"Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларын және Қалаларда микроқаржы ұйымдары /екінші деңгейдегі банктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 31 қаң

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 25 шілдедегі № 286 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 31 шілдеде № 15410 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 84 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 27.11.2018 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларын және Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы № 33 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14856 нөмірімен тіркелген, 2017 жылғы 9 наурызда Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкінде электрондық түрінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларын және Қалаларда микроқаржы ұйымдары /екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақтың 2-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидалары.";

      аталған бұйрықпен бекітілген Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      аталған бұйрықпен бекітілген Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидаларында:

      Қағидалардың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қалаларда микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша кепілдік беру қағидалары"

      4 - тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) ЕДБ – Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейдегі банк;";

      3) және 4) тармақшаларды мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ) – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ 2012 жылғы 26 қарашадағы "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға";";

      "4) кредит/микрокредит – микроқаржы ұйымдары (МҚҰ)/екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу және мақсатқа сай пайдалану шарттарында микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушыға ұсынатын қарыз қаражаты;";

      9) және 10) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – микрокредит беру туралы шартты банктік қарыз шартын жасасқан кезде осындай шартпен белгіленген кредит/микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі;

      "10) жұмыс істеп тұрған кәсіпкер – дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретіндегі мемлекеттік тіркеу мерзімі ЕДБ-ге/МҚҰ-ға кредит/ микрокредит алу үшін өтініш білдірген кезде үш жылдан асатын шағын кәсіпкерлік субъектісі";

      12) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "12) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретіндегі мемлекеттік тіркеу мерзімі ЕДБ-ге /МҚҰ-ға кредит/ микрокредит алу үшін өтініш білдірген кезде үш жылдан аз уақытты құрайтын шағын кәсіпкерлік субъектісі;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Осы бұйрықпен бекітілген Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидаларының тиісті талаптарына сәйкес келетін кредиттер алатын кәсіпкерлерге кепілдік беруге қатысуға рұқсат етіледі.";

      7, 8 және 9 - тармақтар алып тасталсын;

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Кепілдіктер қалаларда жаңа микрокәсіпорындарды құруға, бар бизнесті кеңейтуге 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап МҚҰ/ЕДБ беретін кредиттер/микрокредиттер бойынша ғана беріледі.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Кепілдіктер кредит/микрокредит мерзімінен аспайтын мерзімге беріледі.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28.Ұсынылған құжаттарға ескертулер болған жағдайда, анықталған ескертулерді кепілгер МҚҰ/ЕДБ 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін жібереді.

      Бұл ретте, кепілгер үшін жоғарыда көрсетілген құжаттарды қарау мерзімі жаңартылады.";

      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Микрокредит беру туралы шарттың/банктік қарыз шартының көшірмесін МҚҰ/ЕДБ-дан алғаннан кейін кепілгер 30 жұмыс күні ішінде кепілдік беру шартын ресімдейді және оған қол қояды, оны МҚҰ/ЕДБ жібереді.";

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "39. Кепілгер Бағдарламаның және/немесе кепілдік беру шартының талаптары бұзылған кезде, кепілгердің кепілдік беру туралы шешімімен белгіленген кепілдік беру шарттары орындалмаған кезде кепілдікті жоя алады.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. МҚҰ/ЕДБ осы Кепілдік беру қағидаларына 3-қосымшаға сәйкес Бағдарлама шеңберіндегі кәсіпкер жобаларының іске асырылу барысының ағымдағы мониторингі туралы МҚҰ/ЕДБ есебін жазбаша және электрондық түрде есепті айдан кейінгі айдың 5 (бесінші) күнінен кешіктірмей кепілгерге ұсынады.";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Кепілгер ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 6 (алтыншы) күніне дейінгі мерзімде жергілікті атқарушы органға және уәкілетті органға кредиттер/микрокредиттер бойынша берілген кепілдіктер жөніндегі ақпаратты ұсынады.

      Уәкілетті орган кредиттер/микрокредиттер бойынша берілген кепілдіктер жөніндегі ақпаратты ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10 (оныншы) күніне қарай халықты жұмыспен қамтау мәселелері жөніндегі уәкілетті органға береді.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның баспа және электрондық түрдегі көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді, сондай-ақ осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспасөз басылымдарына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан

      Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне бұйрықтың осы тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 25 шілдедегі
№ 286 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2017 жылғы 31 қаңтардағы
№ 33 бұйрығына
1-қосымша

Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қалаларда кредит беру/микрокредит беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 919 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде әзірленді және шағын қалалардан басқа, Қазақстан Республикасының қалаларында кредиттер/микрокредиттер беру шарттары мен тәртібін айқындайды.

      Қағидалар шеңберінде кредит беру/микрокредит беру жұмыссыздарға, кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар ретінде пайдаланылады.

2-тарау. Терминдер және анықтамалар

      2. Қағидаларда мынандай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) Бағдарламаға қатысушылар – жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан, жұмыссыздар, кредит/микрокредит беру туралы шарт бойынша кредит/микрокредит алушылар болып табылатын кәсіпкерлік әлеуеті бар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың мүшелері;

      2) бюджеттік кредит шарты жергілікті атқарушы орган мен микрокредит беру ұйымы арасында азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын бюджеттік кредит беру туралы жазбаша келісім;

      3) жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      4) жұмыс істеп тұрған кәсіпкер – дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі кредит/ микрокредит алу үшін өтініш білдірген кезде үш жылдан асатын кәсіпкер;

      5) инвестициялар – негізгі құралдарды сатып алу/ салу/жаңғырту/реконструкциялау/күрделі жөндеу, биологиялық/материалдық емес активтерді сатып алу;

      6) кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – кәсіпкерлік саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      7) кредитор – микроқаржы ұйымы/ екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – ЕДБ);

      8) кредиттік келісім –микрокредит беру ұйымы мен кредитор арасында азаматтық заңнамаға сәйкес жасалатын қарызға беру туралы жазбаша келісім. Кредиттік келісімнің нысанын микрокредит беру ұйымы бекітеді;

      9) кредит/микрокредит беру туралы шарт – кредитор мен Бағдарламаға қатысушының арасында соңғысына осы Қағидаларда айқындалған мақсаттарға берілетін қарыз қаражаты есебінен кредит/микрокредит беру үшін жасалатын жазбаша келісім;

      10) кредит/микрокредит – ЕДБ/МҚҰ Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және мақсатқа сай пайдалану шарттарымен кредит/микрокредит беру туралы шарт бойынша Бағдарламаға қатысушыға беретін қарыз қаражаты;

      11) қарыз – Бағдарламаға қатысушылардың жобаларын одан әрі қаржыландыру үшін кредиттік келісім негізінде кредиторға микрокредит беру ұйымы беретін ақша сомасы;

      12) микрокредит беру ұйымы – "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы;

      13) микроқаржы ұйымы (бұдан әрі – МҚҰ) – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ 2012 жылғы 26 қарашадағы "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;

      14) стартап жобалар – заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу/дара кәсіпкер мәртебесін ресімдеу мерзімі кредиторға кредит/микрокредит алу үшін жүгінген сәтте кемінде бір жылды құрайтын Бағдарламаға қатысушылардың бизнес-жобалары;

      15) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген мерзімі кредиторға кредит/микрокредит алу үшін жүгінген сәтте кемінде үш жылды құрайтын кәсіпкер;";

3-тарау. Кредиторларға қаражатты шартты түрде орналастырудың шарттары мен
тетіктері

      3. Кредиттерді/микрокредиттерді Бағдарламаға қатысушыларға бюджет қаражаты есебінен кредиторлар береді.

      Уәкілетті орган ЖАО-ларға Бағдарламаға қатысушылардың жобаларына кредит беру/микрокредит беру үшін қаражат бөледі. ЖАО-лар қоса қаржыландыру шарттарында жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөледі. ЖАО мен микрокредит беру ұйымы арасында бюджеттік кредит шарты жасалады, оған сәйкес бюджет қаражатының жалпы сомасы бюджеттік кредит түрінде микрокредит беру ұйымына мынадай шарттармен бөлінеді:

      1) жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 %-бен қайтарымдылық, жеделділік, ақылылық, қамтамасыз етілу және мақсатқа сай пайдалану қағидаттарымен 7 (жеті) жылдан аспайтын мерзімге; 

      2) бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – Қазақстан Республикасының қалаларында жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын Бағдарламаға қатысушыларды одан әрі қаржыландыруға арналған қаражатты кредиторларға орналастыру;

      3) қаражатты игеру мерзімі – 6 ай;

      4) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – кредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

      4. Микрокредит беру ұйымы кредиторлардың өтінімдері негізінде осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін кредиторлар тізбесін және олар бойынша орналастырылу сомасын айқындайды;

      Микрокредит беру ұйымы азаматтық заңнамаға сәйкес кредиторлармен мынадай шарттармен кредиттік келісімдер жасасады:

      1) қарыз Бағдарламаға қатысушылардың жобаларын, оның ішінде Қазақстан Республикасының қалаларында іске асыруға жоспарланатын және/немесе іске асырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің жобаларын нысаналы мақсатпен қаржыландыру жылдық 1%-бен 7 (жеті) жылдан астам мерзімге беріледі;

      2) кредит валютасы – теңге;

      3) кредиторлардың орналастырылған қаражатты игеру мерзімі кредиттік келісім жасалған күннен бастап 12 (он екі) ай;

      4) негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – кредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

      5) ЕДБ-ге арналған қарыздар қамтамасыз етусіз беріледі. Микрокредит беру ұйымының ішкі құжаттарына сәйкес есептелген "сенімділігі жоғары" және "сенімді" рейтингімен қаржылық тұрақты МҚҰ үшін қарыздар қамтамасыз етусіз беріледі. Рейтинг деңгейі неғұрлым төмен МҚҰ қарыздары микрокредит беру ұйымының кепілзат саясатының талаптарына сай келетін қамтамасыз етумен беріледі (екінші деңгейдегі банктердің кепілдіктері, ақша, банк салымдары, жылжымайтын мүлік объектілері, жер учаскелері);

      6) кредиторлар микрокредит беру ұйымының алдында орналастырылған кредит қаражатының игерілуі мен мақсатты пайдаланылуы бойынша есеп береді. Кредиторлардың есеп беру тәртібі, нысаны және кезеңділігі, сондай-ақ қарыз берудің өзге де шарттары кредиттік келісімде белгіленеді;

      7) кредиторлар орналастырылатын қаражатты мақсатты пайдаланбаған, толық немесе жартылай игермеген жағдайларда, және/немесе кредиттік келісімде көзделген өзге де жағдайлар орын алған кезде, микрокредит беру ұйымы кредиттік келісім шарттарына сәйкес кредиторларға қатысты шара қолданады, кредиттік келісімді мерзімінен бұрын бұзу және (немесе) оларды одан әрі басқа кредиторлар арасында қайта бөле отырып, орналастырылған қаражатты қайтарып алу мәселесіне бастамашылық жасауға құқылы. Қайтарылған, сондай-ақ кредиторлар мерзімінен бұрын өтеген қаражатты қайта бөлу уәкілетті органмен келісу бойынша кредиторлар арасында жүзеге асырылады.

      8) кредиторлар бөлінген қаражатты қаржы құралдарына инвестициялауға және/немесе олармен операция жасауға, сондай-ақ, шетелдік валюта сатып алу үшін валюта нарығына жібермейді;

      9) Бағдарламаға қатысушылар қайтарған қарыз қаражатын кредиттік келісім бойынша кредиторлар бұрын алынған кредиттерді/микрокредиттерді өтеу арқылы кредиттік келісімде айқындалған шарттармен Бағдарламаға қатысушылардың жобаларын одан әрі қаржыландыруға үш айдың ішінде жолдайды не мерзімінен бұрын микрокредит беру ұйымына қайтарылады.

4-тарау. Бағдарламаға қатысушылардың жобаларын қаржыландыру шарттары

      5. Кредиттер/микрокредиттерді шағын қалалардан басқа, Қазақстан Республикасының қалаларында жобаларын іске асырып жатқан немесе іске асыруды жоспарлап отырған Бағдарламаға қатысушыларға, оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге олардың шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген жерін есепке алмай, кредиторлар береді.

      6. Кредиттер/микрокредиттер басым тәртіппен кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік карталарына сәйкес іске асырылатын жобаларға беріледі.

      7. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған кредиттер/микрокредиттер "Бастау Бизнес" жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан немесе Бағдарламаның бірінші бағытының шеңберінде кәсіпкерліктің негіздерінен өткеннен кейін не соңғы екі жылдың ішінде басқа бағдарламалардың шеңберінде кәсіпкерліктің негіздеріне оқыту курстарынан өткендігі туралы сертификат болған кезде беріледі.

      Бағдарламаға қатысушыларға (ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қоспағанда) арналған кредиттер/микрокредиттер жаңа тұрақты жұмыс орындары құрылған жағдайда беріледі. Кредиторлар кредит/микрокредит беру туралы шартта Бағдарламаға қатысушының жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруы жөніндегі шартты міндетті түрде көрсетеді.

      8. Кредиттер/микрокредиттер жеделділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және мақсатқа сай пайдалану қағидаттары сақтала отырып, Бағдарламаға қатысушыларға мынадай шарттармен ұсынылады:

      1) Бағдарламаның бір қатысушысын қаржыландырудың ең жоғары лимиті – тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 8 000 (сегіз мың) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК). Бұл ретте, Бағдарламаның бір қатысушысын қаржыландырудың ең жоғары лимиті кредиттер және (немесе) микрокредиттер онымен үлестес тұлғалардың/компаниялардың қаржы лизингінің шарттары бойынша берешекті есепке алмай есептеледі;

      2) кредит/микрокредит (тер) бойынша кредиторлардың алдында Бағдарламаның бір қатысушысының негізгі борышы бойынша берешек қалдығының жалпы сомасы 8 000 (сегіз мың) АЕК көлемі сомасынан аспауы тиіс. Осы шартты ескере отырып, Бағдарламаның бір қатысушысы үшін кредиттер/микрокредиттер саны шектелмейді.

      3) кредиттердің/микрокредиттердің нысаналы мақсаты – айналымдағы қаражатты инвестициялау/толықтыру. Бұл ретте, кредиттерді/микрокредиттерді беру ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобаларын қоспағанда, сауда саласында іске асыруға жоспарланған немесе іске асырылатын жобалар бойынша айналымдағы қаражатты толықтыру мақсаттарында жүзеге асырылмайды (Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің 2007 жылғы 14 желтоқсандағы № 683-од бұйрығымен бекітілген экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші "Көтерме және бөлшектеп саудалау; автокөліктер мен мотоциклдерді жөндеу" G секциясы (бұдан әрі – ЭҚЖЖ), ЭҚЖЖ 45.20 және 45.40 кластарында көзделген автокөлік құралдары мен мотоциклдерге техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді қоспағанда);

      4) кредиттердің/микрокредиттердің мерзімі:

      инвестицияларға 5 (бес) жылдан көп емес;

      айналымдағы қаражатты толықтыруға 3 (үш) жылдан көп емес;

      5) кредит/микрокредит бойынша сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылына 6% аспайды;

      6) кредиттердің/микрокредиттердің валютасы – теңге;

      7) негізгі борыш және есептелген сыйақы бойынша жеңілдік кезеңі – кредитор шешімі бойынша кредит/микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды;

      8) кредиторлар Бағдарламаға қатысушының кредит/микрокредит бойынша міндеттемелерді бұзуы себебінен өндіріп алынатын комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, Бағдарламаға қатысушының кредитіне/микрокредитіне байланысты қандай да бір комиссиялар, алымдар және/немесе өзге де төлемдер өндіріп алмайды, бұл ретте мұндай комиссиялардың, алымдардың және/немесе өзге де төлемдердің мөлшері микрокредит беру ұйымымен алдын ала жазбаша келісіледі;

      Бағдарламаға қатысушылар мүлікті бағалау және сақтандыру бойынша шығыстарды төлейді.

      9. Кредиторлар кредиттік келісім сомасының кемінде 20%-ын стартап жобаларды қаржыландыруға жібереді.

      10. Кепілзаттық қамтамасыз етуі жеткіліксіз болған жағдайда, Бағдарламаға қатысушылар кредит/микрокредит бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде микрокредит беру ұйымының кепілдігін алуға құқылы. Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылардың жобалары осы бұйрықпен бекітілген қалалардағы микроқаржы ұйымдары/екінші деңгейдегі банктер беретін Микрокредиттер жөніндегі кепілдендіру қағидаларының талаптарына сәйкес келуі қажет.

      11. Мына кәсіпкерлер Бағдарламаға қатысушылар бола алмайды:

      1) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталына қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шарт шеңберінде құрылған кәсіпкерлерді қоспағанда) тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар болып табылатын, сондай-ақ меншік нысаны жекеше мекеме ретінде ресімделген кәсіпкерлер;

      2) төленбеген қарыздары бар:

      тұрақтандырушы немесе дағдарысқа қарсы бағдарламалар мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, жергілікті атқарушы органдардың және микрокредит беру ұйымдары қаражатының есебінен іске асырылатын бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік даму институттары, ЕДБ берген;

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 168 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қаржылық қолдау көрсетілетін;

      3) "2. Терминдер және анықтамалар" деген тараудың және "4. Бағдарламаға қатысушылардың жобаларын қаржыландыру шарттары" деген тараудың талаптарына сәйкес келмейтін;

      4) салықтық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және бюджетке әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі барлар.

      Берешегінің жоқ екендігі Бағдарламаға қатысушы қаржыландыруға өтінім берген күнге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмей берілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2008 жылғы 29 желтоқсандағы № 622 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5446 болып тіркелген) Дербес шоттарды жүргізу ережелерінің 18-қосымшасына сәйкес берешектің жоқ екендігі мемлекеттік кірістер органдары жүргізетін есептегі берешектің жоқ (бар) туралы мәліметтерімен расталады;

      5) қару (оның ішінде қару шығаруға арналған құрамдас бөліктер), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті шығаруды немесе жеткізуді көздейтін жобаларды іске асыратындар;

      6) ойын бизнесін ұйымдастыруды және (немесе) дамытуды көздейтін жобаларды іске асыратындар;

      7) террористік және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынған кез келген өзге де қызметпен байланысты қызметті көздейтін жобаларды іске асыратындар;

      8) моторлы көлік құралдарын және өзі өсірген жүзімнен шарап өндіруді көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлар/өнімдер шығаруды жүзеге асыратын;

      9) қиыршықтас және құм карьерлерін игеру жобаларын қоспағанда, тау-кен өнеркәсібінде қызметін жүзеге асыратындар;

      10) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 918 қаулысына сәйкес мониторингтеуге жататын ірі салық төлеушілердің тізбесіне енгізілген металлургия өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыратын;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орта немесе ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын кәсіпкерлер;

      12. Кредиторлар Бағдарламаға қатысушыларға мына мақсаттарға кредиттер/микрокредиттер бермейді:

      1) заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу;

      2) Бағдарламаға қатысушылардың бұрын жұмсалған шығындарын өтеуі, Бағдарламаға қатысушылардың жеке және/немесе заңды тұлғалардан, оның ішінде қатысушылардан, акционерлерден, лауазымды тұлғалардан және Бағдарламаға қатысушылардың жұмыскерлерінен қаржылай көмек алуына байланысты туындаған берешекті өтеуі;

      3) тұтынушылық кредит беру;

      4) қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру;

      5) тұрғын үй жылжымайтын мүлкін, жер учаскелерін сатып алу және салу;

      6) Бағдарламаға қатысушылардың шаруашылық қызметтерінің шығындарын жабу (бұл ретте, қаржы нәтижесі теріс Бағдарламаға қатысушыларға кредит/микрокредит беруге рұқсат етіледі);

      7) сенім білдірілгендердің (агенттердің) қызметтеріне ақы төлеу;

      8) Бағдарламаға қатысушылардың кредитімен/микрокредитімен байланысты комиссияларды, алымдарды және / немесе өзге де төлемдерді төлеу;

      9) құнды қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар);

      10) үлестес/ байланысты компаниялардан/тұлғалардан негізгі құралдарды, активтерді сатып алу;

      11) жалған немесе жасанды мәмілелерді төлеу;

      12) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 10 ақпандағы № 52 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6058 болып тіркелген) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының мақсаттары үшін Оффшорлық аймақтар тізбесінде және/немесе Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі басқармасының 2008 жылғы 2 қазандағы № 145 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5371 болып тіркелген) бекітілген "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, жинақтаушы зейнетақы қорлары мен акционерлік инвестициялық қорлар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесінде көзделген оффшорлы аумақтарда тіркелген/ашылған контрагенттердің заңды мекенжайлары және/немесе банк шотының деректемелері туралы ақпарат бар кез келген шарттарды/келісімшарттарды/келісімдерді төлеу.

      13. Бағдарламаға қатысушыларды қаржыландыру кезінде кредиторлар мынадай қосымша шарттарды сақтайды:

      1) 8 000 (сегіз мың) АЕК-тен асатын жалпы сомаға бір жобаны іске асыру үшін Бағдарламаның бірнеше үлестес қатысушыларын қаржыландыруды жүзеге асырмау. Мына өлшемшарттардың барлығына бір уақытта сәйкес келетін екі немесе одан көп жоба жиынтығы бір жоба болып саналады:

      жоба бір объектінің аумағында іске асырылады;

      жоба ЭҚЖС бір кіші сыныбының шеңберінде іске асырылады;

      бір жобаны іске асыратын Бағдарламаға қатысушылар арасында қаржы ағындары бар;

      2) Бағдарламаға қатысушылар кредит/микрокредит қаражаты есебінен сатып алынған мүлікті/активтерді үшінші тұлғаларға ресімдемейді, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі жер учаскесіндегі құрылысты қоспағанда, үшінші тұлғаларға тиесілі жер учаскесінде объект салуды жүзеге асырмайды;

      3) Бағдарламаға қатысушы ұзақ мерзімді активті сатып алу-сату мәмілесін бұзған не кредит/микрокредит қаражатының есебінен сатып алынған ұзақ мерзімді активті иеліктен шығарған жағдайда, Бағдарламаға қатысушы осындай бұзудан/иеліктен шығарудан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде кредиторға жазбаша түрде хабарлайды. Аталған шарт кредит/микрокредит беру туралы тиісті шартта бекітіледі. Кредитор Бағдарламаға қатысушыдан осындай хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде микрокредит беру ұйымының тиісті хабарламасын жолдайды. Микрокредит беру ұйымы жазбаша талабын жіберген жағдайда, кредитор және/немесе Бағдарламаға қатысушы микрокредит беру ұйымының талаптарында көрсетілген тәртіппен және мерзімде микрокредитті мерзімінен бұрын өтейді;

      4) Бағдарламаға қатысушының контрагентпен жасасқан тиісті шартында тауарларды және/немесе жұмыстарды және/немесе көрсетілетін қызметтерді сатып алудың өзге мерзімі көзделмесе, Бағдарламаға қатысушылар қаржыландырылған күннен бастап 6 (алты) айдың ішінде мақсатқа сай пайдалану бойынша кредитті/микрокредитті немесе оның бір бөлігін пайдаланады;

      5) кредиттер/микрокредиттер ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қазіргі үлестес кәсіпкерлердің қызметіне сәйкес келетін ЭҚЖС экономика секторларында жобаларды іске асыруға берілмейді (ЭҚЖС сыныбының деңгейінде);

      14. Бағдарламаға қатысушыларды қаржыландырудың өзге де шарттары кредитордың уәкілетті органының шешімімен айқындалады.

5-тарау. Бағдарламаға қатысушыларға микрокредиттер беру тәртібі

      15. Үміткерлер тікелей не "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары/ қалалар мен қалалар құрамындағы аудандардың әкімдері арқылы кәсіпкерлік қызметке жәрдемдесу шаралары бойынша консультациялар алу үшін және Бағдарламаға қатысушыларға сәйкес келуі тұрғысынан тексеруден өту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінеді;

      16. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына қатысуға жіберіледі. Жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына қатысусыз кредиттер/микрокредиттер алуы мүмкін;

      17. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша және оқу курстарынан өткендігі туралы сертификаттары бар (болған жағдайда) "Еңбек нарығы" ААЖ-дағы тексерулердің нәтижелері бойынша Бағдарламаға қатысушылар жобаның бизнес-жоспарын әзірлеп, кредитті/микрокредитті алуға арналған өтінішпен кредиторларға жүгінеді;

      18. Кредиторлар әлеуетті бизнес-жобаны бағалайды, қорытындыны береді және кредитті/микрокредитті берудің мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері кредитті/микрокредитті алуға өтініш бергенге дейін шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектісінің мәртебесіне ие болады;

      19. Кредиторлар кредит/микрокредит беру туралы оң шешім қабылдағаннан кейін, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Бағдарламаға қатысушылармен кредит/микрокредит беру туралы шарт жасасады.

      20. Кредиторлар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 3 (үшінші) күніне дейін берілген кредиттер/микрокредиттер бойынша ақпаратты микрокредит беру ұйымына ұсынады;

      21. Микрокредит беру ұйымы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 6 (алтыншы) күніне дейінгі мерзімде жергілікті атқарушы органдарға және уәкілетті органға берілген кредиттер/микрокредиттер бойынша ақпарат береді.

      Уәкілетті орган халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға берілген кредиттер/микрокредиттер бойынша ақпаратты ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10 (оныншы) күніне дейін береді.

      22. Микрокредит беру ұйымы берілген кредиттердің/микрокредиттердің мақсатқа сай пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және бюджеттік кредит шартында көзделген тәртіппен және мерзімде ЖАО мен уәкілетті органға тиісті ақпаратты береді.

6-тарау. Кредиторларға қойылатын талаптар

      23. ЕДБ-ге қойылатын талаптар:

      1) Қазақстан Республикасының кемінде 7 өңірінде филиалдар желісінің болуы;

      2) негізгі борыш және/немесе есептелген сыйақы бойынша мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген берешегі бар кредиттер деңгейі кредиттік келісім жасалған күні 10%-дан аспайды;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пруденциялық және өзге де нормативтерін орындау;

      4) микрокредит беру ұйымының ішкі құжаттарына сәйкестілігі.

      24. МҚҰ-ға қойылатын талаптар:

      1) микроқаржы ұйымының өз капиталы Қазақстан Республикасының Ұлтты Банкі белгілеген ең аз деңгейден төмен емес;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есептік тіркеудің болуы;

      3) кредитке өтінім берудің алдында кемінде 1 (бір) жыл негізгі қызметпен айналысу;

      4) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің пруденциялық және өзге де нормативтерін орындау.

      5) микрокредит беру ұйымының ішкі құжаттарына сәйкестілігі.

7-тарау. Мониторинг

      25. Микрокредит беру ұйымы мыналарды жүзеге асырады:

      1) кредиторлардың қаражатты уақтылы игеруіне мониторинг;

      2) кредиторлардың қаражатты мақсатқа сай пайдалануына, сондай-ақ Бағдарламаға қатысушылардың алынған кредиттерді/микрокредиттерді мақсатқа сай пайдалануына ішінара мониторинг жүргізу. Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушылардың кредиттерді/микрокредиттерді мақсатқа сай пайдалануын тексеру кредиторлар дайындаған қаражатты мақсатқа сай пайдалануды тексеру актісінің негізінде жүзеге асырылады;

      3) Бағдарламаға қатысушыларды бұрын берілген кредиттерді/микрокредиттерді өтеуден босатылатын қаражат есебінен кредиторлардың уақтылы қаржыландыруына мониторинг жүргізу.

      26. Кредиторлар қаражаттың игерілуі туралы есептерді ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 3 (үшінші) күніне дейінгі мерзімде микрокредит беру ұйымдарына жібереді. Есепті берудің нысаны мен мерзімдері тиісті кредиттік келісімде көрсетіледі.

      27. Микрокредит беру ұйымы өзінің жалғыз акционерінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Парламенті және мемлекеттік органдардың талабы бойынша оларға Бағдарламаға қатысушылардың кредит/микрокредит алуына, игеруіне, Бағдарламаға қатысушылардың кредитті/микрокредитті мақсатқа сай пайдалануына байланысты ақпаратты береді;

      28. Кредиторлар Бағдарламаға қатысушылардың қаржыландырылған жобаларына мониторинг жүргізеді. Бұл ретте, Бағдарламаға қатысушының әрбір қаржыландырылған жобасы бойынша жеке кредиттік дерекнама жүргізіліп, онда Бағдарламаға қатысушылардың қаражатты мақсатқа сай пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталады;

      29. Микрокредит беру ұйымы тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10 (оныншы) күніне дейін Бағдарламаға қатысушыларды қаржыландыруға қатысатын кредиторлардың қаржы-экономикалық жағдайын талдауды жүзеге асырады.