Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 233 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 19 сәуірде № 18562 болып тіркелді.

      "Жарнама туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-1-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық бекітілгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр Р. Скляр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, қорғаныс және

      аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2019 жылғы 18 сәуірдегі
№ 233 бұйрығымен
бекітілген

Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жарнама туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-1-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жарнама – адамдардың беймәлім тобына арналған және жеке немесе заңды тұлғаларға, тауарларға, тауар белгілеріне, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қызығушылықты қалыптастыруға немесе қолдауға арналған және оларды өткізуге ықпал ететін кез келген нысанда, кез келген құралдардың көмегімен таратылатын және орналастырылатын ақпарат;

      2) сыртқы (көрнекі) жарнама – сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінде орналастырылған және елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуіндегі, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс жерде көзбен көруге болатын жарнама;

      3) сыртқы (көрнекі) жарнама объектісі – әртүрлі көлемдегі құрылыстар немесе жалпақ конструкциялар, оның ішінде экрандар мен электронды таблолар, жарық беруші конструкциялар мен жарнаманы тарату және (немесе) орналастыру үшін пайдаланылатын өзге де құралдар.

      3. Сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінде орналастырылатын жарнама бейнелерін және (немесе) ақпаратын бейнелеу және салу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілері ұлттық стандарттарға сәйкес келуі тиіс әрі сәулет, қала құрылысы және құрылыс, автомобиль жолдары, жол қозғалысы және стандарттау саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарын ескере отырып әзірленуі және орналастыруы тиіс.

      6. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілері жолдардың көліктік-пайдалану сапасын төмендетпеуге, көлік құралдарының қозғалыс қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзбауға, жол белгілеріне және сілтемелеріне ұқсас болмауға, олардың көрінуін немесе қабылдау тиімділігін нашарлатпауға, жол пайдаланушылардың көздерін қарықтырмауға тиіс.

2-тарау. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру тәртібі

      7. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастыру жер учаскесіне тиісті құқық негізінде және мынадай кезеңдермен жүзеге асырылады:

      1) эскизді (эскиздік жобаны) әзірлеу үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын (бұдан әрі – СЖТ) және техникалық шарттарды алу;

      2) эскизді (эскиздік жобаны) жергілікті атқарушы органның сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесімен келісуден өткізу;

      3) сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін орнату.

      8. СЖТ және техникалық шарттарды алу, эскизді (эскиздік жобаны) келісу (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12684 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 750 бұйрығымен бекітілген Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін үйлер мен ғимараттарға тікелей жақын орналастырған кезде құрылыс нормаларының және үйлер мен ғимараттарға өрт бөлімшелерінің кіруін қамтамасыз ету бөлігінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталуға, сондай-ақ өртке қарсы қорғаныс белдеуі және сары сызық сақталуға тиіс.

      10. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін орнатқан (монтаждаған) кезде құрылыс-монтаждау жұмыстарын, сондай-ақ ашық отты және тұтанатын көздерді қолдана отырып отпен жұмыстар жүргізуге байланысты өрт қауіпсіздігінің талаптары мен нормалары ескерілуге тиіс.

      11. Сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің меншік иелері:

      сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін тиісті эстетикалық, санитариялық және техникалық күйінде ұстайды;

      адамдардың өмірі мен денсаулығы, меншіктің барлық нысанындағы мүлік үшін сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      сыртқы (көрнекі) жарнама объектісінде сыртқы (көрнекі) жарнама болмаған кезде өтеусіз негізде әлеуметтік жарнаманы сыртқы (көрнекі) жарнама объектісіне орналастырады не орналастыру мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде (сыртқы) көрнекі жарнама объектісін бөлшектейді.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 12.05.2023 № 339 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.