"Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.11.2019 № 203 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.1. Қоса беріліп отырған Банктік депозиттік сертификаттарды шығару және олардың айналысы қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың:
1) "Банктiк депозиттiк сертификаттарды бағалы қағаздар деп тану және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде № 1199 тiркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Қазақстан Республикасының банктерiнде клиенттердiң банктiк шоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулықты бекiту туралы" 2000 жылғы 2 маусымдағы № 266 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 21 сәуірдегі № 140 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2343 болып тіркелген);
2) "Банктiк депозиттiк сертификаттарды шығару және айналымға жiберу ережесiн бекiту және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде № 2343 тiркелген, "Банктiк депозиттiк сертификаттарды бағалы қағаздар деп тану және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде № 1199 тiркелген, "Қазақстан Республикасының банктерiнде клиенттердiң банктiк шоттарын ашу, жүргiзу және жабу тәртiбi туралы нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 2000 жылғы 2 маусымдағы № 266 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының 2003 жылғы 21 сәуiрдегi № 140 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 1 қыркүйектегі № 319 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2508 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 264 қаулысымен бекітілді |
Банктік депозиттік сертификаттарды шығару және олардың айналысы қағидалары
1. Осы Банктік депозиттік сертификаттарды шығару және олардың айналысы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің банктік депозиттік сертификаттарды (бұдан әрі – депозиттік сертификат) шығару және айналысы тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.11.2019 № 203 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) депозиттік сертификаттың номиналды құны – депозиттiк сертификаттың пайыздармен сыйақы есептелетін құнының оны шығару кезiнде айқындалған ақшалай көрінісі;
2) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган;
3) эмитент банк – депозиттік сертификатты шығарған екінші деңгейдегі банк.
3. Эмитент банктің депозиттік сертификаттарды шығаруы уәкілетті органның өзінің бағалы қағаздарын (акцияларды қоспағанда) шығаруға лицензиясы болған кезде жүзеге асырылады.
4. Депозиттік сертификаттар құжаттандырылмаған нысанда шығарылады.
5. Депозиттік сертификаттың номиналды құны Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгемен көрсетiледi.
6. Депозиттік сертификаттар бойынша құқықтарды есепке алуды және растауды эмитент банк не орталық депозитарий қағидаларының жиынтығында көзделген тәртіппен орталық депозитарий жүзеге асырады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.7. Бір шығарылымның депозиттік сертификаттарын орналастыру аяқталмаған кезеңде депозиттік сертификатты шығару талаптарына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
8. Эмитент банктің директорлар кеңесі мынадай мәліметтер қамтылатын iшкi құжаттарды бекітеді:
1) депозиттiк сертификаттарды шығару тәртiбi;
2) депозиттiк сертификаттарды есепке алу тәртiбi;
3) депозиттік сертификаттардың номиналды құнын төлеу тәртiбi мен талаптары;
4) депозиттік сертификаттар бойынша сыйақы төлеу тәртiбi мен талаптары;
5) депозиттік сертификаттар уақтылы өтелмеген және (немесе) депозиттік сертификаттар бойынша сыйақы уақтылы төленбеген жағдайда тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) төлеу тәртiбi мен талаптары;
6) эмитент банктің депозиттік сертификатты сатып алу-сату шартына (бұдан әрі – шарт) қол қоюға уәкілетті басшы қызметкерлерінің тізбесі;
7) депозиттік сертификаттарды шығаруға және айналысқа жіберуге байланысты өзге де талаптар.
9. Депозиттік сертификаттарды шығару және айналысқа жіберу эмитент банк пен депозиттік сертификатты ұстаушының арасында жасалатын, мыналар қамтылатын шарт негізінде жүзеге асырылады:
1) эмитент банк туралы ақпарат:
толық және қысқаша атауы;
бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) күні;
орналасқан жері және нақты мекенжайы;
байланыс телефондарының, факс нөмірлерін және электрондық почта мекенжайларын қоса алғанда, байланыс деректері;
2) депозиттiк сертификат туралы мәлiметтер:
депозиттік сертификаттың номиналды құны;
депозиттік сертификаттың айналысы басталатын күн және айналыс мерзімі;
3) депозиттiк сертификат бойынша сыйақы туралы мәлiметтер:
депозиттiк сертификат бойынша сыйақы мөлшерлемесінің түрі;
сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері және депозиттiк сертификат бойынша сыйақы сомасын есептеу үшін есептеу базасы, оның ішінде депозиттік сертификатты ұстаушы депозиттік сертификаттың номиналды құнын оның айналыс мерзімі өткенге дейін төлеуді талап еткен жағдайда;
депозиттiк сертификат бойынша сыйақы есептеу басталатын күн;
депозиттiк сертификат бойынша сыйақы төлеу кезеңділігі және (немесе) сыйақы төлеу күні (күндері);
депозиттiк сертификат бойынша сыйақыны есептеу үшін қолданылатын уақыт кезеңі;
4) егер эмитент банк осы құқықты көздейтін болса, эмитент банктің депозиттік сертификатты сатып алу тәртiбi мен талаптары.
10. Эмитент банк депозиттік сертификатты ұстаушының талап етуі бойынша оған танысу үшін Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген iшкi құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
11. Эмитент банк депозиттік сертификатты өтеу кезінде сыйақыны және оның номиналды құнын төлеуді депозиттік сертификаттың айналыс мерзімі аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Депозиттік сертификатты ұстаушы оның айналыс мерзімі аяқталғанға дейін депозиттік сертификаттың номиналды құнын төлеу талабымен эмитент банкке өтініш жасаған жағдайда, эмитент банк өтініш жасаған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң, бірақ күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кешіктірмей шартта көзделген мөлшерде номиналды құнын және сыйақы төлейді.
12. Депозиттік сертификаттармен азаматтық-құқықтық мәмілелер бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында жасалады.