"Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) осы нормативтік қаулыға 3-қосымшаға сәйкес 600. Мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды тарту бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты;";
Мемлекеттік аудитті жүргізуге аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды тарту бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты осы нормативтік қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Заң бөлімі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы нормативтік қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына (Қ.С. Әбдірайымов) жүктелсін.
4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрайымы |
Н. Годунова |
600. Мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды тарту бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды тарту бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты (бұдан әрі – Стандарт) сыртқы мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды (бұдан әрі – Сарапшылар) тарту бойынша рәсімдік талаптарды қамтиды.
2. Стандарттың мақсаты сарапшыларды тарту, сапалы аудиторлық іс-шараны қамтамасыз ету үшін бірыңғай әдіснамалық тәсіл белгілеу және мемлекеттік аудиттің және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелерін арнайы білімді талап ететін мәселелер бойынша тәуелсіз сараптаманың қорытындыларымен растау болып табылады.
3. Стандарттың міндеті сыртқы мемлекеттік аудитті, сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізу үшін Сарапшыларды тарту және олардың жұмысының нәтижелерін пайдалану рәсіміне қойылатын талаптарды айқындау болып табылады.
4. Мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге тартылатын сарапшылардың, егер "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделсе, тиісті рұқсаты (лицензиясы) болады.
Жұмыс тәжірибесімен қажетті біліктілікке ие мамандары бар заңды тұлғалар немесе қажетті біліктілігі және жұмыс тәжірибесі бар жеке тұлғалар Сарапшылар болып табылады.
5. Сарапшылар мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге мемлекеттік аудиттің және сараптамалық-талдау іс-шараларының мақсатына жету үшін мемлекеттік аудит жүргізілетін саладағы арнайы білім мен тәжірибені талап ететін жұмыстарды орындау, сондай-ақ сапалы мемлекеттік аудитпен және сараптамалық-талдау іс-шараларымен қамтамасыз ету және мемлекеттік аудиттің және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелерін тәуелсіз сараптаманың қорытындыларымен (бұдан әрі – Қорытынды) растау қажет болатын жағдайларда тартылады.
6. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісіне немесе сараптамалық-талдау іс-шарасына бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жасау бойынша қызметтер көрсеткен, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісімен, сараптамалық-талдау қызметімен мүдделер қақтығысы бар адамдар Сарапшылар бола алмайды. Мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында сарапшылар үлестестіктің жоқтығы туралы мәлімет ұсынады.
7. Мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізу кезінде тартылатын Сарапшылар мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнаманы, соның ішінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 17-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12257 тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
2-тарау. Стандарттың негізгі қағидаттары, сыртқы мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізу үшін Сарапшыларды тарту тәртібі
8. Стандарттың негізгі қағидаттарына:
1) анықтық – сараптамалық-талдау іс-шарасының және мемлекеттік аудиттің нәтижелерін аудиторлық дәлелдемелермен растау;
2) тәуелсіздік – Сарапшының қызметіне араласуға жол бермеу, сондай-ақ оның мемлекеттік аудит объектісімен немесе сараптамалық-талдау іс-шарасымен мүдделер қақтығысының болмауы;
3) объективтілік – Сарапшылардың кез келген кәсіби мәселелерді қарастыруда және пікірлер, тұжырымдар мен қорытындылар қалыптастыруда алаламау, турашылдық және дербес, қандай да бір ықпалға түспеген тәсіл қолдануы;
4) адалдық – Сарапшылардың кәсіби қызметтерін тиісті тыңғылықтылықпен, мұқияттылықпен, жеделдікпен және өз қабілеттерін тиісінше пайдалана отырып көрсетуі;
5) кәсіби мінез-құлық – қоғамдық мүдделердің басымдықтарын сақтау, Сарапшының мамандықтың жоғары беделін қолдауы және сарапшылық (аудиторлық қызмет) көрсетумен сыйыспайтын, Сарапшыларға немесе аудиторлық кәсіпке құрмет пен сенімді жоятын, оның қоғамдық имиджіне залал келтіретін әрекеттерден бас тарту.
9. Сарапшыларды сыртқы мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге тартудың қажеттілігі:
1) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары (бұдан әрі – тексеру комиссиялары) мүшелерінің аудиторлық іс-шара жүргізуге арналған өтінім жасауы;
2) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру;
3) мемлекеттік аудит объектілерін алдын ала зерделеу;
4) сараптамалық-талдау іс-шарасына сарапшыларды тарту үшін Есеп комитетінің тиісті жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру;
5) аудиторлық іс-шараны жүргізу барысы кезінде айқындалады.
10. Тиісті шарттар жасасу арқылы Сарапшылардың қызметін сатып алу рәсімдерді жүргізу мерзімдері мен осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражаты ескеріле отырып, азаматтық заңнаманың және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Есеп комитетінің хатының негізінде өтеусіз негіздегі Сарапшылар ретінде мемлекеттік органдардың мамандары олардың келісуі бойынша, сондай-ақ әдіснамалық құжаттардың жобаларын пилоттық режимде тестілеу үшін Есеп комитетінің ведомстволық бағынысты ұйымының жұмыскерлері де тартыла алады.
11. Сарапшылар мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге:
1) оларға тапсырылуы жоспарланған нақты сұрақтар қойыла отырып, Сарапшыларды мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы тобының құрамына енгізу;
2) Мемлекеттік аудит бағдарламасына сәйкес қызмет көрсету үшін Сарапшыларға мемлекеттік аудитті жүргізуге жеке тапсырма және тапсырма беру;
3) сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізу кезінде оның бағдарламасына жеке мәселелер қосу жолымен тартылады.
Сарапшылар мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге қашықтықтан қатыса алады.
3-тарау. Мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізу үшін тартылған Сарапшылардың қызметін жүзеге асыру
12. Сарапшылар:
1) мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы тобының құрамында мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы тобының жетекшісіне күн сайын ауызша есеп береді, апта сайын соңғы жұмыс күні қорғалған байланыс арналары арқылы немесе хабарламалы тапсырыс хатпен осы Стандартқа қосымшаға сәйкес нысан бойынша және (немесе) өзге де келісілген нысан бойынша есепті күнге толтырылып (жасалып), Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық талдау іс-шарасының бағдарламасын (тапсырманы) Сарапшылардың орындау барысы туралы өздері қол қойған апта сайынғы есепті (бұдан әрі – апта сайынғы есеп) мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы тобының жетекшісіне, мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысына және Есеп комитетінің (тексеру комиссиясының) мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге жауапты мүшесіне жібереді;
2) берілген жеке тапсырма бойынша мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы тобының жетекшісіне, мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысына және Есеп комитетінің (тексеру комиссиясының) мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге жауапты мүшесіне күн сайын ауызша есеп береді және апта сайын соңғы жұмыс күні қорғалған байланыс арналары арқылы немесе хабарламалы тапсырыс хатпен есепті күнге толтырылып (жасалып), өздері қол қойған апталық есепті жібереді.
13. Сарапшылар мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізу кезінде оларға белгілі болған материалдар мен ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтайды.
4-тарау. Сарапшылар қызметінің нәтижелерін пайдалану
14. Сарапшылар қызметінің нәтижелері бойынша мемлекеттік аудиттің немесе сараптамалық-талдау іс-шарасының және Сарапшыларды тартудың мақсатына қол жеткізілгенін растау үшін олар осы Стандартқа, Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасының бағдарламасына және шартқа сәйкес ресімдеген, қайталаулар мен түрлі түсіндірулерсіз жазылып, жеткілікті аудиторлық дәлелдемелермен бекітілген, толық және анық ақпаратты қамтитын Қорытынды, құжаттар мен материалдар дайындалады.
Сарапшылардың қорытындысы төрт данада (екі данасы – жеке Қорытынды не аудиторлық есепке қорытынды, бір данасы – хаттамаға не әкімшілік іс қозғау үшін жіберілген материалдарға, бір данасы – орындалған жұмыстар актісіне) жасалады.
15. Сарапшылар Қорытынды мен басқа да материалдарды дайындау кезінде талдау, салыстыру, бағалау, тексеру, тексеріп-қарау, инспекциялау, байқау, сұрау салу, талдамалық бақылау әдістерін пайдаланады, бірақ олармен шектелмейді.
16. Сарапшылардың Қорытындысы Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы бағдарламасының мәселелерінің тізбесіне сәйкес жасалады.
Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктер Қорытындыдағы жазбалардың анықтығын растайтын құжаттардың түпнұсқасының деректемелеріне қажетті сілтемелер, сондай-ақ ережелері бұзылған құқықтық актілердің құрылымдық элементтері көрсетіле отырып, объективті және дәл сипатталады.
Егер Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы бағдарламасының мәселесі бойынша, талдамалық сипаттағы мәселелерді қоспағанда, бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталмаған болса, Сарапшы:
1) Қорытындыда анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің жоқ екендігін көрсете отырып, жүргізілген жұмыстың нәтижелерін көрсетеді;
2) Қорытындыға мемлекеттік аудитке (тексеру) немесе сараптамалық-талдау іс-шарасына ұшыраған құжаттардың деректемелерін көрсете отырып, олардың тізбесін қоса береді.
17. Сарапшылардың Қорытындысында әрбір бұзушылық фактісі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының анықталған бұзушылықтары мен олқылықтары ережелері бұзылған құқықтық актілердің құрылымдық элементтеріне сілтеме жасала отырып, бұзушылықтың сипаты мен түрін сипаттау арқылы реттілік тәртібімен нөмірленеді және жеке тармақпен тіркеледі. Заңнама бұзушылықтарын, кемшіліктері мен олқылықтарын сипаттауда Қорытындыға қосымша болып табылатын, оның атауы мен реттік нөмірін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды растайтын құжатқа сілтеме жасалады.
18. Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық талдау іс-шарасы тобының құрамына кірген Сарапшылар қызметінің нәтижелері мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша және (немесе) оған қосымша ретінде ресімделетін аудиторлық есепке қысқаша қорытындылар енгізу үшін аудиторлық іс-шараның аяқталған күнінен кешіктірмей, мемлекеттік аудит тобының жетекшісіне беріледі.
Аудит немесе сараптамалық талдау іс-шарасының тобына енгізілген Сарапшылар аудиторлық есепке өздерінің қорытындыларын қоса берген кезде аудиторлық есепке қол қоймайды.
Қорытындының жеке тапсырманың негізінде ресімделген екінші данасы аудиторлық іс-шараның аяқталған күнінен кешіктірмей, Қорытындыны мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің кіріс хат-хабарларды есепке алу жүйесінде тіркей отырып, не пошта арқылы хабарлау арқылы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің басшысына (лауазымды адамына) тапсырылады.
Қорытындының бірінші данасын тіркеу бірінші парақтың мұқаба жағында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің мөртабаны немесе мөрі (болған жағдайда) қойыла отырып, мемлекеттік аудит объектісінің күні мен кіріс нөмірін қою жолымен жүзеге асырылады.
19. Қорытындыны дайындаған Сарапшылар Қорытындыға қол қояды және әр парағын дәйектейді. Егер сарапшылар ретінде заңды тұлға қатысатын болса, Қорытындыны Сарапшылар дәйектейді және қол қояды, заңды тұлғаның басшысы мөр (болған жағдайда) баса отырып, қол қояды. Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық талдау іс-шарасын жүргізуге Сарапшы қатысқан жағдайда соңғы парақта келісімімен Сарапшылардың қызметі жүзеге асырылған мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің лауазымды адамдарының лауазымдары, тегі, аты мен әкесінің аты (болған жағдайда) көрсетіледі.
20. Сарапшылардың жинаған дәлелдемелері мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау немесе сараптамалық талдау іс-шарасы объектісінде анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді негіздейді және Қағидалардың талаптарына сәйкес ресімделеді.
21. Қорытындының нәтижелерімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау немесе сараптамалық талдау іс-шарасы объектісінің басшылығы Қорытындыға жазбаша қарсылықтарын қол қойылған Қорытынды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау немесе сараптамалық талдау іс-шарасы объектісіне тапсырылған күннен бастап, он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Есеп комитетіне (тексеру комиссиясына) ұсынады.
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісі ұсынған жазбаша қарсылықтарды Қорытынды тапсырылғаннан кейін Сарапшылар дереу Қорытындыға қосады.
22. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау немесе сараптамалық талдау іс-шарасы объектілерінен Қорытындыға қарсылықтар осы Стандарттың 21-тармағында көзделген мерзімде түскен жағдайда, Сарапшылар қарсылықтың әрбір тармағы бойынша қабылданған және қабылданбаған дәлелдерді көрсете отырып, қарсылықтар түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәжделген жауап дайындайды.
Қорытындыға көрсетілген мерзім өткеннен кейін келіп түскен қарсылықтарға жауап жіберілмейді. Сарапшылар қарсылықтың әр тармағы бойынша қабылданған және қабылданбаған дәлелдерді көрсете отырып, Есеп комитетінің (тексеру комиссиясының) осы аудиторлық іс-шараға жетекшілік ететін мүшесіне уәжделген жауап дайындайды.
23. Сарапшылар Қағидаларда айқындалған ішкі сараптамалардан өтуді ескере отырып, жиналған дәлелдемелер негізінде аудиторлық қорытындыға және жиынтық тізілімге тұжырымдар мен ұсынымдарды қалыптастырады.
Сарапшылар мемлекеттік аудит немесе сараптамалық талдау іс-шарасы барысында алынатын немесе жасалатын құжаттарды үшінші адамдарға беру не болмаса оларда қамтылған мәліметтерді ауызша жариялау құқығынсыз олардың сақталуын қамтамасыз етеді.
24. Қорытынды электрондық және қағаз жеткізгіштерде ұсынылады, төмендегілер көрсетіле отырып, Сарапшының жеке мөртабанымен немесе мөрімен (болған жағдайда) куәландырылады:
1) Сарапшылардың деректері (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)), заңды тұлғалар үшін – ұйымның атауы мен деректемелері;
2) Қорытындының жасалған күні, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің немесе сараптамалық талдау іс-шарасының атауы, сараптама жүргізу кезінде пайдаланылатын құжаттардың тізбесі;
3) Сарапшылар жүргізген жұмыстың көлемі;
4) Сарапшылар жұмысының тәсілдері мен әдістері;
5) сараптама жүргізуге байланысты шешілмеген мәселелер тізбесі;
Қорытынды мынадай жолмен ресімделеді:
1) қаріп – Times New Roman;
2) қаріптің мөлшері – 14, кестелік материалдарда – 12;
3) жоларалық интервал – бір жолдық;
4) беттің жиектері: сол, жоғарғы және төменгі – 2,5 сантиметр, оң – 1,5 сантиметр;
5) абзацтық шегініс – 1,27 сантиметр;
6) сөздер тасымалданбайды;
7) беттерді нөмірлеу – жоғарғы жағының ортасында, бірінші бетте нөмір көрсетілмейді;
8) кестелік ақпарат MS Excel форматында ұсынылады, қосымшалар ретінде диаграммалар мен слайдтарды пайдалануға рұқсат етіледі.
25. Сарапшылардың қызметі сыртқы мемлекеттік аудит органдарының Қаулысына (Нұсқамасына) қол қойылғаннан кейін аяқталған болып саналады. Сарапшылар олардың Қорытындысына негізделген (қажет болған жағдайда) тұжырымдар мен ұсынымдар бойынша жазбаша түсініктер беру жолымен оларды бақылаудан алып тастағанға дейін сүйемелдеуді жүзеге асырады.
Сарапшылардың қызметіне ақы төлеу орындалған жұмыстардың актісі негізінде жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
26. Осы тараудың ережесі осы Стандарттың 19-тармағын, 23-тармағының екінші бөлігін, 24-тармағын, 25-тармағының екінші бөлігін қоспағанда, дербес іс-шара ретінде сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізуге тартылған Сарапшылардың қызметіне қолданылмайды.
Мемлекеттік аудитті және сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізуге аудиторлық ұйымдар мен сарапшыларды тарту бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартына қосымша |
|
нысан |
Сарапшылардың Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық-талдау іс-шарасының бағдарламасын (тапсырманы) орындау барысы туралы апта сайынғы есеп
Аудиторлық іс-шара: "___________________________________________________________"
Жүргізу мерзімі: басталған және аяқталған күні: 20___ жылғы _____ - _____________ аралығы
Мемлекеттік аудиттің типі: ________________________________________________________
Есепті күнге белгіленген (жинақтық – мемлекеттік аудитті немесе сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізудің басталуынан аяқталуына дейін) | ||||
проблемалық мәселелер және олардың қысқаша сипаттамасы | қаржылық бұзушылықтар (мың теңге) | өзге де бұзушылықтар, соның ішінде рәсімдік | бұзушылық түрінің қысқаша сипаттамасы, соның ішінде құқықтық актілердің бұзылған ережелеріне сілтеме жасай отырып, бұзушылықтар сомалары бөлінісінде | Ескертпе |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 |
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау немесе сараптамалық талдау іс-шарасы объектісінің атауы және оның орналасқан жері, Сарапшының Т.А.Ә. (болған жағдайда) _____ Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық- талдау іс-шарасы бағдарламасының (тапсырманың) "______" мәселесі бойынша | ||||
Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау немесе сараптамалық-талдау іс-шарасы объектісінің атауы және оның орналасқан жері, Сарапшының Т.А.Ә. (болған жағдайда) _____ Мемлекеттік аудит немесе сараптамалық талдау іс-шарасы бағдарламасының (тапсырманың) "______" мәселесі бойынша | ||||
Сарапшының (сарапшылардың) тегі мен аты-жөні
_______________________
(қол(дар)ы)