БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2014 жылғы 31 қазандағы № 470 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9950 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 26 желтоқсанда жарияланған) мынадай өзгеріс және толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жергілікті бюджеттер жобаларын әзірлеу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу үдерісі:
1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасын әзірлеуді және оны жергілікті атқарушы органның мақұлдауын;
2) жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау;
3) халық қатысатын бюджетті іске асыру;
4) жоспарлы кезеңге жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдері, тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштері бар жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, бюджеттік өтінімдерді және оларды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауын қалыптастыруды;
5) жергілікті бюджет туралы мәслихат шешімінің жобасын әзірлеуді қамтиды.";
мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:
"2-1-тарау. Халық қатысатын бюджетті іске асыру
14-1. Халық қатысатын бюджет – азаматтардың жергілікті бюджет қаражатын бөлуге мүмкіндігіне қатысуы.
Жобалық ұсыныс – Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін Қазақстан Республикасы азаматы дайындаған және берген, іске асырылуы әкімдіктің (әкім аппаратының) құзыретіне жататын және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес ресімделген құжат. Үлгілік жобалық ұсыныстарды әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурста орналастырады.
Дауыс беру – әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында электронды түрде дауыс беру жолымен жобалық ұсыныстар арасында жеңімпаздарды анықтау процесі.
14-2. Халық қатысатын бюджет республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда және астанада іске асырылады. Бұл ретте аудандары бар республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және аудандары бар облыстық маңызы бар қалаларда халық қатысатын бюджеттер қаладағы аудандар деңгейінде ғана іске асырылады.
14-3. Аудандары жоқ облыстық маңызы бар қала әкімдігі, қаладағы аудан әкімінің аппараты тиісті аумақ тұрғындарының жобалық ұсыныстарын қарауды, іріктеуді және шешім қабылдауды жүзеге асыру үшін ағымдағы қаржы жылының 15 ақпанына дейінгі мерзімде Сараптамалық кеңес құрады және Сараптамалық кеңестің қызметі тәртібін анықтайды.
14-4. Халық қатысатын бюджеті шеңберінде келесі іс-шаралар дауыс беруге шығарылады және әкімдік (әкім аппараты) іске асырады:
1) аумақты көгалдандыру;
2) тротуарларды жайластыру;
3) тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;
4) ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру (саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аймақтары және өзге де объектілер);
5) бордюрларды, брусчаткаларды, тіреуіш қабырғаларды жөндеу;
6) қоқыс тастайтын жерлерді жою;
7) ортақ пайдалану орындарында күркелер, орындықтар, урналар және балалардың ойнауы және ересек тұрғындардың демалуы үшін жабдықтар мен конструкциялар орнату және жөндеу;
8) аула аумақтарында және ортақ пайдалану орындарында спорттық (жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру.
14-5. Тұрғындардың жобалық ұсыныстарын іске асыруға бағытталатын шығыстардың ең төмен көлемі:
1) жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан үшін 07 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" функционалдық тобы бойынша жоспарланатын қала бюджеті шығыстарының жылдық көлемінің 0,5%-ынан төмен;
2) жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда, облыстық маңызы бар қала үшін және (немесе) облыстық маңызы бар қаладағы аудан үшін 07 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық" функционалдық тобы бойынша жоспарланатын қала бюджеті шығыстарының жылдық көлемінің 1%-ынан төмен болмауы тиіс.
Беру кезінде бір жобалық ұсынысты іске асырудың шекті құны:
1) республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы аудан үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жиырма мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен;
2) облыстық маңызы бар қала үшін және (немесе) облыстық маңызы бар қаладағы аудан үшін ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
14-6. Ағымдағы қаржы жылының 15 ақпанына дейінгі мерзімде әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды қабылдау туралы ақпаратты орналастырады.
Тиісті елді мекендердің тұрғындарынан жобалық ұсыныстарды жинау ағымдағы қаржы жылының 20 ақпанынан 10 наурызына дейін жүзеге асырылады.
14-7. Республикалық және облыстық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің қаражаты есебінен іске асыруға ұсынылатын жобалық ұсыныстарға қойылатын талаптар:
1) ортақ пайдалану объектісі;
2) тиісті аумақтар тұрғындары үшін өзектілігі;
Бұл ретте оларды бір қаржы жылы ішінде іске асыру мүмкіндігі бар жобалық ұсыныстар басым болып табылады.
14-8. Жобалық ұсыныстарды қабылдау мерзімінің аяқталу қорытындысы бойынша, келіп түскен жобалық ұсыныстарды Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылындағы 25 наурызға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әкімдік (әкім аппараты) іске асыру құзыреттілігінің болуы мәніне талдауды жүзеге асырады.
14-9. Іске асырылуы осы Қағидалардың 14-4, 14-5, 14-7 және 14-8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін жобалық ұсыныстарды әкімдік (әкім аппараты) дауыс беруді өткізу үшін ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырады.
Бұл ретте:
1) тұтас емес, фрагменттік сипаты бар (элементтердің бірін орындау болашақта қосымша элементтерді іске асыруды талап етеді);
2) тиісті елді мекеннің даму басымдықтарына сәйкес келмейді;
3) жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныстарды іске асыруды көздейтін жобалық ұсыныстар дауыс беруге жіберілмейді.
14-10. Тиісті елді мекендердің кәмелетке толған тұрғындары ағымдағы қаржы жылының 24 сәуіріне дейінгі мерзімде ұсынылған жобалық ұсыныстар бойынша ресми интернет-ресурсында электрондық түрде дауыс беруді жүзеге асырады.
14-11. Дауыс беру рәсімі аяқталғаннан кейін әкімдік (әкім аппараты) дауыс беру нәтижелерін шығарады.
Дауыс беру нәтижесі негізінде Сараптамалық кеңес ағымдағы қаржы жылының 30 сәуірінен кешіктірмей тиісті шешім шығарады.
Бұл ретте тиісті елді мекендердің 10-нан кем тұрғыны дауыс берген жобалық ұсыныстар іске асырылуға жіберілмейді.
Дауыс беру нәтижелері мен Сараптамалық кеңестің шешімі әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жатады.
14-12. Сараптамалық кеңестің шешімі негізінде тиісті республикалық және облыстық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі, қаладағы аудан әкімінің аппараты өз құзыреті шегінде жобалық ұсыныстарды іске асыруға кіріседі.
Жобалық ұсыныстарды іске асыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері кезекті қаржы жылына бюджет заңнамасына сәйкес жасайды.
14-13. Жобалық ұсыныстарды іске асыру барысы туралы, сондай-ақ оларды іске асыру қорытындылары туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күнінен кешіктірілмей әкімдіктің (әкім аппаратының) интернет-ресурсында міндетті түрде орналастырылуға жатады.
Қоғамдастық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұрғындар жобалық ұсыныстардың іске асырылу барысмен танысуға және мониторингті жүзеге асыруға құқығы бар.
14-14. Әкімдік (әкім аппараты) ресми интернет-ресурсын және бұқаралық ақпарат құралдарында жобалық ұсыныстарды іске асыру және оларды қаржыландыруға байланысты құралдарды пайдалану туралы ақпаратты жаңартады.
14-15. Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың, астананың және қаладағы аудандардың әкімдері халықпен кездесу барысында оларды халық қатысатын бюджеттер шеңберінде іске асырылып жатқан жобалық ұсыныстар туралы хабардар етеді.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары- Қаржы министрі |
А. Смаилов |
КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі