Ескерту. Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 21.06.2023 № 227 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.10.2019 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы № 320 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11426 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 маусымда "Әділет" ақпараттық - құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларында:
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Орталық мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтерді (құжаттарды), сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтердің болмауынан өтініш беруші ұсынған құжаттарды немесе әкімнен алынған құжаттар пакеті мен учаскелік комиссияның қорытындысы негізінде оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрін айқындайды: шартсыз немесе шартты ақшалай көмек;
2) адамның (отбасының) жиынтық табысын "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5757 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің қағидаларына (бұдан әрі – Жиынтық табысты есептеу қағидалары) сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген тоқсан алдындағы тоқсан үшін есептейді.
Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасылардың құрамындағы балаларға, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатындарға, олар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) атаулы әлеуметтік көмектің есептелген мөлшері тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болмайтын мөлшерде айқындалады.
Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері кәмелеттік жасқа толған отбасының әрбір мүшесіне, осы тармақшаның екінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, Заңның 7-тармағының 1) тармақшасына сәйкес айқындалады.
Қажет болған жағдайда ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, үй малын, құсын және жер учаскесін (жер үлесін) кіріс бермейді деп айқындайды;
3) біржолғы шартты ақшалай көмек тағайындауды келісу үшін алынған өтініш берушінің мәліметтерін (құжаттарын) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық (қалалық) немесе өңірлік комиссияның қарауына жібереді;
4) адамға (отбасыға) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау (төлем кезеңін ұзарту, төлем мөлшерін өзгерту, тағайындаудан бас тарту, төлемді тоқтату) туралы электрондық шешім жобасын (бұдан әрі – электрондық шешім жобасы) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес дайындайды, олар ЭҚП қалыптастыруды тікелей жүзеге асыратын Орталық маманының, Орталықтың құрылымдық бөлімшесі басшысының және Орталық басшысының ЭЦҚ-сымен куәландырылады;
5) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық шешім жобасын атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтінішті электрондық тіркеу журналында тіркеуді жүзеге асырады.".
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі А.А. Сарбасовқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2019 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
Министр | Б. Нурымбетов |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі