Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 15.12.2020 № ҚР ДСМ-274/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 114) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншілес ұйымдарында, сондай-ақ "Назарбаев Университетінде" немесе оның медициналық ұйымдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының медициналық ұйымдарында кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылған адамдарды қоспағанда, шетелдік мамандарды клиникалық практикаға жіберу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 18 қыркүйектегі № 733 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12185 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 29 қазанда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдингте және оның еншілес ұйымдарында, сондай-ақ "Назарбаев Университетінде" немесе оның медициналық ұйымдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының медициналық ұйымдарында кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылған адамдарды қоспағанда, шетелдік мамандарды клиникалық практикаға жіберу қағидаларында:
4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Шетелдік мамандар сертификаттаудан өту үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің аумақтық департаментіне (бұдан әрі – аумақтық департамент) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша маман сертификатын беру туралы өтініш;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);
3) Қазақстан Республикасының аумағында мәлімделген мамандық бойынша білімі туралы, интернатураны немесе резидентураны не клиникалық ординатураны (олар бар болса) бітіргені туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5135 болып тіркелген) Білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау ережелеріне сәйкес берілген құжаттарды тану және (немесе) нострификациялау туралы куәлік.
Қазақстан Республикасы аумағындағы білім беру ұйымдарын бітірген шетелдік мамандар медициналық білім туралы дипломды және мәлімделген мамандық бойынша интернатураны, резидентураны, клиникалық ординатураны бітіргені туралы құжатты (егер бар болса) ұсынады;
4) шетелдік маман тұрған елде берілген мәлімделген мамандық бойынша клиникалық практиканың жүзеге асырылуын растайтын құжат;
5) жалпы көлемі 108 сағаттан кем емес, соңғы бес жыл ішінде мәлімделген мамандық бойынша біліктілігін арттырудан өткенін растайтын құжаттар;
6) 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек қызметін растайтын құжат;
7) шетелдік маманда қылмыстық құқық бұзушылықтардың және (немесе) медициналық қызметпен айналысудан айырудың (тыйым салудың) жоқтығын растайтын құжат;
8) жұмыс берушіге (денсаулық сақтау ұйымы) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары берген шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат;
9) білімі туралы құжаттарды алғаннан кейін атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін өзгерткен адамдар үшін атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін ауыстыру туралы немесе неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік;
10) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 мамырдағы № 404 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11449 болып тіркелген) Кәсіптік даярлықты бағалау және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілікке сәйкестігін растау қағидаларына сәйкес жүргізілетін Бағалаудың оң нәтижесі.
Осы тармақтың 4) тармақшасында көзделген құжатты жұмысқа алғаш рет тұратын адамдар ұсынбайды.
Осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген құжатты адамдар оқу орнын бітірген күннен бастап бес жыл өткенге дейін ұсынбайды.
Мәлімделген мамандық бойынша еңбек қызметінде бес жылдан астам үзілісі бар адамдар сертификат алу үшін мәлімделген мамандық бойынша жалпы көлемі кемінде 216 сағат біліктілігін арттырудан өтеді.
Осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген құжатта сағаттар көрсетілмеген жағдайда есептеу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 11 қарашадағы № 691 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5904 болып тіркелген) Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау қағидаларын, сондай-ақ қосымша медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарының 15-тармағына сәйкес жүргізіледі.
Осы тармақтың 6) тармақшасында көзделген құжатты оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа алғаш рет тұратын адамдар ұсынбайды.
Осы тармақтың 8) тармақшасында көзделген құжатты Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтары болып табылатын шетел қызметкерлері ұсынбайды.
Осы тармақтың 10) тармақшасында көзделген құжатты медициналық қызметпен айналысуды растайтын лицензиясы не өзге де құжаты болған жағдайда экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің шетелдік азаматтары ұсынбайды.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген өтінішті қоспағанда, құжаттар түпнұсқасымен салыстыру үшін көшірмелер түрінде ұсынылады, содан кейін құжаттың түпнұсқасы шетелдік маманға қайтарылып беріледі, салыстыру үшін құжаттардың түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайда нотариалдық куәландырылған көшірмелері ұсынылады.
Шет тілінде берілген құжатқа қосымша қазақ және орыс тілдеріндегі нотариалдық куәландырылған аудармасы ұсынылады.
Шетелдік мамандар "электрондық үкімет" веб-порталына жүгінген кезде осы тармақта көрсетілген құжаттардың электрондық көшірмелері ұсынылады.
Шетелдік мамандар сертификат алуға құжаттарды Қағидалардың осы тармағына сәйкес тізбе бойынша қолда бар сертификаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 30 күн бұрын тапсырады.
5. Шетелдік маман ұсынған құжаттарды қарау нәтижесі оң болған жағдайда аумақтық департамент маман сертификатын осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бес жыл мерзімге Мемлекеттік корпорация арқылы қағаз түрінде немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электронды түрде береді.
Сертификатты беру мерзімі осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасы аумақтық департаментке түскен кезден бастап бес жұмыс күнін құрайды.
Сертификатты беру туралы шешім аумақтық департамент басшысының бұйрығымен ресімделеді.".
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күннің ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М. Ақтаеваға жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі |
Е. Біртанов |