"Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1107 б

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 22 қазандағы № 721 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 21 желтоқсанда № 17998 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 26 мамырдағы № 286 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 26.05.2022 № 286 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1107 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12767 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 8 қаңтарда жарияланған) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және олардың берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру тәртібі";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Дерекқор мыналарды қамтиды:

      1) отандық берушілер көрсететін жұмыстар және қызметтер;

      2) Қазақстанда шығарылған "CT-KZ" нысанындағы сертификаттар берілген тауарлар;

      3) отандық тауар өндірушілер және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілердің тізбесі;

      4) отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалдарының, жабдықтарының, бұйымдарының және конструкцияларының тізілімі.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Дерекқорға (отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалдарының, жабдықтарының, бұйымдарының және конструкцияларының тізілімін қоспағанда) тіркелу үшін өнім беруші:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берушінің сауалнамасын электрондық түрде толтырады;

      2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарлар туралы ақпаратты және/немесе осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жұмыстар және/немесе көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты электрондық түрде толтырады;

      3) тауарлар үшін:

      егер өнім сәйкестіктің міндетті бағалануына (расталуына) жататын болса, өнімнің сәйкес келуін бағалау (растау) туралы құжатты қоса береді;

      "Тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығарылуы туралы сертификат беру және оның күшін жою жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 155 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10947 болып тіркелген) сәйкес шығарылған немесе жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған тауарларға берілетін "СТ-КZ" нысанды тауардың шығу тегі туралы сертификатты қоса береді;

      4) жұмыстар және көрсетілетін қызметтер үшін:

      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті * немесе анықтаманы (заңды тұлғалар үшін);

      ескертпе: * "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабына сәйкес егер жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) рұқсаттама немесе хабарлама тәртібі енгізілген жағдайда рұқсаттаманы немесе хабарламаны қоса береді;

      сапа менеджменті жүйесінің сертификаты болған кезде қоса береді;

      осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес жұмыстарды/көсетілетін қызметтерді берушінің ақпаратын қоса береді.";

      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:

      "6-1. Отандық тауар өндірушінің құрылыс материалдарының, жабдықтарының, бұйымдарының және конструкцияларының тізіліміне тіркелу үшін отандық тауар өндіруші осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электронды түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде отандық тауар өндірушінің өзі өндіретін құрылыс материалдары, жабдықтары, бұйымдары және конструкциялары туралы сауалнамасын толтырады.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын жүргізу тәртібі";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Осы Қағидаларға 1, 2, 3, 4 және 5-қосымшаларда көзделген мәліметтер өзгерген жағдайда, өнім беруші осындай өзгерістер енгізілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оларды дерекқорға енгізеді.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 5-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      2018 жылғы " " ___________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      2018 жылғы " " __________

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар
және даму министрінің
2018 жылғы 22 қазандағы
№ 721 бұйрығына
қосымша
  Тауарлардың, жұмыстардың,
көрсетілетін қызметтердің және
оларды берушілердің
дерекқорын қалыптастыру және
жүргізу қағидаларына
5-қосымша
  Нысан

Отандық тауар өндірушінің өзі өндіретін құрылыс материалдары, жабдықтары, бұйымдары және конструкциялары туралы сауалнамасы


р/с

Толтыру міндетті бағаналар


1

Бөлім


Тарау


Кіші тарау


Топ


Құрылыс материалдарының, жабдықтардың, бұйымдардың және конструкцияларының атауы


Стандарттың атауы


СЭҚТН


Сәйкестік сертификатының / сәйкестік туралы декларацияның тіркеу нөмірі


Сәйкестік сертификатының / сәйкестік туралы декларацияның жарамдылық мерзімі


2

Отандық тауар өндірушінің атауы (ұйымдық-құқықтық нысанның атауы және көрсетілуі)


БСН/ ЖСН


Орналасуы (заңды / нақты мекен-жайы)


Телефон нөмірі және электрондық пошта мекенжайы


      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

      БСН – бизнес-сәйкестендіру нөмірі

      ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі

      СЭҚТН – сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы