"Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 27 шілдедегі № 345 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгіз

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 25 қазандағы № 358 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 14 қарашада № 15989 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 27 шілдедегі № 345 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14155 болып тіркелген, 2016 жылғы 5 қыркүйекте "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспарын қалыптастыру қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:

      1) аудан – Қазақстан бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен (бұдан әрі - БЭЖ) электр байланыстарының өткізу қабілеті шектелген, аталған ауданда электр желісіне жаңа өндіруші көздерді қосу мүмкіндігін шектейтін Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің аймағының (бұдан әрі - БЭЖ аймағы) бір бөлігі;

      2) аудан шекарасы – ажыратылуы ауданның Қазақстан БЭЖ-нен толық бөлінуіне әкелетін электр желілік элементтер жиынтығы;

      3) аукциондық сауда-саттық – аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы аукцион негізінде электрондық жүйеде ұйымдастыратын және өткізетін және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру жоспары ескеріле отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жаңа объектілерін салу бойынша жобаларды іріктеуге және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндіретін электр энергиясының аукциондық бағаларын айқындауға бағытталған процесс;

      4) аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімі – аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушымен қалыптастырылатын және өткізілген сауда-саттықтың нәтижелерін растайтын құжат;

      5) аукциондық сауда-саттықты ұйымдастырушы (бұдан әрі - Ұйымдастырушы) – уәкілетті орган айқындайтын Заңда көзделген тәртіппен аукциондық сауда-саттықты ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) басым шартты тұтынушылар - жұмыс істеп тұрған (2018 жылғы 1 қаңтардан кейін пайдалануға берілген және уәкілетті орган Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесіне енгізбеген) жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде иеленетін, өндіріп шығарған электр энергиясын осы аталған тұлға немесе тұлғалар тобы толық көлемде тұтынатын не жасалған екіжақты шарттарға сәйкес уағдаласқан бағалар бойынша тұтынушыларға өткізетін тұлға немесе құрамына шартты тұтынушылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар кіретін тұлғалар тобы;

      7) жаңартылатын энергия көздері (бұдан әрі - ЖЭК) – табиғи жаратылыс процестерi есебiнен үздiксiз жаңартылатын энергия көздерi, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесiнiң энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердiң, су айдындарының жылуы, сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендiк көздерi: биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру үшiн пайдаланылатын органикалық қалдықтардан алынатын өзге де отын;

      8) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;

      9) ЖЭК объектілерінің барынша рұқсат етілген қуаты – электр энергетикалық жүйенің техникалық мүмкіндіктеріне сүйене отырып анықталған электр желісіне қосылатын күн және жел электр станциялары қуатының барынша рұқсат етілген көлемі;

      10) ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйым – ЖЭК пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) ЖЭК пайдалану объектісі – ЖЭК пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және ЖЭК пайдалану объектісін игеру үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және ЖЭК пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым;

      12) ЖЭК секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштері – электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілер өндіретін электр энергиясы көлемі үлесінің жоспарланатын көрсеткіші, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін, оның ішінде түрлері бойынша пайдалану объектілерінің жиынтық белгіленген қуаттылық көрсеткіштері;

      13) БЭЖ аймағы – шекарасында Қазақстан БЭЖ-нің басқа бөлігімен салыстырғанда айырықша схемалық-режимдік жағдай болатын Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің бір бөлігі.

      Қазақстан Республикасының БЭЖ үш аймақтан тұрады:

      Солтүстік аймақ (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары);

      Оңтүстік аймақ (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары);

      Батыс аймақ (Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары);

      14) уәкілетті орган – ЖЭК пайдалануды қолдау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге терминдер мен анықтамалар Қазақстан Республикасының ЖЭК және электр энергетикасы салаларындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. ЖЭК орналастыру жоспары мынадай деректер негізінде қалыптасады және оны уәкілетті орган бекітеді:

      1) ЖЭК секторын дамытудың нысаналы көрсеткіштері;

      2) ЖЭК пайдалану объектісінің белгіленген электр қуаты, түрі мен БЭЖ орналастыру аймағы (ауданы) көрсетілген ЖЭК пайдаланудың жұмыс істейтін объектілерінің тізімі;

      3) ЖЭК объектілерінің БЭЖ аймақтары (аудандары) бойынша және ЖЭК пайдалану объектілерінің түрлері бойынша барынша рұқсат етілген қуаты;

      4) аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімі;

      5) басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша жобалары.";

      мынадай мазмұндағы 7-1 және 7-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "7-1. ЖЭК орналастыру жоспарын уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

      1) аукциондық сауда-саттық нәтижелері бойынша;

      2) басым шартты тұтынушылардан келіп түскен өтініштерді қарау қорытындылары бойынша;

      3) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10455 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 11 ақпандағы № 74 бұйрығымен бекітілген Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланылуына мониторинг жүргізу қағидаларына сәйкес мониторинг нәтижелері негізінде;

      4) осы Қағидалардың 7-2-тармағында көзделген жағдайлар басталған кезде өзекті етеді.

      7-2. ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар жобалары орналастыру жоспарынан мынадай жағдайларда алып тасталады:

      1) электр желісіне қосуға теxникалық шарттар берген энергия беруші ұйымға энергия өндіруші ұйым ЖЭК пайдалану объектілерін қосу туралы шарт жасасу үшін өтінімді уақтылы бермеген жағдайда;

      2) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14108 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 27 шілдедегі № 343 бұйрығымен бекітілген Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шартты, сондай-ақ оны жасасу қағидаларында сәйкес белгіленген мерзімде ЖЭК пайдалану объектілерін қосу туралы шарт ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның кінәсі бойынша жасалмаған жағдайда;

      3) ЖЭК-ті пайдалану объектілерін қосу туралы шарт бұзылған жағдайда;

      4) ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар тізбесінен алып тасталған жағдайда.";

      2-тарауда:

      3 және 4-параграфтар алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 5-параграфпен толықтырылсын:

      "5-параграф. ЖЭК пайдалану объектілерін орналастыру жоспарына қосу тәртібі

      29. Уәкілетті орган Ұйымдастырушыдан Аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізілімін алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша тиісті жобаларды ЖЭК орналастыру жоспарына қосады.

      30. Басым шартты тұтынушының өкілетті өкілі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органға Басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектісін салу бойынша жобаларын ЖЭК орналастыру жоспарына қосуға арналған өтініш (бұдан әрі – Өтініш) береді, оған мынадай құжаттар:

      1) басым шартты тұтынушылардың мүдделерін білдіретін өкілетті заңды тұлғаның құрылтай құжаттары;

      2) шартты тұтынушылар мен ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 165-бабына сәйкес бір тұлғалар тобының құрамына кіретіндігін растайтын құжаттар; 

      3) басым шартты тұтынушылардың мүдделерін білдіруге заңды тұлғаның құқығын растайтын құжаттар қоса беріледі.

      31. Уәкілетті органның сұрау салуы бойынша жүйелік оператор ЖЭК пайдалана отырып өндірілетін электр энергиясының нақты және болжамды шамалары туралы және білікті шартты тұтынушылар құрамына кіретін шартты тұтынушылар желіге жіберетін көлемі туралы ақпаратты жолдайды.

      32. Өтініштерді қарау және келісу кезінде уәкілетті орган мынаны:

      1) ЖЭК секторын дамытудың бекітілген нысаналы көрсеткіштерінің шамасын;

      2) осы Қағидалардың 31-тармағына сәйкес алынған деректерді;

      3) Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйесінің техникалық мүмкіндіктерін ескереді.

      33. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 32-тармағын басшылыққа ала отырып, 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде басым шартты тұтынушының Өтінішін қарайды және ЖЭК пайдалану объектілерін орналастыру жоспары мен Қазақстан Республикасының біртұтас энергетикалық жүйесінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес ЖЭК түрін, ЖЭК пайдалану объектісі қуатының көлемі мен орналасу жерін келіседі.

      34. Уәкілетті орган басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша жобаларын ЖЭК орналастыру жоспарына ЖЭК пайдалану объектісін пайдалануға бергенге дейін кемінде 12 ай қалғанда қосады.

      Бұл ретте, басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектілерін салу бойынша жобалар туралы ақпараты осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес Басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектілерін орналастыру жоспарында көрсетіледі.";

      осы бұйрыққа 1 және 2-қосымшаларға сәйкес 3 және 4-қосымшалармен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрi

      Т. Сүлейменов ___________

      2017 жылғы 27 қазан

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2017 жылғы 25 қазандағы
№ 358 бұйрығына
1-қосымша
  Жаңартылатын энергия көздерін
пайдалану объектілерін
орналастыру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектісін салу бойынша жобаларын ЖЭК орналастыру жоспарына қосуға арналған өтініш

      ______________________________________________________________________________

      (басым шартты тұтынушының өкілетті өкілінің толық атауы)

      ______________________________________________________________________________

            (шартты тұтынушының (-лардың) толық атауы)

      қажетті құжаттар топтамасымен бірге ЖЭК пайдалану объектісін салу бойынша

      ____________________________________________ жобасын ЖЭК орналастыру жоспарына

      (жобаның толық атауы)

      қосу үшін осы өтінімді жолдайды.

      1. Басым шартты тұтынушы туралы жалпы мәліметтер (атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, Қазақстан Республикасындағы орналасқан жері, пошталық мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы нақты мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы байланыс телефоны, электрондық пошта мекенжайы).

      2. Басым шартты тұтынушының құрамына кіретін шартты тұтынушылар туралы ақпарат (атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, Қазақстан Республикасындағы орналасқан жері, пошталық мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы нақты мекенжайы, Қазақстан Республикасындағы байланыс телефоны, электрондық пошта мекенжайы).

      3. Басым шартты тұтынушының ЖЭК пайдалану объектісін (бұдан әрі - Объект) салу бойынша жоба туралы деректер:

      1) Объектінің пайдаланатын ЖЭК түрі және БЭЖ аймағын, облысын, ауданын көрсете отырып, Объектінің жоспарланған орналасу орны көрсетілген Объекті атауы;

      2) ЖЭК түрлері мен жылдар бойынша бөле отырып, Объектінің генерациялайтын жабдығының белгіленген жиынтық қуаты;

      3) Объектіні пайдалануға енгізудің жоспарланған күні;

      4) Объектінің қуатын пайдаланудың болжамдық коэффициенті.

      4. Объекті жабдығы туралы деректер - генерациялайтын жабдықтың жеке бірлігінің қуатын көрсете отырып, Объектідегі жабдықтың саны мен түрі.

      5. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) ____________________________________________________________;

      2) ____________________________________________________________;

      3) ____________________________________________________________.

      ______________________________________                  ________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)                  (қолы, күні)

      және лауазымы)

      МО

      Ескертпе: ұйым бланкісінде толтырылады. Өтінімге бірінші басшы немесе өзге уәкілетті адам қолын қояды.

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2017 жылғы 25 қазандағы
№ 358 бұйрығына
2-қосымша
  Жаңартылатын энергия көздерін
пайдалану объектілерін
орналастыру жоспарын
қалыптастыру қағидаларына
4-қосымша

Басым шартты тұтынушылардың ЖЭК пайдалану объектілерін орналастыру жоспары

ЖЭК орналастыру жоспарына қосқан күні

Ауданы, орналасқан жері

Басым шартты тұтынушылардың ЖЭК объектісін салу бойынша жобаның атауы

Жылдар бойынша бөлінген белгіленген қуаты, МВт/жыл

Болжамды орнатылғын қуаттың пайдалану коэффициенті, %

Объект түрі

Басым шартты тұтынушылардың уәкілетті ұйымының атауы

Басым шартты тұтынушылардың құрамына кіретін шартты тұтынушы (лар) атауы

Электр желілеріне қосылу нүктесі (лері)

ЖЭК пайдалану жөніндегі объектіні пайдалануға беру күні

БЭЖ аймағы

Облыс