"Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-18) тармақшасына және "Ішкі су көлігі туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-21) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. "Кеме жүргізушілерін шағын көлемді кемені басқару құқығына аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 457 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11528 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 10 шілдеде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кеме жүргізушілерін шағын көлемді кемені басқару құқығына аттестаттау қағидаларында:
44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"44. Шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды ашқан ұйымдар жергілікті атқарушы органға оқыту аяқталып, шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды бітіргені туралы куәлікті (анықтаманы) бергеннен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау бағдарламасы бойынша оқудан табысты өткен адамдардың тізімін жібереді.
Шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін даярлау бағдарламасы бойынша оқудан табысты өткен адамдардың тізімінде куәліктің (анықтаманың) нөмірі, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке басты куәландыратын құжаттың деректері көрсетіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамамен белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ж. Қасымбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және
коммуникациялар министрі
_______________ Д. Абаев
2017 жылғы 17 шілде
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
________________ Т. Сүлейменов
2017 жылғы 24 шілде