру, қосымша міндеттемелері мен Талаптардың 16-тармағына сәйкес түзету коэффициентінің есебі бойынша ақпарат баяндалған, орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындар резерві мен орын алған, бірақ әлі мәлімделмеген шығындар резервін есептеу әдісін таңдау бойынша негіздеме;

      мәлімделген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерінің мөлшерін қарауға және реттеуге байланысты болжаулы шығыстардың сомалары бойынша негіздеме;

      Талаптардың 22-тармағына сәйкес төленген талаптардың орташа (орташа нарықтық) мәнін есептеу кезінде ескерілетін шығынды түзету бойынша негіздеме (олар есепті кезеңде болған кезде);

      сақтандыру резервтерін қалыптастыру кезінде көзделмеген жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қосымша тәуекелдерді есептеу күніне туындауына байланысты сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы міндеттемелері сомасының негіздемесі және есебі;

      шығындар резервтерінің барабарлығына, оның ішінде әрбір сақтандыру сыныбы бойынша жеке-жеке және жалпы алғанда сақтандыру портфелі бойынша соңғы 12 (он екі) айдағы деректер негізінде ретроспективті талдауға жүргізілген тест нәтижелері;

      сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігі (жеткіліксіздігі) туралы қорытындылар және сақтандыру резервтері жеткіліксіз болған жағдайда жеткіліксіздік себептерін талдау;

      сақтандыру сыйлықақыларының 80 (сексен) пайызынан астам беру көзделетін қайта сақтандыру шарттары бойынша қайта сақтандырушының сақтандыру резервтеріндегі үлесін қалыптастырған кезде – Талаптардың 53-тармағында көзделген, өкілеттіктеріне қайта сақтандыру бөлімшесінің мәселелеріне жетекшілік ету кіретін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшы қызметкері қол қойған қайта сақтандырушының (қайта сақтандырушылардың) растауының болуы туралы қайта сақтандыру бөлімшесінің қорытындысы;

      сақтандыру резервтерін және қайта сақтандырушының сақтандыру резервтеріндегі үлесін есептеу кезінде актуарий пайдаланған өзге болжамдар мен жорамалдар, сондай-ақ актуарийдің пікірі бойынша негіздемеде көрсету үшін қажет мәліметтер болады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Сақтандыру шарты бойынша ЕСР, ОАШР, МРШР есептеу кезінде және сақтандыру сыныбы бойынша ОМШР есептеу кезінде теріс мәнді сақтандыру резервтерінің қорытынды мәндері нөл мәнді қабылдайды.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Мәлімделген, бірақ реттелмеген шығын шығындар бойынша есепте сақтанушы (пайда алушы) сақтандыру оқиғасы және (немесе) сақтандыру жағдайы басталғаны туралы және (немесе) сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы жазбаша нысанда өтініш жасаған күннен бастап не Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарында және (немесе) шартта көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      Егер қайта сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, қайта сақтанушы (цедент) қайта сақтандырушыны қайта сақтанушы (цедент) осындай өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде сақтандыру оқиғасы және (немесе) сақтандыру жағдайы басталғаны туралы хабардар етеді.".

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары М.Ж. Хаджиеваға жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова