"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 36-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру қағидалары бекітілсін.
2. "Әуе трассалары мен жергілікті әуе желілерін пайдалануға рұқсат ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 422 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6575 болып тіркелген, 2010 жылғы 9 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінің № 461-468 (26311) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз тасығыштағы және электрондық нысандағы көшірмелерін Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі |
Ж. Қасымбек |
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 19 маусымдағы № 360 бұйрығымен бекітілген |
Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру қағидалары
1-тарау. Жалпы бөлім
1. Осы Әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 36-бабына сәйкес әзірленді және әуе трассаларын пайдалануға рұқсат беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану, азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) аймақтық навигация - әуе кемелеріне радиомаяктық навигациялық құралдардың қолданылу аймағының шегінде немесе өздігінен басқарылатын құралдардың немесе олардың үйлесімдерінің мүмкіндіктерімен анықталған шекте кез келген қолайлы траекториялар бойынша ұшуды орындауға мүмкіндік беретін навигация әдісі;
3) аймақтық навигация маршруты – аймақтық навигацияны қолдана алатын әуе кемелері үшін белгіленген әуе қозғалысына қызмет көрсету (бұдан әрі – ӘҚҚ) маршруты;
4) аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші (бұдан әрі – АНҚ беруші) – әуе қозғалысының ұйымдастырылуын және (немесе) басқа да аэронавигациялық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін заңды тұлға;
5) әуе қозғалысына қызмет көрсету – әуе қозғалысына ұшу-ақпараттық қызмет көрсету, авариялық хабардар ету, диспетчерлік қызмет көрсету (аудандық диспетчерлік қызмет көрсету, жақындауға диспетчерлік қызмет көрсету немесе әуеайлақтық диспетчерлік қызмет көрсету);
6) әуе трассасы (бұдан әрі – ӘТ) – дәліз түріндегі бақыланатын әуе кеңістігі (немесе оның бір бөлігі);
7) сипаттамаларға негізделген навигация (PBN) – әуе қозғалысына қызмет көрсету маршруты бойынша, аспаптар бойынша қонуға кіру схемасы немесе белгіленген әуе кеңістігі бойынша ұшуды орындайтын әуе кемелерінің сипаттамаларына қойылатын талаптарға негізделген аймақтық навигация;
8) NOTAM – электр байланысы құралдарымен таратылатын және кез келген аэронавигациялық жабдықтың, қызмет көрсету мен ереженің қолданысқа енгізілгені, жай-күйі немесе өзгергені туралы ақпаратты немесе ұшуларды орындаумен байланысты персонал үшін уақтылы ескертілуі аса маңызды қауіп туралы ақпаратты қамтитын хабарлама.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.11.2018 № 839 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2-тарау. ӘТ пайдалануға рұқсат беру тәртібі
3. Аэронавигациялық қызмет көрсетуші төмендегі мүдделі пайдаланушылардан ӘТ пайдалануға рұқсат беруге өтініш (бұдан әрі – Өтініш) қабылдайды:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік орандары ;
2) Азаматтық авиация әкімшілігі және шет мемлекеттер;
3) Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшуларды орындайтын, ӘК шетел және ұлттық пайдаланушылары;
4) шет мемлекеттердің АҚК берушілері;
5) Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (бұдан әрі – ИКАО), соның ішінде өңірлік жоспарлау және нысаналы топтар;
6) Халықаралық әуе көлігі ассоциациясы (IATA).
4. Өтініш ұшу эшелондары қолданатын 1984 жылғы Дүниежүзілік Геодезиялық Жүйеде (WGS-84) көрсетілген ӘТ бастапқы, аралық және соңғы нүктелерінің географиялық координаталарын көрете отырып, сол сияқты жаңа ӘТ енгізудің мақсатқа сай екендігін негіздеу арқылы еркін түрде жасалады.
5. Өтініш АҚК берушіге түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қарастырылады.
6. Аэронавигациялық қызмет көрсетуші түскен Өтініш негізінде ӘТ пайдалануға рұқсат беру мүмкіндігін қарастыру үшін деректерді дайындауға жауапты бөлімшені анықтайды.
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі міндетін атқарушының 2011 жылғы 16 мамырдағы № 279 бұйрығымен бекітілген, әуе қозғалысын ұйымдастыру және қызмет көрсету жөніндегі Нұсқаулықтың (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 7006 тіркелген) (бұдан әрі - Нұсқаулық) 15-1 тармағына сәйкес ӘТ пайдалануға рұқсат беру - ұшу қауіпсіздігіне жүргізілген баға ұшу қауіпсіздігінің қолайлы деңгейін қамтамасыз етуді көрсеткеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
Өтінішті қарау мерзімі өткеннен кейін АҚК беруші қабылданған шешімді өтініш берушіге жазбаша хабарлайды.
7. ӘТ пайдалануға рұқсат беру туралы шешім қабылданған жағдайда, АНҚ беруші ӘТ үшін мынадай индекстерді белгілейді:
1) ӘҚҚ маршруттарының өңірлік желісінің бір бөлігі болып табылатын және аймақтық навигация маршруттары болып табылмайтын ӘТ үшін – А, В, G, R;
2) ӘҚҚ маршруттарының өңірлік желісінің бір бөлігі болып табылатын аймақтық навигация маршруттары үшін – L, M, N, Р;
3) ӘҚҚ маршруттарының өңірлік желісінің бір бөлігі болып табылмайтын және аймақтық навигация маршруттары болып табылмайтын маршруттары үшін – Н, J, V, W;
4) ӘҚҚ маршруттарының өңірлік желісінің бір бөлігі болып табылмайтын аймақтық навигация маршруттары үшін – Q, T, Y, Z;
ескертпе: әуе трассалары бойынша сипаттамаларға (PBN) негізделген навигацияны қолдану үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Нұсқаулыққа сәйкес навигациялық ерекшелікті белгілейді;
5) магниттік меридианның солтүстік бағытынан есептелетін магниттік жол жүру бұрыштарының градустарында белгіленетін бағыт;
6) ұшу эшелондарының нөмірлерінде жарияланатын тік шекаралар;
7) "Аэронавигациялық қызмет көрсету қағидалары. Әуе кемелерінің ұшуын орындау, ІІ том. Көзбен шолып ұшу және PANS-OPS аспаптары бойынша ұшулар схемаларын құру" Doc 8168 ИКАО құжаттарына сәйкес, ӘТ әрбір учаскесі үшін анықталатын кедергіден ұшып өтудің ең төмен абсолюттік биіктігі.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.11.2018 № 839 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.7-1. Қолданылатын жерде негізгі индекске префикс ретінде келесі әріптердің бірі қосылады, олар маршрут түрін немесе тиісті маршруттарда көрсетілетін қызмет көрсету түрін білдіреді:
1) К – шағын биіктіктен өтетін және негізінен тікұшақта пайдалану үшін берілетін маршрутты белгілеу үшін;
2) U – маршруттың немесе оның бөлігінің үстіңгі әуе кеңістігіне берілетінін белгілеу үшін;
3) S – екпін алу уақытында, тежеу және аса жоғары жылдамдықпен ұшу кезінде аса жоғары жылдамдықты әуе кемелерін пайдалану үшін ғана белгіленген маршрутты белгілеу үшін;
4) F әрпі – маршрутта немесе оның бөлігінде тек консультативтік қызмет көрсетудің қамтамасыз етілетінін белгілеу үшін;
5) G әрпі – маршрутта немесе оның бөлігінде тек ұшу-ақпараттық қызмет көрсетудің қамтамасыз етілетінін белгілеу үшін.
Ескерту. 2-тарау 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 30.11.2018 № 839 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-18) тармақшасына сәйкес ӘТ жарияланатын магниттік жол жүру бұрыштарының және ӘТ нүктелерінің географиялық координаттарының рұқсат етілген қабілеті азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен бекітілетін азаматтық авиациядағы аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету Қағидасының аэронавигациялық деректер сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
9. Шешімде міндетті түрде ӘТ пайдалануға енгізу күні және құжаттарда аэронавигациялық ақпараттың жариялану күні болуы тиіс. Заңның 14-бабы 1-тармағының 41-18) тармақшасына сәйкес ӘТ пайдалану параметрлерін жариялауға азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен бекітілетін азаматтық авиациядағы аэронавигациялық ақпаратпен қамтамасыз ету Қағидасына сәйкес, кейін аэронавигациялық ақпарат құжаттарына енгізу арқылы, NOTAM хабарламасы арқылы рұқсат етіледі.
10. Келесі жағдайларда ӘТ пайдалануға рұқсат берілмейді, егер:
1) Осы Қағиданың 4-тармағында көзделген Өтініште ұсынылатын ӘТ-ға қатысты деректер толық берілмесе;
2) ұсынылатын халықаралық ӘТ шекаралас мемлекеттің әуе кеңістігінде жалғаспаса (дәліздің болмауы);
3) жер бедері мен жасанды кедергілер ӘТ бойынша ұшудың минималды қауіпсіз биіктігін белгілеуге мүмкіндік бермесе;
4) ұсынылатын ӘТ тұрақты тыйым салынған аймақтар шегінде жатса.
11. Қолданыстағы ӘТ пайдалану параметрлеріне өзгерістер енгізу қажет болған жағдайда, Өтініш осы Қағидада көрсетілген тәртіпте қаралады.