"Пруденциалдық қалыптардың қалыптық және өзге де орындалуы міндетті нормалар мен лимиттерді маңызы мен есептеу әдістемелерін, белгілі бір күнге шекті банк капиталының мөлшерін және Ашық валюталық позицияларды есептеу қағидалары мен олардың лимиттерін белг

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 19 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 ақпанда № 18284 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Пруденциалдық қалыптардың қалыптық және өзге де орындалуы міндетті нормалар мен лимиттерді маңызы мен есептеу әдістемелерін, белгілі бір күнге шекті банк капиталының мөлшерін және Ашық валюталық позицияларды есептеу қағидалары мен олардың лимиттерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі № 170 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15886 тіркелген, 2017 жылғы 25 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Пруденциалдық қалыптардың қалыптық және өзге де орындалуы міндетті нормалар мен лимиттерді маңызы мен есептеу әдістемелерінде, белгілі бір күнге шекті банк капиталының мөлшерінде:

      71-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "71. Өтімділік қалыптары орташа айлық негізде айқындалатын өтімділік коэффициенттерінің есептік мәндеріне қарамастан, өтімділік нормативтері есепті кезеңде банк кредиторлар мен салымшыларға мерзімі өткен міндеттемелер болған жағдайда орындалмаған деп есептеледі.";

      77-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "77. Ақшаның әкетілуі банктің мынадай міндеттемелері бойынша Қалыптарға 14-қосымшаға сәйкес Банктің ақша әкетілуі мен әкелінуінің кестесінде белгіленген әкетілу коэффициенттері қолданыла отырып, өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішіндегі ақшаның әкетілу сомасы ретінде есептеледі:

      жеке тұлғалар алдындағы міндеттемелер бойынша ақшаның әкетілуі (ағымдағы шоттар, талап еткенге дейінгі салымдар, мерзімді және шартты салымдар бойынша, өтеу мерзімі белгіленбеген міндеттемелер бойынша). Жеке тұлғалардың мерзімді салымдарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі болған жағдайда мұндай міндеттемелер олардың орындалу мерзіміне қарамастан коэффициент есебіне толық көлемде қосылады. Банк берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету түріндегі салымдар тиісті қарыздың өтеу мерзіміне сәйкес есепке қосылады;

      банк активтерімен қамтамасыз етілмеген, белгіленген орындалу мерзімі жоқ не толық орындалу мерзімі 1 (бір) айдан аспайтын немесе өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде заңды тұлғалар, шағын кәсіпкерлік субъектілері алдындағы міндеттемелер бойынша (басқа кредиторлық берешекті қоспағанда, депозиттер, кредиттер, бағалы қағаздар бойынша), оның ішінде заңды тұлғалар, шағын кәсіпкерлік субъектілердің бастамасы бойынша ақша әкетілуі;

      банк активтерімен қамтамасыз етілген, орындалу мерзімі 1 (бір) айдан аспайтын немесе өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде заңды тұлғалар алдындағы міндеттемелер бойынша (басқа кредиторлық берешекті қоспағанда, депозиттер, кредиттер, бағалы қағаздар, қарыз операциялары бойынша) ақшаның әкетілуі;

      егер міндеттемелерді орындау өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде көзделетін болса, толық орындалу мерзімі өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде не олардың толық орындалу мерзіміне қарамастан шартты және ықтимал міндеттемелер бойынша қосымша ақшаның әкетілуі.

      Тұрақты депозиттер "Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заң) 18-бабында белгіленген мөлшерде жеке тұлғалардың кепілдік берілетін депозиттерін қамтиды.

      Тұрақтылығы төмен депозиттер депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңының 18-бабында белгіленген мөлшерден асатын сомада жеке тұлғалардың кепілдікті болып табылмайтын, не кепілдікті болып табылатын депозиттерін қамтиды.

      Жеке тұлғалардың депозиттерін жіктеу кезінде депозиттер әрбір клиент бойынша ұлттық және шетел валюталарындағы депозиттер бойынша жеке есепке алынады.

      Заңды тұлғалардың, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің алдындағы банктің активтерімен қамтамасыз етілмеген міндеттемелер бойынша ақшаның әкетілуі заңды тұлғалардың, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің алдындағы банктің қамтамасыз етілмеген міндеттемелерін және клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдарды қамтиды.

      Егер клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салым шартында кем дегенде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын шарттың бұзылуы туралы алдын ала хабардар ету талабы көзделетін болса, не осы талап болмаған жағдайда шартты бұзу салым мөлшерінің 2 (екі) пайызынан асатын мөлшерде айыппұл төлеуге әкеп соқтыратын болса, клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар ақша әкетілуінің есебіне қосылады.

      Клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар бойынша міндеттемелер клиенттің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті шоттағы ақшаның ең аз қалдығына тең мөлшерде айқындалады.

      Клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар ретінде, сондай-ақ бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін ағымдағы шоттардағы және (немесе) талап етуге дейінгі салымдардағы қаражаттың бір бөлігі танылады:

      шот ашылған және клиент төлемдер және (немесе) аударымдар үшін кемінде 24 (жиырма төрт) ай немесе 24 (жиырма төрт) айдан аз қолданады;

      тартылған қаражат бойынша сыйақы мөлшерлемесі:

      ағымдағы шоттар бойынша – 0 (нөл) пайыздан;

      талап етуге дейінгі салымдар бойынша - 0,1 (нөл бүтін оннан бір) пайыздан аспайды.

      Егер шот ашылған және төлемдер мен аударымдар үшін 24 (жиырма төрт) айдан аз қолданылатын болса, онда клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар ретінде тану мақсатында, мынадай талаптарды қосымша қанағаттандыруы қажет:

      ағымдағы шот немесе талап етуге дейінгі салым ретінде қолданылады;

      банк алдында айналымдарды және (немесе) шоттағы ақшаның ең аз қалдығын қолдау жөніндегі міндеттемесі бар.

      Шот ашылған және төлемдер мен аударымдар үшін 24 (жиырма төрт) айдан аз қолданылған жағдайда клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдардың мөлшері ағымдағы шоттағы немесе міндеттеменің туындаған күнінен талап етуге дейінгі салымдағы қалдықтардың орташа шамасы ретінде есептеледі.

      Банк шоттағы қалдықтардың орташа шамасын есептеуге негізделген клиенттің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жеткілікті банктік шоттағы ақшаның ең аз қалдығын айқындау әдістемесін әзірлейді.

      Заңды тұлғалардың алдындағы банктің активтерімен қамтамасыз етілмеген міндеттемелер бойынша, сондай-ақ бағалы қағаздар қарызының шарттары бойынша ақшаның әкетілуі бірінші және екінші деңгейлердегі сапасы жоғары өтімді активтермен қамтамасыз етілген банктің міндеттемелерін, Қалыптарға 5-қосымшаға сәйкес Салымдардың кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленген банк активтерінің кестесіне сәйкес 20 (жиырма) пайыздан аспайтын кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленетін Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарының және халықаралық қаржы ұйымдарының алдындағы міндеттемелерді және қамтамасыз етілуі және бірінші немесе екінші деңгейлердегі сапасы жоғары өтімді актив болып табылмайтын өзге де міндеттемелерді қамтиды.

      Шартты және ықтимал міндеттемелер бойынша қосымша ақшаның әкетілуі Қалыптарға 14-қосымшаға сәйкес Банктің ақша әкетілуі мен әкелінуінің кестесінде көзделген шартты міндеттемелер, туынды қаржы құралдарымен мәмілелер және өзге де операциялар бойынша әкетілу сомасын қамтиды. Шартты міндеттемелер, туынды қаржы құралдарымен мәмілелер және өзге де операциялар бойынша қосымша ақшаның әкетілуі мыналарды қамтиды:

      шарт талаптарына сәйкес банктің ағымдағы рейтингісінен 1 (бір), 2 (екі) не 3 (үш) сатыға дейін банктің ұзақ мерзімді немесе қысқа мерзімді кредиттік рейтингі төмендеуі қосымша қамтамасыз ету үшін өтімділікті тарту, ақша төлемі, шарт бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау түрінде қосымша қажеттілікке әкеп соғатын болса, шартты міндеттемелер, туынды қаржы құралдарымен мәмілелер және өзге де операциялар бойынша өтімділіктегі қосымша қажеттілік толық көлемде;

      нарықтық құны өзгерген кезде ақша аударымы болжанатын туынды қаржы құралдары мен өзге де операциялар бойынша позицияларды нарықтық бағалаудың өзгеруіне байланысты өтімділіктегі қосымша қажеттілік. Ақшаның әкетілуі есебінде алдыңғы 24 (жиырма төрт) айдағы көрсетілген кезеңде ақшаның келуін шегергендегі ақшаның әкетілуіне тең ең көп 30 (отыз) күндік ақшаның нетто әкетілуі есепке алынады;

      бірінші деңгейдегі сапасы жоғары өтімді актив болып табылмайтын, Қалыптарға 13-қосымшаға сәйкес Банктің сапасы жоғары өтімді активтерінің кестесінде белгіленген есептеу коэффициенті қолданыла отыра және алынған қамтамасыз ету шегеріле отырып есептелген актив құнынан 20 (жиырма) пайыз мөлшерінде банк ұсынған қамтамасыз етуді не туынды қаржы құралдарымен мәмілелер және өзге де операциялар бойынша ұсынылуға жататын қамтамасыз етуді бағалаудың (әлеуетті құнының) өзгеруіне байланысты өтімділіктегі қосымша қажеттілік. Егер қамтамасыз ету бірінші деңгейдегі сапасы жоғары өтімді актив болып табылса, өтімділіктегі қосымша қажеттілік талап етілмейді;

      клиенттің туынды қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша банкке берілген қамтамасыз ету бөлігін дереу қайтаруды талап ету құқығымен байланысты, берілген қамтамасыз ету көлемінің қажетті көлемінен толық асып кету көлемінде асуымен негізделген ақшаның әкетілуі;

      банктің қамтамасыз етуді ұсынуы көзделетін операциялар бойынша өтімділікке деген қосымша қажеттілік және егер қамтамасыз ету ұсынылмаған жағдайда, шарттың талаптарына сәйкес қарсы агенттің қамтамасыз етуді талап ету құқығы;

      қамтамасыз етуді банкпен келісусіз сапасы жоғары өтімді активтер болып табылмайтын активтерге ауыстыру көзделетін операциялар бойынша өтімділікке деген қосымша қажеттілік;

      банк шығарған, активтер бойынша ақшаның келіп түсуімен қамтамасыз етілген және өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде өтеу мерзімі бар (оның ішінде ипотекалық бағалы қағаздар бойынша) бағалы қағаздар бойынша ақшаның әкетілуі;

      банктің еншілес арнайы ұйымдары шығарған, күнтізбелік өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде өтеу мерзімі бар активтер бойынша ақшаның келіп түсуімен қамтамасыз етілген бағалы қағаздар бойынша ақшаның әкетілуі (ұстаушының толық немесе ішінара мөлшерде мерзімінен бұрын сатып алуға талап қою құқығы көзделетін туынды қаржы құралдарын есептегенде).

      Банктің еншілес арнайы ұйымдары деп банктің кепілдігімен бағалы қағаздарды шығару және орналастыру мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының бейрезиденттері-еншілес арнайы ұйымдар және секьюритилендіру мәмілелері үшін құрылған арнайы қаржы компаниялары түсініледі.

      Қосымша ақшаның әкетілуін есептеу мақсатында шартты міндеттемелер, көрсетілген міндеттемелер қайтарусыз болып табылған жағдайда, пайдаланылмаған кредиттік желілер мен өтімділік желілерін қамтиды.

      Өтімділік желілері деп банктің мынадай:

      клиенттің бұдан бұрын шығарған бағалы қағаздарын өтеу үшін клиентке ақша ұсыну;

      бағалы қағаздарды бастапқы орналастыру және (немесе) қайталама нарықта клиенттің бағалы қағаздарымен операциялар бойынша міндеттемелер шеңберінде клиенттің бағалы қағаздарын сатып алу міндеттемелері түсініледі.

      Қосымша ақшаның әкетілуін есептеу мақсатында шартты міндеттемелер өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде орындалуға жататын шығарылған бағалы қағаздар бойынша клиент міндеттемесінің мөлшерінен аспайтын мөлшердегі өтімділік желілері ретінде қосылады. Пайдаланылмаған шартты міндеттеменің қалған бөлігі, сондай-ақ қаржылық емес ұйымдарға айналым қаражатын толықтыруға берілген міндеттемелер кредиттік желілер ретінде шартты міндеттемелер бойынша қосымша ақшаның әкетілу есебіне қосылады.

      Пайдаланылмаған кредиттік желілер мен өтімділік желілері қамтамасыз етуге берілген не қамтамасыз етуге берілуге жататын және мынадай талаптардың әрқайсысын қанағаттандыратын активтерді шегеру ескеріле отырып, қосымша ақшаның әкетілу есебіне қосылады:

      бірінші және екінші деңгейлердегі сапасы жоғары өтімді активтер болып табылады;

      банктің сапасы жоғары өтімді активтерінің құрамына енгізілмеген;

      қайтарымдылық негізінде жасалатын операцияларды жүргізу үшін қолжетімді;

      мерзімінен бұрын қайтару туралы талап қою құқығы жоқ.

      Қалыптарға 14-қосымшаға сәйкес Банктің ақша әкетілуі мен әкелінуі кестесінің 20, 21, 22, 23, 24, 25 және 26-жолдарында ескерілмеген өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде жеке тұлғалар және қаржылық емес ұйымдар алдындағы міндеттемелер бойынша қосымша ақшаның әкетілулері өтімділікті өтеу коэффициентін есептеу күнінен кейінгі күнтізбелік ай ішінде жеке тұлғалар және қаржылық емес ұйымдардан ақшаның келуінің 50 (елу) пайызынан асатын болса, асып кету сомасы Қалыптарға 14-қосымшаның Банктің ақша әкетілуі мен әкелінуі кестесінің 29-жолына сәйкес 100 (бір жүз) пайыз ақшаның әкетілу коэффициенті қолданыла отырып ақшаның әкетілуінде есепке алынады.";

      80-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "80. Нетто тұрақты қорландыру коэффициенті қолжетімді тұрақты қорландырудың талап етілетін тұрақты қорландыруға қатынасы ретінде есептеледі.

      Қолжетімді тұрақты қорландырудың мөлшері бухгалтерлік баланс деректеріне сәйкес міндеттемелер мен Қалыптардың 7-тармағында көрсетілген оң айырмаларды және Қалыптардың 11-тармағында көрсетілген инвестицияларды шегергенге дейінгі меншікті капиталдың Қалыптарға 15-қосымшаға сәйкес Қолжетімді тұрақты қорландыру міндеттемелерінің кестесінде белгіленген қолжетімді тұрақты қорландыру коэффициенттеріне көбейтілген сома ретінде есептеледі.

      Жеке тұлғалардың депозиттері Қалыптардың 77-тармағының екінші және үшінші бөліктеріне сәйкес тұрақты және аздап тұрақсыз сияқты қолжетімді тұрақты қорландырудың есебіне кіргізіледі.

      Клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар ретінде ағымдағы шоттар және Қалыптардың 77-тармағының сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктеріне сәйкес келетін талап еткенге дейінгі салымдар танылады.

      Талап етілетін тұрақты қорландырудың мөлшері жиынтығында Қалыптарға 16-қосымшаға сәйкес Талап етілетін тұрақты қорландыру активтерінің кестесінде белгіленген талап етілетін тұрақты қорландыру коэффициенттеріне көбейтілген бухгалтерлік баланс деректеріне сәйкес активтер және Қалыптарға 17-қосымшаға сәйкес Талап етілетін тұрақты қорландырудың шартты және ықтимал міндеттемелерінің кестесінде белгіленген талап етілетін тұрақты қорландыру коэффициентіне көбейтілген талап етілетін тұрақты қорландырудың шартты және ықтимал міндеттемелері ретінде есептеледі.";

      15-қосымшаға сәйкес Қолжетімді тұрақты қорландыру міндеттемелерінің кестесі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      16-қосымшаға сәйкес Талап етілетін тұрақты қорландыру активтерінің кестесі осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      17-қосымша сәйкес Талап етілетін тұрақты қорландырудың шартты және ықтимал міндеттемелерінің кестесі осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Сәлімбаев Д.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулыға 1-қосымшаның 10-жолын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігінің

      Статистика комитеті

      _____________________

      2019 жылғы "___" _____________

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 31 қаңтардағы
№ 19 қаулысына
1-қосымша
  Пруденциалдық қалыптардың
қалыптық және өзге де
орындалуы міндетті нормалар
мен лимиттерді маңызы мен
есептеу әдістемелеріне, белгілі
бір күнге шекті банк
капиталының мөлшеріне және
Ашық валюталық позицияларды
есептеу қағидалары мен
олардың лимиттеріне
15-қосымша

Қолжетімді тұрақты қорландыру міндеттемелерінің кестесі

Баптар атауы

Қолжетімді тұрақты қорландыру коэффициенті, пайызбен

1

Меншікті капитал Қалыптардың 7 және 11-тармақтарында белгіленген шегерімдерге дейін қосылады (1 (бір) жылдан аз өтеу мерзімі бар екінші деңгейдегі капитал құралдарын қоспағанда)

100

2

Капиталдың өзге құралдары және 1 (бір) жыл және одан көп қалған өтеу мерзімі бар міндеттемелер

100

3

Тұрақты депозиттер

95

4

Аздап тұрақсыз депозиттер

90

5

Қаржылық емес ұйымдар берген 1 (бір) жылдан аз қалған өтеу мерзімі бар міндеттемелер

50

6

Клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар

50

7

Шет мемлекеттердің орталық үкіметтері, шет мемлекеттердің жергілікті билік органдары және халықаралық қаржы ұйымдары ұсынған 1 (бір) жылдан аз қалған өтеу мерзімі бар міндеттемелер

50

8

Заңды тұлғалардың салымдарын қоса алғанда 6 (алты) айдан көп және 1 (бір) жылдан аз қалған өтеу мерзімі бар міндеттемелердің өзге түрлері

50

9

Заңды тұлғалардың 6 (алты) айдан аз қалған өтеу мерзімі бар салымдары

0

10

Заңды тұлғалардың шартсыз мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі бар салымдары

0

11

Өзге мiндеттемелер, оның ішінде мерзімсіз мiндеттемелер (мерзімі кейінге қалдырылған салық мiндеттемелері үшін ерекше режим белгілеумен)

0

12

Егер мiндеттемелер мөлшері туынды қаржы құралдары бойынша активтердің мөлшерінен асқан жағдайда, туынды қаржы құралдары бойынша активтерді шегергенде туынды қаржы құралдары бойынша міндеттемелер бойынша нетто тұрақты қорландыру коэффициенті

0

13

Сатып алу күнінде қаржы құралдарын, шетел валютасын сатып алудан туындайтын төлемдер

0

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 31 қаңтардағы
№ 19 қаулысына
2-қосымша
  Пруденциалдық қалыптардың
қалыптық және өзге де
орындалуы міндетті нормалар
мен лимиттерді маңызы мен
есептеу әдістемелеріне, белгілі
бір күнге шекті банк
капиталының мөлшеріне және
Ашық валюталық позицияларды
есептеу қағидалары мен
олардың лимиттеріне
16-қосымша

Талап етілетін тұрақты қорландыру активтерінің кестесі

Баптар атауы

Талап етілетін тұрақты қорландыру коэффициенті, пайызбен

1

Қолма-қол ақша

0

2

Ұлттық Банкке қойылатын талаптар

0

3

6 (алты) айдан аз қалған өтеу мерзімі бар шет мемлекеттердің орталық банктеріне қойылатын талаптар

0

4

Сату күнінде қаржы құралдарын, шетел валютасын сатудан туындайтын ақшаның келуі

0

5

Ұлттық Банктегі ақша қаражатын және резервтерді қоспағанда, ауыртпалық салынбаған бірінші деңгейдегі сапасы жоғары өтімді активтер

5

6

Қаржы ұйымдарына берілген 6 (алты) айдан аз қалған өтеу мерзімі бар, банк кепілге қайта беруі мүмкін бірінші деңгейдегі сапасы жоғары өтімді активтермен қамтамасыз етілген, ауыртпалық салынбаған қарыздар

10

7

Қаржы ұйымдарына берілген 6 (алты) айдан аз қалған өтеу мерзімі бар, ауыртпалық салынбаған өзге қарыздар

15

8

Ауыртпалық салынбаған екінші деңгейдегі сапасы жоғары өтімді активтер

15

9

Өтеуге дейін 1 (бір) жылдан аз қалған мерзімі бар "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына және "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына берілген қарыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген қарыздар

25

10

Өтеуге дейін 1 (бір) жыл және одан көп қалған мерзімі бар "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамына және "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамына берілген қарыздар, Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген қарыздар

30

11

6 (алты) айдан көп және 1 (бір) жылдан аз кезеңге ауыртпалық салынған сапасы жоғары өтімді активтер

50

12

6 (алты) айдан көп және 1 (бір) жылдан аз қалған өтеу мерзімі бар қаржы ұйымдарына, шет мемлекеттердің орталық банктеріне берілген қарыздар

50

13

Басқа банктердегі клирингтік, кастодиандық қызметпен, клиенттің өтімділігін басқару қызметімен байланысты салымдар

50

14

Қаржылық емес ұйымдарға қарыздарды, тұтынушылық қарыздарды, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қарыздарды қоса алғанда, сапасы жоғары өтімді активтер болып табылмайтын, 1 (бір) жылдан аз қалған өтеу мерзімі бар өзге активтер

50

15

1 (бір) жыл және одан көп қалған өтеу мерзімі бар, 35 (отыз бес) пайыздан көп емес кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленетін ауыртпалық салынбаған ипотекалық кредиттер

65

16

1 (бір) жыл және одан көп қалған өтеу мерзімі бар, 35 (отыз бес) пайыздан көп емес кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленетін, қаржы ұйымдарына берілген қарыздарды қоспағанда, ауыртпалық салынбаған өзге қарыздар

65

17

Туынды қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша бастапқы маржа ретінде қамтамасыз ету болып табылатын ақша, бағалы қағаздар мен өзге активтер, орталық қарсы агентке міндетті төлем ретінде берілген ақша немесе өзге активтер

85

18

Негізгі борыш және (немесе) есептелген сыйақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар қарыздарды қоспағанда, қаржы ұйымдарына берілген қарыздарды қоспағанда, 35 (отыз бес) пайыздан көп кредиттік тәуекел дәрежесі бойынша мөлшерленетін және 1 (бір) жыл және одан көп қалған өтеу мерзімі бар ауыртпалық салынбаған кредиттер

85

19

1 (бір) жыл және одан көп қалған өтеу мерзімі бар, сапасы жоғары өтімді активтер болып табылмайтын және қор биржаларында айналыстағы ауыртпалық салынбаған бағалы қағаздар (акциялар)

85

20

Тазартылған алтынды қоса алғанда, қор биржаларында айналыстағы тауарлар

85

21

1 (бір) жыл және одан көп кезеңге ауыртпалық салынған активтер

100

22

Егер активтердің мөлшері туынды қаржы құралдары бойынша міндеттемелердің мөлшерінен асқан жағдайда, туынды қаржы құралдары бойынша міндеттемелерді шегергенде, туынды қаржы құралдары бойынша активтер бойынша нетто тұрақты қорландыру коэффициенті

100

23

1 (бір) жыл және одан көп қалған өтеу мерзiмi бар қаржы ұйымдарына берілген жұмыс істемейтін кредиттерді, қарыздарды қоса алғанда, өзге активтер

100

24

Қор биржаларында айналыста жоқ акциялар, материалдық активтер, банктің меншікті капиталынан шегерілген баптар, жинақталған сыйақы, сақтандыру активтері, еншілес ұйымдардағы үлес, мерзімі өткен борыш бойынша пайыздық мөлшерлеме

100

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 31 қаңтардағы
№ 19 қаулысына
3-қосымша
  Пруденциалдық қалыптардың
қалыптық және өзге де
орындалуы міндетті нормалар
мен лимиттерді маңызы мен
есептеу әдістемелеріне, белгілі
бір күнге шекті банк
капиталының мөлшеріне және
Ашық валюталық позицияларды
есептеу қағидалары мен
олардың лимиттеріне
17-қосымша

Талап етілетін тұрақты қорландырудың шартты және ықтимал міндеттемелерінің кестесі

Баптар атауы

Талап етілетін тұрақты қорландыру коэффициенті, пайызбен

1

Кез келген клиенттерге берілген қайтарып алынбайтын және шартты-қайтарып алынатын кредиттік желілер мен өтімділік желілері (пайдаланылмаған көлемнің үлесі)

5

2

Мынадай құралдарды қоса алғанда, өзге міндеттемелер:
шартсыз қайтарып алынатын кредиттік желілер мен өтімділік желілері;
сауданы қаржыландыру бойынша міндеттемелер (кепілдіктер мен кепілдемелерді қоса алғанда);
тауарлар мен қызметтердің экспортын және импортын қаржыландыруға байланысты емес кепілдіктер мен кепілдімелер;
банк шығарған немесе құрылымдандырылған өнімдермен байланысты борышты сатып алуға ықтимал талаптарды қоса алғанда, келісімшарттық емес міндеттемелер

5