Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери және арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 24 желтоқсандағы № 762 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 26 желтоқсанда № 18028 болып тіркелді

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабы 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери және арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Кадр жұмысы департаменті (А.Д. Дәрменов) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына және Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты департаментіне (А.Д. Дәрменов) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі
Қ. Қасымов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрлігі

      2018 жылғы "___"_______

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      2018 жылғы "___"_______

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2018 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 762 бұйрығымен бекітілді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери және арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери және арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 63-бабы 3-тармағына ( бұдан әрі - Заң) және Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери және арнаулы оқу орындарының ( бұдан әрі – әскери және арнаулы оқу орындары) тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету және тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсау тәртібін анықтайды.

      2. Әскери және арнаулы оқу орындары Заңның 63-бабына сәйкес мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан тыс ақылы қызметтер көрсету туралы келісімшарт жасаса отырып, мына тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ақылы негізде ұсынады:

      1) қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру;

      2) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру;

      3) ғылыми зерттеулер жүргізу;

      4) оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу және (немесе) өткізу;

      3. Әскери және арнаулы оқу орындары ғимараттарда көрінетін жерде ұсынылатын ақылы қызметтер түрлерінің тізбесі мен ұсынылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) баға прейскурантын көрсете отырып ақпарат орналастырады.

      4. Ақылы негізде қызмет көрсететін әскери және арнаулы оқу орындары мен білім алушының, оның ата-анасының және өзге заңды өкілдердің, өзге жеке және заңды тұлғалардың өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне сәйкес келісімшартпен реттеледі.

      5. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) төлеу қолма-қол ақша алу арқылы кассалық кіріс ордерлерінің негізінде міндетті түрде бақылау-кассалық машиналарды қолдана отырып және әскери және арнаулы оқу орындарының ақылы қызметтер шотына ақша аудару жолымен қолма-қол ақшасыз есеп айырысу негізінде жүргізіледі.

      6. Әскери және арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түсетін қаражаты әскери және арнаулы орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарларына сәйкес жұмсалады.

      Әскери және арнаулы оқу орындарының тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарлары "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) тәртіппен жасалады.

      7. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізуден, қосымша білім беру бағдарламаларын іске асырудан, кәсіптік білім беруді ұйымдастырудан, оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу және (немесе) өткізуден түсетін ақша түсімдері мынадай бағыттар бойынша жұмсалады:

      1) білім мекемелерінің оқу -материалдық базасын нығайту;

      2) оқу жабдықтарын және мүкәммал сатып алу, оның ішінде оқу- тәжірибе учаскесінде жұмыс істеу үшін сатып алу;

      3) оқушылардың тамақтануын жақсарту, тұрмыстық және мәдени қызмет көрсету бойынша шығыстарын жабу;

      4) оқу-өндірістік шеберханалар мен қосалқы шаруашылықтарды кеңейту;

      5) асханаларды ұстау (жалақы, тамақ өнімдерін сатып алу, жабдықтар мен мүкәммал сатып алу, күрделі жөндеу және басқа шығындар);

      6) білім беру ұйымдарын, оқу корпустары мен жатақханаларды ағымдағы жөндеу;

      7) спорт алаңдарын салу;

      8) сауықтыру іс-шаралары;

      9) қосымша оқу бағдарламалары бойынша оқу процесін ұйымдастыру;

      10) үйірмелер мен секциялар ұйымдастыруға байланысты іс-шаралар;

      11) ақылы білім беру қызметтерін көрсететін қызметкерлерге еңбекақы төлеу;

      12) ынталандыру сипатындағы қосымша ақы, үстемақы, сыйлықақы және басқа да төлемдер белгілеу;

      13) көлік құралдарын сатып алу;

      14) жабдықтар, мүккәммал (оның ішінде жұмсақ) және киім-кешек сатып алу;

      15) жылу, электр энергиясы, сумен жабдықтау және басқа коммуналдық шығыстар, ағымдағы және шаруашылық мақсаттар үшін заттар мен материалдарды сатып алу, ғимаратқа қызмет көрсету бойынша ақы төлеу, көліктік қызметтерге ақы төлеу және тауарларды сатып алуға арналған өзге де шығыстар;

      16) ғимараттар мен үй-жайларды реконструкциялау және күрделі жөндеу;

      17) қозғалтқыштарды пайдалануға және жөндеуге байланысты шығыстар;

      18) оқу-көмекші, қосалқы шаруашылықтардың және оқу-тәжірибе учаскелерінің өндірістік қызметіне байланысты, оның ішінде осы қызметпен айналысатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеуге жұмсалатын шығындар;

      19) іссапар шығыстары;

      8. Ғылыми зерттеулер жүргізуден, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша жұмсалады:

      1) жалақыға - бюджетке барлық салық пен басқа міндетті төлемдерді қоса алғанда, ғылыми зерттеуді өткізуге қатысатын зерттеу тобы мүшелерінің еңбегіне сыйақы беру;

      2) ғылыми іссапарлар - зерттеу жүргізуге қатысты іссапарлар;

      3) басқа ұйымдардың қызметтері - ұжымдық қолданыстағы ғылыми зертханалардың, өзге зертханалардың, зерттеулер жүргізу үшін қажет басқа ұйымдарының қызметтері, оның ішінде конференцияларға қатысу үшін және ұйымдастыру жарналары;

      4) материалдарды сатып алу- зерттеу жүргізу үшін шығыс материалдарын алу;

      5) жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ететін жабдықтарды сатып алу;

      6) ғылыми-ұйымдастырушылық сүйемелдеу - жариялау, патенттеу және аналитикалық материалдарды алуға қажетті шығындар, сонымен қатар жобаны сүйемелдеу бойынша өзге де көрсетілетін қызметтер түрлері бойынша шығындар;

      7) үй-жайды жалға алу;

      8) жабдықтар мен техниканы жалға алу;

      9) зерттеуді іске асыру үшін қолданылатын жабдықтар мен техниканың пайдалану шығыстары.

      9. Әскери және арнаулы оқу орындарының түскен ақшасын және олардың жұмсалуы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген) 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 және "Қаржылық есептілік нысандарын және оларды жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы" 2017 жылғы 1 тамыздағы № 468 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15594 болып тіркелген) бекітілген бұйрықтарына сәйкес жүзеге асырылады.