"Сот сарапшыларын аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы № 336 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 4 желтоқсандағы № 1513 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 13 желтоқсанда № 16090 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Сот сарапшыларын аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы № 336 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15033 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 28 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сот сарапшыларын аттестаттау қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Сот сарапшыларын аттестаттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сот-сараптама қызметі туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшыларын, сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық мамандықтарының сот сарапшыларын, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдарды (бұдан әрі – сот сарапшылары) аттестаттау, оның ішінде кезектен тыс аттестаттау (бұдан әрі – аттестаттау) тәртібін айқындайды.".

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Аттестаттау сот сарапшысының таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде 2 кезеңде өткізіледі:

      1) тестілеу: сот сарапшылары үшін 100 сұрақ;

      сот сарапшылары үшін – қылмыстық-процестік құқық бойынша (20 сұрақ), азаматтық-процестік құқық бойынша (20 сұрақ), криминалистика бойынша (20 сұрақ), әкімшілік құқық бойынша (20 сұрақ), Заң бойынша (20 сұрақ);

      2) білімін тексеру: сот сараптамасының белгілі бір түрі бойынша ауызша әңгімелесу (мамандығы бойынша 5 сұрақтан көп емес).".

      2. Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу және ресми жариялау үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев