Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.11.2019 № 196 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің дилерлік қызметін жүзеге асыру тәртібін одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің дилерлік қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 23 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13223 болып тіркелген, 2016 жылғы 5 наурызда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің дилерлік қызметінің қағидаларында:
22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"22) Bloomberg, Reuters FX Trading жүйелері, KASE, NEXT биржа терминалдары – мәмілелер жасау мақсатында пайдаланушылары арасында байланыс жүзеге асырылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етулер және жабдықтар кешендері;";
мынадай мазмұндағы 23-1) тармақшамен толықтырылсын:
"23-1) eTransfer.kz электрондық құжаттар алмасу жүйесі – берілетін деректерді қорғаудың криптографиялық құралдарын көздейтін және олардың кепілдікпен жеткізілуін қамтамасыз ететін қор биржасы мен оның мүшелері арасындағы электрондық құжат айналымының мамандандырылған жүйесі;";
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Қаржы құралдарымен мәмілелер жасау үшін әлеуетті қарсы әріптес Қағидалардың 8-тармағында көзделген құжаттарды Ұлттық Банкке ұсына отырып, Ұлттық Банк пен қарсы әріптес арасында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға қосылу шарты (бұдан әрі – Қосылу шарты) немесе мәмілелер жасасу туралы келісім (бұдан әрі – Мәмілелер туралы келісім) және (немесе) депозиттер (банктік салымдар) қабылдау туралы және жинақ шотын ашу және жүргізу туралы келісім (бұдан әрі – Депозиттер қабылдау туралы келісім) жасалады.
Мыналарды:
1) Қосылу шартын және Мәмілелер туралы келісімді жасасу үшін жауапты бөлімше сауда бөлімшесі болып табылады;
2) Депозиттер қабылдау туралы келісімді жасасу үшін жауапты бөлімше есеп айырысу бөлімшесі болып табылады.";
7-тармақ алып тасталсын;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Қосылу шартын және (немесе) Депозиттер қабылдау туралы келісімді жасасу үшін Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын әлеуетті қарсы әріптес (ислам банктерін қоспағанда) Ұлттық Банкке мынадай құжаттарды:
1) бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензияның (Қосылу шартына сәйкес бағалы қағаздармен мәмілелер жасасқан жағдайда) болуы туралы мәліметтерді көрсете отырып Қосылу шартына қосылуға "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпаратты тасымалдау қаржылық автоматтандырылған жүйесі арқылы электрондық түрдегі не әлеуетті қарсы әріптестің уәкілетті тұлғасы қол қойған қағаз тасымалдағыштағы өтінішті және (немесе) Ұлттық Банк басшылығының атына жазылған Депозиттерді қабылдау туралы келісімді жасасуға өтінішхатты;
2) қарсы әріптес қызметкерлерінің қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға уәкілеттілердің қарсы әріптес бекіткен тізімін;
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы не клиент-заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесін;
4) жарғыны не оның нотариат куәландырған көшірмесін, ал қарсы әріптес өз қызметін үлгі жарғы негізінде жүзеге асыратын болса – қызметті үлгі жарғы негізінде жүзеге асыру фактісін растайтын құжатты;
5) мәміле паспортына қол қоюға уәкілетті қарсы әріптес қызметкерлерінің қол қою үлгілері бар нотариат куәландырған құжатты ұсынады.
Мәмілелер туралы келісім және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісім жасасу үшін ислам банкі болып табылатын әлеуетті қарсы әріптес Ұлттық Банкке мынадай құжаттарды:
1) бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензияның (мәмілелер туралы келісімге және (немесе) депозиттерді қабылдау туралы келісімге сәйкес бағалы қағаздармен мәмілелер жасасқан жағдайда) болуы туралы мәліметтерді көрсете отырып Мәмілелер туралы келісім жасасуға Ұлттық Банк басшылығының атына жазылған өтінішхатты;
2) қарсы әріптес қызметкерлерінің қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға уәкілеттілердің қарсы әріптес бекіткен тізімін;
3) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы не клиент-заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесін;
4) жарғыны не оның нотариат куәландырған көшірмесін, ал қарсы әріптес өз қызметін үлгі жарғы негізінде жүзеге асыратын болса – қызметті үлгі жарғы негізінде жүзеге асыру фактісін растайтын құжатты;
5) мәміле паспортына қол қоюға уәкілетті қарсы әріптес қызметкерлерінің қол қою үлгілері бар нотариат куәландырған құжатты ұсынады.
Мәмілелер туралы келісім және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісім жасасу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатын әлеуетті қарсы әріптес Ұлттық Банкке мынадай құжаттарды:
1) Мәмілелер туралы келісім және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісім жасасуға Ұлттық Банк басшылығының атына жазылған өтінішхатты;
2) құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмесін (шет мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерін қоспағанда);
3) бейрезидент елінің уәкілетті органы берген (шет мемлекеттердің ұлттық (орталық) банктерін қоспағанда) банк операцияларын жүргізуге арналған лицензияның нотариат куәландырған көшірмесін;
4) операциялар жасау кезінде қол қою үлгілері бар құжатқа сәйкес төлем құжаттарына қол қоюға уәкілетті адамның (адамдардың) жеке басын куәландыратын құжаттың (құжаттардың) көшірмесін (көшірмелерін);
5) бар болса, Қазақстан Республикасы бейрезидентінің Қазақстан Республикасында салық төлеуші ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесін;
6) соңғы үш жылдағы шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынады.
Ұлттық Банк пен қарсы әріптес арасында жасалған Қосылу шарты және (немесе) Мәмілелер туралы келісім болған жағдайда, қарсы әріптестің осы тармақта көзделген құжаттарды Ұлттық Банкке қайта ұсынбастан Депозиттерді қабылдау туралы келісімді жасасуына жол беріледі.";
мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:
"8-1. Ұлттық Банк әлеуетті қарсы әріптес Қағидалардың 8-тармағына сәйкес ұсынған құжаттарды қарайды және ұсынылған құжаттар Қағидалардың 8-тармағына сәйкес келген жағдайда, олар Ұлттық Банкке келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қосылу шартын, Мәмілелер туралы келісімді және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімді жасасуға дайын екендігін жазбаша хабарлайды немесе себептерін көрсете отырып бас тарту жібереді.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Мәмілелер туралы келісім және Депозиттерді қабылдау туралы келісім Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының және Бағалы қағаздар рыногы туралы заңның талаптарына сәйкес жазбаша нысанда жасалады. Тараптардың келісімі бойынша Мәмілелер туралы келісімге және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімге Қағидаларға қайшы келмейтін қосымша талаптар енгізіледі.
Мәмілелер туралы келісімді және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімді олар жасалғаннан кейін 14 (он төрт) жұмыс күнінен кешіктірмей Мәмілелер туралы келісімнің және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімнің түпнұсқаларына кейіннен ауыстыра отырып, факсимильді көшірмелерімен алмасу арқылы жасасуға жол беріледі.
Ұлттық Банк оң шешім туралы жазбаша хабарлама жібергеннен кейін қарсы әріптес Қосылу шартына қосылған болып саналады.";
10-тармақтың 12) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"12) Азаматтық кодекске және Ұлттық Банк туралы заңға қайшы келмейтін мәмілелердің өзге де түрлері.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Биржа нарығында операциялар мен мәмілелер жасау сауда-саттықты ұйымдастырушының қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Банкаралық нарықта операциялар мен мәмілелер жасау Қағидаларға сәйкес Қосылу шартының немесе Мәмілелер туралы келісімнің және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімнің негізінде сәйкес жүзеге асырылады.";
16-тармақтың екінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Bloomberg немесе Reuters FX Trading жүйесі бойынша дилерлер арасында келіссөздер жүргізу арқылы;";
17-тармақтың екінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Bloomberg және Reuters FX Trading жүйелері бойынша мәміленің жасалғанын растау сәті;";
18, 19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"18. Цифрлық тасымалдағыштардағы жазбалар, мәміле паспорттарының түпнұсқалары немесе көшірмелері, Bloomberg және Reuters FX Trading жүйелерінде мәмілелердің жасалғанын растайтын сөйлесулердің мәтіндері, KASE, NEXT биржа терминалдары және eTransfer.kz электрондық құжаттар алмасу жүйесі қалыптастыратын бастапқы құжаттар мәміленің жасалу фактісін растайтын құжаттар болып саналады.
19. Бір тарап басқа тараптан алған мәміле талаптарының растауында көрсетілген мәміле талаптары мәміле жасау кезінде тараптар келіскен талаптардан басқаша болған жағдайларда, тараптар мәміле жасау кезінде келіскен түпнұсқа талаптар негізінде алшақтықтарды реттеу үшін шаралар қабылдайды және қате жіберген тарап екінші тарапқа Қосылу шартының немесе Мәмілелер туралы келісімнің және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімнің талаптарына сәйкес мәміленің түпнұсқа талаптарына сәйкес келетін растауды ұсынады.
20. Мәміле жасалғаннан кейін дилерлер, мәміле Bloomberg, Reuters FX Trading жүйелерінде немесе KASE немесе NEXT биржалық терминалдары арқылы жасалған жағдайдан басқа жағдайларда, мәміле паспорттарының көшірмелерімен алмасады. Тараптар Қосылу шартының немесе мәмілелер туралы келісімнің және (немесе) Депозиттерді қабылдау туралы келісімнің талаптарына сәйкес мәміле жасалғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей мәміле паспорттарының түпнұсқаларымен алмасады.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Ұлттық Банк валюталық мәмілелерді шетел валютасына деген ішкі сұранысты (ұсынысты) қанағаттандыру (қамтамасыз ету) үшін банкаралық немесе биржа нарығында жасайды.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын іске асыру мақсатында депозиттік аукционды өткізеді және екінші деңгейдегі банктерден депозиттерді (банктік салымдарды) қабылдауды жүзеге асырады.
Ұлттық Банк Ұлттық Банкте банк шоттары иелерінен депозиттерді (банктік салымдарды) қабылдауды Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес жүзеге асырады.
Ұлттық Банкте жинақ шотын ашу депозиттерді (банктік салымдарды) орналастыру үшін міндетті шарт болып табылады.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Депозиттік аукциондар және депозиттер (банктік салымдар) бойынша сыйақы сомасы қарапайым есептеу әдісі (сыйақыны есептеу депозит тартылған бірінші күннен бастап жүзеге асырылады) бойынша есептеледі, есептеу базасы ретінде ақшаның депозитте (банктік салымда) болу күндерінің нақты саны және жылына 360 (үш жүз алпыс) күн қабылданады.";
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"40. Ұлттық Банк қарсы әріптестерге қарыздарды Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес береді.";
43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"43. Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға дисконттың мөлшерлемесі Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13617 болып тіркелген "Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін аффинирленген алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 29 ақпандағы № 61 қаулысына сәйкес айқындалған құрамдас бөліктерден тұрады.".
2. Монетарлық операциялар департаменті (Молдабекова Ә.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы | Д. Ақышев |